Ұлттық дәстүрлі өнердегі ою-өрнектің табиғаты мен наным-сенім көріністері

0

Халықтың ұлттылығы тек қана санмен ғана емес, адамзат баласының ой-өрісіне қосқан мәдениетімен, білімімен, рухани дүниетанымымен бірге ұлттық дәстүрлі өнерімен айқындалады. Қай халықты зерттеп, зерделеп көрсекте ұрпағын жан-жақты тәрбиелеуде, тарихын, ақын-жырауларын, ойшылдарын, мәдени мұрасын, ұлттық мәдениетін, өнерін, музыкасын  қай дәрежеде дамығанынан байқай аламыз. Оларды  әлемдік денгейге көтере отырып, дүние жүзіне таныта да, таңқалдырып келе жатыр. Жоғарыда айтып кеткеніміздей қазақ халқының ұлттық мәдениетін, мәдени мұрасын, дәстүрлі қол өнерін, музыкасын дүниежүзілік деңгейге көтерсек қазақ ұлты ұлы, өркенеиетті ұлттар қатарынан көрінетіні сөзсіз. Ол үшін біз ұлттық өнеріміз бен мәдениетіміздің тарихи дәстүрлі бастауларын насихаттауымыз қажет. Осыған орай Ж.Ш. Балкенов ағамыз «Осындай жағдайларда қазақ, қазақ халқының мұрасындағы ұлттық қолөнердің мәдени-рухани төлтума болмысын сақтап қалу үшін күресі дегеніміз, әлдебір жеке адамдардың қалауы емес, әлемдік даму үрдісіндегі тенденция, өзекті қажеттілік екенін игермей болмайды» деп атап көрсетеді [1].

      Қазіргі таңда суретшілеріміз Астанада, Шымкент қалаларында көшені безендіру мақсатында дәстүрлі қол өнердің ішіндегі зергерлік бұйымдарымыздың өте үлкен макеттерін қолдануы осының айғағы. Адам жан дүниесін толықтыратын, биік жетістіктерге және нәзік сезімдерге жетелейтін, адамгершіліктің шыңына ұмтылдыратын ол өнер екендігі даусыз. Өнер үлгілерінде өмірдің барлығы дерлік кіші көріністер арқылы танылады.

      Ендігі жерде ұлттық өнерімізге, ата-бабаларымыздың діни наным-сенімі көрініс тапқан бүгінгі таңдағы ұлттық өнер туындыларына назар аударсақ. Өмір, табиғат, адамзат жөніндегі дүниетанымды, ақыл-ой, рухани, эстетикалық талғам-түсініктерді, танымдық тәлім-тәрбиені меңгере отырып, өз ұлтымыздың бүкіл болмысын қалыптастыруда ұлттық өнердің алатын орнының ерекше екендігіне көз жеткіземіз. Ұлттық өнер туындыларында бейнеленген табиғаттың қыр-сырына бойлаған сайын бір нәрсені біліп, түйсінген сайын адамның көкірек көзі ашылып, рухани байып қалатыны рас.

      Қазіргі заманда діни нанымдарды ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттілігі туып отыр, себебі халық санасында наным-сенімге деген көзқарас ғылыми емес тұрғыда белең алуда.

      Қазақтың ұлттық дәстүрлі өнері соның ішінде діни наным–сенімге қатысты пайда болған дүниелер осы күнге дейін ғылыми тұрғыдан қарастырылмай келеді. Дәстүрлі өнеріміздің тарихи тамыры тереңде жатқаны бәрімізге белгілі, сондай-ақ қазақ ұлттық өнерінің негізгі бастауы болып табылатын діни наным-сенімдер қол өнер және ою-өрнек   негізінде қарастырылады.

      Мысалы, белгі, айғақ, таңба, ен-таңба атауы адам баласына бағзы заманнан серік болып келе жатқан қызық дәстүр. Символды белгілерге ден қою арқылы ғалым-зерттеушілер жеке адамнан бастап тұтас қауымға дейін, жеке ұлттан бастап тұтас мемлекетке дейін әрбір тарихи кезеңдегі таным-түсінікті, арман-аңсарды, наным-сенімді, талғам-талапты анықтайды. Қазіргі кезде мемлекеттік гербке дейін адамдардың таным-түсінігіне, наным-сеніміне, талғам-талабына әлі де қызмет етеді.

      “Ақ найзасы болмаса,

      Ерді қайдан танырсың,

      Ең- таңбасы болмаса,

      Малды қайдан танырсың”,-

деп, қазақ атамыз жырлаған.

      Мәңгілік өмір, дүниенің өтпелілігі, өмірдің мәңгілік қозғалысы сияқты экзистенциялық мәселелерге көшпенділердің өзіндік жауабы ретінде туындаған ою-өрнектердің бірі – «тұйық» оюы. Бұл ою сәулет өнерінде, бау-басқұрларда кеңінен қолданылған. Сыртқы пішінінің тасбақаға ұқсас болуына байланысты халық арасында ол «тасбақа» оюы деген атаумен де танымал. Көшпелілер көне заманнан бері бұл оюды бейіт басындағы құлыптасқа, батырдың, ханның киіміне, қалқанына салатын болған. Бұл дәстүр сый тартушының сый қабылдаушы адамына мәңгілік пен бақыт тілегені деген ниетті білдірген. Күні бүгінге дейін Орхон-Енисей сағаналары мен Үстірт үстіндегі сынтастарда тасбақа бейнесінің тұрғанын көреміз. Немесе, түркі халықтарының біразында “тұйық” деп аталатын фольклор жанры бар. Бұл жанр өзінің бітім-құрлысы жөнінен қазақтың қасиетті қара өленіне ұқсас. Осы орайда қазақ жылқышыларының:

      “Жылқы жайып, ән салдым ұйықтамай,

      Өлең сөзі келіспес тұйықтамай”,-

деп айтылатын әні еске түседі [2].

      Демек, “тұйық” оюы әлемдегі мәнгілік достықты, тіл-көзден сақтайтын қорғаушы, білім мен бақыттың белгісі болса, екінші жағынан әлемнің дөңгелек екендігін білдіреді.

Cурет 1

     Қазақ дәстүрлі өнерінің өткені, қазіргісі мен болашағының арасындағы сабақтастық пен ішкі рухани үндестікті осы ою арқылы білуімізге болады.   Қазақ дүниетанымының рухани өзегінен негізгі орын алатын діни наным жөнінде Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, Б. Байжітов, С. Қасиманов, Х. Арғынбаевтың пікірлері өте құнды. Қазақ халқының дәстүрлі өнері қоршаған ортаның табиғатын, оның әсемдігін бағалай білуден, сол әсемдікті күнделікті қолданыс заттарына сіңдіре отырып, әдемілік әлемінде өмір сүру талпынысынан туындаған. Осы орайда қазақтың дәстүрлі өнерінің эстетикалық сипаты қазақ ұлтының сұлулыққа құштар табиғи болмысын білдіретін тұғыр болып табылады. Сонымен бірге қазақтың дәстүрлі өнері табиғат сырларына үңілуден, табиғатпен, Жаратушымен етене жақын наным-сенімдерінен бастау алады, дәстүрлі өнер туындыларынан көрініс тапқан діни наным-сенімдер әлемі, олардың бейнелену табиғаты  танымдық қызмет атқарып, ұлттық мәдениеттің болмысын түсінуге, өнер тілі арқылы діни дүниетанымды саралауға жол салады.

      Дәстүрлі  өнер арқылы өскелең ұрпақтың өмір, табиғат жөніндегі дүниетанымдарын қалыптастырып, ақыл-ой, рухани эстетикалық талғам-түсініктерін, танымдық тәлім-тәрбиенің даңғыл жолын ашуға өз ұлтымыздың бүкіл болмысын қалыптастыруда өнердің берері мол.

      Жоғарғыда айтқанымыздай әр ұлттың өзіне тән  ерекшелігі бар. Оны қол өнерінен, музыка мәдениетінен, би өнерінен, тұрмысынан байқаймыз. Ою-өрнектерін, зергерлік әшекей заттарын көре отырып, ән-күйлерді тыңдай отырып оның қай ұлттқа тән екенін ажырата білуге болады. Қандай халықтың болмасын салт-дәстүрі, өнері сол халықтың мінез-құлық қасиеттерін таныта алады. Халқымыздың атадан-балаға мирас болып келе жатқан ұлттық дәстүрі өнеріміз ауыз толтырып айтарлықтай. Біздің ұлттық дәстүріміз қайталанбас тек қазақ халқына тән қасиеттер деп танылады. Ұрпақтан-ұрпаққа көшетін тарихы  қалыптасқан дәстүр ұлтымыздың мінез-құлқымен іс-әрекетінің рухани негізі. Ұлттық дәстүр өнермен тығыз байланысты екені бәрімізге белгілі. Өнері дамыған ел, ұлттық дәстүрге де бай. Өнер өмірде күнделікті болып жататын тыныс-тіршілікті санадағы образдар арқылы іс-әрекеттің бейнелеуінен туындайды.

      Діни нанымдардың дәстүрлі өнердегі  көрінісі қандай?, Дәстүрлі өнердің табиғаты дегеніміз не?. Осы секілді  сұрақтарға біз мақаламызда әдейі тоқталдық. Онда қамтылған тағы бір мәселе жаңа буынға қол өнеріміздегі ою-өрнек, зергерлік, ағаш өнеріндегі наным-сенімдерді ашып көрсету. Сөйтіп, Қазақстанның тарихы терең, мәдениетке бай мемлекет екендігіне, егемендікке қол жеткізгелі бері халқымыздың еңсесі көтеріліп, дінімізбен рухани мәдениетіміздің жарқын салалары жаңаша заман талабына сай өркендеп келетіндігіне нық сенім білдіре отырып, болашақ ертеңіне көз жүгірту.

      Әр ұлттың ұлттық тірегі — ол оның діні, тілі және әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, өнері. Егер әр ұлт осы асыл қасиеттерінен айырылатын болса, онда ол ұлт өзінің ұлттық ерекшелігінен, ұлттық бостандығынан, мәртебесінен айырылып, басқа ұлттарға қосылып ассимиляцияланып, рухани жойылып, тек сыртқы нәсілдік түрі ғана қалуы мүмкін. Сондықтан әр ұлт өзінің дінін, өнерін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін көзінің қарашығындай сақтауы қажет.

      Адамзат баласы бүгінгі өркениетті қоғамға дейін түрлі даму сатыларынан өтті. Өзіндік өркендеу жолын басынан кешірді. Соған орай әр халық өзінің таным-түйсігін қалыптастырды. Әрбір қоғамдық сатыдағы адам түсінігі, наным-сенімі бірдей емес. Содан да діннің түрлері өзгеріп отырған. Алғашқы адамдардың діни нанымы олардың кәсібіне тікелей байланысты болды. Егінші  үшін ең негізгі — Құдай, жерді қыздыратын Күн, жерге ылғал беретін Бұлт еді. Ал малшы үшін оның негізгі қамқоршысы “Қамбар ата”, “Ойсыл қара”, “Зеңгі баба”, “Қошқар ата”, “Шешек ата” сияқты қиялдан туған құдайлар болған. Алғашқы адамдар құдайларды кейде адам, кейде жануар бейнесінде елестетті. Олар ағаштан немесе тастан құдайдың бейнесін ойып, қашап жасады. Адамдар түсінігіндегі мұндай құдай мүсіндер идол (пұт) деп аталды. Олар идолдарды адамдар көп жиналатын ең құрметті жерлерге қойды. Бұл қасиетті жерге адамдар егін егуді, аңға шығуды немесе басқа да үлкен істі бастамас бұрын алдын ала келетін болған. Сол істің сәтті болуын сұрап, дұғалар оқылды. Дұға соңынан идолдан рақым-шарапат тілеп жалбарынып, сонымен бірге құрбандыққа астық, мал, тағам және тағы басқа апаратынды. Осылайша қарапайым табиғат күштеріне сиынудан туған дін мыңдаған жылдар бойына дамып өркендеп, біздің дәуірімізге де жетті.

      Ісләм дінінің ықпалын мойындай отырып, біз көшпелі қазақ дүниетанымында тәңір дінінің, ата-бабалар аруағының, Ұмай ананың, оттың, жердің, судың, космос әлемінің және т.б. киелі қасиеті болғанын айтуымыз керек.  Қазақтар бұлардың бәріне табынды деуден аулақпыз. Дегенмен, от, күн, ай, су тағы басқаларды киелі санаған. Осыларға  байланысты ырым-жоралар қалыптасты.

      Өнер-адамның жан дүниесін суреттеп, табиғатты бейнелеп, шын мәнінде өмірмен тығыз байланысып жатады. Өнердің қайсыбір түрін алып қарасақта оның негізгі мән мағанасы ұлттық дәстүрлі өнермен, салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен  сабақтаса астасып жатады. Ұлттық дәстүрлі өнер талғам тілекті ескере отырып, қоғамның ертеден дамып келе жатқан өнері мен оның жеке түрлері жөніндегі әлеуметтік-философиялық көзқарастарды қорытып әрі қарай дамытып отырады. Қазақ халқындағы этнографиялық әдет-ғұрыптардың бір бөлігі қолөнердің кейбір элементтерін тұрмыс салт-дәстүрін діни нанымдар мен сенімдер тұрғысынан алып қарайық.

      Қазақ халқының қолөнері деп  халық тұрмысында жиі қолданылатын өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, құрастыру, бейнелеу сияқты шығармашылық дәстүрлі өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің әрқайысысының талай ғасырлық тарихы бар.

     Қазақтың өрнекті әшекейімен істелетін қолөнерінің түрлері  де, атаулары да өте көп. Солардың ішінде халық арасында көбірек тарағаны  ою-өрнек. Ою-өрнек ісі тым ерте заманнан бастап-ақ қолөнерінің барлық түріне бірдей ортақ, әсемдеп әшекейлеудің негізі.

      Қазақ халқының этнографияиялық әдет-ғұрыптарының кейбір элементтерінің де ою, сызу, бедерлеу, бейнелеу, өрнектерінен  белгілі бір орын алғандығы байқалады. Мысалы, бұрынғы ру таңбалары, малдардың ен-таңбалары, діни сенімдер негізіндегі ай, жұлдыз, аспан әлемін тұспалдау және тағы басқаларын айтуға болады.

      “Ай”, “жартыай” өрнектері шынында да аспандағы айды мезгеп жасалынған. Бұлар көбінесе діни орындардың сәулеттік безендіруінде, мешіт-медреселердің мұнараларында, мазараттарда, жайнамаз сияқты заттарда көбірек кездеседі. “Ай” өрнегінің ислам діні келуден көптеген жылдар бұрын шыққаны анық. Мұның себебі де жоқ емес. Бір замандарда көптеген қауымдар ай мен күнге, от пен жұлдызға табынған. Жаратылыс  құбылыстарынан мағұлматсыз заманда ай да,  күн де, жұлдыз да тәңірі болып көрінген. Осыған байланысты аспан әлеміндегі денелердің ең көріктісі және құбылысы көп айды олар тәңірі тұтып жалбарынған, оған құрбандықтар шалған. Қазақтардың тілек тілер, бата қылар жиындарда көк қасқа малды айтып союы да осы ескілік нанымнан қалған әдет. Көк дегенде, түсіне қарай аспанды тұспалдаса, қасқа дегенде сол көктегі айды тұспалдаған [3].

      Дала көшпенділері тіпті кәдімгі ағаштың өзін әулие көріп, табиғат сыйларын пір тұтып отырған. Қазақ халқының кемеңгер ғалымы Шоқан Уәлиханов «Тәңір» атты еңбегінде: «Айдалада дара өскен ағаш… тәу етіп, басына түнеуге жарап жатыр. Жанынан өткен әрбір жолаушы оларға ырым етіп, әлем байлап, жанына ыдыс-аяқ тастап кетеді… басына құрбандық шалады», — деп ата-бабаларымыздың ағаштың қасиеттілігіне бас иіп, көңілдеріне медет ететіндігін жазса [4], түркі тілдес халықтардың ортақ қазынасы — «Қорқыт ата кітабындағы»:

     «Атың ағаш десем шамданба, ағаш!

     О, Мекке мен Мәдиненің есігі болған – ағаш!

     Құдаймен тілдескенде Мұсаның асасы болған ағаш!

     Ерлердің ері Әлидің дүлдүліне ер болған – ағаш!

     Зұлыпқарға сап болған – ағаш!

     Хасан мен Хұсайынға бесік болған – ағаш!

     Басыңа қараса, тамырың көрінбес – ағаш!

     Мені саған асар болса, құлап түс, ағаш!» — деген ағашқа бағышталған айшықты сөз ағаштың ерекше бітіміне, қасиеттілігіне деген наным-сенімнен туындап отыр (5).

     Мұндағы жыр жолдары ағаштың діни кеңістік аясындағы маңыздылығымен екшеленіп, адам өмірінде діни құндылықтардың маңызы ағашпен теңдестіріле, қосарлана беріліп отыр. Осы жерде ағашқа байланысты ою-өрнектің даму табиғатының жолын көрсетсек:

Сурет 2

      Осыдан біз өмірдегі болған оқиғалар мен аңыздардың, діни ұғымдардың өрнек, әшекей істердің кейбір элементтеріне әсер еткендігін байқаймыз. Осындай өткен замандағы әдебиеттерге, халық ауызындағы аңыз деректерге, қолөнер бұйымдарына сүйенсек ою-өрнектердің,  жалпы ұлттық дәстүрлі өнердің қайсысы болса да  белгілі бір діни наным-сенімге байланысты  ұғымды бейнелеуден туындағаны анықтала түседі.

Резюме

     В статье расматриваются природа орнамента и веро-доверительные узоры в национальном традиционном искусстве казахского народа.

Resume

     In the qiven article it is considered the elementv and role of traditional desiqn and qreat national ways of the Fine Arts in the life of Kazakh people.

Әдебиеттер

1 Балкенов Ж. Халық мұрасындағы ұлттық өрнек және рең. – Қарағанды:  1996. – 199 б.

2 Әлем: Альманах:    Өлеңдер,    очерктер,    әңгімелер.   – Алматы:   Жазушы,1991– 496 б.

3 Байжігітов Б. Бейнелеу өнерінің теориялық мәселелері. — Ақтөбе:А-Полиграфия, -2003-240 б.

4 Уәлиханов Ш.Тәңірі (Құдай) // Уәлиханов  Ш.Таңдамалы.– Алматы: Жазушы,1985–560 б

5 Қорқыт ата: Оғыздардың батырлық эпосы. Аударған Ә. Дербісалин   – Алматы: Қазақстан, 1993. — 48 б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ