Халықтың эстетикалық дүниетанымының зергерлік бұйымдардағы символдың тұрақты көрінісі және мәні

0

Әр адам қоршаған ортасына өзі туралы мағлұматтарды еріксіз түрде беріп отырады. Адамнан берілетін белгілердің ең мәнерлісі және кең тараған түрі әшекейлер болып табылады. Әшекей бұйымдар тек қана байлық немесе әсемдік үшін ғана емес, ол негізінен, халқымыздың асыл мәдениетімен және наным-сенімінен дүниеге келген мұралар. Негізінен алғанда әшекейлер бірнеше түрге бөлінеді: 1/ мойын немесе кеудеге;        2/ белге; 3/ басқа; 4/ аяққа тағылатын; 5/ қолға және иыққа тағылатын бұйымдар.

      Ерте кезде  қазақ даласында көркемдік тұрғыдан жетілген зергерлік өнер алғашқы темір дәуірінде пайда болған. Алғашқыда әшекей бұйымдар қарапайым ағаш, сүйек, аңдардың тістері немесе темірден жасалғаны белгілі. Оны атадан балаға берілген «табиғи қайталау» деп есептеуге болады. Әшекейлерде олардың түрінен бастап, орналасуы да, көрсету мәнері де өте маңызды. Бір ғана  шынжырдың егесінің қолында ма, мойнында немесе толарсағында тағылғанына қарап, әртүрлі мағлұматтар алуға болады. Бір ғана жүзік қай саусаққа тағылғанына қарап та түрлі мағына мен сенімге ие болады.  Дененің бір бөлігіне қанша әшекей тағылғаны да маңызды болуы да мүмкін.

      Мысалыға, Швейцар психологы Макс Мюлердің айтуынша,  «Әшекейлер басқа белгілерге қарағанда жеке тұлғаның сезімдік жағдайы туралы мәліметтерді анығырақ көрсете алады».

     Толарсаққа тағылған шынжыр бүкіл денені билеген сезімінің  айқын  белгісі. Ол  шынжырдың иесі өзінің сезімтал екендігін білдіреді.     Қолдың әр саусағы өзіндік символдық мағынаға ие. Символ  танымдық белгі, таңба — белгілі бір нәрсені өз қалпынан өзге, жанама сипатында алып көрсетуден туатын эстетикалық категория. Мысалы, гүл — сұлулықтың, жастықтың символы, қыс — кәріліктің, көңілсіздіктің символы. Символ – адам санасының даму тарихына сай өрбіген көне категорияның бірі. Алғашқы қиялдау, болжау, ертедегі түсініктер, наным-сенімдер – символдың шығуына әсер еткен құбылыстар.  Сондықтан жүзіктердің формасы мен ондағы символдар қараңғы ортадан сақтайды және одан қорғайды деген мағынадан туындаған. Жүзіктердің ақықтас, астына қызыл бояу жаққан әйнек салған көздері болған: қызыл оттық, өмірдің символы, ол адамды қаратүнектің басталуынан сақтайды деп санаған.

Асыл тастардың қасиеті ежелгі заманнан белгілі. Әсіресе, Шығыс халықтары арасында мұндай түсінік кең тараған. Асыл тастардың емдік, киелілік қасиеттері туралы мәлімет беретін ежелгі және орта ғасырдағы минерологияға арналған трактаттар осы күнге дейін сақталыпты. Мысалы, бұдан мың жыл бұрын  жазылған «Дәрі-дәрмек қазынасында «ақық тас»… жүректің толқуын басып, дұшпанның сұсы болуыңа игі әсерін тигізеді… егер жаныңда ақық барда жаңа туған айды көрсең, келесі айда бақытқа, сәттілікке кенелетініңнің белгісі», — деп айқын анықтама берілген.

Асыл тастың қасиетіне сену қазақ халқының мәдениетінде әлі күнге дейін бар. Халық арасында інжу көз қарашығына  шел басудан, көз сүйелінен,  маржан дуаның әсерінен немесе азғындаушылыққа ұрынудан сақтаса, сарғылт дүр тамақ ұрасы мен жемсау ісігін басады, құлпырма тас көз тиюден қорғап, дұрыс жолда жүруге бағдарлайды, ақық мол бақыт әкеледі дегенге сенім сақталған. Сондай-ақ, сердоликті әшекейдің сәндігі үшін ғана емес, оны көзденуден, сұқтанудан қорғайтын зат ретінде де бағалайды.

Сақина мен жүзікті қасиетті заттар ретінде қабылдау Шығыс халықтары арасында бағзы замандардан таралған. Олар әйел баласының қолында жүзіктің барлығына үлкен мән берген және әшекейлері болмаған әйелдің дайындаған тағамын арам деп санаған. Қазақтарда «тамақ адал болу үшін, қолда жүзік болу керек» деген мәтел осының айғағы. Жас кездегі тағылатын әшекей бұйымдар түстердің алуан түрлілігімен, көз тартарлық пішіндерімен ерекшеленсе, әйел затының жасы ұлғайғандағы әшекейінің түрі қарапайымдалып, уақыт өте шолпы кілт немесе теңгемен алмасады.

Қазақта «адам жанының бір ұшы шаш арасында мекендейді»,- деген наным кездеседі. Шашқа тағылған қоңыраулы, сылдырмақты шолпы бәле-жаланы келтірмейді  дегенді көңілге медет етіп, ырымдап тағатын болған. Әшекейлерде қолданылған кейбір элементтер өзіндік мағынаға ие. Мысалы, жыланның стильдендірілген бас пішінін бейнелейтін металдан дәнекерленіп жасалған жылан бас қорғаушы, желеп-жебеп жүруші мағынасын берген. Діни наным мен сенімнен туындаған әшекейлердің біріне бір-бірімен дәнекерленген сымдар арқылы көлбей жалғасқан қоңырау, конус пішіндес қозалардан тұратын, құлаққа сыңғырлаған қоңырау үнін әкелетін салпыншақтар жатады. Шығыс елдері мен Орта Азия халықтарында, қазақтар арасында үзбелі салпыншақтар сылдыры жын-шайтанды үркітетін қорғаныш заты деп түсіндірілген.

Халықтың ырымдық жоралғысынан туындаған әшекейдің бір түрі – садақ оғының ұшы, жебесі секілді сылдырмақтары бар әшекейлер. Мұндай бұйымдардың қорғаушылық қасиетіне сену сақ жауынгерлерінің садақ жебесін бойтұмар ретінде тағу рәсімінен бастау алғаны мәлім. Әшекей заттың иесіне жақсылық әкелетін қасиеті зергерлік бұйымның нұсқасы мен өрнегі арқылы да танылып отырған. Мәселен, ұрпақтың көбею, өсу идеясын түтікше мен үшбұрышты бөлшектен құралған бойтұмардан байқауға болады. Мұндай рәмізділік бойынан табылатын бұйымдардың қатарына балық бейнеленген сәнді тоғалар, қапсырмалар жатады. Құстың немесе өрнектелген бүркіт бейнесінде жасалатын қапсырмалы тоғалар, «құс мұрын» өрнегінің үлгісіндегі жүзіктер де өрістеу, ұрпақ жаю, өсу мағынасын білдірген.

Қазақтар — сыйлық тарту мәдениетіне, ондағы жасалған сый түріне ерекше мән беріп отырған халық. Батыс Қазақстан жерінде кең таралған құдағи жүзіктер терең мағыналы болып келеді. Олар екі жастың бас қосу ынтымағын көрсетіп, қос қанатты, қомақты етіп жасалады. Құдағи жүзікті бойжеткен қызын ұзатқан ананың құдағиына, босағаны жаңа аттаған  келінге сүйеніш болуы үшін тағады. Сондай-ақ, зергерлік бұйымдардағы өрнектердің де астарлы мәнін ашуға болады. Қоңырқай түспен жасалған бұйымдарға қошқар мүйіз өрнегін салу –  қорғаныш қасиетімен қатар, байлықтың, мал басының молаюын тілеуден туған ниет. Мүйіз түрінде келетін басқа өрнектердің де сенім-нанымдарды білдіретін мағыналық жағы басым. Айталық, киіз үйдегі жиек өрнектері көбінесе мүйіз өрнегінің ырғағына ұласады. Бұл шаңырақты ішкі және сыртқы пәледен сақтау, байлық, бақытқа кенелту мағынасын танытудан таралса керек.

Көбею символының бірі ромб болып табылады. Ол әшекей заттың келісімділігі, үйлесімділігін жинақтайтын сәндік элементтердің бірі, сондай-ақ әшекейдің құрамды бір бөлігі. Ромб формасы өрнектік композицияның негізінде де қолданылады. Қазақтардың түсінігінде  ромбты өрнектерді бейнелеу өзінен тарайтын ұрпақтың көп болуын меңзейді.  Сондықтан өрнектің бұл түрі тойларда киетін өңіржиекте, сәукеледе көп ұшырасады [1].

Күн көз, дөңгелек пішінді әшекей, шимай, төртқұлақ, крест тәріздес оюлар әлемдік кеңістіктің, әлемнің төртбұрышының, мәңгілік қозғалыстың, үзілмейтін өмір жолының белгісі.

     Мысалыға, қазақтың дәстүрлі жүзігі  «Құстұмсық». Құс бейнесі халық санасында азаттықтың белгісі, сондықтан құстұмсық жүзікті бойжеткен қыздар таққан. Негізінен алғанда жүзік туыстар арасындағы дәнекер және сәлемдеме  қызметін атқарған. Құстұмсық жүзікте салынған сыңар дөңгелек, күн белгісі, қос дөңгелек әділеттіліктің, мейірімділіктің белгісі болып есептелген.

«Құстұмсық».     Ою және жүзік түрінде

      Халық шебері Рахам Сәрсембин «Қандай өрнек болса да, ол адам ойының жемісі. Олай болса, оқиғасыз, мағынасыз ой бола ма? Өрнек те, сурет те белгілі бір ойдан туады. Осыған байланысты шебер де әр түрлі қырымен танылады. Көркем өрнектің басты мақсаты — әшекей жасап, әдемі түр беру. Мысалы, Ғылым академиясы үйіндегі өрнектің мәнері кәдімгі  қазақтың «мүйіз», деп аталатын өте көне өрнегінен алынған. Өрнекті мен «Алмагүл» деп атадым. Себебі осы өрнекті салғанда мен бас жарған және кейбір бас жару алдындағы гүлдерді, жеміске толып бас иген алма бұтақтарын тұспалдадым. Бірақ бұл алма ағашының суреті емес, оның «мүйіз» оюының мәнерімен берілген көркем өрнегі ғана», — деп жазады [2].

      Қазақ халқының дәстүрлі өнерінің табиғатпен, қоршаған ортамен байланыстылығы, жалпы адам баласының дүниетанымы, талғам түсінігі, әлемнің тұтастығы, өлшеусіз шексіздігі қолөнер бұйымдарында рәміздік бейнелерге айналып, өрнектер сипатында көрініп отырған. Қазақ халқының болмысты тануының, табиғатпен қарым-қатынасын айқындаудың дереккөзі ғылыми негіздемелерге сүйенгенін аңғару қиын емес.

      Кейбір жағдайда жүзіктердің тағылу  салтанатында басқаша да сипаттарға ие, егер де аты жоқ саусақта үлкен, көзге ерекше түсетін жүзік тағылса, оның иесінің эмоционалды (сезімдік) жағдайы өте қызу, желікпелі деуге болады. Ол  лидер болғысы келеді және өзін ешкімге басындырмау үшін бар күшін салады. Ортаңғы саусақтағы үлкен жүзік өзін-өзі құрметтеуді, мақтанышты, мансапқұмарлықты білдіреді. Сондықтан да еркектер ортаңғы саусаққа еріксіз түрде көлемді сақиналарды тағады.

      Сұқ саусаққа жүзік тағатын адамдар ерік-жігерін, өз мақсатына ұмтылушылығын  көрсетеді.  Мұндай адамдардан өзіне-өзі сенімділікті басқаларды менсінбеуді, диктаторлықты көруге болады.      Шынашаққа жүзік тағатын адамдарға да сондай қасиеттер тән. Егер шынашықта  өте қымбат тасы бар алтын жүзік тағылса, оның иесі өзін айналасындағылардың қоғамда орны бар тұлға ретінде бағалауын қалайды. Аты жоқ саусағы сезімді білдіреді. Оның жеке білгісі — неке сақинасын тағуға таңдалып алынғаны кездейсоқ емес.  Егер аты жоқ саусаққа неке жүзігі емес әшекей тағылса, оның жан-дүниесінің жағдайына байланысты. Дәстүрлі орта көлемдегі жүзік иесінің өз серігіне жайбарақат сезімде екендігін көрсетеді.

      Қамбат әшекейлердің көптігі олардың иесінің маңыздылығының ғана белгісі емес адам жүзік, алқа, білезіктердің көмегімен қоршаған әлемнен қорғанады. Адамдар ортасында оларсыз кей адамдар ыңғайсыз сезінеді.

      Әшекейлердің мүлдем жоқтығы адамның өзін жеке тұлға ретінде бағалауын қалайтындығын білдіруі мүмкін. Психологтар ортасында мұндай “минимализм” әйелдің өзін көріксіз санайтындығын білдіреді. Әйелдердің қатты депрессия кезінде немесе серігінің назар аудармауына байланысты өзін әшекейлеуге деген ынтасы болмауы мүмкін.

      Жүзік және білезік таққанда олардың белгілерін адамдардың еріксіз қабылданатынын есте ұстаңыздар. Яғни адамдардың сізге қарым-қатынасы сіздің әшекейлеріңізге байланысты болуы мүмкін. Әшекейлеріңіз арқылы жағдайларға (оқиғаларға) әсер  етуге де болады.

      Психологтардың айтуынша, әшекейлерді дұрыс тағыну арқылы тек айналаңыздағыларды алдауға ғана емес, бойыңдағы кейбір жетіспейтін қасиеттерді мысалы, салмақтылықты нәзіктікті, сезімталдықты, немесе белгілі бір мақсатқа ұмтылушылық тәрізді қасиеттерді дамытуға болады.

    Өнерді пайдалану арқылы өнерге деген ынтасы мен дарындылығын арттыру емес, оның қиял көріністерін зерттеу.

Пайдаланған әдебиеттер

1 Казахские ювелирные украшения. Из собраний   Государственного   музея искусств КазССР им. А. Кастеева и Центрального государственного музея Казахстана: Альбом / сост. Тохабаева Ш.Ж. — Алма-Ата: Өнер, 1985. — 154 с.

2 Қасиманов С. Қазақ халқының қолөнері. — Алматы:  Қазақстан, 1995. 236 б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ