Студенттердің құзіреттілігін қалыптастырудың педагогикалық негізі

0

Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарының барлығы кәсіби білім берудің әр түрлі мамандықтары бойынша көп деңгейлік білім беру бағдарламаларын өңдеп, оны жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында оқушыларды әлеуметтік қорғау мен түлектердің мобильділігін жоғарылату контекстінде республикамыздың білім беру жүйесіндегі стандарттау әдістері мен принциптерін сақтау қажет. 1

Қазіргі қоғамдық өзгерістердің қарқындылығы жаңа сипатқа ие болды, яғни бұл өзгерістер жаңа сипаттағы мамандарды қажет етеді. Ал бұл мәселені шешу – жоғарғы оқу орындарындағы оқытушы-профессорлардың басты міндеті болып саналады. Қазіргі жағдайда қоғамның білім деңгейі мен интеллектуалдық әлеуеті ұлттық байлықты құрайтын маңызды сипатқа ие. Жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің білімділігі, кәсіби икемділігі, шығармашылыққа талпынысы, әр түрлі жағдайдағы проблеманы анықтау, оның жауапты шешімін табу және қолайсыз жағдайларда әрекет ете білуі еліміздің дамуына, қоғамымыздың тұрақтылығына және оның қауіпсіздігіне негіз бола алады.

Студент – өз болашағын жасаушы, күнделікті дәріс және практикалық сабақтарда алған білімдерін, іскерлік пен дағдысын, ерік-жігері мен шығармашылық белсенділігін іс-әрекеттің белгілі бір түрін меңгеруге жұмылдырып, өмір ағысына икемделе білген, болашағына сеніммен қарайтын жеке тұлға. Оның алдында тұрған басты мақсат – әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылу жөніндегі нақты қадамдарға өз үлесін қосу, қоғамымызда жаңадан қалыптасып келе жатқан жаңа сапалық қарым-қатынастарды бойына сіңіре отырып, нарықтық қатынастар жүйесіне бейімделу. Сонымен қатар өзінің бойындағы дарын мен қабілетті қазіргі заман талабына сай қалыптастыру, оны жан-жақты дамыту, оқу барысында алған білімін, кәсіби шеберлігі мен біліктілігін үздіксіз көтеріп отыруға дағдылану қажет. Егеменді елімізде қалыптасып келе жатқан нарықтық қатынастар жағдайында жемісті қызмет ету үшін, мінез-құлық мәдениеті мен адамгершілік қадір-қасиеттері бар, өмірге деген жеке дүниетанымдық көзқарасы бар, рухани дүниесі бай, жалпы білімі мен кәсіби біліктілігі жоғары, әрі жан-жақты жетілген, кәсіби жағынан білімдар және құзіретті мамандарды даярлау – жоғарғы оқу орындарының басты міндеттерінің бірі.

Жоғарыдағы міндетті шешу мақсатында Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауында көрсеткен жаңа кезеңнің негізгі міндеттерін атап көрсеткен болатын: «Осы заманғы  білім беру мен кәсіптік қайта даярлау, «парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыру, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалану, инновациялық экономиканы дамыту».

«Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез-келген азаматы әлемнің кез-келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады. Біз бүкіл елімізде әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметіне қол жеткізуге тиіспіз. Бізге халықаралық стандарттар деңгейінде тіркеу мен аттестациялаудың пәрменді жүйесін жасау керек. Жоғары білім беру саласында дәл және инженерлік ғылымдарды басымдықпен дамыту – бұл дамуымыздың жаңа кезеңінің міндетті шарты. Біз жоғары технологияларды енгізу мен инновацияларды қолдауға бағытталған бірыңғай мемлекеттік стратегия жүргізетін боламыз. Әлемдік шаруашылық байланыстарына белсене кіріккен барлық осы заманғы байқуатты мемлекеттер «парасатты экономикаға» сүйенген болатын. Ал ондай экономика жасақтау үшін, ең алдымен, өз қарауымыздағы адами капиталымызды дамытқан жөн». 2

Қоғамымыздың қазіргі даму кезеңінде болып жатқан экономикалық, әлеуметтік, саяси және жаңа технологиялық өзгерістерге байланысты жас ұрпақты тәрбиелеуде білім мен тәрбие беру жүйелерінің ісін жаңа сатыға көтеру мәселесі туындап отыр. Бұл жұмыс Қазақстан Республикасында білім беруді 2005-2010 жылдарға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жалпы орта білім беруді 12 жылдық білім беру жүйесіне, ал жоғарғы оқу орындарына кредиттік оқыту жүйесіне көшу енгізілді.3 Бұл жүйелердің жүзеге асырылуын жоспарлауда білім беру жүйелерінде құзіреттілік тұрғыда білім беруді ұйымдастыру мәселесі қарастырылады және ол жаңаша көзқарас ретінде қарастырылуда.

Осыған байланысты жас ұрпаққа жоғары деңгейде сапалы білім беру, жаңа технологиялармен, инновациялармен таныстыру, сонымен бірге тәрбиенің озық-өнегелі дәстүрлерімен тереңірек таныстыру, ал солардың негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру, оның шығармашылық және рухани мүмкіндіктерін дамытуға барлық жағдайлар жасалуда. Себебі, егеменді еліміздің болашағы, оның материалдық және рухани дамуы, экономикалық, әлеуметтік және саяси жағынан өркендеп өсуі жас ұрпақтың қолында, сонымен қатар олардың оқу орындарында алған білімі мен тәрбиесінің деңгейіне байланысты.

Нарықтық қатынастар жағдайында білім беру мен кәсіптік даярлау бағытындағы еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындарының басты міндеті – әлемдік стандарттар деңгейінде білім беру, сонымен бірге түлектердің алған дипломдары барлық әлемге танылуы тиіс. Бұл міндеттерді шешу үшін болашақ мамандарды даярлауда қазіргі қоғам үрдісіне сай инновациялық технологияларды қолдана отырып, білім беру қажеттігі туындайды. Республикамызда бәсекеге қабілетті, өз ісін жетік меңгерген, сауатты, білімдар, шығармашылықпен жұмыс істей алатын, жан-жақты дамыған құзіретті мамандарға сұраныстар көбеюде.

Осы тұрғыда «құзіретті маман» ұғымының мәнін ашып қарастырған жөн, ал бұл ұғымның мәнін ашу үшін «құзірет» (компетенция), «құзіреттілік» (компетентность) түсініктерін анықтау керек. Басқаша айтқанда, бәсекеге қабілетті және құзіретті мамандарды даярлауды жүзеге асырудағы басты мәселе – жаңа оқу жоспарлары мен бағдарламалары әлемдік жетік технологиямен қаруланған, жоғары дәрежелі деңгейдегі мамандар туралы сөз болып отыр.

Жоғарғы оқу орындарындағы студенттердің құзіреттілігін әлемдік деңгейге сәйкес қалыптастыру күрделі мәселелердің бірі болып саналады. Бұл ұғым философияда, педагогикада, психологияда, әлеуметтануда, кәсіби білім беру теориясы мен әдістемесінде, еңбек психологиясында және т.б. гуманитарлық пәндерде әр қырынан қарастырылуда. Алайда, осы аталған ғылымдарда «құзіреттілік» ұғымының кешенді түрде зерттелуі оның маңызын, мәнін ашуға, мазмұны мен құрылымын, қалыптасуы мен дамуын, педагогикалық және психологиялық тұрғыдан тұтас сипатын ашуға мүмкіндіктер береді. Сонымен бірге, әр сала бойынша зерттелуіне байланысты оның нәтижелерін пайдалануға болады.

Б.Т. Кенжебеков әдебиеттерді теориялық тұрғыдан талдау барысында «құзіреттілік» ұғымының мәніне әр түрлі анықтама беріліп, әр қилы көрініс тапқандығын анықтады. Бірақ соған қарамастан, бұл терминнің антикалық заманда туғанын көруге болады. Мысалы, Платонның оқытудың жоғары деңгейін анықтауы, Аристотельдің жалпы кең білім беру мен кәсіп үйретуді байланыстыру негізінде жоғары білімнің реалистік принципін дамытуы, ХҮІІІ-ХІХ ғасырларда зиялы кәсіби мектептерді жоғары оқу орындары етіп қайта құруы, қазіргі көпсатылы жоғары білім берудің қалыптасуы – осы аталған ғылыми ілгерілемелі өзгерістер жоғары оқу орындарының кәсіби құзіретті, бәсекеге қабілетті маман даярлау жолындағы ізденістердің дәлелі екендігін көрсетті. 4

Сонымен, қазіргі уақытта «құзірет», «құзіреттілік» қалай түсіндіріледі және оның сипаты қандай?

«Құзірет» түсінігін кейбіреулер адамның білуі тиіс немесе сол жұмыс бойынша практикалық тәжірибиесі бар болатын белгілі бір білім, іскерлік пен білік жиынтығы десе; ал басқа ғалымдардың айтуынша, ол оқушының жеке және қоғам талаптарын қанағаттандыру мақсатындағы табысты іс-әрекетіне қажетті білім дайындығына әлеуметтік сұраныс.

Құзіреттілік – сәйкес құзіретке ие болуда және белгілі бір аумақта табысты әрекетке жету негізінде іс-әрекетті жүзеге асыру қабілетінде байқалатын, жеке тұлғаны сипаттайтын тұлғалық қасиеттер жиынтығы (басқаша айтқанда, тұлғаның өзара байланысқан қасиеттер жиынтығы). Құзіреттілік – кәсіби қызметі үшін, өзінің адамдық әлеуетін жүзеге асыратын адамның (немесе маманның) қабілеттерін сипаттайды. 5

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Ш.Т. Таубаеваның пайымдауынша, құзіреттілік – бұл:

  • өзінің әлеуетін жүзеге асыру қабілеті мен оған талпынысы;
  • табысты шығармашылық әрекет үшін өзінің білімін, іскерлігін, біліктілігі мен тәжірибиесін іс жүзінде көрсете білу қабілеті;
  • өз әрекетінің нәтижелеріне жеке жауапкершілікпен қарау және оның әлеуметтік мәнін түсіну, оны әр уақытта жетілдіру қажеттілігі. 6

Сонымен, жоғарыда аталғандарды қорыта келе «құзіреттілік» түсінігі әлеуметтендіру мен оқыту үрдісі барысында қалыптасқан білім мен тәжірибиеге негізделген, жалпы қабілеттер мен белгілі бір іс-әрекетке деген дайындығында көрінетін, сонымен бірге қызметте өзіндік және табысты әрекет етуге бағдарланған жеке тұлғаның интегралдық қасиеті деп түсіндіріледі. Қазіргі көптеген әдебиеттерде, сөздіктерде құзіреттілік – дербес және жауаптылықпен әрекет етуге белгілі бір жұмысты орындауға қабілеттілік пен икемділікті игеруге жол ашатын психологиялық ахуал, психикалық сапалардың қосылымы ретінде белгіленуде. Құзіреттілікті адамның білімдарлығымен жапсарластыруға және адамның белгілі бір мәселені шешу қабілетімен де шатастыруға болмайды. Себебі, адам өз саласында кәсіпқой және білімдар болуы мүмкін, ал бірақ кәсіби мәселелердің бәрін шешуге құзіреті жетпейді. 7

Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі мемлекеттің, сонымен бірге білім беру мекемелерінің басты мәселелерінің бірі – Қазақстан халқының мүддесін өз мақсат-мүддесінен жоғары қоятын білімді, саналы, кәсіпқой мамандарды тәрбиелеу.8 Ал оның ішінде бәсекеге қабілетті, құзіретті болашақ мамандарды (студенттерді) даярлау – жоғарғы оқу орнындағы міндеттердің бірі. Осыған байланысты мемлекетімізде қоғамдық өміріміздің барлық салаларында кәсіби деңгейі жоғары болашақ мамандарды даярлау басты мақсат ретінде алынып отыр. Ал бұл бағыттағы мәселе білім беру саласына тікелей қатысты, себебі білім – жеке тұлғаның саяси-әлеуметтік көзқарасын дамытатын, дүниетанымдық аясын кеңейтетін маңызды фактордың бірі болып саналады.9 Сондықтан еліміздің жоғарғы оқу орындарына, оның материалдық-техникалық базасына жаңаша талаптар қойылып, студенттерге білім беруде және тәрбиелеуде ерекше мән беріп, құзіретті тұрғыда білім беруді жетілдіру қажет.

Основными приоритетными задачами Республики Казахстан является подготовка профессиональных и компетентных специалистов. Поэтому в настиоящее время большое внимание в образовании студентов уделяется формированию их профессиональных знаний, творческого потенциала и компетентности

The cores priority problems of Republic Kazakhstan is preparation of professional and competent experts. Therefore how the big attention in formation of students is given their formation professional knowledge of creative potential and competent

Әдебиеттер тізімі

  1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты: Білім беру нәтижелері ретіндегі құзіреттіліктер // Білім әлемінде. №3. 2007 ж.;
  2. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, Астана. – 28 ақпан 2007 ж.;
  3. Қазақстан Республикасында білім беруді 2005-2010 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, Астана.-2004 ж.;
  4. Кенжебеков Б.Т. Университет студенттерінің кәсіби құзіреттілігін қалыптастырудың теориясы мен практикасы. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, 2001 ж. – 275 б.;
  5. 5. Ожегов С.И. Словарь русского языка. М.: Советская энциклопедия. 1973 г.;
  6. 6. Таубаева Ш.Т. Государственные общеобязательные стандарты высшего профессионального образования: методология, теория и технология проектирования в компетентностном формате // В мире образования. №1-3. 2006 ж.
  7. Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты: Жалпы орта білім // Білім әлемінде. №1. 2007 ж.;
  8. Бондаревская Е.В., Кульневич С.В. Парадигмальный подход к разработке содержания ключевых педагогических компетенций // Педагогика. – 2004г. №10. С. 23-31.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ