Оқушыларды музыкаға баулу мен тәрбиелеудің негізгі әдістемелері

0

Музыка сабағы — оқушының оқу-танымдық, рухани-танымдық қасиеттерін өсіруге арналған арнаулы сабақ. Басқа сабақтар сияқты, мұнда да оқу-тәрбие жұмысының негіздері: тапсырма беру, мазмұн-мағына, оқыту әдістемесі қолданылады. Әр сабақ өзінің ішкі логикасымен кұрылады. Сабақтың мақсаты — оқушылардың дайындық деңгейімен берілген тапсырманың, мағынаның, әдістеме мен оқыту түрінің сәйкестігімен орындалады. Алдымен сабақтын мақсаты мен мазмұнын анықтап алған ұстаз содан кейін оқытудың формасы мен әдістемесін таңдап алады. Бұл таңдау сабақтың түріне,  мазмұндық ерекшелігіне қарай жүргізіледі. Музыка сабағы негізінен үш бөлімнен тұрады: ән үйрену, музыка таңдау, музыкалық сауатты ашу. Оқушылар, ұстаз, музыка — міне осы үш нәрсе сабақтың арқауын құрайды. Ұстаздың басты міндеті өзі құрған жоспарына сәйкес оқушыларға музыканың мағынасына, айтайын деген көркем ойына терең үңіліп, өмірдің музыка өнерімен байланыстылығын сезінуге, музыкалық білімнін негізін қабылдауға, шығармашылық үрдіске баулуға үйрету екенін тағы да атап өтпекпіз.

Ән-күй сабағының басты мақсаттары: оқушылардың музыка өнеріне деген практикалық қызығушылығын сезімдік тұрғыда дамыта білу, жеке бастың рухани негізін қалыптастыру болғандықтан ұстаздың адами-сезімдік қасиеті, адами тәжірибесі өте үлкен орын алатынын ұмытпаған жөн. Сабақ барысындағы тақырыптардың өзара байланыстылығы ұстаз шеберлігіне байланысты өрбиді. Бұл байланыстылық оқу бағдарламасының мазмұндылығына, сабақ такырыптарына, музыкалық материалдарға, музыкалық оқытуда қолданылатын әдістемелік амалдарға байланысты іске асырылады. Осы айтылғандарды ескере отырып, сабақ барысындағы тақырыптық ауысулар музыкалық материалдың біртұтас мағынада жүруіне, оқушылардың музыка өнеріне деген жанды қатынасына негізделіп тұруы керек.

Ән-күй сабағын ұйымдастыру барысындағы негізгі мақсат, нақтылы бағдарлама арқылы, ұстаз қызметінің жүйелігі арнасында оқу-тәрбие ісінің көрнекті компоненттері бойынша іске асуға тиісті.

Музыка сабақтарының әр түрлі мағынадағы түрлері болады. Мысалы, жоспарланған тақырыпка кіріспе сабақтары, тақырыпты тереңдей оқыту сабақтары және тақырыпты бекіте, жан-жақты оқыту сабақтары болады. Сондай-ақ оку жылының тоқсандар соңында қорытынды мағынадағы концерт-сабақтар жоспарлануы өте қажет [1, 73-б.]

Кіріспе сабақтарда шығармаға деген кәсіби мінездеме, ойнап көрсету, тыңдап естірту сияқты амалдар қолданылады. Мұндай сабақтар әр тоқсанда бір-екі рет өткізілгені дұрыс.

Кіріспе сабақтарда композитор-орындаушы-тындаушы тақырыптары барынша мол қаралуға тиісті. Тақырыпты тереңдете оқыту сабақтары төмендегідей мағынада кұрылады:

  • Оқушылардың өмірлік және музыкалық тәжірибесін толықтыра жандандыру, дыбысты есту және сауаттылық дәрежесін көтеруге бағытталған тақырыптар.
  • Өтіп жатқан тақырыптарды жан-жакты түсіндіруді, нақтылы музыка тыңдаумен ұштастыруды оқушылардың қызу араласуы негізінде жүргізу.
  • Тақырыптарды бекіту, олар туралы оқушылар түсінігін біліп, оларды түрлі әдістемелік әдістермен дамытып отыру.

Тақырыпты жан-жақты, бекіте оқыту сабақтарында мазмұндық, мағыналық тұрғыдағы теориялық ұғымдар нақты мысалдармен көрсетіле оқытылады. Оқушылардың практикалық, теориялық білімдері сараланып, олардың алдыңғы сабақтардағы жетістіктері көрсетіледі [2, 96-б.].

Оқу жылы барысындағы окушылар меңгерген музыка мәдениетінің көркемдік деңгейін жан-жақты көрсету үшін қорытынды концерт-сабақтар өткізіледі.

  • Оқушылардың музыкаға деген қызығушылық деңгейін
    байқау, олардың сезім байлығын, көркемдік ойын тексеру.
  • Орындаушылық деңгейді анықтау, репертуар жан-жақтылығын көрсету, музыкаға деген көзқарастардың даму дәрежесін білу.
  • Оқушылар бойындағы шығармашылық үрдістерді байқау.

Бұл сабақ-концерттің салтанатты жағдайда, мектептің концерттік залында өткізілгені дұрыс, жағдайға байланысты бірнеше сыныптарды біріктіріп өткізуге де болады.

Концерттің басында ұстаздың өзі шығып, жиналып отырған ата-аналар мен мектеп ұстаздарына концерт мақсаты мен мағынасын түсіндіріп өткені орынды. Осы кезде оқушылардың үй тапсырмасын орындау барысы туралы да айтып өткені дұрыс.

Мұның өзі ата-аналардың пікір білдіруіне мүмкіндік береді.

Концерт-сабақтың белгіленген жоспары, айқындалған логикасы болуға тиісті. Орындалатын әндер мен күйлердің әр түрлі болуын қадағалау керек. Концерт қызықты болуы үшін ата-аналардың да қосылып ән айтып кетуін жоспарлаған өте тиімді. Осы сабақта ұстаздың өзі де өнер көрсетіп, жоғары кәсіби дәреже көрсетсе, нұр үстіне нұр болары анық [3, 84-б.].

Музыка сабақтарын, ең алдымен, оқушылардың музыкамен қарым-қатынасы деп қарау керек. Ұстаздың басты көңілі осында тұру керек. Музыканы тыңдап, қабылдауды үйрету, сабақтардың формалары мен әдістемелік амалдардың дұрыс қолданылуын үнемі дамытып, жетілдіріп отыру ұстаздық тәжірибенің үлесіне тиеді.

Музыка үйрету жұмысының түрлі әдістемесі оқу материалының мазмұнына, оқушылардың жас ерекшелігіне және олардың шығармашылық, танымдық үрдістерге деген қабілеттеріне орай өзгеріп отырады.

Өткізілетін материалға жан-жақты түсіндірмелік шолу жасау әдістемесі оқушының өз бетінше ізденіп, іс-қимыл жасауға арналған ізденушілік әдістемесімен өзара біріге қолданылса, зор нәтиже береді.

Үйретілетін ән-күйдің сезімдік-драмалық тұрғыдан сатылай үйретілуіне арналған әдістеме сабақтың шарықтау барысына арналады. Әр түрлі нұсқада құрылатын ән-күй сабағының музыкалық-драмалық әдіспен өрбуі де жиі қолданылады.

Ұстаздық бақылау мен оқушының өзін-өзі байқап отыру әдістемесі, әр оқушыға баға қою, оның музыкалық дамуына нақтылы сәйкес жүргізілсе ғана көрнекті жетістік берері сөзсіз.

Ұстаз бағасы мен үйге берілген тапсырма оқушының музыка қабілетінің даму сатысын көрсететін ең негізгі көрсеткіш екенін ұмытпаған жөн.

Ұстаздың белгілі бір ән-күй, шығармаға деген өзіндік көзқарасының болуы және оны бейнелі сөзбен, іс-әрекет, көркем қимылмен көрсете білуі сезімге әсер ету әдістемесі деп аталып, ол оқушы қабілетінің артуына игі әсерін береді [4, 105-б.].

Музыкалық қабілеттің, яғни ән айту, аспапта ойнау шеберлігінің айтарлықтай өсуі, ондағы нақтылы табыстың болуы, оның ұстаз тарапынан айқын көрсетілуі оқушы санасында мақтаныш сезімін тудырып, оның шығармашылық қызметке деген ынтасын барынша арттыра түседі.

Жағымды үлгі көрсету, музыка өнеріне деген сенімділік білдіру, жаттығулар көрсету, олардың жеке бастың сезімдік дамуына қызмет істеуі, ән-күй сабағына деген кызығушылық тудырары сөзсіз.

Ән-күй сабағына кешенді әдістемелер қолдану, ұстаздың белсенді музыкалық қызметі, сабақтың барлық элементтерінің тұрақты қолданылуы оқушылардың музыкалық мәдениетінің қалыптасуына зор әсер етеді. Түрлі әдістемелік үрдістерді алмастыра қолдану әр сабақтың мақсаты мен міндетіне, ұстанымы мен мазмұнына байланысты өзгеріп тұрары анық.

Мектепте үйренетін ән-күйлерге қойылатын әдістемелік талаптар мынадай тәртіпте орындалуға тиісті:

1)Әндердің жоғары көркемдігі, еркін орындалу мүмкіндігі қаралады.

2)Әндердің орындалу мүмкіндігін алдын ала тексеріп алу, қиындық туғызатын тұстарын меңгеру әдісін анықтап алу.

3)Үйренетін әнге қызығушылық тудыратын әңгіме айту, оқушы қиялын ұштау.

4)Ән-күйді тыңдау және айтып беру немесе ойнап көрсету.

5)Ән-күймен танысқаннан кейін өткізілетін әңгіме-кеңес. Онда шығарманың мінезін, музыкалық көркем бейне беретін негізгі мәнерлерін анықтау.

6)Көркемдік және техникалық қағидаларды сақтай отырып әнді үйрену кезеңі. Вокалдық шеберліктің әннің көркемдік бейнесін ашуға қызмет істеуін қадағалау. Әнді орындау жөніндегі сөздік түсініктеме беру және ұстаздың ән фразаларын жеке айтып беруі осы жерде аса қажет болады.

Әнді жаңадан үйрену жұмысын мынадай тәртіппен жүргізуге болады:

1) Ұстаздың өзі орындап көрсетуі.

2) Ноталық жазбаны қолдану.

3) Ән әуенін жай екпінде, жеке фраза, шумақтармен үйрену.

4) Ән интонациясы мен ырғағының өте дәл орындалуын тұрақты қадағалау.

5)  Әннің кейбір қиындау жерлерін жеке бөліп қарау.

6) Ән мәтінінің логикалық шыңын анықтау, дикциямен жұмыс істеу.

7) Ұстаз бен оқушының әнді орындау жоспарын ойластыруы.

8) Әр сабаққа арналған жұмыс жоспарын жазып  отыру.

9) Екі, үш дауысты әндерді үйренуді әр дауысты жеке көрсетуден бастау керек. Дауыстарды қосуды біртіндеп сатылай жүргізгендұрыс.

      10) Ұстаздың дирижерлік әдістерді қолдануы ән үйрену кезеңін жеңілдететіні сөзсіз.

Ұстаз жетістігі, қызметінің шығармашылық деңгейі оның оқушылармен құрған сезімдік-рухани байланысы арқылы көрінеді. Осы тұрғыда оның алға қойған жоспары, тәрбиелік мақсаттары, көркемдік-кәсіби дәрежесі бағаланады, еңбегі көрінеді. Оқушыға берілуге тиісті музыкалық білім мен ұлттык, адами, рухани үрдістер өз жемісін сонда ғана көрсете алады.

Республикамыздағы білім беру жұмысының және ұлтты тәрбиенің басты мақсаты да осыны көздейді.

Резюме

Исследовалась музыкальные способности учащихся, то есть пение, повышение мастерства играть на музыкальном инструменте, и конкретные   результаты со стороны преподавателя заставляет образованию чувчство гордости в сознании учащегося,  и  повышения чувство таланта к художественной деятельности.

Summary

We studied musical abilities of students, that is, singing, growing skills to play a musical instrument, and the results of the teacher education makes to feel pride in the mind of the student, and enhance a sense of talent for artistic activities.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Балтабаев М. Әсем саз бастауыш сыныптарға арналған музыка әліппесі / М. Балтабаев, Б. Өтемуратова .- Алматы: Атамекен, 1993 .– 104 бет.
  2. Балтабаев М. «Елім-ай» / М. Балтабаев, Б. Өтемуратова .- Алматы : Атамекен, 1993 .– 94 бет.
  3. Балтабаев М.Х. «Елім-ай» бағдарламасының ғылыми әдістемелік негіздері / М.Х. Балтабаев .- Алматы : РБК, 1993 .– 22 бет.
  4. Балтабаев М.Х. Жалпы білім беретін қазақ орта мектебінің 1-4 сынып оқушыларына арналған «Елім-ай» ән-күй сабағының бағдарламасы / М.Х. Балтабаев .- Алматы: РБК, 1993 .– 68 бет.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ