Егісті үнемді өңдеу технологиясының топырақтың агрофизикалық қасиетіне әсері

0

Тұқым егуге дайындау бойынша көп реттік механикаландырылған жұмыстар мен тұқым себудің өзі топырақтың жоғарғы қабаттарын қатты тығыздап жібереді, ал бұл өз кезегінде ылғалдың жоғалуына алып келеді, қоректік ережені бұзады, арамшөптердің дамуына септігін тигізеді және қозаның нашар өсіп дамуына алып келеді. Топырақты қорғаудың болашағы бар жаңа тәсілдері мен топырақты өңдеудің ең аз технологиясын жасап шығару, әсіресе топырақтың тамыр өсетін қабатының су-физикалық қасиетінің қолайлы параметірлерін қалыптастыру мен қолдауға қарай бағыталған болуы тиіс.

Мақта шикізатының өнімділігін артырумен оның өзіндік құнын төмендетудің жолдарының бірі топырақты өңдеуді барынша азайту және мақта қозасын күтіп баптаудың агротехникалық тәсілдерінің санын мейлінше кеміту болып табылады.

Ең аз мөлшерде өңдеу – бұл тұқым себудің алдындағы барлық жұмыстарды күрделі тракторлық агрегаттың егістікпен бір немесе ең көптегенде екі жүріп өтуінің ішінде жасап шығуға мүмкіндік беретін, бір кешенде әр түрлі механикалық және химиялық операцияларды үйлестіретін және біріктіретін жүйе. Ең аз мөлшерде өңдеу көктемгі тұқым себу жұмыстарын жылдамырақ әрі дер кезінде жүргізуді; топырақ ылғалдылығын жақсы сақталуы мен пайдалануын, еңбек өнімділігінің жоғары болуын, күш-қуат пен қаржының елеулі дәрежеде үнемделуін қамтамасыз етеді. Ең аз мөлшерде өңдеу мен жабындаушы қабатының арқасында мақта мен өзге де отамалы дақылдарды ақшыл сұғылт топырақ жағдайында күтіп баптаудың мүмкіндігі туды.

Қазіргі таңда мақта алқабында егістен алдыңғы топырақ өңдеу санының жиынтығы 5-6 ретке, кейбір шаруашылықтарда 8 ретке дейін жететін, Оңтүстік Қазақстан облысының байырғы суармалы жерлері жағдайында топырақты үнемді өңдеу жүйесін зерттеу үлкен теориялық және практикалық маңызға ие. Осыған байланысты ұсақ мөлдекті стационарлы тәжірибе қойылды. Зерттеу 37 бөліктің 4-ші картасында жүргізілді. Зерттеулер мақтамен жүргізілетін далалық тәжірибелер әдістемесі бойынша жүргізілді (Бүкілодақтық МҒЗИ, 1981, А. Имамалиев).

Тәжірибелі телімнің топырағы ашық сұр топырақты, механикалық құрамы бойынша орташа сазды болып келеді. Топырақ төмен дәрежеде тұзданған. Жер асты сулары өсіп-өну кезеңінде 1,5-3,0 м тереңдікте жатады. Тәжірибе мынадай зерттеулермен және бақылаулармен бірге жүргізілді.

Есептеу әрбір нұсқада есептік жүйектерде жүргізілді. Әрбір мөлдек сегіз жұйектен тұрады, әрбір мөлдектегі ортадағы төрт жүйек (қатар) есептік болып табылады.

Топырақтың көлемдік салмағын қабаттың әр 10 см бойынша 30 см тереңдікке егістен кейін, суаруға дейін және өсіп-өну кезеңінің соңында жүргізілді.

Топырақтың көлемдік салмағын анықтау Н.А.Качинскийдің әдісі бойынша, оның ізделіп отырған шамасын есептеп шығару арқылы жүргізілді. Көлемдік салмақты анықтауда биіктігі 10 см және ішкі диаметрі 10 см цилиндр пайдаланылды.

Тәжірибе нұсқалары:

  1. Кәдуілгі технология (2 рет тырмалау + 2 рет чизелдеу тегістеумен қоса + 2 рет тырмалау тегістеумен қоса + 4 рет қатар аралық өңдеу) бақылау
  2. Екі реттік тырмалау + 2 рет чизелдеу + 1 рет тырмалау + 3 рет қатар аралық өңдеу
  3. Екі реттік тырмалау +2 рет чизелдеу тырмалауды қоса + 3 рет қатар аралық өңдеу
  4. Үнемді технология (барлығы бір мезгілде дискілеу, тырмалаумен қоса чизелдеу + 2 рет қатар аралық өңдеу)

Тәжірибенің  жалпы алаңы 3888 м2 . Мөлдектің көлемі = 324 м2 (10,8 м х 30 м = 324 м2 х 4 нұсқа = 1296 м2 х 3 қайталау = 3888 м2).

Сынақта «Пахтаарал — 3044» мақта сорты егілген, қатар аралығы 90 см, өсімдіктердің орналасу жиілігі  — 120 мың/га.

Жалпыға белгілі топырақтың ең маңызды көрсеткіштерінің бірі ол, топырақтың көлемдік салмағы. Топырақтың жоғары тығыздығы ауа және су ережелерін бұзып, ауыл шаруашылық дақылдарының өніп-өсуіне кері әсерін тигізеді. Қоректік заттардың бірдей көлемдегі қорында, әр түрлі тығыздықтағы топырақтың құнарлылығы түрлі деңгейде болады. Жауын шашынның, суару мен трактор агрегаттарының жүріп өтуінің әсерінен топырақ көктемнен күзге дейін едеуір тығыздалып қалады.

Біздің зерттеулерде жоғарыда аталып өткендей, топырақтың көлемдік салмағының өлшемдері, қабаттың әр 10 см бойынша 30 см тереңдікке егістен кейін, суаруға дейін және өсіп-өну кезеңінің соңында, барлық нұсқалар мен қайтарымдарда алынды. Көлемдік салмақтың мәліметтері кестеде келтірілген.

Зерттеулер көрсеткендей, тракторлар мен өңдеу құралдарының жүру жиілігі топырақтың көлемдік салмағына тікелей әсер етеді. Мысалға егістен алдын, 2 рет тырмалау + 2 рет чизелдеу тегістеумен қоса + тегістеумен қоса  2 рет тырмалау жүргізіліп жалпы агрегаттардың өту саны 8 ретті құраған бақылау нұсқасында топырақтың ең жоғарғы көлемдік салмағы тұзіліп. Ол 0-10; 10-20; және 20-30 см қабаттарда, сәйкесінше 1,27; 1,30 және 1,36 г/см3 құраса.  Топырақтың ең төменгі және қолайлы көлемдік салмағы барлығы бір мезгілде дискілеу, тырмалаумен қоса чизелдеу жүргізілген, жалпы агрегаттардың өту саны 3 ретті құраған төртінші нұсқада тұзілді. Топырақты көлемдік салмағы бұл нұсқадағы 0-10; 10-20; және 20-30 см қабаттарда, сәйкесінше 1,20; 1,25 және 1,32 г/см3 құрады. Көлемдік салмақ бойынша осыған ұқсас заңдылық мақтаны суарудан алдыңғы есепте де байқалды.

Өсіп-өну кезеңінің соңында жыртылатын қабатта тәжірибенің барлық мөлдектерінде едәуір жоғары көлемдегі салмақ байқалды, әсіресе бірінші нұсқада, әдеттегі қарапайым технологияда, демек агрегаттардың 8 рет жүріп өту жағдайында топырақтың көлемдік салмағы 0-10 см қабата – 1,32 г/см3;  10-20 см қабатта – 1,34 г/см3 және 20-30 см қабатта 1,40 г/см3 құрады. Ал екінші және үшінші нұсқаларда ол сәйкесінше — 1,31; 1,34; 1,39 г/см3 және 1,28; 1,34; 1,39 г/см3 мөлшердегі көлемдік салмақ түзілді. Төртінші нұсқада топырақтың ең төменгі тығыздалуы байқалды, мұнда тракторлардың егіс алқабында аз жүріп, сәйкесінше топырақтың аз тапталуы нәтижесінде топырақтың көлемдік салмағы 0-10 см қабатта  — 1,28 г/см3; 10-20 см қабатта – 1,33 г/см3 және 20-30 см қабатта – 1,38 г/см3 құрады.

Кесте 1 -Түрлі агротехникалық шаралардың және трактор агрегаттарының өту жиілігінің топырақтың көлемдік салмағына әсері, г/см3

 

 

Нұсқалар

 

 

 

Топырақ қабаттары, см

 

Егістен кейін Суарудан алдын Өсіп-өну кезеңінің соңында Агрегат-тардың өту жиілігі
Кәдуілгі технология (2 рет тырмалау + 2 рет чизелдеу тегістеумен қоса + 2 рет тырмалау тегістеумен қоса + 4 рет қатар аралық өңдеу), бақылау 0-10 1,27 1,29 1,32 8
10-20 1,30 1,32 1,34
20-30 1,36 1,38 1,40
Екі реттік тырмалау + 2 рет чизелдеу + 1 рет тырмалау + 3 рет қатар аралық өңдеу 0-10 1,25 1,26 1,31 7
10-20 1,29 1,31 1,34
20-30 1,34 1,36 1,39
Екі реттік тырмалау + 2 рет чизелдеу тырмалауды қоса + 3 рет қатар аралық өңдеу 0-10 1,24 1,25 1,28  

6

 

10-20 1,28 1,31 1,34
20-30 1,34 1,36 1,39
Үнемді технология (барлы-ғы бір мезгілде дискілеу, тырмалаумен қоса чизелдеу + 2 рет қатар аралық өңдеу)

 

0-10 1,20 1,22 1,28 3
    10-20 1,25 1,29 1,33
    20-30 1,32 1,34 1,38

Топырақтың көлемді салмағына жүргізілген зерттеулер нәтижелері көрсеткендей, егістен кейін төртінші үнемді технология нұсқасында бақылаумен салыстырғанда көлемдік салмақ тиісінше 0,04-0,07 г/см3 аз болған. Өсіп-өну кезеңінің соңында, трактор агрегатының егістен алдыңғы және қатар аралық өңдеу кезінде алқаптан жүріп өту жиілігінің аздығына байланысты, көлемдік салмақ төртінші нұсқада бақылаумен салыстырғанда қабаттар бойынша тиісінше 0,01-0,04 г/см3 төмен болды. Бұл ешбір даусыз ашық сұр топырақты қорғаудың баға жетпес факторы болады.

Алынған мәліметтер көсеткендей, тракторлар мен ауыл шаруашылық машиналарының алқаппен жүріп өтуі көбейген сайын топырақтың көлемдік салмағы арта береді.

Міне осылайша зерттеулер, қозаны тракторлардың алқаптан жүріп өту жиілігін азайта отырып күтіп-баптау, топырақтың су-физикалық қасиетерін сақтап қалуға септігін тигізетіндігін көрсетті.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ