Мұхтар Шаханов шығармаларындағы синтаксистік параллелизмге негізделген анафоралық конструкциялардың ерекшеліктері

0

 

Мәтіннің дербестігі, ырғақ, интонациясы қайталаулар арқылы да жүзеге асырылады. Қайталау – белгілі бір ұғымға назар аудару үшін бір дыбыс тіркесін, бір сөзді не сөйлемді қайталап айту, соның нәтижесінде оқырманның назарын сол сөзге тоқтатып, көңілін аудару үшін қолданылады.

Білгілі әдебиетші, сөз зергері З. Қобдоловтың пікірінше «Қайталау – сөз әсерін күшейте отырып, оқырман назарын айрықша аударғысы келген нәрсені не құбылысты бірнеше мәрте қайталап, айтар ойды, ұқтырар сырды, ұғымға мұқият сіңіре түсу» [2,235]. Қайталау сөздерге ерекше леп, екпін, тыныс беру, сөйтіп, олардың оқырмандарға тиер әсерін күшейту.

Лингвист ғалымдар қайталаудың бірнеше түрін атайды: жай қайталама, еспе қайталама, әдепкі қайталама – анафора, кезекті қайталама – эпифора. Мақаламызда М. Шахановтың шығармаларындағы анафора, оның түрлері, қолдану ерекшеліктері сөз болмақ.

Анафора терминінің анықтамасы тілдік сөздіктер мен инциклопедияларда былай сипатталады: «Анафора – толық сөздің немесе сөз бөлшегінің қайталануынан құрылған стилистикалық фигуралардың бір түрі. Анафора қызметін сөйлемнің басында келген сөздің бөлшегі, толық сөз, сөз тіркесі немесе өлеңдегі бүтіндей бір жолы атқара береді. Анафораның лексикалық және синтаксистік түрі болады. Стилистикалық анафорада еркін сөз тіркестері немесе толық сөйлем түріндегі конструкциялар сөйлем басында қайталанып келеді» [3,272].

Анафоралық конструкциялар мәселелері тіл біліміне арналған еңбектерде көптеп қарастырылған [5,262; 6; 7; 8, 216].

Лингвистикалық әдебиеттерде анафоралар құрылымы жағынан үш түрге бөлінетіні айтылады.

  1. Синтаксистік параллелизмге негізделген анафоралар.
  2. Лексико — семантикалық анафоралар.
  3. Ұйқастық анафоралар.

Анафоралардың құрылымы, қолданылуы синтаксистік параллелизмен де тығыз байланысты, яғни өлең қатарларында бірнеше сөйлемде параллель келетін синтаксистік құрылым, конструкциялар. Анафоралардың синтаксистік байланыстыру рөлі, атқару қызметі жөнінде М. В. Ломоносов та айтып кеткен болатын [4]. Сөйлемдерді байланыстыруда кейбір жалғаулықтардың орнына сол байланыс қызметін атқаратын  параллельді анафоралық байланыстарды көрсеткен болатын. Синтаксистік параллелизм қатар келген сөйлемдегі модальдік және комуникативтік ерекшеліктердің ұқсастықтарына негізделеді. Жалпы алғанда синтаксистік параллелизм күрделі сөйлемдердегі немесе мәтіндегі предикативтік бірліктердің құрылымдық және атқаратын қызметінің ұқсастығы мен біртиптілігі. Анафоралар дыбыстық, лексикалық, сонымен қатар синтаксистік компонеттердің қайталануы арқылы көзге түседі, кездеседі. Соңғысына мысал ретінде Мұхтар Шахановтың мына өлең жолдарына назар аударайық:

                          Өзіңсіз келген күндерден,

                          Өзіңсіз терген гүлдерден,

                          Өзіңсіз кешкен ойлардан,

                          Өзіңсіз өткен тойлардан

                          Жалығып біттім, жаным-ау.

                          Мен десе жаның даладай,

                          Мен десе күлкің мөп – мөлдір,

                          Лапылдап жанған өсекпен отқа қарамай,

                          Сен маған арнап әуенін салдың көктемнің.

                          Өзіме — өзім ете алмай қалсам иелік,

                          Күшімді жидым, арманым, саған сүйеніп.

                          Сен менің асқар бағым боп,

                          Шалқисың кейде шадыман шалқар көлім боп.

                          Көңіліңде терең көлі бар жандар бақытты,

                          Көңіліңде терең көлі бар жанға өлім жоқ.

                          Тереңім сенсің, еңселім,

                          Өлеңім сенсің, еңселім [9,73].

Анафора негізінен өлеңді әсерлі түрде оқырманға жеткізу үшін қолданылатын көркем тәсілдің бірі. М. Шахановтың бұл өлеңіндегі негізгі тақырып махаббат пен адал сезімді дәріптеп тұр. Өлеңдегі «Өзіңсіз» деген сөзбен «Мен десе» сөз тіркесінің қайталануының өзі екі ғашықтың бірге жүрген кездегі қызықты сәттерінің баға жетпес күндер екендігін терең ұқтыруға арналған. Адамның көңіл – күйін көтеретін той, әсем гүлдер мен тұнғиыққа жетелейтін ойлардың барлығы да шын сүйген адал жанның алдында, оның жоқтығында ешқандай қызық еместігін ұтымды оймен арнау ете алған. Үзіндінің соңғы тармақтарындағы қайталанған сөздердің ішінде «Терең» сөзімен «Сенсің» сөзінің өзіндік ерекшелігі салыстырмалы түрде беріліп, әйел затаның жан сұлулығының, пәк махаббаттың кіршіксіз адалдығын және де дәлелдей түсіп, ақын өзінің ұшқыр ойының арқасында «Еңселім» сөзін және қайталап өлеңнің құдіретті күшін терең шеберлікпен көрсете алған.

Синтаксистік параллелизмге анафоралық конструкциялардың құрылымы жөнінде төмендегілерді айтуға болады. Өлеңнің барлық элементтері әрқашанда байланысқан түрде қарым – қатынаста болады, сонымен, ол көркемдік бірлікті сақтайды. Өлеңнің элементтері бір – бірімен араласып, өзінің бөлшектерімен, құрылысымен, мағынасымен белгілі бір өлең жүйесін құрайды. Талдау барысында осы айтылған элементтерге, жүйеге назар аудару керек. Жүйелі түрде анафоралар жасау мәселесінде зерттеушілер анафоралардың жүйесіне емес, синтаксистік құрылым типіне көңіл бөледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда анафораларды бірнеше түрлерге, яғни жүйелі анафоралар, ішінара жүйелі анафоралар және жүйесіз анафоралар түрінде қарастыруымыз мүмкін. Синтаксистік параллелизм негізінде жасалған анафоралық конструкцияларды қарастыруда олардың анафора жасау тәсілінің ерекшеліктеріне көңіл бөлу қажет. Синтаксистік параллелизмге негізделген анафораларда барлық өлең қатарлары бір жүйеге (тармақ көлемінде) біріктірілген болады.

                          Сен жыладың, жігітім,

                          Көрдім деп тұрмыстың тапшылығын,

                          Қайтпады деп жұртқа еткен жақсылығым.

                          Сен жыладың,

                          Сезімің жасып ағып,

                          Кіп – кішкентай балаңды қасыңа алып.

                          Қырмызды күнім өтті деп.

                          Сенгенім сатып кетті деп.

                          Сен жыладың:

                          Аңғармай қалдым орды деп,

                          Қадамым сәтсіз болды деп,

                          Бір қатты соққы алдым деп,

                          Бақытсыз болып қалдым деп.

                          Сен жыладың:

                          Мен бірақ селт етпедім,

                          Білем сені тағдырдың ерке еткенін,

                          Білем сені — өр көңіл, жомарт едің,

                          Енді бүгін… қалай бұл кер кеткенің? [9,29]

Автордың өлеңінен алынған үзіндіде «Сен жыладың» сөз тіркесінің қайталануы өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке қарата айтылып, өлең мазмұнында жылау жігітке тән қасиет емес екендігі дәріптеліп, «Сен» сөзімен «Жыладың» сөзін айтар ойдың алғашқы қатарынан алдын қолданылып, айтар ойға қазық ретінде пайдаланылған. Өлеңде жігітке қарата айтылған сөз жігіт үшін ерсілеу көрінгенімен ондағы жігерді оятуға дәл лайықты екендігі шүбәсіз шындық.

Жүйелі анафора дегенде өлең мәтіні интервалының барлығы біркелкі қайталануын түсінеміз.

М. Шахановтың өлеңдерінде ішінара жүйелі өлеңдер қатары да кездеседі.

                          Қай кезде де сұлулықтың жолы – мұз.

                          Әйел – біздің азиз байлық қорымыз.

                          Әйел – біздің тағдырымыз,

                          Тағдырымыз болған соң,

                          Белгілі ғой, бағымыз не сорымыз [9,13].

Ақынның «Әйелдер» атты өлеңінің басты мазмұны әйел затының ұлылығын паш ету. Сондай-ақ еркек затының сұлулыққа қызығуы табиғи заң екендігін, бірақ сол заңның жазасынан бас тартатын еркектердің барлығын әсерлі және жеңіл түрде өлеңнің 54-55 тармақтарында сынға алып өткен. Ал, үзіндідегі қайталанған сөздер әйел затының өмірдегі орны бөлек, ұлы тұлғаның бірі екендігін және бір терең жеткізудің көркем түрі болмақ.

Жүйесіз анафораларда мәтіннің бір бөлшегінде симметрия бұзылған болады. Кейде өлең тармақтарының бастапқы және соңғы қатарларында анафоралық конструкциялар кездесуі мүмкін. Мұндай конструкциялар М. Шаханов шығармаларында, оның поэтикалық синтаксисінде сирек кездеседі.

                          Бекер,

                          Бекер жіберіппін еркіне,

                          Ерте түсіп қалды-ау, сірә, албырт сезім өртіне.

                          Бақытты едім,

                                                      бақытты едім мен қандай

                          Қашан қызым жолыққанша ғашықтықтың дертіне [9,8].

Үзіндідегі қайталанып отырған сөздер алданған қызының қайғысын арқалаған ананың аянышты халін, елжіреген мұңды толғаныстың қаншалықты ауыр екендігін оқырманға тікелей әсерлі етіп жеткізу автор тарапынан ұтымды қолданылған. «Бекер» сөзі өкінішті аңғартса, «Бақытты едім» деген сөз тіркесі өткен шақта айтылып бақыттан арылғандығын ғашықтықтың дертіне балап суреттегендігі Мұха ағаның салыстырмалы түрдегі суреттеу тәсілінің шеберлігін танытады.

Сонымен жоғарыда келтірілген пікірлерден төмендегідей қорытынды жасау мүмкін:

  1. Анафора жеке сөздердің және сөз тіркестерінің қайталануымен сипатталатын синтаксистік құрылым ретінде Мұхтар Шаханов шығармаларында біршама жиілікте кездеседі.
  2. Мұхтар Шаханов поэзиясындағы анафоралардың жүйелілігі бірнеше түрге бөлінеді – жүйелі анафоралар, ішінара жүйелі анафоралар, жүйесіз анафоралар. Жүйелі анафоралар өлең мәтіннің, бөлшектерінің біркелкі интервалда қайталануынан көрінеді. Мұхтар Шахановтың поэтикалық шығармашылығына ішінара жүйеленген анафора типтері тән, яғни анафоралық конструкциялар өлең құрылымының белгілі бір бөлшегін ғана қамтиды.

Жүйесіз анафоралар мәтіннің барлық көлемін қамтымай, белгілі бір қысқа бөлігінде ғана кездеседі. Соның нәтижесінде өлеңде симметрия бұзылған болады.

Өлең тармағының бастапқы және соңғы қатарларында қайталанатын анафоралар Мұхтар Шаханов поэзиясында сирек кездеседі.

Екінші типтегі анафоралық конструкциялар, яғни ішінара жүйеленген анафоралар Мұхтар Шаханов шығармашылығында өте жиі қолданылады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1. Ефимов А.И. Стилистика русского языка. – М.: Просвещение, 1969.-262 с.
  2. Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы: Санат, 2002. – 235 б.
  3. Қазақ совет энциклопедиясы. (І том) Алматы, 1977. — 272 б.
  4. Ломоносов М.В. Полн. собр. соч. Т. 7 труды по филологии. М.-Л., 1952.
  5. ПадучеваЕ.В. Анафорические связи и глубинная структура текста // Проблемы грамматического моделирования. – М.: Наука, 1973.-262 с.
  6. Самурин А.М. Вопросы синтаксисса стихотворной речи в поэме А.Т Твардовского «Василий Теркин» (Повторы как синтаксическая и стилистическая категория и связанные с ними синтаксические особенности): Автореф. дисс. канд. фил. наук. – М.: Изд-во МГУ, 1965.
  7. СарсенбаеваА.Ж. Анафора в поэзии О.О Сулейменова (семантико – стилистический и лингвостатистический аспекты). Канд. дисс. на соис. уч. степ. фил. наук. Алма – Ата, 2005.
  8. Суодене Э.Г. Анафора в лирике М.Цветаевой: дисс. канд. фил. наук. – Минск, 1900 .- 216 с.
  9. Шаханов М. Эверестке шығу. Өлеңдер, балладалар, поэмалар. Алматы, «Ата мұра», 2003.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ