Инновациялық жобаларды басқаруда индустриялық-инновациялық даму стратегиясының қажеттілігі

0

Инновациялық жобаларды өткізу үшін жаңа енгізілімнің түрлі ұйымдық-экономикалық аспектілерімен айналысатын мамандар қажет, яғни инновациялық менеджерлер. Олар түрлі ұйымның құрылымында әрекет етуі мүмкін.

Инновациялық менеджерлер ғылыми-техникалық және экономиклық-психологиялық, инженерлік-экономикалық білімдерді, дәстүрлі менеджерлер мен ғылыми зерттеушілердің қасиеттерін иелену қажет.

Инновациялық жобаның менеджері ғылым мен техника саласындағы оның білімі үшін, ынтасы үшін таңдалады. Егер, жобаға қатысушылар жастары өмірлік және кәсіптік тәжірибелері әр түрлі болып келетін адамдар болса, онда инновациялық жобаның менеджері мәселелермен кездеседі. Осыған байланысты сөйлесу және жанжал мәселері туындауы мүмкін. Сондықтан, инновациялық менеджер адамдарды басқара білуі қажет және жанжалдарды шешуі үшін тәсілдер қолдана білуі қажет. Инновациялық жобаның менеджері ұйымның жоғарғы басшысымен әрдайым қарым-қатынаста болады.

Инновациялық жобаларды қалыптастыра отырып, басшы оның ерекшеліктері мен тиімділігін есепке алуы қажет:

  • ең төменгі тәуекелі бар, бірақ аз пайда беретін және қысқа мерзімді нәтиже алуға бағытталған жобалар;
  • тәуекелдіктің орта деңгейі мен орта пайдалы орта мерзімді жобалар;
  • тәуекелдіктің жоғары деңгейі мен жоғары пайдалы ұзақ мерзімді жобалар.

Инновациялық жобаларды басқару фирма стратегиясының байланысынан тыс жүргізілмейді, ол фирма стратегиясына енгізілуі керек.

Инновациялық жобаны әзірлеу мен оны өткізуді басқару кезінде ғылым мен техниканың қазіргі жетістіктері туралы, ақпаратты реттеуі және басқа компаниялармен стратегиялық одақ құруы тиіс.

Басқарудың дәстүрлі-ұйымдық құрылымы менеджментте вертикалдық ретінде белгілі. Ол барлығын төменнен жоғары қарай бағындыруды болжайды. Ұйым құрылымы жобаны өткізуді бірнеше өндірушінің қатысу керектігін есепке алуы қажет.

Ұйымдық құрылымды инновациялық жобаларды басқару үшін, мынадай себептер бойынша таңдайды:

  • көптеген жобаның ағымдағы мәртебесін анықтауға рұқсат береді;
  • түрлі жобаларды дайындау кезінде пайда болатын қарама-қайшылықтарды шешуге көмектеседі;
  • жобаларды басқару жүйесінің икемділігін көтереді;
  • басшыға қызметкерлерді жақсы бақылау мүмкіндігін береді;
  • жобаның мақсатын, оның мәртебесі мен қиындықтарын анықтауға мүмкіндік береді;
  • ұйымдағы басқаратын лауазым санының өсуін қамсыздандырады.

Нарықты экономикаға өту кезеңінде басқару жүйесін одан әрі дамыту және осы кезеңге тән жаңа қағидаларды басшылыққа ала отырып экономиканы жандандыру – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Осы тауқыметті шешу жөніндегі негізгі тұтқалардың бірі ол өндірісті, жалпы экономиканы іскерлікпен басқару, нарықты-экономикалық қатынастарды дамыту, оларды құқықты тұрғыдан реттеу, ақша – несие, қаржы және валюта қатынастарын жұзеге асыру.

Жеке өмірде шешім қабылдауға қарағанда, басқарудағы шешім қабылдау — өте қатаң жүйеленген процесс. Жеке адамның жеке дара таңдауы алдымен өз өміріне және онымен қарым-қатынаста жүрген адамдарға байланысты болады. Менеджер іс-қимыл бағытын тек өзі үшін ғана емес, сонымен бірге, ұйымдар мен басқа жұмысшылар үшін де таңдайды. Ірі ұйымдардың жоғарғы деңгейдегі басшылары миллиондаған шешімдер қабылдайды.

Көңіл аударарлық мәселе басқару шешімдері жетекші қабылдаған шешімдер арқылы жұмыс жасайтын адамдардың жеке өмірінде ықпал ету мүмкін.

Маңызды шешімдерді қабылдаудағы жауапкершілік – басшыға ауыртпалық әкеледі. Еге,р басшы бағыныштыны жұмыстан шығарса, соңғысы қатты күйзелуі мүмкін. Сондықтан, басшылар ойланып қарастырылмаған шешімдерді қабылдай алмайды. Басшының іс-әрекетін неғұрлым және жүйелі түрде түсіну үшін, жалпылама шешім қабылдау, оның басқару процесімен  қарым-қатынасына және ұйымдық шешімдердің мінездемелеріне тоқталу қажет.

Әрбір басшы маман осы бейнелер арқылы өз жұмысын толықтырып отырады. Әрбір басқару қызметі өмірде жүзеге асыруды талап ететін жалпылама және тіршілікке қажетті маңызды шешімдермен байланысты. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк стратегиясы (бұдан әрi — Стратегия) Қазақстан Республикасы Президентiнiң «Елдегi жағдай туралы және 2002 жылға арналған iшкi және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттары туралы» Қазақстан халқына Жолдауында және Қазақстан кәсiпкерлерiнiң оныншы форумында берген тапсырмаларына сәйкес әзiрлендi.

Стратегия Қазақстанның 2015 жылға дейiнгi кезеңге арналған мемлекеттiк экономикалық саясатын қалыптастырады және экономика салаларын әртараптандыру арқылы дамудың шикiзаттық бағытынан қол үзу арқылы елдiң тұрақты дамуына қол жеткiзуге бағытталған.

Өңдеушi өнеркәсiпте және қызмет көрсету саласында бәсекеге түсуге қабiлеттi және экспортқа бағдарланған тауарлар, жұмыстар және қызметтер өндiрiсi мемлекеттiк индустриялық-инновациялық саясаттың басты нысанасы болып табылады.

 Дүниежүзiлiк экономиканың ғаламдануы аясында Қазақстан экономикасы бiрқатар проблемаларға тап болып отыр. Негiзгi проблемаларға мыналарды жатқызуға болады: бiр жақты шикiзат бағыттылығы, әлемдiк экономикаға ықпалдасудың әлсiздiгi, ел iшiндегi салааралық және өңiраралық экономикалық ықпалдасудың босаңдығы, iшкi рынокта тауарлар мен қызметтерге деген тұтыну сұранысының мардымсыздығы (шағын экономика), өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылымның дамымауы, кәсiпорындардың жалпы техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қалушылығы, ғылым мен өндiрiстiң арасында ықпалды байланыстың болмауы; ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарға (бұдан әрi — ҒЗТКЖ) қаржының аз бөлiнуi, менеджменттiң экономиканы Ғаламдану процестерiне және сервистiк-технологиялық өтуге бейiмдеу мiндеттерiне сәйкес келмеуi.

Бұл ретте осы институттар қосылған құны жоғары жаңа өндiрiстердi құруға және олардың жұмыс iстеп тұрғандарын дамытуға және келелi салаларды кешендi талдау, олардың ең маңызды элементтерiн анықтау негiзiнде ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер мен әзiрленiмдерге қолдау көрсетуге инвестициялау саясатын жүргiзетiн болады.

Стратегия елде ғылымды және инновациялық қызметтi ынталандыруға бағытталған белсендi мемлекеттiк ғылыми және инновациялық саясат жүргiзудi көздейдi. Алға қойылған мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қаржы рыногын одан әрi дамыту және фискалдық, бiлiм бepу, монополияға қарсы, инфрақұрылымдық саясатты жетiлдiру көзделiп отыр. Стандарттау саясаты шеңберінде экономиканың және басқарудың барлық салаларында әлемдiк стандарттарға көшу көзделуде.

Стратегияны ойдағыдай iске асыру экономиканың адам капиталын, өндiрiлген және табиғи капиталды тиiмдi пайдалануға негiзделген тұрақты өркендеуiне алып келетiн оның құрылымында сапалы өзгерiстер жасауға, Қазақстанның әлеуметтiк дамудың және қоғам құрылысының сапалық жаңа деңгейiне шығуына ықпал етуi керек.

Экономиканы мемлекеттiк реттеу әдiстерi мен тетiктерiн жетiлдiру жөнiндегi жекелеген ұсыныстарды негiздеу үшiн Стратегияның тиiстi бөлiмдерiнде импортты алмастыратын және экспортқа бағдарланған саясатты iске асыру жөнiндегi шет елдердiң тәжiрибесi, оның iшiнде экспорттық саясаттың әрқилы түрлерi мен кезеңдерi, сондай-ақ әлемдiк рыноктарда бәсекелестiк артықшылыққа қол жеткiзуге мүмкiндiк беретiн факторлар келтiрiлген.
Жалпы алғанда Стратегияны iске асыру нәтижесiнде 2015 жылға қарай ел экономикасы сервистiк-технологиялық дамуға өтуге дайын болуы керек.

Екiншi дүниежүзiлiк соғыстан кейiн капитализмнiң әлемдiк жүйесi өзгерiске ұшырап, монополистiк немесе трансұлттық капитализмнiң жаңа белгiлерiне ие болды.

Мұндай өзгерiс әлемдiк сауданың едәуiр өсуiмен, трансұлттық компаниялардың пайда болуымен, шетелдiк инвестициялардың елеулi түрде артуымен және сауда шарттарының ырықтануымен сипатталады. Халықаралық валюта қоры және Дүниежүзiлiк банк сияқты институттар пайда болды.

Егер, елуiншi жылдары әлемдiк экономика дүние жүзiндегi барлық елдердiң ұлттық экономикасының жиынтығы болса, ал 60-жылдардан бастап корпорацияларды трансұлттық белгiлерi бойынша ұйымдастыру үрдiсi көрiнiс бере бастады.

Тоқсаныншы жылдарға қарай тауарлар мен қызметтер өндiру процесi толымсыз сипат алып, әлемнiң барлық елдерi бойынша шашыраңқы орналасты. Қаржы-өнеркәсiп капиталы трансұлттық сипатқа ие болды.

Дамушы елдер үшiн бұл өзгерiстердiң маңызы аса зор. Дамыған және дамушы елдер арасындағы шеткерi аймақтар шикiзат жеткiзуге, ал орталық оны өңдеп, шетке қайта жеткiзуге негiзделген дәстүрлі қарым-қатынастар айтарлықтай өзгердi.

Ғаламдық капитализм жағдайында дамушы елдер өндiрiстiк процесс тiзбегiне тартылып, қосылған құны барынша төмен тауарлар өндiрiсiнiң салыстырмалы төменгi сатысындағы тауарларды өндiрумен айналысады.

Әлемде индустриялық саясат жүргiзудiң мол тәжiрибесi жинақталған. Санаулы елдердiң ғана экономиканың бiр өнiмге тәуелдiлiк проблемасын ойдағыдай шешiп, өз өнеркәсiбiн әртараптандыра алғанын атап өтуге болады.

Экспорттың құрылымын әртараптандыру үшiн индустриялық саясатты қолдану түрлi елдердiң тарихи өткен кезеңiнде импортты алмастыруға және экспортқа бағдарланған саясаты мысалдарынан айқын байқауға болады. Негiзiнен осындай саясат қолданылған Латын Америкасы (Мексика және Бразилия) және Шығыс Азия (Оңтүстiк Корея және Сингапур) елдерiне жасалған талдаудан экспортқа бағдарлану арқылы тұрақты экономикалық өркендеуге қол жеткiзуге болатындығы туралы негiзгi қорытынды жасауға болады.
Тарихи өткен кезеңде Латын Америкасы елдерi де, Шығыс Азия елдерi де импорттың орнын басу және экспортқа бағдарланған кезеңдерiнен өткен. Шығыс Азия елдерiнiң белгiлi бiр кезеңде импортты алмастыру саясатынан бас тартып, экспортты қолдау саясатына көшуі, ал Латын Америкасының импорт алмастыруға ерекше көңiл аударуы осы елдердiң ерекшелiгi болып табылады.

Экономикалық теория тұрғысынан алғанда экспортқа негізделген саясаттың табысты болуы түсiнiктi, себебi өзiнiң iшкi рыногының әлеуетiн сарқып тауысқан елдер өздерiнiң экономикалық даму процесiн тоқтатпау үшiн сыртқы рыноктарды игере бастауға мәжбүр болады. Латын Америкасының елдерi импорт алмастыруды қолдай отырып, нақты бәсекелестікке емес, жасалған әкiмшiлiк және тарифтiк тосқауылдарда негізделген салаларды құрғандығын атап өту керек. Бұл салалар нығайып алғаннан кейiн жаңғыртудың және өнiмдiлiктi арттырудың орнына өз ресурстарын импортты алмастыру саясатын одан әрi сақтап қалу мақсатында мемлекет арқылы өз мүдделерiн барынша қорғап қалуға бағыттады. Осының салдарынан ресурстар тиiмдi бөлiнбей, ұлттық экономикалар халықаралық бәсекеде ұтылып жатты.

Жалпы алғанда, жаңа ғаламдық экономикалық жағдайды қалыптастыратын әлемдiк экономикадағы басым үрдiстердi төмендегiше жiктеуге болады:

дамыған елдерде индустриялық экономикадан сервистiк-технологиялық экономикаға өту; ғаламдану; экономиканы ырықтандыру; ғаламдық бәсекенiң артуы және өңiрлiк ықпалдасу.
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы ширегiнде экономикалық дамыған елдер индустриялық даму сатысынан аса жоғары сервистiк-технологиялық экономикаға өттi. Бұл елдерде ЖIӨ үлкен бөлiгi қызмет көрсету секторында қалыптасады. Мұндай қызметтердiң айқын байқалатын ғылыми және инновациялық негiзi бар.

Экономикасы дамыған елдерде зияткерлiк ресурстар және қаржы капиталы шоғырланған, ал индустриялық өндiрiс, әсiресе еңбектi көп қажет ететiн өндiрiстер бiртiндеп әлемнiң экономикалық даму тұрғысынан неғұрлым артта қалған елдерiне ауысуда.

 Тәуелсiздiк алғаннан кейiн, Қазақстан жаhандық экономикада әлемдiк тауар рыноктарына мұнай, газ, қара, түстi, жерде сирек кездесетiн және қымбат металдар мен уран өнiмдерiн шығаратын ел ретiнде қарастырылады. Ауыл шаруашылық өнiмдерiнен астық экспортының келешегi бар.

Қазақстанда пайдалы қазбалардың iрi қорларының болуы оның салыстырмалы экономикалық артықшылығы болып табылатындықтан, ол қазiргi уақытта классикалық экономика сценарийi бойынша дамуда.

Өндiрiстiң және шикiзат ресурстары экспортының қарқынды дамуы экономикаға экономикалық дағдарыстан шығып, соңғы үш жылда экономикалық өсудiң жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкiндiк бердi.

Өнеркәсiптiң шикiзат салаларына шетелдiк инвестицияларды тарту және қаржы саласында құрылымдық-институционалдық өзгерiстердi жүзеге асыру жөнiнде мемлекеттiк саясаттан жүргiзiлуiне байланысты Қазақстан экономикасының дамуында iлгерiлеу байқалуда, елде өмiр cүру деңгейi жоғарылауда және ұзақ мерзiмдi кезеңде индустриялық сервистiк-технологиялық даму сатысына өтуге мүмкiндiк беретiн қаржы ресурстары жинақталуда.
Бүгiнгi таңда Қазақстанды әлемдiк қоғамдастық нарықтық экономикадағы мемлекет ретiнде мойындап отырғанын атап өту керек, ол ТМД елдерiнiң iшiнде бiрiншi болып инвестициялық ел рейтингiне ие болды.

Дүниежүзiлiк Банк Қазақстанды әлемдегi инвестиция салуға ең тартымды 20 елдiң қатарына қосты. Тәуелсiздiк жылдары Қазақстан экономикасына 21 млрд. астам АҚШ долл. тартылды.
Стратегиялық тұрғыдан алғанда қабылданған үлгiге сәйкес Қазақстан бәсекелестiкке және әлемнiң барлық елдерiмен өзара тиiмдi ынтымақтастық орнатуға негізделген тауарларды, қызметтердi, капиталды және жұмыс күшiн экспорттауға бағдарланған ашық экономикалы ел ретiнде қалыптасады.

Барлық әлеуеттi бәсекеге қабiлеттi, оның iшiнде экономиканың шикiзаттық емес бағытындағы салаларда жұмыс iстейтiн экспортқа бағдарланған өндiрiстер индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтары болып табылады. Ұзақ мерзiмдi стратегиялық мiндеттердi шешу мақсатында ғылымды көп қажет ететiн және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайлар жасауға ерекше көңiл бөлу қажет.
Бұл көзқарас экономиканың түрлi салаларындағы кәсiпкерлер үшiн жұмыс істеп тұрған өндірістерді техникалық және ұйымдық жағынан жетiлдiруге және экспорттық бағыттағы өнiмнiң жаңа түрлерiн шығаруға кедергi жасамайды.

Нақты ұсыныстар жеке секторда туындауы тиiс, ал екiншi деңгейдегi банктер және құрылатын инвестициялық мемлекеттiк даму институттары осындай ұсыныстарды жеке сектормен әрiптестiктiк қарым-қатынаста ықтимал iске асыру мақсатында арнайы әдiстемелер негiзiнде оларға талдау жасайды.

Нарықтық экономикалы елдердiң, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңдары бюджет қаражатын жеке кәсiпорындарға қаржы және инвестициялық қолдау көрсетуге жұмсауға тыйым салады. Осыған сәйкес нақты жеке компанияларға қаржылық қолдау көрсету мемлекеттiк сыбайлас жемқорлықтың көрiнiсi ретiнде бағаланады. Тәжiрибе осындай көзқарастың дұрыстығын көрсеттi.

Әдетте, мемлекет нақты компанияларға тiкелей қаржылық қолдау көрсете алмайды және онымен айналыспауға тиiс, бiрақ экономиканың бәсекелестiк қабiлетiн арттыру мәселелерiнде, жеке кәсiпорындарды жаңғыртуға, инновациялық процестерге қатысуға және осы арқылы өзiнiң өндiрiстiк және бәсекелестiк әлеуетiн құруға және жақсартуға ұмтылуға ұйытқы әрi бастамашы болуы мүмкiн және болуы тиiс.

Әлемдiк тәжiрибе көрсеткенiндей, нарықтық экономикалы мемлекет экономикада құрылымдық өзгерiстердi жүзеге асыруда жеке сектормен ынтымақтастық орната алады. Осындай ынтымақтастықтың неғұрлым сәттi мысалдары Жапонияда, Оңтүстiк Кореяда, Малайзияда және соңғы отыз жылда өздерiнiң экономикалық даму саласында iрi бетбұрыс жасаған басқа да елдерде бар.

Қазiргi Қытай индустриялық дамудың стратегиялық бағыттарын дамыту саласында жеке сектор мен ынтымақтасу саясатын жүргізуде.

Дүниежүзiлiк Банктiң зерттеулерi мемлекеттiк индустриялық саясатқа қатысты барлық көзқарастар кең ауқымды үш санатқа: инвестицияларды үйлестiруге, iскерлiк ынтымақтастықты дамытуға және рыноктың орнын басуға ұштастырылуы мүмкiн екендiгін көрсеттi.

Жеткiлiктi дамымаған рынок жағдайында фирмалардың өндiрiстiң кеңеюiне қарай қалыптасатын жаңа және барынша сапалы өнiмге сұраныстың көлемiн бағалауға мүмкiндiгi болмайды. Мемлекет инвестицияларды үйлестiру функциясын өз мойнына алады, олар инвестициялық жобаларды бiрлесiп жүзеге асыру кезiнде ғана компанияларға пайда түсiредi.

Инвестицияларды үйлестiрудiң осы үлгiсiн қолдану мемлекеттiк және жеке институттарда белгiлi бiр әлеуеттiң болуын көздейдi, оған көптеген дамушы елдердiң қолы жетпейдi.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ