Қазақтың ханы Жәнібек ханы туралы

0

Қазақ халқының тарихи санасында есімі аса құрметпен айтылатын хандардың бірі — Жәнібек хан. Көршілес халықтардан шыққан тарихшылар ол туралы үзік-үзік, үстіртін деректер берсе, халық ауыз әдебиеті оның тарихи бейнесін Әз-Жәнібек деген атпен бес ғасырдан астам уақыт бойы сақтап келеді.

Тарихта халық жадында ұмытылмас тұлға боп қалған хандар, патшалар, сұлтандар онша көп емес. Олардын билігі тұсында ел өмірінде, мемлекет тарихында болған ірі күрделі өзгерістер мен дамулар тек қана билеушінің кемеңгерлігімен, ақылдылығымен, көрегенділігімен және тағы да баска ерекше қасиеттерімен байланыстырылады. Сөйтіп олар ел аузында ең жақсы билеушіге айналып, басқа билеушілер сонымен ғана салыстырылады, тенестіріледі. Мысалы, ортағасырлык деректерде ең күшті, женімпаз, әділетті деген билеушілер Ескендір Зұлқарнайынға, Жәмшіге, Ануширванға теңелген. Ал қазақ  халқы болса өзінің төл әдебиетінде ең күшті, ең ақылды хандарын бір сезбен немесе сөз тіркесімен қоса айтып, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. «ӘзТәуке», «Тәуке ханның «Жеті Жарғысы», «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» осынын айғағы.

Жәнібек хан жөнінде сөз айтар болсак, оның туысы Керей ханмен бірлесіп  Қазақ хандығының негізін қалаушы ретіндегі рөлі есімізге оралады. Міне, Жәнібек хан туралы калың көпшіліктің білетіні осы ғана. Осыны ескере отырып, біз, бұл мақаламызда Жәнібек хан жайында жазылған  барлық жазба дерек  мәліметтері мен ел есіндегі тарихи аңыз -әңгімелерді қолдана отыра, онын қазақ тарихындағы атқарған рөлі мен алатын орнын ашып көрсетуге тырысамыз.

Жәнібек ханның есімі ортағасырлык жазба деректерде хандар шежіресіне байланысты, Қазақ хандығының негізін калаушы  ретінде және кейбір шығармаларда Қасым ханның әкесі ретінде кездеседі. Оның өмірі жайында ешбір жазба дерек толық мәлімет бермейді. Ал кейбір зерттеулерде Жәнібек ханның 1470-ші жылдардағы өміріне байланысты қате пікірлер жазылып та жүр. Біз ол жөнінде өз ойымызды осы мақала ішіңде айтып өтуге тырысамыз.

Алдыменен Жәнібек ханның шығу тегіне қысқаша тоқтала кетелік. Оның шын есімі— Әбу Сайд. (Әбілғазы. Түрік шежіресі. А., 1992, 1196.;ХУ-ХVIII ғ.ғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. А., 1969,42-6). Ол — Ақ Орданың соңғы ханы, атакты Барақ ханның Мір-Сайд, Мір-Қасым атты ұлдарынан кейінгі кіші ұлы. Сол себептен болу керек, ХУІ-ХУП ғғ. казақ тарихшысы Кадырғали би Жалайыр оны «Кіші Жәнібек хан» деп айтады. (Сыздыкова Р., Койгелдиев М. Кадырғали би Қасымүлы және оның «Жылнамалар жинағы». А., 1991, 251-6).

Жәнібек ханның Орыс ханға дейінгі аталары: Барақ пен Койыршақ хандар — Ақ Ордада хан болған тұлғалар. Барақ хан 15 ғасырдың 20 жылдарында Ақ орда мен Алтын ордада хан болған.

1426 жылы Сыр өңірі үшін күресте Мауереннахр билеушісі Ұлығбекті Сығанақ түбінде тас-талкан етеді. Атасы Қойыршақ хан 1391-95 жылдары Ақсақ Темір мен Тоқтамыс хан  арасындағы соғыстарда алғашқы билеушінің жағында болады. Сол себепті де ол Тоқтамыс хан Алтын Ордадан қуылғаннан соң, Дешті Қыпшақта хан болады. Хайдар Разидың жазуына карағанда Жәнібек ханның атасы хандықта ұзақ отырмаған. Ал үшінші атасы Орыс хан туралы деректер көп, ол 1361-78 жылдары Ақ Орда мен Алтын Ордада хан болған.

Ал Орыс ханнан Шыңғыс ханға дейінгі хандар шежіресі деректер мен оларға негізделген зерттеулерде екі түрлі түсіндіріледі. «Тауарихи гузида-ий нусрат нама» мен Әбілғазының «Түрік шежіресінде», «Шыңғыс хан — Жошы хан — Тоқайтемір — Өзтемір — Хожа-Бадық (Бадағұл) — Орыс хан» делінсе, Натанзидың «Ескендірдің Анонимі» бойынша «Орыс хан — Шымтай — Ерзен хан — Сасы Бұқа» —деп өрбітіледі. Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарихында», «Сасы Бұқа — Баян — Қоныша- Сартақтай —Орда Ежен – Жошы хан және Шыңғыс хан» деп баяндалады. Бірінші деректе Жәнібек хан — Шыңғыс ханның ең кенже ұлы Тұкай Темірден таратылса, екіншісінде ең үлкен ұл Орда Ежен ұрпағы деп көрсетілген.

Келтірілген шежіреден көріп отырғанымыздай, бірінші нұсқадағы Жәнібек хан аталары Дешті Қыпшақ тарихындағы белгілі тұлғалар, ал екінші нұсқа бойынша әулетінен хандық билік үзілмеген және ХШ-ХУ ғасырларда Дешті Қыпшақтың саяси тарихында өз орны бар адамдар. Ата-баба жолын жалғастырған Жәнібек хан да XV ғасырдың ортасынан бастап Дешті Қыпшақтағы жаңа мемлекеттің, қазақ мемлекетінің негізін қалап, оны билеушілердің бірі болады. Орайы келгенде айта кетелік, XIX ғасырдың бірінші ширегіне дейін өмір сүрген Қазақ хандығының хандарының бәрі Жәнібек ханның ұрпақтары болып саналады.

Жәнібек хан шамамен XV ғасырдың басында дүниеге келген. Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары туысы Керей екеуі Орыс хан ұрпақтарының ішіндегі ен үлкені болатын. Қазақ хандығының негізін қалағанға дейін оның өмірі туралы ешқандай мәлімет жоқ, сол себепті анық бір пікірлер айту өте қиын. Соңғы жылдары бізге белгілі болған тарихи аңыз мәліметтеріне қарап, Жәнібек хан әкесі Барақ хан қайтыс болғаннан соң, 1428-1457 жылдарда Сыр өңірінде ұлыс басқарғаны белгілі. (Караңыз: Елеуұлы М. Шу өңірі: аңыз бен тарих. КазМУ хабаршысы, 3-шығуы. Алматы, «Қазақ университеті». 1996, 7-9 б.б.). Аңыз дерегін жазба дерек мәліметі де қолдайды. Қадырғали Жалайыры ол жөнінде: «… Бұл Жәнібек хан атасының ұлысын биледі», — деп жазады. (Сыздыкова Р., Қойгелдиев М. Көрсетілген еңбек. 251-6.). Ақ Орда тарихында Сыр өңірі XIII ғасыр соңынан бері саяси-әкімшілік, сауда-айырбас, экономикалық, діни-мәдени орталық болып, Дештінің мал бағушы  тайпалары үшін ежелден бері қысқы жайылымдар мен қыстаулар ретінде Дешті Қыпшақ пен біртұтас шаруашылық кеңістікті құрады. Деректерге қарасақ, Барақ ханнан кейін Сыр өңірінің саяси билігі қайтадан Мауреннахрға өтеді, ал 1446 жылдан кейін, яғни Әбілқайыр хан қайтарып алғаннан соң Дештіге қосылады.

1446-57 жылдар аралығында Әбілқайыр ханның жүргізген ішкі саясаты жергілікті ру-тайпа көсемдеріне, сұлтандарға, тіпті ханның айналасындағы туыс сұлтандарға «қысымшылық» болып көрінеді. Дешті Қыпшақта толық жеңіске жеткен Әбілқайыр хан Шыңғыс ұрпақтарына сай шексіз билікке ие болады. Жергілікті ру-тайпалар үшін ХҮ ғасырда мұндай жағдай ежелгі дәстүрді бұзу еді. Мысалы, XV ғасыр басында Жетісудағы тайпалар Есен-Бұға ханды қолдаса, оның билігінің күшеюіне байланысты, одан бөлініп, әрбір әмір өз бетінше өз ұлыстарында билік жүргізеді. XV ғасырдын 70-ші жылдарында Едігенің ұрпағы Мұса бидің Мұхаммед Шайбаниға айтқан мынадай сөзі осыны дәлелдейді. Ол «көне замандардан күні бүгінге дейін маңғыт әмірлері көтерген әрбір хан мемлекетте маңғыт әмірлеріне еркіндік берген. Егер Мұхаммед Шайбани хан біздің ежелгі дәстүрімізге мойынсұнса, біз оны хан етеміз, ал егер көнбесе, онда өзі білер», — деген екен. (ХҮ-ХҮІІІ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары. 104-6.)  Әбілқайыр хан да 1428 жылы хан болып көтерілгенде Дешті Қыпшақ әмірлерінің көпшілік колдауына ие болады. Ал оның билігінің XV ғасырдың 40-шы жж. күшеюі, соған сай жүргізген ішкі саясаты «ежелгі дәстүрге» қайшы келіп, жергілікті тайпалардың наразылығын туғызады. Наразылықтың бір көрінісіне 1457 жылғы жаз айындағы Әбілкайыр ханның әскер жыю туралы жарлығының толық орындалмауы жатады.

«Қысымшылықты»  Орыс хан ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар да көреді. Сыр өңіріндегі қалаларды шибанилық сұлтандардың иеленуі, керуен жолдарына бақылау орнату, ең жақсы қыстауларды алу және тағы басқа әрекеттері Әбілкайыр ханды екі сұлтанға жау етеді. Өз халқының мүддесінен шыкпаған  және сол халықтың колдауына сүйенбеген билеушінің билігі ұзаққа бармайтыны белгілі. XV ғасырдың 50-ші жылдарында Әбілқайыр ханның күйі осыған сәйкес келеді. Мұны Казақ хаңдығын құрушылар — Керей мен Жәнібек сұлтандар түсіне білген.

Қазақ хандығын құру жолында екі ханның аткарған істерін бөле-жара айту мүмкін емес. Аз ғана дерек мәліметтері хандықтың кұрылу кезеңінде екі ханды үнемі бірге айтады. Біз бұған дейінгі Керей хан туралы жазылған мақаламызда хандықтың қалай, қашан құрылғандығын айтқанбыз. Оны қайталап жатпай, тікелей Жәнібек ханның атқарған рөлі туралы ойымызды білдірелік. Қазақ хандығының құрылу кезеңін шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарауға болады. Алғашқы кезеңге Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі және хандық құрып, 1461/2 жылға дейінгі, яғни  Есенбұға хан қайтыс болғанға дейінгі аралык жатады. Бұл кезеңде Қазақ хандығы әлі толык, дербес хандык емес еді. Моғолстанның батысында орналасып, оның батыстағы «қорғаны» рөлін аткарды. Хандықтың халқы «өзбек-қазақ» этнонимімен аталынды. Әбілқайырға наразылар есебінен хандықтың халқы өсе түседі. І458 жылдан 1462 жылға дейін Қазақ хандығының  арқасында Есенбұға хан билігіне Жүніс те, басқа біреу де қауіп төндіре алмайды.

Хандықтың мемлекеттілік тұрғысынан нығая түсуі  келесі кезеңде одан әрі жалғасады. Есен-Бұға ханның қайтыс болғаннан кейін  оның орнына ұлы Досмұхаммедтің келеді. Оның 7 жылға созылған билігі тұсында деректерде жазылғандай, кешегі достар жауға айналады, ал жаулар жалған достар болып шығады. Мұның бәріне ешбір принципсіз жүргізілген Досмұхаммед ханның  саясаты себеп болады. Жетісудағы Қазақ хандығы да  осы кезеңде өзінің ішкі-сыртқы саясатын айқындап, бірте-бірте дербестене бастайды. Ал 1469 жылы моғол билігіне Жүніс ханның келуімен қазақ мемлекетінің құрылу тарихында жаңа кезең басталады. Осы кезеңнен бастап, жаңа хан Жүніс пен қазақ хандары арасыңда жақсы қарым-қатынас орнайды. (Қараңыз:ХУ-ХУШ ғғ. Қазақ хандығы тарихының материалдары, 353-6.).

Хандықтың құрылу тарихындағы соңғы  кезеңге 1469-1470/71 жылдар жатады. Егер де алғашқы кезеңдердегі  жылдарда  Керей мен Жәнібек хандар бірге айтылса, соңғы кезеңде тек Жәнібек ханның есімі деректерде жалғыз кездеседі. М. Елеуовтың жариялаған тарихи деректеріне қарағанда Керей хан он жылдай билік кұрып, Хантауда жерленген. (Елеуұлы М. Көрсетілген енбек. 7-6). Керейден соң хандыққа Жәнібектің келуі ата дәстүріне сай жүзеге асады. Дәстүр бойынша хандық билік Х-ХШ  ғғ. қыпшақтарда әкеден балаға емес, әкеден ініге не немере туыска беріліп отырған. ЖергіліктІ тайпалардың бұл дәстүрі XV ғасырда да өз жалғасын табады. Фазлаллах ибн Рузбехан өз енбегінде «Керейден соң хаңдықт бірнеше адам болды, сосын кезек Бұрындық  ханға тиді», — деп жазса, «Тарих-и Кипчакхани» енбегінің авторы 1469-70 жылдары қазақ ханы Жәнібек деп көрсстеді.

Сондай-ақ  1469-71/72 жылдары Әбілқайыр ханның ұлдарына қарсы күресте Қазақ хандығы тарапынан Жәнібек ханның қатысқандығын «Фатх нама», «Шайбани нама», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал- ахйар» деректерінің мәліметтері толық қуаттайды. (ХУ-ХУШ ғғ. Қазак хандығы тарихынын материалдары., 57, 99, 362, бб.). Жоғарыдағы мәліметтер Керейден соң Жәнібектің хан болғандығын айта отырып, бірақ оның қай жылы хандықка келгенінен хабар бермейді. «Керей он жылдай хан болса», онда Жәнібек хандық билікке шамамен 1465-66 жылдары отырған.

Жәнібек ханның билігі 6-7 жылға созылады. Оның тұсында хандық тарихында үлкен маңызға ие бірнеше оқиға болады. Біріншісі, 1469 жылғы Әбілқайыр ханнын Қазақ хандығына жасаған жорығы сәтсіз аякталып,  ханның қайтыс болуымен аяқталады. Бұл жағдай «көшпелі өзбектер» мемлекетінің толық күйреуінің басталуына алып келді. Екіншісіне Дешті Қыпшақта шибанилык әулет билігінің жойылуы жатады. Шибанилар әулетінің билігі өздігінен жойылмады, оны жояды. Жойғандардың ішінде Сібір хандығы, ноғай мырзалары, Алтын Орда хандығы, Хорезм хандығы және Жәнібек хан басқарған Қазақ хандығы болды. Жәнібек ханның атқарған тарихи рөлін осы жерден көреміз.

Кезінде Керей ханның айтқан «алла тағала сәтін салған күні батыска — Түркістанға жол жүруіміз керек», — деген өсиетін іске асырып, Жәнібек хан Қазақ хандығының билігін Дешті Қыпшақ аумағына толық тарата бастайды. Бұл кез -1470/71 жылдар болатын, яғни  Қазақ хандығының толык, дербес, жеке ел ретінде өмір сүре бастаған жылдары.

Енді XV ғасырдың  70-ші жылдарындағы Жәнібек ханның өміріне байланысты кейбір қате пікірлер мен тұжырымдарға тоқтала кетелік. М. Тынышпаев Гаммердің Жәнібек хан жөніндегі қате тұжырымын одан әрі жалғастырады. (Қараңыз: ТынышпаевМ. История казахского народа. А., 1993, 128-6.). Онда 1477 жылы Жәнібек хан Алтын Орда ханы Ахмет хан атынан Қырымда хандық етеді, 1480 жыл шамасында Ресейге, ұлы князь Ш Иван Васильевичке келеді, сонда Ковно каласында дүние салды деген пікірлерге М. Тынышпаев  «Алтын Орда ханы Ахмет ықпалы күшті туысы әрі ұлыс ханы Жәнібек ханды жанында ұстағысы

келмеді, сөйтіп оны Ахмет Қырымға жіберу арқылы ондағы бағынбай жүрген Меңлі Керейден құтылуды максат етті» деген дәлелдемесімен    толыктырады. (Тьшышпаев М. Көрсетілген кітап, 128-6.).

Біздің ойымызша  М. Тынышпаев осы жерде бірнеше мәселеге үстірт караған дейміз. Біріншіден, XV ғасырдың 70-ші жылдары Алтын Ордаға Қырым хандығы да, Жәнібек хан билеген Қазақ хандығы да тәуелді емес, олар әрқайсысы жеке дербес хандықтар болатын. Екіншіден, көрсетілген жылдарда Қырым хандығы мен Алтын Орда хандығы арасында талас-тартыс жүріп жатты. Екі жақтың біреуінің уакытша жеңіске жетуі екіншісін толық және түпкілікті жеңіске жеткізбеді. Сондықтан да Қырымда Ахмет ханның Жәнібекті хан етіп отырғызуы мүмкін емес, үшіншіден, Жәнібек ханның жа-сы XV ғасырдың 70-жылдарында алпыстан асып, жетпіске таяп қалған бо-латын, сондықтан да ондай жасы келген адамды Дешті Қыпшақтан Қырымға хан етіп жіберу қисынға келмейді. Және төртіншіден, XV ғасырдың соңындағы этникалық сананы ХІІІ-ХІУ ғасырдағы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бұрынғы Алтын Орда аумағында XV ғасыр ортасынан бастап, жергілікті этникалык бірлестікке сүйенген ұлттық мемлекеттер пайда болады. Қазан, Қырым, Астрахань, Қазақ хандықтары соның дәлелі. Жергілікті халық көп жағдайда өз хандарының билікке келуіне араласып отырғандықтан, сырттан хан әкеліп отырғызудың күні өтіп кеткен болатын. Міне, осындай жағдайларды ескермегендіктен, Жәнібек ханға байланысты қате пікірлер туындаған.

Ойымыз түсінікті болуы үшін 1477 жылы Қырымда хан болған Жәнібек кім деген сұраққа жауап берелік. Алдымен сол кездегі Қырым хандығы туралы бір-екі ауыз сөз.

XV ғасырдың 40-шы жылдары Қырымда билікке келген тұқайтемірлік Қажы Керей хан жаңа хандықтың және жаңа әулеттің негізін калайды. 1466 жылы ол қайтыс болғаннан кейін, талас-тартыстан соң көп ұлының бірі — Меңлі Керей билікті иеленіп, хан болады. Бірнеше рет биліктен айырылып, қайта келген Меңлі Керей хан Қырымда XVI ғ. басына дейін билік етеді. Ол 1502 жылы Алтын Ордаға соңғы рет соққы беріп, хандықты және оның астанасы Сарайды тас-талқан етеді.

XV ғасырдың 70-ші жылдары  Қырым Ресеймен одақтас болып, Ахмет хан мен король Казимирдің одағына қарсы тұрады. Дәл осы тұста Түркия да Қырымда өз ықпалын өсірген болатын. Осындай жағдай Қажы Керей ұлдарына бірнеше бағытты: түркиялық, алтынордалық, ресейлік бағдарды ұстануға мәжбүр етеді. Қырымның билеуші әулеті ішінде осыншама бағытты ұстанушылар арасында өзара күрес өрбиді. Меңлі Керейдің бірнеше рет биліктен айырылуы осыдан туындаған. 1474 жылы Меңлі Керейден билікті туған ағасы Хайдар хан тартып алады. 1475 жылы Меңлі Керей түріктерге өтеді де, солардың көмегімен билікке қайта келеді. Ал 1477 жылы Ахметхан Қырым түбегін қайта бағындырады да, ол (Қырымның билеуші топтары арасында алтынордалық бағытты ұстайтын адамды хан етеді. Ол —Жәнібек болатын. Деректер де оны: Жаныбек-Керей деп, Жан-Керей деп жазады. Жанкерей — Меңлі Керейдің әкесі Қажы Керей ханның туған ағасы (Сыздыкова Р.. Қойгелдиев М., Көрсетілген кітап, 253-6: Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы т.II. М-Л, 1941, 61-6.) Жошы Ұлысының тарихы туралы зерттеу жүргізіп, көзі тірісінде сол еңбегін жариялай алмаған тарихшы, этнограф Г. Е. Грумм-Гржимайло (1860-1936) осы кездегі оқиғаларды былайша түсіндіреді: «Ахмет хан Қырымды алып, онда билеуші етіп Жаныбек ГерейдІ отырғызды… бірақ бір жылдан соң Қырымдағы жағдай қалпына келтіріледі: Жаныбек Ресейге қашты, Меңлі Герей билікке қайта келді. Ресеймен арадағы одақтастық қалпына келтірілді және қосымша қаулымен толықтырылды». Қаулыда III Иван Ресейге  қашып барған Меңлі Герей туыстарын ешқайда шығармау және барлығын жасына, Қырымдағы жағдайына сай материалдық тұрғыдан қамтамасыз ету айтылған. (Караңыз: Грумм-Гржимайло Г. С. Джучиды. Золотая Орда. Мына кітапта: «Арабески» Истории. Книга 1. Русский взгляд. М., 1994, 142-6.).

Қазақтың Жәнібек ханының есіміне ұқсас келесі тарихи тұлғаға –астрахандық Жәнібек хан жатады.  Астрахан хандығында 1514-1521 жылдары Кіші Мұхаммед ханның немересі, Махмуд ханның ұлы – Жәнібек хан билік құрады. Астрахан хандығының тарихына арналған монография авторы И.В. Зайцевтың көрсетуі бойынша Махмуд ханның ұлы, Абд ал-Керімнің  бауыры Жәнібек хан Астрахан тағын 1514 жылдың жазында иеленіп, 1521 жылдың 15 тамызына дейін билік жүргізген.

Осы кезеңде  келесі бір хан лауазымын иеленген Жәнібек есімді тұлғаға – ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Мауереннахрда Андижан уалайатын басқарған, шибанилық Жәнібек хан жатады. Ол — Әбілқайыр ханның немересі, Қожа Мұхаммед ханның ұлы. ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде Жәнібек ханның немересі атақты Абдаллах хан Мауереннахрды біріктіру жолында күрес жүргізеді.

Сондай-ақ хан лауазымын иеленген Жәнібектерден басқа XV-XVI ғғ. хандар шежіресінде сұлтан титулыменен де бірнеше Жәнібек кездеседі. Олар: Тұқай Темірдің ұрпағы, Қара Кесектің немересі, Жетібектің ұлы – Жәнібек. Шибанилық Бахтияр сұлтанның шөбересі, Әлике сұлтанның немересі, Тұрымның ұлы – Жәнібек. Бұл Жәнібек есімді тұлғалардың хан лауазымын иеленбеуіне байланысты біз, оларды қарастырмаймыз.

Жоғарыда айтып өткен шолулардан байқағанымыз, 1477 жылы Қырымда хан болып, бір жылдан соң Ресейге қашқан және сонда қайтыс болған Жәнібек хан, ол— қазақтың Жәнібек ханы емес, Қырымдағы хан әулетінің өкілі, Астраханда билікте болған Жәнібек хан да есімі ұқсас болғанымен, қазақтың Жәнібек ханына ешқандай қатысы жоқ.  Ал қазақтың Жәнібек ханы болса, XIII ғасырдың 70-ші жылдарының басында, шамамен 1473-74 жылдары қайтыс болған. Өйткені осы ғасырдың 70-ші жылдарының ортасына таман басталған Сыр бойы үшін күресте, қазақ хандарының екінші буыны Бұрындық, Қасым хандардың есімдері жазба деректерде кездесе бастайды.

Жәнібек ханның артында тоғыз ұлы қалады. Оның ішінде Жиренше, Махмұт, Қамбар, Әдік, Қасым секілді ұлдары XV ғасырдын соңы XVI ғасыр басындағы Қазақ хандығы тарихында үлкен рөл атқарады. XVI ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Жәнібек ханның Жәдік атты ұлы мен оның ұрпақтары саяси билікті қолдарында ұстайды. Қазақтың ханы болған Тәуекел, Есім, Жәңгір, Тәуке хандар –Жәнібек ханның ұрпақтары болып келеді.

Ойымызды қорыта келе, орта ғасырдағы хандардын өмірі мен тарихы ел тарихымен тікелей байланысты болғандыктан, жеке тұлғалардын тарихын білу аркылы өз тарихымызды терең біле түсеміз және ұлы аламдар өмірі әрқашанда үлгі, өнеге болады демекпіз.

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ