Казіргі кезеңдегі ауыл – аймақатағы ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастырудағы кейбір мәселелер

0

Қазіргі таңда жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беру ісі маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Тәлім-тәрбиенің негізгі бөлігі болып табылатын эстетиткалық тәрбиенің жасөспірімдердің әсемдікті түсініп, ұға білуі және олардың дүниетанымының қалыптасып дамуы жолында атқарар маңызы зор.

Музыка мектептері мен жалпы білім беретін мектептер саласындағы ұлт-аспаптар оркестрлері мен ансамбльдердің жұмысы оқушыларды әсемдік әлеміне жетелеп, оларға эстетикалық тәлім-тәрбие берудің бірден-бір тиімді тәсілі болып табылады. Сондықтан да бұл жағдай мектептерде оркестрлер мен ансамбльдер үйірмесін батыл түрде ұйымдастырып, оларды оқу процесінде және сыныптан тыс жұмыстар жүргізу барысында кеңінен пайдалану қажеттігін тудырады.

Бұл күндері республикамыздың мәдени-ағарту мекемелері мен мектептерінде ұлт-аспаптар оркестрлерімен жұмыс жүргізу жөнінде айтарлықтай тәжірбие жинақталған. Сонымен қатар, ұлт-аспаптар оркестрін құрудың кейбір мәселелеріне, жеке аспаптарды ойнап-үйренуге арналған жинақтар мен методикалық оқу құралдары бар. (Х.Тастанов. «Домбыра оркестрін қалай ұйымдастыру керек», А., 1956; Л.Хамиди, Б.Ғизатов. «Домбыра үйрену мектебі», 1983; Д.Тезекбаев. «Қобыз үйрену мектебі», А., 1980.) Бұл орайда халық творчествосының кейбір ерекшеліктеріне, сондай-ақ қазақ халқының музыкалық аспаптарының шығу тегі мен тарихына арналған Б.Сарыбаевтың «Қазақтың музыкалық аспаптары» атты кітабын да атап өткен жөн.

Көркемөнерпаздар оркестрінің педагогикасына арналған ғылыми-зерттеу еңбектер де негізінен аспапта ойнаушылардың алғашқы ойнап-үйрену методикасына көбірек көңіл бөлінеді. Біздің проблемамызға жақынырақ жұмыстардың ішінен В.Глейхманның «Әуесқой орыс халық аспаптары оркестрімен музыкалық дайындық жүргізу методикасының негізін» атап өтуге болады. Бұл басылымдар негізінен оркестр жетекшілерінің педагогикалық тәсілінің қалыптасу мен олардың ұйымдастырушылық қабілетті меңгеру мәселелеріне арналған.

Алайда, күні бүгінге дейін қазақ халқының аспаптық музыкасының өзіндік ерекшелігін, ойнау мәнерін ескере отырып, оркестр жетекшілеріне белгілі бір дәрежеде методикалық көмек берерліктей жұмыстар жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан, шағын еңбекті осы кемшіліктің аз да болса орнын толтыру мақсатымен ұсынып отырмыз.

Қазір республикамыздың түкпір-түкпіріндегі музыкалық және жалпы білім беретін мектептерде орындау мүмкіншіліктері тәп-тәуір әуесқой халық аспаптары оркестрлері мен ансамбльдері көптеп саналады. Дегенмен де үйірме жетекшілерінің көркемөнерпаздар ұжымының жұмысын бақылап, бағыт-бағдар беруде белгілі бір жүйеде жұмыс жүргізбейтін, оқушылардың жалпы музыкалық ой-өрісінің дамуына жете мән бермейтін жайлары да кездеседі. Кейбір мектеп оркестрлерінің жетекшілері өздерінің міндетін тек қана концерттер мен байқауларға репертуар даяралап беру ғана деп ұғынады. Ал кейбір мектептердегі көркемөнерпаздар ұжымдары жұмысының белгілі бір мерекеге дайындықтың немесе байқаулар мен олимпиядалардың алдында ғана жанданып, қызу қолға алынатынын өкінішпен айтуға тура келеді. Жасөспірімдердің музыкалық-эстетикалық талғам-талаптарын дамытудағы ең маңызды фактор болып саналатын мектептегі музыкалық тәрбие жұмысын тиянақты жолға қоюдағы қиыншылықтар, біріншіден, бұл саладағы маман кадрлардың жетіспеушілігінен туындаған жай. Соңғы жылдарға дейін кадр мәселесіне тапшылық көп жерлерде, әсіресе, ауылдарда, шалғай елді мекендерде айтарлықтай орын алып келгені белгілі және қазір де бұл мәселе толық шешімін тапты деп айту қиын. Екіншіден, әлі де болса жер-жерлерде музыкалық тәрбиеге немқұрайды қарау, жете бағаламау жайттары байқалады. Мектептегі ән-күй сабағына көп жағдайда оқушылардың да, олардың ата-аналарының да «қажетсіз пән» деп, көңіл аудармай келгені белгілі. Тіпті қазірдің өзінде де мамандар арасында цифрлы жүйе тұрғанда, нота үйрету міндетті емес деген теріс ұғым да кездесіп қалады. Алайда, соңғы жылдары республика мектептерінде бұл бағытта елеулі қазақ тілінде оқулықтар жарық көрді. Көркемөнерпаздар ұжымының жетекшілерін, мектептегі ән-сабақтарының мұғалімдерін даярлау мықтап қолға алынып, олардың кәсіби шеберліктерін арттыру жолға қойылды. Қазір бұл мамандар Шымкент педагогикалық-мәдениет институтында, педагогика институттарындағы ән және музыка факультеттерінде, көптеген мәдени-ағарту училищелерінде дайындалады.

Мектептерде ұлт-аспаптары оркестрлерінің дайындықтарын ноталық сауат негізінде өткізетін уақыт жеткентәрізді. Тиянақсыз, негнізсіз білім алу, аспапта ойнау әдістерін ат үсті меңгеру үйірме мүшелерінің біліміне, ойнау шеберлігіне нұқсан келтіріп қана қоймай, олардың эстетикалық талғам-талаптарына да әсерін тигізетінін жетекшілерінің білгені жөн. Мұндай жағдайға батыл қарсы тұру керке. Өйткені, сабақ өткізуді жеңілдетіп жіберу, үйірме мүшелеріне аспапты қалай болса солай үйрете салу репертуардың қарапйымдылығы мен талғамсыздығына, көптеген оркестрлер дыбысының мәнерсіздігі мен қарабайырлығына әкеп соғатыны анық.

Мектепте ұлт-аспаптар оркетрін немесе ансамблін құру үшін ең алдымен үйірмені басқаруға өз ісін жақсы білетін білімді жетекшіні қабылдау қажет. Ол өзінің ісін ұйымдастыру жұмыстарынан бастауға тиіс. Ең алдымен оркестрге керпекті музыкалық аспаптарды сатып алуға жете көңіл аударғаны жөн. Жетекші сапалы ойнауға ыңғайлы аспаптарды сұрыптай отырып, олардың әрқайсысын тікелей өзі тексеріп алуға тиіс.

Керекті аспаптарды сатып алғаннан кейін оларды сақтайтын және үйірме мүшелерімен сабақ өткізілетін бөлмені дайындау қажет. Оркестр дайындығы өтетін бөлменің іші кең, ауасы таза, жарығы мол, температурасы бірқалыпты, бөтен у-шуы жоқ және акустикасы жақсы болуы міндетті.

Бөлме ішінде орындықтар мен үстелден басқа оқулықтар мен методикалық әдебиеттерді, ноталарды, медиатор, канифоль, ішек, тиектер сол сияқты оркестрге керекті басқа да нәрселерді сақтайтын шкаф және пульттер болуы қажет. Екі адамға нота қоятын бір пульт болса жеткілікті. Музыкалық сауат сабағын өткізу үшін бетіне нота сызықтары сызылған кәдімгі класс тақтасы керек.

Сынып ішін үйірме мүшұелері тәлім-тәрбие алатындай көрнекі құралдармен безендіру қажет. Ол үшін түрлі аспаптардың нота белгілерін көрсететін аппликатура таблицаларын, аспапты ұытап үйренудің үлгілері бейнеленген суреттермен қатар белгілі профессионал және әуесқой оркестрлердің, атақты композиторлар мәдениет қайраткерлерінің суреттері ілінгені дұрыс. Сонымен қатар магнитафон, радиолла тыңдауға арналған күйтабақтар жинағы болса тіпті жақсы.

Оркестрге оқушылар қабылдау жұмысын оқу жылының басында жүргізген дұрыс, алайда жыл бойғы оқу мерзімінің ішінде де талапкер оқушыларды қабылдап, коллектив құрамын толықтырып отыруға болады. Алдымен мектепте оркестрге талапкер оқушылар қабылданатыны жөнінде хабарландыру жазылған тақташа ілінуі керек. Егер оркестр жетекшісі әр класқа кіріп, үгіт түрінде оркестр жайында әңгіме өткізіп, ынта-ықыласы бар балаларды іріктеп алса нұр үстіне нұр. Бұдан кейін балалардың музыкалық қабілеттерін (ырғақты сезіне білу, есту және есте сақтау) тексеру қажет.

Оқушылардың музыкалық қабілетін тексеруді олардың ырғақты сезіне білу қасиетерінен бастау керек. Себебі, ырғақты сезіне білмейтін адамды музыкаға үйрету өте қиын іс. Тексеру барысында ең алдымен ырғақтың жеңілінен бастап, бірте-бірте қиындата түскен жөн. Егер бала ырғақты екі-үш көрсеткеннен кейін мүдірмей қайталап беретін болса, онда оның ырғақты сезіне білу қабілетінің бар болғаны.

Үйірме мүшелерін оркестр аспаптарына бөлу кезінде олардың музыкалық қабілетерімен қатар, дене құрылысын ескеруді, аспапты таңдау тілегіне мұқият қарауды ұмытпау керек. Оқушылар оркестрге мүше болған соң, өздеріне ұнайтын музыкалық аспаптарды ойнап үйренгісі келгенімен, бұл талап оркестрді құруға, әр түрлі аспаптарды оркестрдің үндестігі бойынша падалануға кедергі жасауы мүмкін. Сондықтан үйірме жетекшісі оларға оркестрді құру жөнінен мағлұмат беріп, оркестрдегі әр аспаптың маңызын түсіндіру керек. Мәселен, бас, контрабас-домбыра немесе сырнай, сол сияқты басқа да аспаптардың біреуінің жетіспеуінің өзі оркестр дыбысына көп нұқсан келтіретінін айтқан жөн. Міне осылай әр аспап жөнінен түсінікті бағдар алған оқушылар жетекші бөлген аспапты игеруге құлшына кіріседі. Егер оқушы айтқанға көнбесе, онда оған екі аспапта – біреуін өзінің қалауымен, ал екіншісін жетекшінің қалауымен ойнап үйренуді тапсыру қажет. Алайда, бұл талап оның көңілінен шықпаса, онда өзіне ұнаған аспабын қалдыру керек. Кейін, аспапты әжептәуір игерген соң, оқушыға оркестрге қажетті аспапты үйрету оңайға түседі.

Жетекші оркестр мүшелерімен жүргізілетін оқу-тәрбие және творчестволық жұмысты ұйымдастырады. Оның негізгі мақсаты үйірме мүшелерінің эстетикалық талғамын, музыкаға деген саналы көзқарасын тәрбиелеу болып табылады. Сол себепті жетекшінің алдына мынадай міндеттер қойылады:

  1. Ұжымның творчестволық қабілетінің дамуына, көркемдік мәнерінің қалыптасуына, оркестрдің ойнау мүмкіншілігіне орай жетекші жылдық оқу-тәрбие жұмысы мен репертуар жоспарын жасайды.
  2. Үйірме активімен бірлесе отырып, оркестрге жаңа мүшелерді іріктеу жұмысын ұйымдастырады.
  3. Оқу жоспары бойынша оқу кестесіндегі белгіленген күндері жеке-жеке және топталған түрде оркестрдің дайындық сабақтарын өткізеді.
  4. Мектеп жоспарына сәйкес концерт программасының дайындығын қамтамассыз етеді.
  5. Ұжымның түрлі байқаулар мен конкурстарға, фестивальдар мен концерттерге қатысуын ұйымдастырады.
  6. Істелген жұмыс туралы мәліметтер даярлайды, үйірме мүшелерінің ұдайы сабаққа қатысуын тексеріп,күнделікті өткізілген дайындықтың мазмұнын журналға түсіріп отырады.
  7. Оркестр жетекшісі түрлі етодикалық және оркестрге арналған оқулықтармен танысып, үнемі өз мамандығын жетілдіріп отыруы тиіс.

 

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ