Тарихи-мәдени ескерткіштерді есепке алу жауапты жұмыс

0

2007 жылғы 13 ақпан күні Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен, 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген қорытынды сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз бүгін елдіктің бір ісін, бір ісі болғанда да ірі ісін қорытьндағалы отырмыз», -деген болатын. Шынында да 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы егемен еліміз тарихындағы тарихи-мәдени мұраға бет бұрған елдіктің бір ісі, бір ісі болғанда ірі ісі екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Әсіресе, «Мәдени мұра» бағдарламасының еліміздің барлық аудандары мен облыстарында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерінің жалпы саны белгісіз болып, олардың тізімі жасалмай отырған кезде, Қазақстан Республикасының 1992 жылы қабылдаған «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы» Заңы мен 2007 жылы қабылдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы толыққанды жұмыс атқармай, тарих және мәдениет ескерткіштерін есепке алу, сактау, корғау және пайдалану жұмыстарын уақыт талабына сай жүргізудің жолдарын іздестіріп отырған кезде қабылдануы, мемлекеттің мәдени мұраға деген соны стратегиялық ұстанымы болып отыр. 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында қазақ жерінде қальптасқан өркениеттің куәсі болған тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге мемлекет тарапынан жүздеген миллион теңге бөлініп, атадан қалған мұраны зерттеудің жаңа тарихи кезеңі басталды. Тек осы бағдарламаның «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер» секциясы бойынша 35 тарих-мәдени ескерткіштер қайта жаңғыртылып, жөндеу, қайта калпына келтіру жұмыстары іске асырылды. Әртүрлі кезеңдерден сақталған 30 археологиялық ескерткіште қазба жұмыстары жүргізіліп тарихымыздың ақтаңдақтарын толықтыратын жаңа деректер табыла бастады. Соның бір айғағы Шілікті мен Берел обалар қорымының ашылуы, олардан табылған сақ өркениетінің әртүрлі кезеңдерінен сакталған, қас шеберлердің қолынан шыққан қолөнер туындылары және Арал өңірі сақтарыньң астанасы болған ІІІірікрабат қаласынан, басқа да, ежелгі, ортағасырлық қалалардан ашылып жатқан мәдени қабаттар. Еліміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің санын анықтау, тізімін жасау және олардың облыстар бойынша жинақтарын шығару мақсатында Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарында кең көлемде археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді.

Елбасының тапсырмасымен 2007 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасын жасап, ол іске асырыла бастады. Салалық бағдарлама бойынша тек археологиялық зерттеулердің өзіне үш жылға 600 миллионнан астам теңге бөлініп, 50-ге жуық археологиялық ескерткіштерде зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Тізімге кірген ескерткіштердің қатарында ЮНЕСКО бойынша әлемдік мұра Тізіміне кірген және осы Тізімге кіруге үміткер ескерткіштер (Беғазы-Дандыбай және Тасмола мәдениеттерінің ескерткіштері, ортағасырлық Түркістан, Талғар калалары), соңғы 10-15 жыл көлеміндс зерттеліп жүрген, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттеле бастаган және бұрын зерттелмеген әртүрлі тарихи кезеңдерден сақталған ескерткіштер бар.

2007 жылы салалық бағдарлама бойынша еліміздің әртүрлі тарихи-географиялық аудандарында орналасқан археологиялық ескерткіштерде қазба жұмыстары жүргізіліп, алғашқы жаңалықтар да ашыла бастады.

2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің санын анықтау, олардың облыстар бойынша жинақтарын шығару мақсатында Шығыс Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарында кең көлемде археологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде бұрыннан белгілі ескерткіштердің қазіргі кездегі сақталу барысы тексеріліп, географиялық координаттары анықталды, жаңа ескерткіштер ашылып ғылыми айналымға ене бастады, сонымен қатар, осы облыстардағы тарихи-мәдени ескерткіштсрдің тізімін жасау, олардың жинақтарын шығаруға даярлық жұмыстары қолға алынды. Бұл еліміздегі тарихи-мәдени мұраны есепке алу, қорғау және пайдалану жұмыстары бойынша қордаланып қалған мәселерді шешуге бағытталған батыл қадам болды.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер» секциясы атқаратын жұмыстардың қатарындағы ең маңыздысы және бірінші кезекте орындалуы керек жұмыс — еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің санын анықтау, тізімін жасау, олардың облыстар бойынша жинағын шығару. 2007-2009 жылдарға арналған «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасы бойынша бұл жұмыстың дәл қазіргі күн үшін аса өзекті екенін дәлелдеуді қажет етпейтінінін бірнеше себептері бар, олар: біріншіден, күні бүгінге дейін еліміз көлемінде орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштердің саны анықталып, тізімі жасалған жоқ. Екіншіден, XX ғасырдың 70-80 жылдарында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институты бастап, 1991 жылдан Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты жалғастырған еліміздегі тарихи-мәдени ескерткіштердің тізімін жасау, олардың облыстар бойынша жинақтарын шығару жұмыстарының нәтижссінде тек Оңтүстік Қазақстан (1994 ж.) мен Жамбыл (2002 ж.) облыстарының жинақтары баспадан шықты, олардың өзін толықтырып қайта шығару керек, ал басқа облыстардың жинақтарының том-том қолжазбалары Археология институтының архивіндс жатыр. Үшіншіден, 2004-2006 жылдар кезінде «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттелген Шығыс Қазақстан, Алматы және Қызылорда облыстарындағы (әр облыска 18 млн. теңге бөлінген) тарихи-мәдсни ескерткіштердің саны белгісіз, тізімі жарияланып, жинақтары баспадан шыққан жоқ. Төртіншіден, еліміздің басқа облыстарындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеу, тізімін жасау, жинақтарын шығару жұмыстары баяу жүріп жатыр, егер бұл жұмыстарға «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасы бойынша қомақты қаржы бөлініп, оларды іске асыруға Ә.Х. Марғүлан атындағы Археология институтының, жоғары оқу орындарының археология және этнология кафедраларын, археологиялық ғылыми зерттеу орталықтарын (инсгитуттарын), Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырындағы ғылыми-зерттеу мекемелерін, қорықтарды, облыстық тарихи-өлкетану музейлерін және археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырған жекеменшігі шектеулі серіктестіктерді, жеке кәсіпкерлерді жұмылдырмаса, таяудағы 4-5 жыл көлемінде барлық облыстарда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізімін жасап, жинақтарын шығару мүмкін емес. Бесіншіден, еліміз көлемінде әртүрлі себептерге байланысты (үй, құрылыстар, жол салу, канал қазу, газ-мұнай құбырларын тарту және т.б.) және табиғи апаттан бұзылып жатқан тарих және археология ескерткіштері көп, олардың қатарында бұрын есепке алынған, мемлекет қарауындағы және осы уақытқа дейін есепке алынбаған, ғылымға белгісіз болып келген ескерткіштер бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін тарихи-мәдени ескерткіштердің жинағы баспадан шықкан Оңтүстік Қазакстан мен Жамбыл облыстарындағы археологиялық ескерткіштердің жалпы санын көрсетіп және осы облыстардың өзіміз зерттеу жұмыстарын жүргізген Түркістан, Бәйдібек, Түлкібас, Жуалы, Жамбыл, Талас, Сарысу аудандары мен Қызылорда облысының Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы ескерткіштердің біз жүргізген зерттеуге дейінгі және онан кейінгі арақатынасын салыстырып көрейік. 1994 жылы шыққан Оңтүстік Қазақстан облысы жинағына облыс бойынша 528 археологиялық ескерткіш кірген, олардың 31-і Түркістан ауданында, 57-сі Бәйдібек ауданында, 32-сі Түлкібас ауданында орналасқан. 2002 жылы казақ және орыс тілдерінде жеке-жеке том болып шыққан Жамбыл облысының жинағына облыс бойынша 849 археологиялық ескерткіш кірген, олардың 52-сі Жуалы ауданында, 63-і Жамбыл ауданында, 66-сы Талас ауданында, 35-сі Сарысу ауданында орналасқан ескерткіштер. Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік мекемесінің архивінен алынған құжаттар бойынша 2004 жылға дейін Жаңақорған ауданында 51, ал Шиелі ауданында 16 археологиялық ескерткіш есепке алынған екен.

2002-2007 жылдар аралығында Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің (ХҚТУ) Археология ғылыми-зерттеу орталығы (құрамында 5-6 ғылыми қызметкер бар), Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының аты аталған 9 ауданында университеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарға бөлген қаржысына, ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2006-2008 жылдарға арналған іргелі зерттеулер гранты бойынша берілген қаржыға және 2004 жылдың күз, 2005 жылдың көктем айларында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, ал 2007 жылдың жаз айларында салалық бағдарлама бойынша Оңтүстік Қазақстан облыстық бюджетінен бөлінген қаржыға археологиялық барлау жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Орталық бұрын есепке алынбаған, осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген 1215 археологиялық ескерткіш ашып, ғылыми айналымға енгізді, олардың қатарында ежелгі жәнс ортағасырлық қалалар, елді-мекендер, кәріз, көпір, әр түрлі дәуірлердің жеке обалары, обалар тобы, обалар қорымдары, тасқа салынған сурет орындары, қарауыл төбелер мен қарауыл мұнаралары, әртүрлі тас құрылыстар бар. Жаңадан ашылған археологиялык ескерткіштердің жекелеген аудандар бойынша саны мынадай болды: Қызылорда облысының Шиелі ауданында 82, Жаңақорған ауданында 195; Онтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында 380, Бәйдібек ауданында 179, Түлкібас ауданына 139; Жамбыл облысынын Жуалы ауданында 101, Жамбыл ауданында 19, Талас ауданында 57, Сарысу ауданында 63 ескерткіш.

ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығы 2002-2007 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде елімізде алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысының энциклопедиялық үлгідегі көп томдық (шамасы, 13-14 том) археологиялық картасын шығаруды бастады. 2004 жылы археологиялық картаның «Түлкібас ауданы» атты алғашқы томы жарыққа шықты. 2008 жылы осы археологиялық картаның «Бәйдібек ауданы» атты 2-томын шығару жоспарланып отыр. Егер қолға алынған осы бастама «Мәдени мұра» салалық бағдарламасы, Оңтүстік Казақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары тарапынан қаржылай қолдау тапса, таяудағы 2-3 жыл көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан, Созақ, Жамбыл облысының Жуалы, Талас, Сарысу, Қызылорда облысының Жаңақорған мен Шиелі аудандарының археологиялық картасын шығаруға болады.

Оңтүстік облыстарда археологиялык барлау жұмыстарын жүргізу кезінде әртүрлі себептерге байланысты бұзылып жатқан 57 археологиялық ескерткіш кездестірдік, олардың 18-і есепке алынған, мемлекет қарауындағы ескерткіштер, ал 39 ескерткіш осы уақытқа дейін есепке алынбаған, ғылымға белгісіз болып келген жәдігерлер. Өкініштісі сол, бұрын есепке алынған 18 ескерткіштің 6-ы табиғи апаттан, ал 12-сі әртүрлі шаруашылық жұмыстары кезінде бұзылған. Осы уақытқа дейін ғылымға белгісіз болып келген 39 ескерткіштің 5-і табиғи апаттан, ал 34-і шаруашылық жұмыстары кезінде бұзылған, бұзылып жатқан ескерткіштер. Оңтүстік облыстардағы бұзылып жатқан археологиялық ескерткіштер негізінде Ұлы Жібек жолының бойында не онымен байланысты ортағасырлық керуен жолдарының торабында, қазіргі елді мекендердің ішінде не оларға жақын жерде, облыстық, республикалық маңызы бар жолдардың жиегінде орналасқан. Бұзылып жатқан археологиялық ескерткіштерді үш топқа бөліп қарастыруға болады. 1-топқа казіргі күнде ауыл, қаланың ішінде қалып бұзылған не бұзылып жатқан ескерткіштер кіреді, олардың қатарында: ежелгі Тараз қаласы, ортағасырлық Қордай төрткүлі, Мерке (Жамбыл облысы), Жамбасарық, Төрткүлтөбе, Бабата, Шолаққорған, Құсата (Оңтүстік Қазақстан облысы) қалалары бар. 2-топқа мал қораға айналған Қараүңгір (Оңтүстік Қазақстан облысы), газ құбырларын тарту кезінде бұзылған Жетітөбе сақ обалары (Жамбыл облысы), қиыршақтас алу кезінде бұзылған Божбан ата сақ обалары және канал қазу, жол салу кезінде бұзылған ортағасырлық Омбай қалашығы (Қызылорда облысы) және т.б. ескерткіштер кіреді. 3-топқа өзен шайып бұзып жатқан ескерткіштер кіреді, олардың қатарында: Талас өзені шайып жатқан Түймекент, Тамды өзені шайып жатқан Тамды (Жамбыл облысы), Қарашық озені шайып жатқан Қарашық 1, Қарашық 2 қалалары (Оңтүстік Қазақстан облысы) және Сырдария өзені шайып жатқан Раздыата, Ақтөбе, Сортөбе ортағасырлық қалалары (Қызылорда облысы) бар. Осы облыстың Шиелі ауданындағы Жиделіарық ауылынан 3 км жерде, канал мен арықтың арасында қалған ортағасырлық Бестам қаласының цитаделі 40 жылдан бері жылына 7-8 ай ыза судың ортасында тұр.

Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер» секциясы мүшелерінің (егер олар бар болса) 2004-2006 жылдарға арналған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы және 2007-2009 жылдарға арналған салалық бағдарлама бойынша зерттелетін археологиялық ескерткіштердің тізімін жасау кезінде жыл өткен сайын тарихи бедері өзгеріп, талай ғасырлардың сырын жасырған мәдени қабаттары қазіргі үйлердің, қала құрылыстарының астында қалып бұзылып жатқан, өзен шайып құлап жатқан ескерткіштерді ескерусіз қалдырып, бірінші кезекте тізімге қазіргі күнде тарихи-топографиялық құрылымы жақсы сақталған, әлі бірнеше ғасырлар бойы тұра беретін ескерткіштерді кіргізгені бізге түсініксіз.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша зерттелген және оның салалық бағдарламасы бойынша зерттеліп жатқан археологиялық ескерткіштердің қатарында Қазақ хандықтары кезінен сақталған ескерткіш жоқ. Ол түсінікті де себебі бұл кезең отандық археологиямызда осы уақытқа дейін өзінің тиісті орнын ала алмай жүрген кезең болып тұр. Олай деуіміздің сыры мынада, Қазақстан археологиясының қара шаңырағы Ә.Х. Марғүлан атындағы археология институтында Қазақ хандықтары кезеңінің ескерткіштерін зерттеп жүрген маман жоқ. Сондықтан да болар, соңғы 15-20 жыл көлемінде тікелей осы кезеңнен сақталған бірде-бір археологиялық ескерткіште қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Дегенмен, Қазақстан тарихындағы Қазақ хандықтары кезеңінің алатын орны ерекше екендігін әр уақытта есте сақтаған дұрыс және бұл кезеңнің ақтаңдақтарын шешудің «кілті» археологиялық ескерткіште жатқандығын ұмытпаған абзал. Осы тарихи кезеңнен сақталған археологиялық ескерткіштер мен тарихи орындар баршылық, олардың қатарында: Қаратаудағы тастан қаланған Өгізтау қалашығы, Қырыққыз, Балақамал, Тарақты қамал бекіністері, Жамбыл облысының Мойынқұм ауданындағы Шәрі, Қойшыман қалашықтары, «Хан қорасы» ескерткіштері бар. Тарихи орындардан Керейді ақ киізге көтеріп сайлаған Тұлпарсаз, Керей хан мен Жәнібек сұлтанның жайлауы болған Қозыбасы және тарихи Аңырақай да осы өңірде жатыр.

1996 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданының орталығы Мойынқұм ауылынан 20 км жерде орналасқан, тарихи аңыздарға қарағанда Керейханның ордасы болған Шәрі қаласында архелогиялық қазба жұмыстары жүргізіліп Қазақ хандығының алғашқы  кезеңіне  қатысты  құрылыс  қалдықтары  ашылып,   заттай  деректер  шыға бастады, олардың қатарында: өрттен опат болған бөлмелер, кесененің қалдығы және бетінде арабша жазылған жазуы бар қайрақтас бар (қайрақтас қазіргі күнде еліміздің бас муфтиі Әбсаттар қажының қолында). «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасы бойынша Шәрі және Өгізтау қалашықтарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілсе Қазақ хандықтарына қатысты құнды деректерге қол жеткізер едік.

Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында сөйлеген қорытынды сөзінде Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша зерттелетін ескерткіш-жәдігерлерді таңдағанда ұсақталмай, еліміз үшін тарихи-маңызы бар мұраларды ғана іріктеп, бұл іске білікті сарап, сергек талғаммен қарау керектігіне баса назар аударған және археология жұмыстарында да бей-берекет қаза бермей, қазылған тарихи орындарды сақтау жағын да ойластыру керектігіне де тоқталған болатын.

Елбасы ерекше назар аударған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша зерттелетін ескерткіштерді дұрыс таңдау және оларды бей-берекет қаза бермей, казылған тарихи орындарды сақтаудың жауапкершілігі «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер секциясына» жүктеліп отыр. Сондықтан да секция ең алдымен еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, есепке алу, қорғау, сақтау жұмыстарының кеңестік кезеңдегі және егемендік алғаннан бергі 16 жылдық тарихына зер салып, осы жұмыстардың әрқайсысы бойынша жеткен жетістіктер мен жіберілген кемшіліктерді салыстыра отырып, қазіргі тарихи кезеңде атқарылатын жұмыстардың басты-басты бағыттарын анықтап, «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасы бойынша археологиялық қазба және ғылыми-реставрациялау жүргізілетін ескерткіштерді іріктеп алу керек. «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер» секциясы археологиялық қазба және ғылыми-реставрациялау жүргізілетін ескерткіштерді іріктеп, таңдау және іске асыру барысында келесі іс-шараларға көңіл аударылса дұрыс болар еді. Біріншіден, барлық облыстарда кең көлемді археологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтау, тізімін жасау, есепке алу және олардың жинақтарын шығару жоспарлы түрде қолға алынса. Екіншіден, облыстардағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің қазіргі күнгі сақталу барысы анықталып, бірінші кезекте археологиялық қазба және ғылыми-реставрациялау жүргізілетін ескерткіштердің тізімі жасалса. Үшіншіден, «Мәдени мұраның» салалық бағдарламасы бойынша археологиялық қазба және ғылыми-реставрациялау жүргізілетін тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарына Қазақ хандықтары кезінің ескерткіштерін кіргізсе дұрыс болар еді. Төртіншіден, бұзылған, бұзылып жатқан және газ-мұнай құбырларын тарту, жол салу және әртүрлі құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде бұзылуы мүмкін тарих-мәдени ескерткіштерде шұғыл түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін салалық бағдарламаның «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер» секциясы жанынан «жедел жәрдем» экспедициясы құрылса. Бесіншіден, салалық бағдарлама бойынша, археологиялық қазба жүргізілген және жүргізіліп жатқан ескерткіштерден ашылып жатқан әртүрлі құрылыстарды, жерлеу орындарын уақытша бекіту, сақтау жұмыстарына үлкен жауапкершілікпен қарап, оларда жүргізілетін ғылыми-реставрациялау жұмыстары арада бір не бірнеше жыл өткен соң барып қолға алынбай сол жылы (іле-шала) жүргізілсе дұрыс болар еді. Алтыншыдан, секция жүргізілген ғылыми-реставрациялау және археологиялық қазба жұмыстарының íәòèæåñ³ тек ғылыми есеп түрінде жариялаумен шектеліп қалмай іргелі еңбектер, оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдарын, сөздіктер және көп томдық «Қазақстан археологиясы» атты жинақты шығаруды қолға алса.

Егер осы ұсыныстар салалық бағдарламаның «Археология, тарихи-мәдени ескерткіштер» секциясы тарапынан қолдау тауып, іске асырылса таяудағы 4-5 жыл көлемінде еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны анықталып, тізімі жасалып, облыстар бойынша жинақтар шығаруға мүмкіндік жасалар еді және тарихи-мәдени ескерткіштердің қазіргі күндегі сақталу барысы анықталып, оларды есепке алу, қорғау және пайдалану жұмыстары реттеліп жүздеген, тіпті одан да көп ескерткіштерді сақтап қалуға қол жетер еді.

2004-2006 жылдарда іске асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы мен оның екінші кезеңі болып жалғасқан салалық бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар тарихымызды тереңнен зерттеп, төл мәдениетіміздің сан-салалық қырларын ашып, оны төрткүл дүниеге таныстыруды мақсат етіп отыр. Еліміздің тарихын, мәдени мұрасын зерттеудің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын, ауқымы кең әрі кешенді екенін ескере отырып, белгілі археолог Зейнолла Самашевтің Мәдени мұра институтын ашу туралы ұсынысын қолдау керек. Елімізде тарихи-мәдени мұраны жан-жақты, кешенді зерттеумен айналысып жүрген бірде-бір мемлекеттік ғылыми-зерттеу институты жоқ, олардың барлығы салалық институттар. Мәдени мұра институты ашылса, ол тарихи-мәдени мұраны кешенді түрде зерттеумен қатар, зерттеу барысында табылған жәдігерлерді заман талабына сай өңдеу, қайта қалпына келтіру, сақтау орталығы болып, ғылыми-реставрациялау, тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қорғау және пайдалану жұмыстарын үйлестіріп, еліміздегі музейлер мен археологиялық қорықтарға ғылыми-әдістемелік көмек көрсетілер еді.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ