Оқушыларға экологиялық тәрбие беруде ұлттық педагогика элементтерін тиімді пайдалану

0

«Атом ғасыры» деп аталып, ғылым мен техниканың ұлы жетістіктерін мақтан етіп, «Адам табиғатты өзіне бағындыра алды» деп ұрандатып өткен ХХ ғасыр адамзаттың қол жеткізген ұлы жетістіктерімен қатар зор қасіреттерді ала келді. Өндіріс орындарының санының жаңбырдан кейінгі шыққан саңырауқұлақтар секілді минут сайын артуы, тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты жердің пайдалы қазбаларын толассыз өндіру, ғарышты игеру, энергетикалық қажеттіліктерді қамтамасыз ету мәселелері, әскери техниканың, қару жарақтардың сыналуы Жер шарын азып-тоздырды. Жеке бастың игіліктерінің қамымен жүріп қоршаған ортаның, мекеніміз Жер ананың көз алдымызда құрдымға кетіп бара жатқандығын байқамай, орасан зор кесапаттарға душар болдық. ХХ ғасырдың ортасында осы кесапаттардың алдын алу мақсатында экологиялық мәселелер жиі айтыла бастады. Бүгінгі таңда экологиялық мәселерді шешу кезек күттірмейтін мәселелердің негізгісі болып отыр [1].

Экологиялық тәрбиенің көкейкестілігі – Қазақстандағы экологиялық апат аймақтарының болуымен тығыз байланысты. Қазақстан жұртшылығын әскери полигондар, экологиялық талаптарды өрескел бұзып отырған өндіріс орындары алаңдатып отыр.

Соңғы жылдары дүниежүзілік біртұтас экономиканың салдарлары болып табылатын жахандану мәселесі көп айтылып жүр.

Жаһандану – тек дүниежүзілік біртұтас экономика ғана емес, біртұтас идеялар, біртұтас өнер, біртұтас мәдениет, біртұтас адам, яғни, бір мемлекет. Болашақта жаһандану процесінен ешкімде құтыла алмайды. Соңғы жылдардағы дүниежүзілік дағдарыс дүниежүзілік экономиканың біртұтастыққа айналып үлгергендігін көрсетті, яғни жеке бір мемлекетте дағдарыс деген түсінік кешегі күнгі түсінік екендігіне көзімізді жеткізді.

Жаһандану процесі өзімен бірге көптеген мәселелерді ала келуде. Сол мәселелердің ең қасіреттісі ұлттық санаға, ұлттық болмысқа, ұлттық мәдениетке төніп отырған үлкен қауіп. Себебі, жаһандану процесі толығымен іске асқанда жер жүзінде ең алпауыт 2–3 ұлттың тілі, мәдениеті, болмысы ғана сақталып қалуы мүмкін. Ал, қалған ұлттар өзін ұлт ретінде сақтап қала алмай, жойылып кетуі мүмкін. Сондықтан, жаһандану кезеңінде ұлт мейлінше өзінің болмысын сақтап қалу үшін кез-келген салада ұлттық болмысты насихаттайтын іс-шараларды жүйелі түрде өткізіп отыруы тиіс. Ұлттық болмысты қалыптастыратын, өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелейтін, ұлтжанды азаматты тәрбиелеп өсіруде жетекші маңызға ие бола алатын сала – ұлттық педагогика. Сондықтан білім беру саласына ұлттық педагогика элементтерін, ұлттық тәрбие негіздерін жүйелі түрде ендіру, оны дамытып отыру – бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін мәселе болып табылады.

Халық педагогикасы — бұл жиналған және эмпирикалық білімнің практикасымен тексерілген, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін мағлұматтар, іскерлік пен дағдылар жиынтығы, халықтың әлеуметтік және тарихи тәжірибесінің жемісі. Халық педагогикасы ескерткіштерінің халық ертегілерінде, батырлар жырында, мәтелдер мен мақалдарында, эпостарда тәрбиелік мәні зор. Өйткені, халық жастарды оқытады, оларды мамандық алуға, зергерлікке, ұлттық  спорт ойындарына үйретеді. Демек, халық педагогикасында тәрбие мен оқытуды  екі  жақты бір текті, яғни тұтас педагогикалық процесс деп қарастыру керек [2].

Халық  педагогикасының тарихын зерттеу, оның мағлұматтарын бүгінгі  және болашақ  ұрпақтың игілігіне  айналдыру, салт-санамызды, әдет-ғұрпымызды, ұлттық дәстүрлерімізді өскелең өмір талаптарына  сай жүзеге асыру – аса басты міндеттердің бірі. Халық педагогикасының мақсаты бірнеше ғасырға созылған халық тәжірибесіне сүйене отырып, болашақ ұрпақты еңбекке, өмірге ең жоғары адамгершілік, имандылық қасиеттерге тәрбиелеу. Олай болса, өскелең ұрпақты терең педагогикалық, психологиялық ойлармен, теориямен, халқымыздың бай тәжірибесімен таныстырудың рөлі өте зор.

Қазақтың ұлттық педагогикалық бай материалдары жаңа ғасырдағы инновациялық Қазақстан мектебінде ұлттық мәдениетті сақтаудың және оны дамытудың басты факторы екендігін логикалық тұрғыдан негіздей отырып, білім мазмұнының ұлттық негізде берілуін жаңа өркениеттік бағдар тұрғысынан жетілдіру мәселесін қарастыру қажет. Өйткені унитарлы ұлттық мемлекет мектебі ертеңгі қазақ елінің туы мен тұтқасын берік ұстай алар тума тұлғаларды өсіретін, ұлттық ұстанымды қуаттайтын орта болуы тиіс. Мұндай абыройлы мәрелік мәртебеге тез және баянды түрде жету үшін халқымыздың ұлттық педагогикалық және ұлттық мәдениеттік мол мұрасын жалпы білім беретін мектептерде әрбір пәнді оқытуда, әсіресе жаралтылыстану пәндерін оқытуда пәрменді түрде ең тиімді жолмен пайдалана білу басты талаптардың бірі болып табылады.

Экологиялық білім мен тәрбиенің тамыры отбасы мен бала-бақшадан нәр алып, дамуы керек. Ата-бабаларымыз экологиялық тәрбиені ұлттық дәстүрде наным, сенім, ырымдар арқылы үздіксіз беріп отырған. Мысалы, «Көк шыбықты сындырма, көктей соласын», «Аққуды атпа, киесі ұрады», «Бұлақ көрсең көзін аш», «Көзіңді қалдыр – бұлақ көзін ашып жүр, өзіңді қалдыр – бақша өсіріп жаса нұр» деген ата-баба өсиетінде не деген көрегенділік, ақылдылық бар десеңізші! Ата-бабаларымыз қазақ жол жүріп келе жатып, аға алмай жатқан бұлақ көрсе көзін ашқан екен. Қазіргі таңда жас жеткіншектерге ата-бабалардың нақыл сөздерін жеткізіп, оны ұғындыру және осыған байланысты экологиялық білім беру бұл мұғалімнің міндеті болып табылады. Қай заманда болсын қазақ халқы дәстүрінде табиғатқа тағылықпен қарау деген болмаған. Аң-құстардан бастап өсімдіктерге дейін жанаршылықпен қарап, табиғат тұнығын «обал» деп санады. Табиғат байлығын жеке меншік емес, қоғамдікі, халықтікі, болашақ ұрпақтікі деп санады. Жоғарыда келтірілген халқымыздың ырымдары мен тыйым сөздері жас өспірімдерге экологиялық білім беру жолына үлес қосады.

Қазақ халқы табиғатынан тазалықты жаны сүйетін, жасандылықты жаны қаламайтын халық. Ішкен асы, жұтқан ауасы, киген киімі, тұрған баспанасы барлығы да табиғи  болған. Әрине бүгінгі таңда ғылым мен техниканың дамуымен күнделікті тіршілігімізде химиялық жолмен алынған заттардан жасалған бұйымдар көптеп қолданылады. Олардың өз өмірімізден алатын орнын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ та, оқушыларға қазақ халқының жоғарыда айтылған құндылықтары жөнінде айтып отыру олардың бойында отан сүйгіштік қасиеттердің қалыптасуына, өз ұлтын сүйуіне, өз халқын мақтан тұтуына ықпал жасайды.

Физика сабақтарында көптеген материалдар оқытылуы барысында бір ғана қазақ халқының ғасырлар бойы баспанасы болып келген киіз үй туралы, оның экологиялық негіздері жөнінде көптеген мағлұматтар беруге болады. Қандай ыстық болса да киіз үйдің ауасы таза, салқын болуы конвекцияға байланысты. Конвекция – (латын сөзі конвекцио – тасымалдау деген сөзінен) жылудың газдың ағыны арқылы тасымалдануы. Бауымен керіліп туырлық көтерілсе сырттан үйге кірген ауа қайтадан жоғары өрлейді, өйткені жылы ауа ұлғаяды. Ұлғайған ауаның тығыздығы суық ауаның тығыздығынан кем болады. Сондықтан жылы ауа қабаты өрлей жоғары көтеріледі. Жылы ауаға суық ауа тарапынан жоғары қарай әсер ететін архимедтік күш жылы ауаға төмен қарай әсер ететін ауырлық күшінен артық болады. Сонымен конвекцияда жылы ауа ағыны жоғары көтеріліп, салқын ауа оның орнын басады. Ошақтың дәл үйдің центріне орналасқандығының түтін тарту күші сол центрде көп болатындығымен түсіндіріледі.

Киіз үйдің салқын, жарық болуы оның түндігіне байланысты. Түндік қазіргі үйдегі терезенің ашпалы көзінің және мұржаның рөлін атқарады. Түндіктен кірген салқын ауа төмен түсіп, жылы ауа мен суықта от жаққандағы түтін түндік арқылы сыртқа шығады. Киіз үйде қолданылатын материалдардың барлығы экологиялық таза материалдар.

Қазақтың  әдет — ғұрып,  салт — санасында  кездесетін  кейбір  элементтерді физика сабағында экологиялық тәрбие беруде қолдануға болады. Біз осыдан жазу-сызуы болмаған халқымыздың табиғат құбылыстарын дұрыс түсіне білгендігін, көргендігін,  данышпандығын аңғарамыз. Мысалы,  7-сыныпта “Диффузия құбылысы” тақырыбын өткенде айран ұйыту,  құрт қайнату,  нан ашыту қалай орындалатынын айтып кеткен орынды. Бүгінгі медицина ағарғанның адамзаттың денсаулығына тигізер пайдасын жоғары бағалайды, уланған адамға ағарған ішкізеді. Айран ұйытқанда немесе нан ашытқанда судың жылы болуы, температура жоғарылаған сайын молекулалардың бір заттан екінші затқа өтуі шапшаң жүретінін көреміз. Ашытқыны қолдан жасаған, ол да табиғи жолмен алынған.

Ал 8-сыныпта “Жылу өткізгіштік” тақырыбын оқытқанда малдың,  аңның терілерінен тіккен киімдердің жылуды жақсы сақтайтынын білген,  сандықтан тұлып,  ішік тігіп кигенін түсіндіру керек. Осы сыныпта “сәуле шығару” тақырыбын өтеді. Сол сабақта не себепті киіз үйге ақ киіз жабатынын,  не себепті ақ киім киетінін нақты мысалдар арқылы дәлелдесе оқушылар жадында материал ұзақ сақталады.

Ал,  “Газдардағы электр тогы” тақырыбын өткенде мына мысалға назар аударған тартымды. Найзағай ойнағанда үйден шықпай,  есік-терезені жауып отыру керек деген ұғымның қалай пайда болғанына тоқталу оқушылардың сабаққа деген ынтасын арттырады.

Резюме

Увеличение количества производства, добыча минеральных руд, полеты в космос выявили экологические проблемы. В наше время самой актуальной проблемой является опасность уничтожения многих народов и  в связи с этим является актуальним экологическое воспитание и использование этнопедагогики.

                                                            Summary

Increase of industry, to flight into space, mining of mineral ores identified environmental problems. In our time, the most pressing problem is the danger of the destruction of many people and connection is the most urgent environmental education and the use of ethnopedagogics elements.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан Республикасының Экологиялық қауіпсіздігінің тұжырымдамасы, 1996 ж. // Егемен Қазақстан. 1 маусым.
  2. Қоянбаев Ж.Б. «Семья және балалар мен жеткіншектер тәрбиесі». Алматы: Рауан, 1990. -52 бет.
  3. Г.Б.Әлімбекова. Физика пәнін халықтық педагогика тағлымдарымен байланыстыра отырып оқыту. Оқу құралы. Алматы.  “Литера”. 2001ж.
  4. А.Налтаев, Б.Қ.Рахашев, С.С.Дайырбеков «Физиканы оқытуда барысында халықтық педагогика элементтерін қолдану». «Көптілді білім беру негізінде бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру» атты ОҚМПИ 75 жылдығына арналған Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының еңбектері жинағы 2 том. Шымкент. 2012 ж.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ