Бiлiм қоғамы жолындағы ортақ мақсат – жетiстiк кепiлi

0

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының – өткенді саралай отырып, Қазақстан  жастары үшін, алдағы уақытта атқаратын міндеттерді белгілеп берді. Сондай-ақ, ел дамуының жаңа кезеңі мен тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына бет бұрған тұста қоғамдағы ең ірі әлеуметтік топ – жастарға деген Президенттің сенімі мен қамқорлығы олардың білім мен ғылымға деген құштарлығын одан әрі күшейтті. Осы тұста Мемлекет басшысының Жолдауынан мынадай ұлағатты сөздерін айтуға болады: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек. Қазіргі әлемде жай ғана жаппай сауаттылық жеткіліксіз болып қалғалы қашан. Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс. Сондай-ақ балаларымыздың, жалпы барлық жеткіншек ұрпақтың функционалдық сауаттылығына да зор көңіл бөлу қажет. Балаларымыз қазіргі заманға бейімделген болуы үшін бұл аса маңызды.

Қазіргі замандағы білім беру үш маңызды бөліктен тұрады; шығармашылық, рухани құндылық, тез өзгеріп отыратын әлемге дайын болу.

Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай – 20 қадам

Егемен еліміз демократия жолымен алға жүріп, әлемде өзіне лайықты орын алу үшін еңбектеніп келеді. Бүгінде жастар қоғамның қозғаушы күші ретінде озық идеялармен қаруланып, еліміздің дамып, өркендеуіне лайықты үлес қосып келеді. Болашақта ел тізгінін ұстайтын, еліміздің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті, экономикасы дамыған, өркениет көшінен лайық орын алатын, еліміздің қарқынды дамуына өзіндік үлес қосатын қоғамның негізгі белсенді күші жастар екені сөзсіз.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы. Бүгінгі жас – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел ағасы. Бүгінгі алдыңғы толқын аға буынның орнын басар, ізін жалғастырар артында өсіп келе жатқан жастар екені даусыз. Еліміздің ендігі дамуы мен өркендеуі, келешегі жастарға тікелей байланысты. Әрі білімді, бәсекеге барынша қабілетті, сонымен қатар дені сау яғни салауатты өмір салтын ұстануы алғы шарт болып табылады. Ұлы Мағжан Жұмабаев айтқандай, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қырағы — Мен жастарға сенемін» дегендей, бүгінгі қоғам, қазіргі нарық  бәсеке заманын талап етіп отыр. Жүректерінде жалыны, бойларынан күштері бар жиырма бірінші ғасырдың жастары күнделікті өзгеріп жатқан өмірге, құбылыстар мен жаңалықтарға шошып қарамай, батыстың қитұрқы өміріне еліктемей, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп» жатса, бұл керемет болар еді.

Қазіргі жаһандану заманында Қазақстан Республикасы – жастардың бiлiм мен бiлiктiлiкке талпынып әрекеттенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Осы тұста Елбасының мына бір сөзін айта кетудің орны ерекше: «Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркеюi жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа». Сондықтан, жастарға колледжде бiлiм беретiн ұстаздар да ұлы мұрат жолында жалынды еңбек етуге даярмыз.

Кезінде ұлы дана Абайдың өзі «Олай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз» деген емес пе еді? Біз еліміздің ертеңі жарқын, болшағы айқын болсын десек «олай болмақ қайданы» емес, керісінше, өз әлеуетіміз бен күш-жігерімізді қалай, қай бағытта жұмсауымыз керек деген сұрақтың жауабын іздестіруіміз керек. Елбасы өз дәрісінде мемлекетті «донор» ретінде пайдаланудан гөрі, онымен әріптестік қарым-қатынас орнату қажеттілігі туындап отырғандығын баса айтты. Осы мәселе көптеген көзі ашық, ел болшағына алаңдайтын азаматтардың көкейінде жүрген түйткіл деп білемін. Расында да әлі күнге дейін отандастарымыздың көпшілігінің, әсіресе жастар бойында бойкүйездік, мемлекеттің мүлкіне деген салғырттық пен болып жатқан оқиғаларға деген бейжайлық басымдау. Сондықтан, әсіресе жас буын қазақстандықтардың бойына мемлекеттің әр азаматтың білім алуы мен лайықты өмір сүруіне жағдай жасайтындығын, ал ол мүмкіндіктерді әркімнің пайдалана білуі мен оның нәтижесінде елі үшін, өзі және отбасы үшін одан әрі қажетіне асыруы олардың азаматтық ұстанымы мен таңдауларына байланысты екендігін де жеткізу қажет деп есептейміз.

Елбасы жолдауындағы тағы бір маңызды көтерілген тақырып, ол – білім мәселесінің қаралуы. Білімді жоғары сапаға көтеру, міндетті мектепалды даярлықты енгізіп, мектеп жасына дейінгі балаларға білім беру, мектептер мен балабақшалар салу арқылы заманауи білім беруді қалыптастыру, әлемдік деңгейдегі мектептер мен кәсіптік-техникалық колледждер желісін одан әрі дамыту, оқыған талантты жастардың қатарын көбейту болды.

 «Өткен күн,  кеше – тарих, келер күн, ертең – сыр, ал бүгінгі күн – үлкен сый» деген данагөй Қорқыт бабамыздың нақыл сөзі бар. Ертеңгі күнге батыл қадам жасау үшін бүгінгі күннің маңызын бағалау қажет. Сондықтан да «әрбір адам, соның ішінде, әсіресе, жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені, адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады» дей отырып,  Елбасымыз жастардың ой-санасына кәсіби біліктіліктің кезең-кезеңмен игерілуі қажеттілігін айқындап берді.

Қазақстан бәсекеге қабілетті, білімге, жаңалыққа құштар жастарды тәрбиелеуде қазақ тілі мен ғылымға ерекше мән бермек. Жастардың бүгінгі келбеті елдің ертеңін елестетеді. Ал, ел ертеңін қалыптастыру білім беруді жаңғыртудан басталмақ.

Бүгінгі қоғамдағы өзгерістер — ашықтық, жедел ақпараттану, түрлі саладағы қарқынды даму, жоғары технология т.б. жайлар білім беруге қойылып келген міндеттердің мазмұнын, маңызын  түбегейлі  өзгертті. Қоғамның сан түрлі салаларын бағамдай алатын,  оның нәтижелеріне жауапты, білімділікпен қарайтын құзырлы, бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру тек мектеп қана емес, бүгінгі орта оқу орындарының да міндеті болып отыр. Сондықтан, білім берудің жаңа технологияларын ендіре отырып, тұлғаны дамыту мақсатында тәрбиеге баса назар аударылуда. Тұлғаның рухани тәрбие алуына, адами келбетінің қалыптасуына ерекше мән берілуі тиіс. Өйткені, орта оқу орындарына қабылданған шәкірттердің  мектеп қабырғасынан алған тәлім — тәрбиесінің олқы тұстары айқындала бастайды. Осы тұста олардың ата – аналарымен жұмыс істеу қажетілігі туындайды. Яғни, жастардың мінез-құлқы жайлы қосымша ақпараттар алу, олардың мектеп қабырғасындағы атқарған іс –әрекеттерінен хабардар болу куратор – эдвайзердің жұмысының жемісті болуына әсер жасайтын факторлардың бірі. Региондардан келген жастар ата – ана бақылауынан босағанын сезініп, еркіндікке бой алдырып, қаланың  тыныс-тіршілігінің жағымсыз жақтарына еліктеп, адамилықтан аттап кетіп жататындары да аз емес. Осы тұста куратор-эдвайзерлер тек тәртіп бақылаушысы ғана емес, ата-ана, тәрбиеші рөлінде бола алуы қажет. Олардың мінез-құлықтары жайлы, оқу үлгерімі жайында хабарласып жататын ата-аналар қатары өте аз. «Оқуға түсті, ендігі жерде оқу оның міндеті» деп біржақты, салғырт қарау тәрбиелік кемшіліктерге апарып соғады. Сондықтан, шәкірттердің жатақханадағы және одан тыс өмірлерінен, аралық бақылау нәтижелерінен ақпарат беріп, хабарласып отыру — өмір талабы. Сонда білім беру факторларының — мектеп, отбасы, қоғамдық — әлеуметтік ортаның кірігуіне жол ашып, тәрбие жұмысының нәтижелі болуына игі әсер етері анық.

Білім беруді  тәрбиемен ұштастыра жүргізу шәкірттердің  білімін ғана емес, оның  нәтижелерін қолдану дағдыларын, атап айтқанда, функционалдық сауаттылығын  немесе құзыреттілігін қалыптастырады. Оқу-тәрбие процесін шәкірттердің  патриотизмін арттыруға, мораль және адамгершілік нормаларын жоғарылата түсуге, ұлтаралық келісімді түсінуі мен төзімділігін шыңдауға, физикалық және рухани дамуын арттыруға, заңды құрметтеуге дағдыландыруға бағыттау мақсатында жүргізу күнделікті талап етілуі тиіс және бұл құндылықтар қазіргі тәрбие жұмысының негізіне айналғаны жөн. Жастардың бойында өздігінен  білім алу,  қоғамдық өмірде өзін-өзі  жан-жақты  таныту үшін алған білімін тиімді пайдалана білу дағдыларын қалыптастыру және қоғамға пайда келтіру мәселелері  маңызды болып табылады. Ал, сол өздігінен білім алу дағдысы бірен-саран жастардың бойынан ғана табылуына кімді кінәлауға болады? Сауаттылығы төмен болуы неден? Мектеп қабырғасынан он бір жыл бойы білім алып шыққан шәкірттер өз ана тілінен неге грамматикалық, стильдік қателер жібереді деген сияқты көптеген сұрақтардың туындайтыны шындық. Осы көкейдегі ойлардың басты жауаптарының бірі — ұлттық құндылықтарды атүсті оқыту болып отырған сияқты. Халықтың фольклорынан бастап кейінгі кезең әдебиетіне дейін терең үңіліп, оқу бағдарламасының көбірек бөлігін ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтарға арнау аталған кемшіліктердің алдын алуға, сауатты да салауатты жастар легінің келуіне мүмкіндік тудырады. Өз халқының тарихын, әдебиетін, мәдениетін, салт-дәстүрін, менталитетін білмей тұрып басқа ғылымдарды игеру еліне, қоғамға пайда әкелуі былай тұрсын зиянын тигізері хақ. Соның бір дәлелі — шет елден келген азаматтардың жергілікті ұлт тілін емес, орыс тілін меңгеруге ден қоюлары. Мемлекеттің әр азаматы жергілікті халықтың өкілі ретінде жоғарыда аталған сапалық мақсат-мұраттарды меңгерген жағдайда ғана білім мен тәрбиенің ұштасуы өз бағытын табады. Мектеп қабырғасынан бастап ұлттық әдебиетпен қоса, шетел, орыс классикасын да оқыту керек. Кітап — бар білімнің бастауы. Кітап оқып өскен ұрпақ өкілдерінің жоғары білімі болмаса да адами парасат-пайымының жоғары болатынын өмір көрсетіп отыр.

Оқу-тәрбие процесінде шәкірттердің  қызығушылықтарын ескере отырып,  жеке тұлғаға бағытталған жұмыс жүргізу, жастарды қоғамдық әлеуметтендіру, рухани-адамгершілік тәрбиенің, өзін-өзі ұйымдастырудың нәтижелері  жеке тұлғаға бағытталған  түрде жүзеге асырылғаны жөн. Яғни, функционалдық сауаттылық — білім беруді  тұлғаны қоғамдық әлеуметтендірумен  байланыстыру тәсілі ретінде түсіндіріледі. Қазіргі әлемде аса көңіл бөлініп отырған  функционалдық сауаттылық адамдардың әлеуметтік, мәдени, саяси және экономикалық қызметтерге белсенді қатысуына,  білім алуына ықпал ететін базалық факторлардың біріне айналып отыр, әрі жастарды  өз елінің тарихын, салт-дәстүрін жақсы білетін, мемлекеттік рәміздерін құрметтейтін, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін сыйлайтын азаматтар ретінде тәрбиелеуге бағыттайды. Жастардың сауатсыз болуына әсер етіп отырған жайлардың бірі ретінде айтуға болатын интернеттегі жазбаларды, теледидардағы жүгіртпе жолдардағы қателерден көз ұялады. Тіпті дұрыс сөйлей алмау, ойын жеткізбеу сияқты жеке тұлғалық кемшіліктер аяқ басқан сайын кездесіп отырады. Банкке барып, есепшот ашқысы келіп тұрған азаматтың «банкомат ашайын» деп едім деген сөзін естігенде күнделікті тіршілікке сіңген ұғымның өзін дұрыс түсінбегеніне қынжылдық.

Ата-аналардың балаларының білім алуы мен тәрбиесіне ат салысуы оқушылардың функционалды сауаттылығын арттыруға септігін тигізеді. Сол себепті оларға арналған тренингтер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар ұйымдастыру тек жалпы білім беретін мектеп қана емес, кәсіптік-техникалық колледждерде қамтылуы тиіс. Жас ұрпақтың жан-жақты жетілген, сауатты  азамат болуы ортақ мәселе. Кеңес үкіметі алғаш орнаған жылдарда «ликбез», сауатсыздықты жою ең басты мәселе болып қолға алынған, өйткені үкіметтің дамуы, өркендеуі тек сауатты, салауатты азаматтарға тікелей байланысты болған. Ал, біздің жас мемлекеттің қарқынды дамуына, әлемдік деңгейде дамып жатқан өркениетті  елдер қатарына қосылуына тікелей әсер етуші факторлардың бірі білім деңгейі жоғары, тәрбиелі, өз елінің құндылықтарын бағалайтын, үлгі  боларлық жастар екенін жадымыздан шығармай, әр саналы азамат соған үлес қосулары керек.

Еліміздің тарихын оқушыларға терең ұғындыру үшін колледжімізде заман талабына сай техникалық құралдар жеткілікті.

Сабақта және сабақтан тыс шараларда жаңа технологияларды пайдалануға мүмкіндік мол. Колледжмізде сабақтан тыс уақытта оқушылардың дүниетанымын кеңейту мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырып өткізіледі.

Мысалы: Бөлімаралық «Бір ғана Отаным бар, ол Қазақстан» тақырыбында интеллектуалды ойыны, «Туған жерім-мақтанышым» тақырыбындағы топаралық конференция, «Кемеңгер көшбасшымен татулық кемесінде!» тақырыбында  тарихи-танымдық кеш, «Қазақстан — 2050» стратегиясы: бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбында тәрбие сағаттары тағыда басқа оқушылардың тәрбиесі және білімдерін жетілдіру мақсатындағы іс шаралар интерактивті тақтаны пайдаланып өтіледі. Оқушылардың бұндай іс шараларға ықыласы ерекше болады.

Колледжде компьютермен  жабдықталған дәрісханалар бар. Онда түрлі тақырыптарға арналған ашық сабақтар өткізуге қолайлы. Тақырыптарға сәйкес бейнефильмдер топтамасы бар және оларды интерактивті тақта, графопроектор көмегімен дәрісханада, кітапханада, көпшілік залында көрсетуге жағдай жасалған.

Колледж кітапханасында оқушылар сабаққа пайдаланылатын әдебиеттер жеткілікті.

Колледжде оқу орны тарихын баяндайтын стенділерден оқушылар өздері білім алып жүрген оқу ордасының тарихы туралы мағлұмат ала алады. Барлық мамандықтарға жан-жақты білім алу үшін арнайы дәрісханалар, зертханалар, көпшілік залы, спорт залы жабдықталған.

Тағы бір осы мәселеге қатысты жайлардың маңызды тұсы — оқу  әдістемесін және оқытуды  жаңарту. Жоғары технология жетістіктерін ұтымды пайдалана отырып, жастардың сол кәсіпке қызығушылығын арттырып, білімді тәрбиемен ұштастыру жеке тұлғаның қалыптасуын толық қамтамасыз етеді. Бұл ретте мемлекеттік тілдегі оқулықтарды, оқу құралдарын, қосымша құралдарды қол жетімді етіп шығару керек. Қазақстанның болашағы зор ел екендігін әлем халықтары мойындап отырған кезеңде соған лайықты қоғам мүшелерін тәрбиелеу де келешекке міндет болуы қажет.

Резюме

В статье затронуты актуальные моменты в сфере образования.

Рассмотрены основные направления развития и совершенствования системы образования Казахстана.

Об успешности реализации Государственной Программы Президента РК, о необходимости повышения эффективности учебно-воспитательного процесса, перспективы интеграции отечественного образования в международную систему, в эпоху всемирного просвещения.

Статья очень актуальна и содержательна.

Summary

In the article relevant points raised in the field of education. The main directions of development and improvement of the education system of Kazakhstan. The success of the implementation of the State Program of the President of the Republic of Kazakhstan, of the need to improve the efficiency of the educational process, the prospects for integration of national education in the international system,in the era of global education. The article is very relevant and meaningful.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты // «Ақиқат», №1, 2013 ж.
    2. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан білім қоғамы жолында // «Егемен Қазақстан», 5 қыркүйек 2012 ж.
  2. «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Елбасы Н.Назарбаевтың халыққа  Жолдауы.
  3. Н.Назарбаев. «Қазақстанның әлеуметтік  жаңғыруы: жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам».

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ