«Абай жолы» эпопеясындағы көркемдік-тарихи шындық

0

Заңғар жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов қазақ халқы үшін аса бағалы тарихи-көркем мұра – «Абай жолы» эпопеясын қалдыру арқылы ұлттық болмысымызды айшықтай түскендігі аян. Күрделі жанр – роман негізінде отандық әдебиетімізде тарихи роман түрі пайда болды. Қалам қуаты аса ауқымды қаламгер өзінің тарихи романымен төл әдебиетіміздің одан әрі өркендей түсуіне тегеурінді ықпал жасады. Ел тарихына көркемдік сөз өнері арқылы үңілу, оны ұрпақтар жадында жаңғырту үдерісі қаламгерлер тарапынан кең қолдау тапты. Қазақ әдебиетінде халқымыздың өткен тарихы, оның айтулы азаматтары, ұлт мақтанышына айналған аяулы ұл-қыздары хақында тарихи романдар жазыла бастады. Олардың көпшілігі бүгінде баға жетпес, құны тым жоғары мәдени-рухани мұрамызға айналып отыр.

Сонымен бірге, «Абай жолы» эпопеясы орасан зор танымдық-тағылымдық мәнге ие болғандығын атап айтуға тиіспіз. Эпопея өткен тарихымыздың санқырлы, қалың қатпарлы болғандығына көз жеткізеді, көңілді иландырады. Көркем де деректі тарихи роман жанрында жазылған кең көлемді шыармадағы негізгі және қосалқы бейнелер арқылы тарихи шындық көз алдымызда жанды суреттерімен кезек-кезегімен өтіп жатады.

Тәуелсіздік мүддесіне сай, ұлтымыздың тарихы, оның тамыры тым тереңде екендігіне сеніміміз күшейе түседі. Көшпелі ел экономикасы, әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық салт-сана, жөн-жоралғы институты болғандығы, әрі оның жүйелі дамығандығы туралы жан-жақты  әрі терең   мағлұматтарға және нақты деректерге тола романдағы саналуан оқиғалармен таныса отырып, халқымыздың аса бай тарихи-көркем шежіресіне қаныға түсесің.

«Абай жолы» эпопеясы тарихи өмір шындығына жүгінген көркем туынды. Шығармада суреттелетін бейнелер өмірдің өзінен ойылып алынған. ХIX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласының бүкіл экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени-рухани салаларына көркем сөз өнері арқылы тіл бітіру тек қана ұлы әдебиетші ғалым, заңғар жазушы, әлемдік деңгейдегі қаламгер Мұхтар Әуезовтың  суреткерлік қуатты қолтаңбасы арқылы жаһан жұртшылығының игілігіне айнала алды.

«Абай жолы» эпопеясында ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ даласының толық көрінісі ақын өмірі арқылы көрсетіледі. Бұл уақыт – хандық жүйенің жойылған кезеңі еді.Оның орнына округтерге бөлінген, бас-басында аға сұлтандар билеген билік жүйесі орныққан-ды. Сондай-ақ, әр рудың басында жер мен жесір және өзге де дауларды шешуде ерекше рөлге ие билер де елеулі мән мен маңызға ие болатын. Эпопеяда бұны анық аңғаруға болады. Мәселен, тобықты руының ең ықпалды биі Құнанбай. Ол ырғызбайдың мүддесін қорғады. Бөжей жігітектердің ықпалды биі болды. Байсал іргелі ел көтібақтардың туын көтерді. Сүйіндік мейілінше саны аз бөкеншілердің тілеуін тіледі. Қаратай көкшелердің намысын жыртты. Құлыншақ торғайлардың бетке тұтар биі болды. Олар өз ел-жұртының, руының көкейкесті мәселелерін терең білді. Сол саладағы терең иірімдер мен жұмбақ сырлардың құпияларын да терең меңгерген, өмір тәжірибелері мол, тіршіліктің сан мыңдаған сынақтарынан сүрінбей өткен ірі тұлғалары еді.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясы төрт кітаптан тұрады. Бірінші кітап «Қайтқанда», «Қат-қабатта», «Жолда», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деп аталатын жеті тараудан құралған. Эпопея ағайынды Байтастың бала шәкірті Абайды қаладан ауылға әкеле жатқан шақтан басталады.  Жарты ғасырға жуық оқиғалардың сюжет желісі болған айтулы туындының көркем тілі, мінездердің саналуандығы, терең психологиялық иірімдер жазушының дүниетанымы мен көзқарасының өте кең әрі ауқымды болғандығынан хабар береді.

Үш салт атты Абай, Байтас және Жұмабай үшінші күні кешкі екінді кезінде Көлқайнардағы Құнанбайдың аулына, Абайдың өз анасы Ұлжанның үйіне келіп жетеді. Анасы өз үйінен шығарда, енесі Зерені де сүйемелдеп ерте шығады. Өз анасын сағынған балаша шәкірт Абай шешесіне қарай ұмтылғанда, ата-баба дәстүрін ұлық тұтқан анасы ең алдымен әкеңе сәлем бер деп бұйыра сөйлейді. Абай ел білгеннен бастап, әкесінің қабағын бағып, танып өскен. Құнанбай ұялған, жауап бермеген жанды кешірмейтін кесек мінез иесі болған. Абай әкесінің осынау ерекше қасиетін ерте ұққан.

Құнанбайдың тоқал шешесінен туған інісі – Майбасар. Құнанбай аға сұлтан болған соң, Тобықтыға Майбасарды болыстық старшын етеді. Бұл енді эпопеядағы тарихи деректердің бірі. Еліне келген Абайды сағынса да  салқын мінезбен қарсы алған әкесі мен анасының бойында салиқалы сырбаздық басым болады. Әжесі Зеренің де өзінен бұрын әкесіне барып салем бергеніне өзінше реніш танытуы да ежелгі ата-баба дәстүріне сай орынды жөн-жосықтың салты еді. Абай өзінің кіші інісі, тентек Оспанды сағынғандықтан, оны бірнеше рет сұрастырады. Құлағы есітуден қала бастаған әжесі Зеренің құлағын Абай өлеңмен ұшықтайды. Молдалықпен емес, өлеңмен ұшықтаған Абайды нағашысы Тонтайға тартқан-ау шамасы дегенінде шындық бар. Өйткені Тонтай аурудан жазылмай, өлерінде «Жазыла-жазыла қожа- молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас» деуі молдалардың үптеп-сүптегенімен еш қайран болмаған соң,  айтқандағы сөзі болатын. Абай бала шәкірт болса да, ендігіде бойын жинай алатын жаста еді. Эпопеяда Абай дәл осындай мінезімен оқырмандар көз алдында қалады. Шынында да, Абай сол уақыттарда үлкен болуға асыққан, қызыққан жаста еді.

Абай ауылға келгенде тобықтының ықпалды адамдарымен кездеседі. Олар – Байсал, Бөжей, Қаратай, Сүйіндік еді. Әкесі Құнанбай олармен ең маңызды мәселелер бойынша сөйлескенде осылайша бастарын қосып әңгімелесетін. Абай сол жиында көп нәрсенің мәнін ұғынбайды. Аға сұлтан Құнанбада билік те, бедел де бар. Қолы ұзын, малды. Сөзге жүйрік. Алғыр. Осы қасиеттері оны өзге де ықпалды адамдардың жанында оқ бойы озық ететін-ді.

Абай үлкендердің әңгімесі жөнінде еш нәрсе түсінбегендіктен, сыртқа шыққан Жиреншеден бәрін де сұрап біледі. Бірақ жас Абай Қодар мен оның келіні Қамқаны жамандыққа қимайды. Елдің өсек-аяңы болар деп, үнсіз қалады. Ел ішінде Қодар мен келіні арасындағы жақындықты жаман ат етіп көрсеткен дақпырт сөздердің аяғы насырға шабады. Қодар мен келіні Қамқаны жазаға тарту қажет деген шешімге келеді үлкендер жағы. Ал сөз бақпаған момын ағайындары Қодар мен келіні Қамқаны жалаға жаппаса, ішкі есебі бар өз ағайыны Жексен екеуін жауапқа тартып жеріне ие болғысы келген болатын. Қодар мен келіні Қамқа өздеріне тағылған жаланың ақ- қарасын айыра алмай, шөгерілген қара атанға теңдей байланады да, түйе орнынан тұрған кезде лезде мерт болады. Трагедиялық жағдай тәмамдалысымен-ақ, Абай мен Жиренше де жетіп келеді. Бірақ бәрі де кеш еді. Ендігіде Құнанбайдың бұйрығымен қырық рудың адамдары құздан төменге лақтырылған Қодардың өлі денесіне тас кесек атып жатқан-ды.

Абай қос адамның өлімі үстінен шығып, қатты қиналады. Бүкіл жан дүниесі толқиды. Бұның сырына үңіледі. Сондағы өзі естіген сөздерден өзінің ұққаны екі-ақ нәрсе еді. Бірі – Қодарды кінәлайтындай сөз еді, әйтпесе, ол неге «Құдай маған қылса, мен құдайға қылам дейді» дейді. Екіншісі – оның жаны қорланған сәттегі «Мен көк ит болсам, сендер көп ит Таларсың да жерсің!» деп сыртқа атойлап шыққан жанайқайы. Абай алғаш рет үлкендердің тірлігінен қатты шошынады. Шошынған соң, ұшынып ауырып қалады. Жасы он үшке толған, балалықтан айрылып, үлкендікке, бозбалалыққа көшкен Абай бейнесі осылайша толыға түседі.

Жас кезінен ел ішіндегі әңгіме, ертегілерді, жыр, дастандарды беріле тыңдаған Абайға ұлғайған жастағы Барлас ақын мен жас ақын шәкірті Байкөкшенің қонақ болып үйлеріне келуі өзінің игі әсерін тигізеді. «Қобыланды батыр» жырын жырлаған Барлас ақынның өнеріне тәнті болған Абай дастан өнерінің шеберлігі Низами, Науайи, Физулиде, ал батырлар жыры Фердаусиде, көңіл-күй, мұң-шердің бастауы Сағди мен Хожа Хафизде деуші еді. Ендігіде өзінің туған халқында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақбала – Боздақтар» секілді жырлардың бар екендігіне қайран қалады. Жыр, дастандар тек шығыс халқында ғана емес, туған халқының топырағында мол екендігіне көзі жетеді.

Сөз өнеріне, сөз қасиетіне ден қойған Абайды Барлас ақын да жанына жақын тартады. Оның ұғымтал зеректігіне риза болады. Барлас ақын өзінің ақ адал батасы ретінде мейірлене Абайға өз домбырасын ұсынады

Эпопеяда халқымыздың көші-қоны, салт-дәстүрі өзіндік сипатқа ие болғандығын анық байқаймыз. Ата-бабалардан қалған жөн-жоралғылардың бәрі-бәрі де ұлттық болмысымызды айғақтағандай сыңайлы. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірелік. Мәселен, күзеуден көшкен ауылдар өз қыстауларына қарай бет аларда Құнанбай үлкен бәйбішесі Күңкенің аулына келіп түседі. Сол жерде Құнанбайдың тоқал шешесі Таңшолпан да болады. Жыл сайын Ырғызбайдың тоқалдары мен Өскенбайдың тоқалдарынан тараған туыстары мен абысын, жеңге, келіндері көктемде жайлауға көшерде және қыстауға көшерде Құнанбайдың үйіне сыбаға әкелетін-ді. Қыстан сақтап шыққан сүрлерін және қоңыр күздегі жас етті әкелумен біргелікте олар бір-бірімен әзілдесіп, сырласып, ішкі шерлерін де сыртқа шығарып алатын. Сыбаға әкелу арқылы бір-біріне деген мейір, шапағат, туысқандық, абысындық қарым-қатынастар нығая түсетін. Бұндай ата-баба дәстүрінің сақталуы – Құнанбай әулетінің одан әрі ұйи түсуіне зор әсері де бар еді. Құнанбай шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы болғанымен, қара шаңырақ иесі. Дәулетті әрі қолында билік бар. Ырғызбайдан тараған жиырма ауылдың берекесін өз дегеніне көндірген жан. Бәйбіше-тоқалдар арасындағы араздыққа ешуақытта жол бермеген. Оларды өз ырқына көндірген. Сол себепті де олардың іс-әрекетінде ауызбіршілік бар. Құнанбай қыстаудан не жайлаудан көшерде бірде-біреуді «Қайда көшіп барамыз?», «Неге көштік?» деп сұрамаған. Оның жөні де бар. Өйткені Құнанбай өз ғұмырында пайдасыз іске, залалды тірлікке ешқашанда қадам баспаған. Өзінің ішкі есебі зор болған.

Шыңғысқа кіре берістегі емес, орта тұсында Қарашоқы қыстауы бар-ды. Бұл жерде көктемде Қодар мен келіні Қамқа екеуін шөккен түйені орнынан тұрғызып, асып өлтірген-ді. Оларды арулап көмген өзі секілді қойшылар Жәмпейіс пен Әйтімбет еді.

Шығыс қыстауы шаруа адамы үшін ең қолайлы жер. Құнанбайдың осы қыстауды өзгелерге бермей, жақындатпай ұстауында шындық бар. Шыңғыс қыстауы қойдың құты. Жақсы қыстау іздегенде көптің тығылатыны осы Шыңғыс. Шаруа үшін, мал үшін талас-тартыс тудыратын қыстау болғандықтан, Шығысқа тобықтының барша аталас рулары бауыр басқысы келетін.

В.В. Востров және М. С. Мұқановтың «Қазақтардың ру-тайпалық құрамы және орналасуы ( ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басы)» атты еңбектерінде ХІХ ғасырда тобықты арғын тайпасына кіретін ең ірі ру болып табылған. Құнанбай өзіне қарасты 20 ауылды өз қолында ұстаған. Оған себеп, Құнанбай өз анасы, әжесі – Өскенбайдың бәйбішесі – Зеренің жалғыз ұлы. Ол өз ағайындарының ішіндегі жасы үлкені. Атасы Ырғызбайдың бірде-бір ұрпақтары сол себепті де оған дауыстарын көтере алмайды. Бұл – Ұлы Дала заңы еді.Үлкенді, үлкен атаның баласын сыйлау – өмірдегі, қоғамдағы қағида болғандығы белгілі. Қодар өлімін жүзеге асыруда Құнанбайға қарсы дау айтар бірде-біреуінің шықпауы – соның айғағы. Өзгелердің Құнанбайдың қасы мен қабағына қарап тірлік жасауы немесе іс-әрекет етуі өмірлік, тұрмыстық жағдаяттардан туындаған еді.

Эпопеяда ұлттық менталитетке тән жоқтау, ас беру секілді рәсімдер жан-жақты суреттелген. Бөжейді жоқтау, аған арнап ас беру арқылы халықтың тұрмысы, психологиялық иірімдері терең әрі қуатты бейнеленген. Бұның барлығы көненің, ескіліктің қалдығы емес. Сол кезеңдегі өмір шындығы. Жоқтау – қиыннан өлең жолдарын құрастыру емес. Жоқтау – қайтыс болған адамның бойындағы адами қасиеттерін елеп-екшеп айта білу. Сол арқылы тыңдарман қауымға бақилыққа аттанған адамның кім болғандығын, орнының ойсырап қалғанын тәптіштеп, ой армандарын, сезім иірімдерін көркем сөз қасиетімен жеткізе білу екендігін анық ұғынамыз.

Эпопеядағы басты кейіпкерлердің арасындағы оқиғаны ширықтыра түсетін көріністер аз емес. Атап айтқанда, Құнанбай бастаған қалың қолдың, саны аз Бөжей тобына қарсы сойыл, шоқпар алып қарсы шыққанда, оқиға желісі қоюлана түседі. Бөжей, тіпті, бетінен қайтпаған, жолындағы қарсы топты жайпап келе жатқанда, аяушылық танытып, Құнанбайды мылтықпен атпақ болғанда, ондай райынан қайтады. Құнанбай айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар. Бөжейді ұстатқызып, араша түскендерге де қарамастан, жалаңаш денесіне дүре соқтырады. Сол кездегі Бөжейдің психологиялық көңіл-күйін заңғар жазушы өткір тілмен шебер жеткізе білген. «Әй, Құнанбай! Мен сені оқтан аяп ем жаңа, сен мені отқа салдың ба? Осыныңды ұмытпа!» дейді Бөжей. Эпопеяда дәл осы секілді иірімі терең, ойы нық, халқымыздың шешендік сөз өнерінің ұлағатты үлгісі көп-ақ. Эпопеяда ойын баласынан әлі арыла алмаған Абайдың екі інісі – бірі Оспан мен екіншісі Айғыздан туған Смағұл екеуінің тете, түйдей құрдас болып өскендіктен, шекісіп қалатын сәттері де тамаша, табиғи түрде суреттелген. Соның бірі – Оспанның қараңғы түскен кезде көп асықтың ішінен Смағұлдың арқар асығы – қызыл құлжасын жымқырып алуынан туындаған жанжал еді. Оның соңы Смағұлды өз анасы Айғыздың қайтадан Ұлжанның үйіне жетектеп әкелуіне, тілін безеп: «– Мә, жеңдер! Талап, түтіп жеңдерші бұл қуарғанды! Жабылыңдар, мә дейім!..» деп Абайға төнуіне, уәжді сөзді тыңдаудың орнына:«Жағаласпа, шығарма тіліңді! Бұлар бәйбіше, біз тоқал ғой… тепкі көрмекпіз ғой…» деп байбалам жасауына ұласады.  Тұрмыстағы бәйбіше, тоқал арасындағы, өздерін күндес санайтын әйелдер ортасындағы хал-ахуал да эпопеяда осылайша өрбиді. Ұлжан ананың сабырлығы сол сәтте де байқалады. Ол Айғызбен сөз жарыстырмайды. Сөз қумайды. Тектілік танытады. Ашудың тізгінін болаттай мықтап ұстайды. Бірақ баласы Абайдан өз сырын  жасырмайды: «Балам-ай, күндестің аты –күндес те! Қу жараны жалап жазған боламызда. Әйтпесе, менің қай сырымды біліпсің!» – дейді. Мінеки, жазушы кейіпкерінің тұрмыстағы әр қилы сәтте аңғарылатын психологиялық иірімдерінің бір қатпарын оқырман қауым осылайша таниды. Мұнда оқиғада, іс- әрекет те, мінез де бар. Көркемдік тіл шеберлігі де менмұндалайды.

Ұлжан ананың жас Абайға берген сөз тағылымы да оның өмірлік бағдарына айналған секілді. Ұлжан әрі абзал ана, әрі данагөй ел анасы деуімізге толық дәлел бар. Мысалы, ол Абайды әкесі Құнанбай өзімен бірге Қарқаралыға бірге әкетпек болған кезде, қоштаса тұрып былый дейді: «– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күні күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол! Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жанашырдан айрылма!» – деуі қара қылды қақ жарумен бара-бар әділ сөз деп ұғынамыз.

Бірақ Құнанбай – күрделі бейне. Оны бір ғана сөзбен жақсы яки жаман, мейірбан яки қатыгез деуге болмайды. Ол өмірдің өзіндей саналуан, сиқырлы сырын оңай алдырмайды. Ерекше ұстамды. Тұйық. Абай әкесімен Қарқаралыға барғанда, сол жерде барша атқамінерлердің ішіндегі ең мықтысы өз әкесі Құнанбай екенін біледі. Сезеді де. Бірақ бозбала үшін әкесі әлі шешімі табылмаған жұмбақ еді.

Абай Қарқаралыда алғаш рет болашақ үлкен қайынатасы Алшынбайды көреді. Оның Түсіп деген баласының Ділда есімді қызын Абайға айттырған болатын. Алшынбай белгілі би Тіленшінің баласы. Ал одан арғы атасы атақты Қазыбек би еді. Алшынбай да Құнанбай секілді қуатты, беделді. Әрі ақылды. Көргені көп. Айтары мол. Ықтыра да алады өзгелерді. Керекті жерде ара ағайындыққа да жарайтын қасиеті бар. Оны Құнанбай мен Майырдың Қарқаралы округін басқарып жүрген кезде, қазақтар айта беретін дуанбасы болып жүрген уақытта екеуі бір-бірін түсініспей, ашуға ерік бере бастаған сәтте айтқан сөзінен толық аңғаруға болады. Алшынбай сонда екеуіне былайша ақыл қосады: «– Біріңе-бірің серіксің, ынтымақты болсаң, ел билейсің. Ынтымақсыз болсаң, неңді билейсің? Өз бәлең өзіңе жетіп, жұрт та қалар, жұмыс та қалар. Ұғысып істеңдер. Ал өздігіңмен ұғыспасаңдар, мына біздей, арадағы кісінің сөзін тыңдаңдар.» – дейді. Сөйтіп, екеуін өзара қарсыласқан райдан қайтарады.

Алшынбай Құнанбайдың Қарқаралыда мешіт салдырғанын игі іс деп біледі. «– Бүгін мына мешіт бітіп, абыройың асып отыр. Атағың көпке кетіп жатыр. Соны күндейтін де кісі көп.» – дей келе: «Ана Бөжей ағайыныңды жау қып жатқа жіберме!. Бауыр қып қасыңа тарт, татуласшы осы!» – деп көшелі сөз айтуының өзі оның көрегендігін, көргенділігін, қамқор пейілін байқатады. Қарқаралы қаласында Абай көше бойында көппен бірге келе жатқан қарт Шөже ақынды да көреді. Және де кешке таман үш салт атты Бөжей, Байсал, Байдалыны жолықтырады. Үлкен ізет таныта сәлем береді. Байыппен зер сала қараған Бөжей Абайдың әке айтуымен емес, өздігінен амандасқанын біледі. Бөжей батасын береді. «– Әкең айтпай, өзің білген болсаң, батамды берейін. Көзіңнен жақсы жанар көрдім, шырағым!..» – дейді аса зор ризалықпен ықылас таныта. Сөзін одан әрі жалғай: «– Ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын!.. Жалғыз-ақ өзгені берсе де, әкеңнің қаттылығын бермесін!» деп бетін сыйпайды абыз аға.

Рас, Бөжейдің үлкен ілтипат танытуы Абайдың төбесін көкке көтереді. Эпопеяда Абайдың қуанышқа толы ішкі монологы автордың баяндауы арқылы беріледі. «Бөжей не мәнмен мұндай жақсы бата берді! Ойда жоқтан, оп-оңайдан осындай таудай үлкен сый бола ма?.. Мырзалық па? Жоқ әлде Абайды аз білсе де, тез танығаны ма? Үлкендер көреген, танығыш, сыншы ғой! Шынымен-ақ танып айтқаны ма?.. Олай болса, Абай жаман кісі емес, жақсы кісі болмақ қой! – деп балалық өзімшілдікпен болса да, марқайған мақтанышы бойына сыймай, қатты риза болады.

Алғаш рет Абай Шөженің бойынан ақындық, Бөжей болмысынан ақылға жүгінер қайрат, әкесі мен Алшынбай келбетінен байлық жайлы ұғымдарды түсініп, таниды. Түйсінеді. Бұрындары бұндай тұжырымдарды кітаптардан оқыса, ендігіде өмірдің өзінен көріп байқайды. Осынау жүректен құйылар сезім, ақыл, қайрат секілді түсініктердің әр адамның емес бір адамның бойында жиналғаны абзал деген қорытындыға келеді. Ұлы Абайдың «Ақыл, жүрек, қайратты берік ұста, сонда толық боларсың жұрттан асқан.»  деген толық адам жөніндегі, яғни бүгінгі заман тілімен айтқанда, жан-жақты дамыған  кемел адам туралы таным-түсінікті аңғарамыз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ