Сырдария өзенінің экологиялық мәселелері

0

Сырдария – Орталық Азиядағы ірі өзендердің бірі. Бастауын Орталық  Тянь-Шань сілемдерінен алады. Нарын мен Қарадария өздерінің қосылған жерінен бастап Сырдария деп аталады. Арал теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы 2219  км, су жинайтын алабы 462 мың км кв. Орта және төменгі ағысы  Қазақстан жерінде; республикадағы ұзындығы 1400  км, су жиналатын алабы 240 мың км кв. Өзен бастауын  тау деңгейінен жоғары 3300 — 4400 м биіктікте жатқан таулы өңірден алады. Алабында өзен суын толықтырушы, жалпы ауданы 2208 км кв болатын 1713 мұздық бар. Қазақстан жеріндегі (Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда обылыстары) алабы негізінен құмды келеді. Қызылқұмның солтүстік және Арал Қарақұмының оңтүстігімен ағады. Сырдарияның 130-ға жуық саласы бар; Қазақстандағы ірілері – Келес, Құркелес, Арыс, т.б. Сырдария негізінен қар және аздап мұздық, жауын-шашын суымен толысады. Жылдық ағынының 20,7% көктемде, 47,3% жазда-күзде, 32% қыста өтеді.Сырдария ағынының орташа жылдық  модульі (қосылатын су мөлшері) 8 л/с/км кв. Деңгейі сәуір айынан көтеріле бастайды, маусым-шілде  айларында ең жоғары шегіне жетеді. Содан кейін суы  азая түседі. Жылдық орташа су мөлшері Қазақстан шегіне енген тұсында (Сарыағаш ауданы, Көкбұлақ ауылы) 730 м3/с. Қызылорда қаласының тұсында арнасымен секундына 673м 3, сағасына таяу жерде (Қазалы қаласы тұсында) 446 м3 су өтеді. Өзен Түркістан қаласына дейін желтоқсаннан бастап  қатып, наурыздың аяқ кезінде мұз ери бастайды. Мұзының қалыңдығы ақпан- наурыз айларында 66-68 см-ге жетеді. Суының орташа температурасы жаз айларында 23-25 С-қа (кейде 29 С-қа дейін көтеріледі) шамасында. Су лайлылығы 1150-1200 г/м3 (республикадағы ең лайлы өзен), су негізінен гидрокарбонатты  келеді. Өзенде сазан, көксерке, табан, ақмарқа, қаяз, жайын, т.б. балықтар бар. Суы мол жылдары Қазалы қаласына  дейін кеме жүзген. Сырдария алабында Жаңадария, Қуандария сияқты көне құрғақ арналар көп кездеседі; бұлардың көпшілігі суару-суландыру каналдарына айналдырылған. Жалпы мәлімет бойынша 19 ғ. –дың ортасынды Сырдария атырауында 3 мыңға жуық көл (қазіргі уақытта 123 көл) болғаны айтылды. Сырдария бойы ежелгі заманнан бері халық тығыз қоныстанған, суармалы егіншілік кеңінен дамыған мәдениет ошақтарының бірі болып табылады. Көне грек жазбаларында Сырдария өзені «Яксарт» деп аталған. Ал Әл-Беруни кезеңіне дейін «Хасарт» делінсе, Орта Азияға арабтардың келуімен (7 ғ.) «Сейхун» деп аталған. Сыр бойын алғаш зерттеген орыс саяхатшылары Д. Гладышев және И. Муравиннің (1741) жазба есептерінде Сырдария деп жазылған. 1880-90 ж. аралығындағы  газет тігіндеріндегі Сырдария өзені туралы деректерден Сыр бойы, әсіресе, Ақмешіт (Қызылорда) өңірі көп өзгерістерге түскені байқалады. Өзен арнасын алғашқы кезде оңтүстік-батысқа кейін солтүстік-батысқа қарай өзгерткен. Оның ескі арналары (1831 ж. карта бойынша) бүгінгі арнасы мен Іңкәрдария арнасын құрап, Арал теңізіне барып құйғанын, Сырдария және Жаңадария Аңғарларының жалғасы Арал теңізінің астында қалғандығын ғалымдар деректермен дәлелдеп, тұжырымдаған. Бұл тұжырымдар бойынша Сырдарияның ең алғашқы арналарының бірі – Іңкәрдария.  Бұл өзен бүгінде құммен көміліп қалған, су келетін тармақтарының ізі білінер білінбес. Академик С.Толстовтың зерттеулерінде (1946-1950) Сырдарияның төменгі ағысында суармалы жердің бүгінгіден төрт есе көп болғаны айтылады.

18-19 ғ. және 20 ғ-дың орта кезінде Сырдария өзенінде су тасу жиірек болған. Бізге жеткен деректер өзен суының 1879, 1889, 1907, 1903, 1908, 1921, 1922, 1925, 1950, 1960 жылдары қатты тасығанын дәлелдейді. Бұл құбылыс 2003-04 жылдардың көктемінде қайталанды.  Өзенді зерттеушілердің бірі Н.А. Северцев 1859 ж. Сырдария өзенінің Қазалы қаласының тұсындағы енінің 100 – 200 сажан болғанын, сондай-ақ 1857 ж. Жаңадария өзеніндегі қатты ағысты көргенін жазады. Ол жылдар Сырдария өзенінен тартылған 600-дей арық болған. 1958 ж. Жаңадария, 1961 ж. Қуандарияның аранасымен су аққан. Бүгіндері ізі сақталған Аламесек, Жамандария сияқты өзен, көлдерін бойымен 19-ғ.  шағын кемелер жүзген. Бүгінгі Сырдария аңғарын реттеп, сулы егістік (күріш, мақта, бау-бақша) пен шабындықтарды суаруға және суландыруға тиімді пайдалану үшін өзен бойында бірнеше бөгендер мен каналдар салынған. Өзен суының кейінгі 20-30 жыл ішінде қарқынды игерілуіне байланысты 1975-80 жылдардан бастап Сырдария Арал теңізіне жетпей тартылып қалатын болды. Қазіргі уақытта Сырдария өзені алабының суын мемлекетаралық бөлу халықаралық үйлестіруші су шаруашылық комиссиясының бақылауымен жүргізіледі. Қазір (2005) Сырдария Кіші Арал жылына 46,7 млн м3  су береді. Кіші Аралдардың қазіргі шамасында 24 млрд.м3 су жиналған. Келешекте ол 30 млрд.м3-ге жетеді. Сырдария бойында Шардара, Қызылорда, Қазалы қалалары және көптеген ірі кенттер, елді мекендер орналасқан.

Сырдария Артезиан алабы – Сырдария өзені алабындағы артезияндық сулы өңірі. Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарын түгел, Өзбекстанның біраз бөлігін қамтиды. Ауданы 200 мың км2 алап оңтүстік-шығысында Шатқал-Құрама тауларымен, солтүстік-шығысында Қаратаумен, оңтүстік-батысында Нұратау, солтүстігі мен батысында Арал теңізімен шектелген. Арынды Артезианды жер асты суы палеоген және бор жүйелерінің құмтасты, құмды шөгінділер қойнауында қалыптасқан. Сулы қабаттардың жалпы қалыңдығы алаптың шетінде 100-150 м, орта шенінде 500-700м.  Су ағыны шығыстан батысқа беттеген. 1000-1200 м тереңдікке дейін бұрғыланған ұңғымалардан арыны күшті су жер бетінен 10-30 м шапшып көтеріледі. Тәуліктік өнімі 2500- 4000 м3 минералдар 1 г/л –дей, тек Арал теңізі маңында 1,5 -3 г/л. Су қоры 600 млрд. м3, қолданбалы ресурсы 1,5 млрд. м3 (12-15%) шамасында. Алаптың ортаңғы бөлігінде жоғары температуралы (80С-қа дейін) және минералды сулар бар. Олар шипалы су ретінде Сарыағаш санаторийінде, Манкент, Түркістан қалалары маңында пайдаланылуда.

         Шардара ауданында тек жалғыз ірі өзен – Сырдария бар. Сырдария – Орта Азиядағы ірі өзендердің бірінен саналады. Ол Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қазақстан тереторияларында орналасқан. Морфологиялық белгелеріне қарай бассейнді екі облысқа бөлуге болады: таулы және жазықты. Солтүстікте – Теріскей Алатау, Қырғыз Алатау, Алай, Түркістан және Нұратау оның  табиғи шекарасы болып табылады. Қарадария мен Нарын өзендерінен Ферғана қазаншұңқырының шығыс бөлігіндегі қосылған жерінен Сырдария атанып Арал теңізіне құяды. Жалпы ұзындығы Нарын өзенінен 2212 шақырым, Қарадария өзенінен 3019 шақырым. Оның 1400 шақырымы Қазақстан территориясынан өтеді. Өзен жоғарғы бөлігінде Ферғана аңғарындағы егіншілік жерді суаруға көбірек пайдаланылады, сондықтан көптеген салаларының суы басты арнаға жетпей қалады. Салаларының көпшілігі Ферғана аңғарының ішінде шоғырланған, олар: сол жағынан – Исфайрам, Шахимардан, Сох, Исфара, Қожабақырған және Ақсу, оң жағынан – Патшаата, Қасансай, Ғавайсай, Чаадаксай. Бұл салалар өздерінің суын жауын-шашын көп болған кезде ғана суын өзенге құяды. Фархад  тауын жарып өткен  жерінде 1948 жылы Фархад СЭС –ы салынған.

Мырзашөл (сол жағасы) және Дальверзин (оң жағасы) суландыру жүйелерін құрайды. Одан әрі Шыршық сағасынан төмен қарай аңғармен ағады. Сырдария ағынын реттеуші Шардара СЭС – ы бөгенінен кейін өзен Қызылқұм өңіріне енеді. Ферғана аңғарынан шыққаннан Шардара су қоймасына дейінгі жерде өзен әлсіз көрінетін шекаралы аңғармен ағып өтеді. Жайылмасының көп бөлігі ені 1 шақырымнан 11 шақырымға дейінгі, кейбір жерлері 15 шақырымға дейін баратын қандайда бір жағамен ұштаспайтын бір жақты болып келеді. Осы жертілімінде Сырдария өзеніне оң жағынан салалар – Ахангаран, Шыршық, Келес өзендері келіп қосылады.

Соңғы жылдары әлемдегі су проблемаларының өршуіне байланысты мемлекеттерді тұрақты сумен қамтамасыз ету мәселелері ұлттық қауіпсіздік проблемалары шегінде қарастырылады. Қазақстанды сумен қамтамасыз ету проблемасының өзектілігі бар су ресурстарының шектеулігімен, оларды аумақ бойынша әркелкі бөлумен, уақыт шегіндегі елеулі өзгеріспен, трансшекаралық өзендер сулары ластануының жоғары деңгейімен сипатталады. Келешекте шекаралас мемлекеттер аумақтарынан өзен ағысының қысқаруына, сондай – ақ климаттық тұрғыға орай жергілікті ағыс ресурстарының азаюына байланысты республиканы сумен қамтамасыз ету жағдайының  шиеленісуі мүмкін. Өзен ағысының ресурстары өзгеруінің мүмкін салдары Қазақстанның орнықты әлеуметтік – экономикалық дамуына және экологиялық қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіреді. Елімізде экономиканы, оның ішінде су шаруашылығы саласын түбегейлі реформалау тұрақты сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуге ерекше талаптар қояды.

БҰҰ – ның қорытындысы бойынша, тұщы сумен қамтамасыз ету ХХI ғасыр адамзатының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Бүгінгі күні әлемде су тапшылығын 2 млрд. адам зардап шегуде. 2015 жылға қарай су тапшылығына  әлем халқының тең жартысы, ал 10 жылдан кейін ғаламшар халқының үштен екі бөлігі (5,0 мрлд.) душар болады. Су қарқынды түрде ең тапшы табиғи ресурстардың біріне айналуда. Ол тауарға айналып, халықаралық рынок қалыптасты. Осы жүзжылдықты «су проблемаларының ғасыры» деп атауға болады.

Болжамдарға сәйкес 2025 жылға қарай әлем халқының саны 8,3 млрд., ал 2050 жылы шамамен 10 – 12 млрд. – қа дейін жетеді. Қалыптасқан тенденцияларды ескере отырып, алдағы 50 жылда су жетіспеушілігімен немесе су объектілерінің ластануымен байланысты проблемалар ғаламшардың әр мемлекетіне түрлі дәрежеде әсерін тигізеді. Бұл ретте жаһандық су проблемаларының шиеленісуі әлемнің көптеген өңірлері мен елдерінің азық – түлікпен қамтамасыз ету және экологиялық қауіпсіздік жай – күйіне көп дәрежеде әсер етеді. БҰҰ – ның қолдауымен әзірленген ХХI  ғасырдың күн тәртібінде су – адамзаттың орнықты дамуының кілті болып табылатындығы көрсетілді.

Трансшекаралық суларды басқарудың қиындығы, ол шекаралас елдердің әр түрлі табиғи жағдайлары, экономикалық дамуы, заңнамасы, саяси бағыты, салааралық мүдделері бойынша анықталады.

Су ресурстарына қолжетімділікті арттыруды қамтамасыз ету және су шаруашылығының көптеген проблемаларын шешуге ықпал ете отырып, климаттың  жаһандық және өңірлік өзгеруі жағдайында су жүйелерінің табиғи режимнің қайта құрылуы бір мезгілде кең аумақтардың табиғаты мен шаруашылығына бірқатар ұнамсыз жанама, кей кезде жойқын апаттық өзгерістер енгізеді. Әрине, ол қоғамдастықты алаңдатпай қала алмайды.

Шекаралас елдермен трансшекаралық бассейндердегі су ресурстарын пайдалану жөніндегі ұзақ мерзімді мемлекетаралық келісімдердің болмауы суды пайдаланудың ұлттық бағдарламаларын негіздеу кезінде түсініксіз жағдайлар туындатады. Сараптамалық бағалау бойынша, трансшекаралық ағысты төмендету есебінен республикада су ресурстарының жылына 100,5 текше метр көлемінен 2020 жылға қарай жылына 75 текше метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұдан өзге трансшекаралық ағыс шекаралас елдердің шаруашылық қызметі нәтижесінде республикаға айтарлықтай ластанып және табиғи режимі бұзыла отырып келеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 14 қарашадағы Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасының 2007 – 2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасында тіршілік етудің барлық салаларында орнықтылыққа қол жеткізудің қағидаттары, мақсаттары, міндеттері және негізгі тетіктері айқындалған. Бұл ретте Қазақстанның жағдайларында табиғи ресурстардың және экожүйелердің трансөңірлік сипатын ескеретін басқаратын экожүйелік (бассейндік) қағидасын ендіру ұсынылған. Бассейндік қағида бойынша ұйымдастырылған орнықты экожүйелік дамудың 8 аймағы анықталған. Олар: Арал – Сырдария, Балқаш – Алакөл, Ертіс, Есіл, Жайық – Каспий, Нұра – Сарысу, Тобыл – Торғай, Шу – Талас. Басқарудың бұл құрылымы Қазақстанның орнықты дамуына қол жеткізуде су ресурстарының жүйе құрушы маңызды рөлін көрсетеді.

Сырдария су шаруашылығы жүйесі қуаң аумақтардың ағынсыз бассейндеріне тән схема бойынша дамып жатыр. Суларының елеулі құламалығымен сипатталатын өзен бассейннің бас жақтары гидроэнергетикалы басымдылықты дамыту аймағы болып табылады. Негізгі ирригациялық жер қоры шоғырланған бассейннің орта және төменгі учаскелері сулармен жер өңдеудің қарқынды дамуының  аймағы болып есептеледі. Шектес теңіз акваториясы бар өзен атырауы балық шаруашылығы мен мал шаруашылығын жүргізудің аймағы ретінде саналады.

Қорыта айтқанда, соңғы 10 – 15 жылда Сыр өңірі экологиясын тұрақтандыру бағытында көптеген ірі жұмыстар орындалуда. Ол шаруалардың барлығы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен атқарылуда. Ең басты Кіші теңіз қолдан жасалынып Арал, Қазалы аймақтарының экологиялық ахуалы жақсаруда. Сырдария өзені арнасын реттеу бағытында да маңызды істер атқарылуда. Мұның барлығы Сыр өңіріндегі экологиялық жағдайды тұрақтандыруды одан әрі жалғастырып, осы маңызды мәселені түбегейлі шешуге негіз болуда.

Небәрі оншақты жыл аралығында үлкен құрылыстар тұрғызылды. Ұзындығы 15 шақырымдай бөгет жасалды. Сөйтіп Сырдариядан келген су жиналып қайтадан теңізге оралды. Балық қоры көбейді. өңірдің әлеуметтік – экономикалық жағдайы көтерілді.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитеті өңірге қажетті су көлемін алып беруде елеулі орын алып берді. Алайда, басты мәселе су көлемі ғана болып отыр. Судың сапасы тасада қалуда. 1975 – 1980 жылдардан бері Сырдария суының 1 литріндегі тұз мөлшері 1,5 грамнан төмен түскен емес. Соңғы 35 – 40 жылда Сыр өңірі суармалы алқаптарының өзен суымен көп мөлшерде зиянды химиялық заттар келіп шөкті. Осының барлығы дақылдар өнімі мен оның сапасын төмендетуге әсерін беруде. Сондықтан, ғылыми мекемелер егіс топырағында зиянды химиялық заттар құрамын зерттеп, оның қолайсыз әсерін азайту жолдарын анықтауы тиіс. Сонымен қатар Сырдария суының сапасын жақсартудағы зерттеулерге баса назар аударуы қажет деп санаймыз.

Өткен ғасырдың 60 -80 жылдарында Қызылорда облысында инженерлік жүйедегі суармалы жердің мол қоры жасақталды. Суармалы жер көлемі 225 мың гектарға жетті. Бұл облыс егіншілерінің, жалпы осы өңір халқының несібесін молайтты. Сыр өңірі күріш өндіруші басты аймаққа айналды. Содан бері 35 – 40 жыл өтті. Суармалы жер күтімі нашарлады. Күріш атызар бетінің тегістігі өзгерді. Егістегі ыза суды қауіпті деңгейден төмен ұстап тұруды қамтамасыз ететін қашыртқы, дренаждер менколлекторлар таяз болып қалды. Осының салдарынан ыза су көтеріліп, топырақ сортанданды. Суармалы жердің тиісті бір бөлігі пайдаланудан шығып қалды.

Алдағы мақсат – суармалы жер күтімін жақсарту. Алдымен атыздар беті тегістігін бұрынғы қалпына келтіру. Бүгінгі күні атыз беті тегістігінің нашарлығынан жаз бойғы су шығыны гектарға шаққанда 2,5 – 4 мың текше метрге жетіп отыр.

Көксарай су реттегішінің құрылысындағы алғашқы кеңесті 2008 жылғы қараша айында Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өткізді. Алдымен Мемлекет басшысы аумағын тікұшақпен айналып өтті және құрылыстың сатысындағы жұмыстармен егжей – тегжейлі танысты. Содан соң құрылыс штабында  Президент Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен кеңес өтті. Дағдарыс кезеңіндегі бұл құрылыстың өңір үшін қаншалықты қажеттілігі талқыланды. Мемлекет басшысы құрылыс барысында туындаған барлық проблемалық мәселелер мен қиындықтарға назар аударды. Министр В.Божко жалпы құрылыстың ұйымдастырылуы, ресурстармен қамтамасыз етілу мәселелері және гидротехникалық құрылыстар ерекшеліктері жайлы баяндайды.

2010 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Көксарай су реттегіші құрылысының кешені стратегиялық маңызды объект ретінде іске қосылды. Бұл уақытта Көксарай белсенді толтыру фазасында  болды және біз  Сырдария өзенінің сағасындағы ағынның жағдайын  реттей алдық. Салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы барлық құрылысшыларға жеделдіктері мен олардың орасан зор еңбектері үшін алғысын білдірді. 3 млрд. текше метр қысқы ағынды су реттегіштің су қоймасына шоғырландыру үшін 2010 жылдың соңына дейін аталған объектіні дайындауды міндеттеді.

2011 жылдың басына қарай Көксарай су реттегіші барынша жобалық қуатымен – 3,0 млрд. текше метр судың су қоймасы көлемімен тасқынға қарсы режімде жоспарға сәйкес уақытында іске қосылды, бұл Сырдария өзені жағасындағы елді мекендердің қауіпсіздігін толығымен қамтамасыз етті.

2010 – 2011 жылдардағы су тасқыны кезеңіндегі су қоймасындағы шоғырландырылған ағынның көлемі 2,2 млрд. текше метрді құрады. Вегетациялық кезеңнің басталуымен суі реттегішті эксплуатациялау ережесіне сәйкес Көксарай су қоймасынан Сырдария өзенінің арнасына құю үшін және Кіші Аралды толтыру үшін су жіберу басталды.

Сырдария өзенінің бассейніне келіп түйіскен екі облыстың орасан зор аумағы Елбасының батыл шешімінің арқасында көп жылдарға тыныш өмірмен және сумен қамтамасыз етілді.

 

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ