Қоқан хандығының оңтүстік қазақстан өңірі халқымен қарым-қатынасы тарихынан (этномәдени байланыстар)

0

ХІХ ғасыр басында Қоқан хандығы құрамына кіретін аумақтарда отырықшы және көшпенді халықтар мекендеді. Осы кезеңде Қазақстанның оңтүстік өңірі халқының үлкен бөлігі егіншілікпен және негізінен мал шаруашылығымен де айналысатын еді. Ал этникалық жағынан алғанда, Ташкент қаласы мен оның төңірегінде, сонымен бірге Дешті Қыпшақта түркі тілдес тайпалар мен рулар (92 ру), сондай-ақ ирантілді халықтардың өкілдері де өмір сүрді. Бұл уақытта аталған өңір халқының әлеуметтік-саяси өмірінде Жүздік жүйе толық қалыптасқан және қазақ мемлекеттілігі де жаңаша даму жолына түскен еді.

Оңтүстік Қазақстан өңірі халқының бір бөлігі (Тараз, Мерке, Алматы, Жүлек, Шымкент, Созақ, Түркістан және Сырдария жағалауындағы бекіністерде ғасырлар бойы әрқилы тарихи кезеңдерде мекендеп келген халықтар) бұл кезеңде Қоқан хандығының билігінде болды. Қоқан хандығы әкімшілік-аумақтық бөлінісі жағынан отырықшы және көшпелі тайпалар мекендеген вилояттарға бөлінді. Аса ірі вилоят Әндіжан, Марғұлан, Ташкент (Дешті Қыпшақтың халқы Ташкент бегі арқылы басқарылды), Турақорған, Түркістан, Ұратөбе, Қожент, Шымкент, Чуст вилояттары еді.  Хандық аумағында көптеген стратегиялық маңызды бекіністер мен қорғандар болды. Шу мен Талас өзендері жағалауында Тойшыбек қорған, Тоқмақ, Пішпек, Ит кешу, Ақсу, Мерке, Әулиеата, Иістөбе, Жұмқала, Құртақ бекіністері, ал Сырдария жағалауында Жүлек, Созақ, Күмісқорған, Жаңақорған, Дінқорған, Шолаққорған және Ақмешіт бекіністері орналасты.

Солтүстіктегі бекіністі аудандар Түркістан, Шымкент, Ниязбек, Ташкент арқылы өтті. Сонымен бірге Қыраушы, Бөке, Тойтөбеде бекініс-қамалдар болды. Батыста Ұратөбе, Қожент және Махрам, Дилварзин қамалдары батыс шекараны қорғап тұрды. Шығыстағы Мәді, Ош және Лаңғар бекіністері қоқандықтардың тірегі болды. Тәжік жерлерінің таулы аудандары Қоқан билеушілері үшін табиғи бекініс ролін атқарды.

Шығыс халықтарының өзіндік тарихи дамуының бір ерекшелігі – олардың бір бөлігінің отырықшы ал екінші бөлігінің көшпелі өмір салтын ұстанып, екеуінің қатарласа өмір сүруінде еді.

Қарастырылып отырған кезеңде алқаптағы өзбектердің дені негізінен суармалы егіншілікпен айналысса, ал Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі қазақтар негізінен мал өсіру мен егіншілікті ұштастырған жартылай отырықшы шаруашылықпен шұғылданды. Ерте заманнан-ақ бір-бірімен көрші болып өмір сүрген өзбек және қазақ халықтары өзара тығыз шаруашылық байланыста болды, сонымен бірге жер өңдеу мен мал өсіруде өздерінің бай тәжірибелерін бөлісті.

XVIII ғасыр бірінші жартысындағы Қазақстанның оңтүстігіндегі жер өңдеу тарихы қазақ, өзбек және тағы басқа туысқан Орта Азия халықтарының жоңғар әскерлерінің жойқын әрі үздіксіз шапқыншылықтарына қарсы ғасырлар бойғы күресімен тығыз байланыста болды. Жаулаушылар егістіктерді жойды, суару жүйелерін қиратты, мүлкін тонап, малын айдап, әйелдер мен балаларды тұтқындап әкетті. Бұл өлкенің жер өңдеумен айналысатын халқын жұтатып, егіншіліктің құлдырауына әкелді. Сонымен, қолымен суаруға негізделген егіншілік дамыған жерлерде «бір ғана жойқын соғыстың өзі елдің жүздеген жылдар бойы адамсыз қалдырып және оның барлық өркениетін жоятынын көрсетті».

Қазақстанның оңтүстігінде жер шаруашылығын дамытуға сондай-ақ өзара қырқыстар мен соғыстар да кедергі келтірді.

XVIII егін шаруашылығымен негізінен «жатақтар» (көшпеліліктен қол үзіп кедейленген қазақтар) деп аталатын қазақ кедейлері айналысты. Көшіп қонуға малы жеткіліксіз әрі күш-көлігі жоқ олар, өздерінің қыстауларында қалуға мәжбүр болып, бірте-бірте отырықшы өмір салтына ауысып, тек қана егін шаруашылығы мен қолөнермен айналыса бастаған еді.

Осы кезеңдегі Кіші және Орта жүздің кедейленген қазақ жатақтарының отырықшылануы олардың өзбек және қарақалпақ диқандарымен аралас мекендеген төменгі Амудария, сонымен бірге Сырдарияның орта, төменгі ағыстары бойындағы аумақтарда байқалды.

XVIII ғасырда және одан кейінгі уақыттарда «Жетісуда, Балқаш көлі мен Іле өзені бойларында көшіп-қонып жүрген» Ұлы жүз қазақтарының егіншілікпен айналысуына өзбек диханшылығы елеулі ықпалын тигізді. Қазақтар енді қосымша жер өңдеумен де айналыса бастады, С.Броневский атап көрсеткендей, «еңбексүйгіш Ташкентпен көрші тұру олардың осы кәсіппен айналысуына түрткі болды».

Қоқан және Хиуа хандықтарының басқарушы топтары қазақтар арасында егіншілікті дамытуға және кеңейтуге мүмкіндік туғызбағаны былай тұрсын, тіпті олардың егістіктерін аяусыз құртып отырды. «Сырдарияның төменгі ағысындағы қазақ егіншілері сондағы Қожа-Нияз бекінісін салған қоқандықтар мен хиуалықтар тарапынан бірнеше рет талқандалып, таланып-тоналды. Бұл олардың өз егістіктерін тастап жан-жаққа тарап көшіп кетуіне әкелді».

ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарында Сырдарияның орта және төменгі ағыстарында егіншілік пен мал өсірудің өзара тығыз байланысты дамығанына қарамастан, қазақтардың өмірінде көшпелі мал шаруашылығы басты роль атқарып қала берді.

Енді Қоқан хандығы халқының өміріне жан-жақты ықпал еткен қазақ жүздерінің аумақтарында өтіп жатқан үдерістердің этносаяси және этномәдени астарларын қарастырайық. Бұл үдерістердің жаңғырығын бүгінгі Өзбекстан мен Қазақстанның көптеген аймақтарынан көруімізге де болады.

Тарихи деректер бойынша, сонымен бірге қазақтың ел аузындағы аңыздарында қарастырылып отырған кезеңде Кіші жүз Алшын тайпалар одағынан және жеті кіші рудың бірлестігінен (жетіру) құралды.

Алшын Кіші жүздің жалпы жинақтаушы этнонимі екендігі белгілі. Қазақ аңыздары бойынша, Тәуке ханға дейін Кіші жүз Алшын одағына кірген түрлі рулардан құралды және Тәуке хан оған Орта жүздің жеті әлсіз руын қосып, оларға жетіру деген атау берді. Осыдан соң Кіші жүз екі бөлікке бөлінді: алшын және жетіру. Бұл тарихи оқиғаның растығын орыс елшісі  А.И.Тевкелеевтің Әбілқайыр хан мен оның төңірегіндегілер жөніндегі мәліметтерін Петербургке хабарлаған құжаттары дәлелдейді. Тәуке ханның көзі тірі кезінде-ақ талантты қолбасшы ретінде танылған Әбілқайыр хан Кіші жүз ханы болғаннан кейін Кіші жүз қазақтарының шежірелік аңыздарымен танысқан болуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол осынау оқиғаның қатысушысы болмаса да, Кіші жүз рубасылары мен билерінің ішінен аталмыш оқиғаның тікелей куәгері болған адамдарды білуі, әрине, әбден мүмкін. Шамамен, XVIII ғасырдың ортасында Алшын тайпалар одағы  байұлы және әлімұлы болып екі бөлікке бөлінді. Осылайша Кіші жүз жоғарыда аталған Алшынның байұлы, әлімұлы бөліктерінен және жетірудан құралды. Міне осы уақыттан бастап, Алшын жетіруды қоса алғанда Кіші жүздің жалпылама жинақтаушы атауына айналды.

Сонымен қарастырылып отырған кезеңде Кіші жүз үш бөлімнен құралды: 1. Әлімұлы бірлестігі; 2. Байұлы бірлестігі; 3. Жетіру бірлестігі. Әлімұлы бірлестігі қаракесек, кете, төртқара, шөмекей, шекті, алаша, есентемір, серкеш, телеу руларынан құралды.

Байұлы бірлестігіне 12 ру кірді: адай, жаппас, алаша, байбақты, масқар, беріш, есентемір, шеркеш, тана, қызылқұрт (А.Левшинде — алтын), малқар.

Жетіру бірлестігі жеті рудан құралды: табын, тама, кердері, жағалбайлы, керейт, төлеу және рамадан. «Кіші жүзде Орта жүздің кейбір бөлімдері көшіп-қонып жүрді, сондай-ақ кейбір Кіші жүз рулары Орта жүзбен аралас тұрды. Бұл жағдай халық шежіресіне зиянын тигізе алмады».

Шөмекей-қаратамыр, шөмекей-балқын, шөмекей-жалтыр Бұзын рулары атанып, бір атаға жатты.

Кіші жүзге сонымен қатар жанқылыш-шеклі, аққұта-алшын, алтай, аппас, керейт, көтен, дайжирай-китен, найман, шақшар, шаретем, атығай және арғын-алатай сияқты ұсақ рулар мен аталар кірген болуы мүмкін.

Орта жүз алты арыс елден (тайпадан) құралды. Олар: Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Уақ, Керей. Тәуке хан Уақтар мен Керейлерді бір тайпаға біріктіруі мүмкін. Бұл қазақ хандығына билеушілерінің экспансиялық саясатының күшеюіне байланысты Тәуке ханның қабылдаған шарасы еді. Себебі, мықты тайпалар мен рулар бүкілқазақ жасағын күшті және жақсы қаруланған әскери бөлімдермен қамтамасыз ете алатын-ды.

Арғын тайпасына: қаракесек, қарауыл, сарыжетім, қожамжар, шақшақ, төртауыл, темеш, табақты, берші, қарпық, бәсентиін, ағыс-қалқаман, қанжығалы, кезқұйғын, кекшал, болатшы, қаракерей, терістамғалы, төртауыл, көкжарлы, ергенекті.

Қыпшақ тайпасының рулары: торайғыр, түйішке, қитөбе, қарабалық, көлденең, танабұқа, ұзын, көкмұрын.

Шежіре бойынша Тарақты Арғын тайпасының құрамындағы ру саналады. Бірақ тарақтылардың өз шежірешілерінің айтуы бойынша олар ерте кезде өз алдына жеке тайпа болған және ешқашан да Уақ немесе Керей сияқты тайпалардың құрамына кірмеген.

Қоңырат тайпасының рулары: құлшығаш, оразгелді, байлар-жандар, алғи, тоқболат, божбан, жаманбай, қаракөсе, жетімдер, санғыл, маңқытай, құйысқансыз т.б.

Қазақтың Орта және Кіші жүздегі барлық өкілдер Ұлы жүзді жалпылама атаумен Үйсіндер деп атады. Ол дулат және оның төрт ірі рулары (ботбай, шымыр, жаныс, сиқым), сіргелі, албан, суан, қаңлы (шанышқылы) сарыүйсін. Неғұрлым кейініректегі дерек мәліметтері бойынша Ұлы жүзге дулат, албан, суан, сарыүйсін, сіргелі, ысты, ошақты, шапырашты, шанышқылы, қаңлы, жалайыр рулары кіреді.

Қазақ руларының әрқайсысы өз ішінен жекелеген бөлімдер мен бөлімшелерге бөлінеді. Мысалы, Кіші жүздегі Байұлы бірлестігіне кіретін масқар руы екі бөлімге: құттықадам және массақ болып бөлінеді. Құттықадам құрман және бабаназар деген екі бөлімшеден тұрады. Соның ішінде құрман руы атамқан, омар және құдайқұл деген аталарға бөлінсе, ал бабаназар бөлімі Әбдішүкір және жідік руларынан тұрады.

Қазақ жүздерінің ру-тайпалық бөлінісінен өзге, олардың әлеуметтік мәртебесіне қарай «ақсүйек» және «қарасүйек» топтарына бөлінді. «Ақсүйектерге» Шыңғыс хан ұрпақтарынан тарайтын сұлтандар, хандар, яғни қазақтар жалпы «төре» деп атайтын топтар және «қожалар» (Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды жаулап ислам дінін таратқан арабтардың ұрпақтары) кірді. Ал, өзге барлық қазақтар әлеуметтік тегіне қарамастан «қарасүйектерге» жатты.

Хандар мен сұлтандардың қызметшілері – «төлеңгіттер» деп аталды. Төлеңгіттер қазақтың әр түрлі руларынан, сонымен бірге қазақ ақсүйектеріне қызмет еткен өзге де халықтардың өкілдерінен құралды. Олар қазақ қоғамының ру-тайпалық құрылымына кірмей, өзге қазақтармен тең құқылы қатынаста болмады. Құқылық қатынасы бойынша төлеңгіттер жартылай құл, жартылай еркін адамдар еді.

Сонымен, ХІХ ғасырдың басында Қазақ хандығы өз құрамына алты ірі ру-тайпалық бірлестікті: үйсін, арғын, найман, қыпшақ, жетіру және алшынды біріктірді. Бұл бірлестіктерге ең кем дегенде 112 рулар мен тайпалар кірді. Оған қоса, қаракесек тайпасының құрамына 6 ру, байұлына – 12 ру, бұзын – 4, керейге – 3 ру кіргенін көреміз. Кейбір рулар мен тайпалар өздерінің ескі атауларын сақтағанмен кейіннен жаңадан қалыптасқан ру-тайпалардың құрамына жекелеген рулық топтар ретінде сіңіп кетті. Оған Ташкент төңірегі мен Ташкент облысын мекендейтін өзбек және қазақ ру-тайпаларының біріккен одағы – құрама топтары да жатады.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ