Мырзашөл өңіріндегі ортағасырлық ұтырлы (үтіртөбе) қаласы.

0

Коммунистік идеология , еуроцентристік, сондай-ақ тар таптық көзқарас, орыстандыру саясаты үстемдік құрған кешегі кеңестік дәуірде  революцияға дейінгі қазақ, қырғыз сияқты көшпенді халықтарды « тарихы жоқ»,  мемлекеті, мәдениеті, жазу-сызуы жоқ, қалалар салмаған, тек малдың қамымен көшіп-қонуды ғана білген жабайы,  сауатсыз халықтар ретінде  қарап келгені мәлім. Шындығында солай ма еді? Әрине жоқ. Қазақ халқы  мен  оның   ата-бабалары да дүние жүзілік өркениетке  өзіндік  лайықты  үлес  қосқанын  тарих  ғылымы  әлдеқашан  дәлелдеген.  Тарихшы-ғалымдар  өркениетке  тән  үш ұлы  ерекшелікті атайды. Олар: мемлекет,  жазу, монументальды архитектура [ 1]. Қазақ халқы  осы  үшеуінен  де кенде емес: олар ат жалында  жүріп-ақ  «басы барды идіріп, тізесі барды  бүктіріп»   құдіретті мемлекеттер құрды,  сонау  ерте темір  дәуірінен  бастау алып ( сақ жазуы) түркі  дәуірінде  одан әрі  дамытылған  өзінің  төл  жазу-сызуы  болды  ( ол кейіннен  қазақ  ру-тайпаларының  таңбаларында  сақталып  қалды) және  орта ғасырларда қалалық мәдениет пен архитектура  гүлденіп  дамыды. Қазақ даласында  орта ғасырларда  Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың халқы  20 %-ға жеткен екен,  ал дәл осы кезде  Еуропада қала халқы  12% болған [2]. Демек,  дүниежүзілік  адамзат өркениетіне  өзінің  лайықты  үлесін  қосқан қазақ  өркениетін  сеніммен  айтуға  болады. Қазақ  өркениеті – бірыңғай  дала емес,  ол  қала мен дала  мәдениетінің  синтезі.

     Еліміздегі  сондай  орта ғасырлық  қалалардың  бірі – Мырзашөл  өңіріндегі  Ұтырлы  (Үтіртөбе)  қаласы.  Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының орталығы Жетісай қаласынан 30 шақырым солтүстік-шығыста , «Үтірлі» ауылынан солтүстікте 11 шақырым қашықтықта, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 шақырым қашықтықта, Сырдарияға құятын Сорөзек саласының жағалауында орналасқан (1-сурет).

              Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласын Қазақстан археологтары зерттемеген. Оның басты себебі Мырзашөл өңірі, оның үлкен бір бөлігі — Мақтарал ауданы 1963-1971 жылдары Өзбекстан Республикасына қараған. Сондықтан да бұл аймақ өткен ғасырдың  60  жылдары  жүргізілген Шардара археологиялық экспедициясының зерттеу аясынан тыс қалған. Бұл ортағасырлық қала тіпті, Қазақ Совет энциклопедиясы, Археологическая карта Казахстана (Алматы, 1960), Свод памятников истории и культуры Казахстана в Южно-Казахстанский область (Алматы, 1994) атты  іргелі басылымдарға да кірмей  қалған.

      Үтіртөбені алғаш зерттегендер Өзбекстан археологтары. Қала туралы алғашқы деректі 1971 жылы Ю.Ф. Буряков пен О.М.Ростовцев жазған [3]. Ю.Ф.Буряков «Историческая топография Ташкенского оазиса» — деген монографиясында Чиначкент (Шыназ) қаласынан 30 шақырым жерде Сырдарияның сол жағалауындағы «Ұтырлы» қаласын атап өтеді [4]. Жазушы М.Жақып «Мырзашөлім-мырза елім»  (Алматы,1998) деген еңбегінде бұл қала жөнінде шағын түсініктеме береді [5].

    Сонымен,  Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы туралы мағлұматтар Қазақстан археология ғылымы үшін тым мардымсыз, белгісіз болып отыр.  Осы бір бай ортағасырлық қаланы және Мырзашөл өңірінің өзге де ескерткіштерін зерттеу барысында Қазақстан тарихына қатысты ортағасырлық елді мекендер мен қалалар жайлы жаңа деректер алуға болады. Сондықтан да бұл тарихи-мәдени аудандарда зерттеу жүргізу еліміздің археологиясындағы  өзекті тақырып болып  табылады.

     Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына 2004 жылы 5-20 тамыз аралығында Жетісай қаласындағы «Сырдария» университеті өз қаржысымен «тарих» мамандығының студенттерінен құралған   археологиялық практика ұйымдастырып, қазба жұмыстарын жүргізді. Ұтырлы ( Үтіртөбе ) қаласына жүргізілген осы алғашқы археологиялық зерттеудің өзі-ақ, бұл қаланың орта ғасырларда осы өңірдегі ірі экономикалық орталық болғанын көрсетеді және өңір тарихын байытып,одан біршама мағлұматтар береді.

     Қаланың ежелгі аты белгісіз. Жазба деректерде кездеспейді. Жергілікті халық Ұтырлы қаласының атауын Үтірлі немесе Үтірлітөбе, Үтіртөбе деп те атайды.Үтірлі атануы «Ұтырлы» деген сөзден шығуы мүмкін. «Ұтырлы»-қазақ тілінде ұтымды, ұтқыр, қолайлы деген мағынаны білдіреді. Бұл қаланың тіршілікке жайлы, тоғыз жолдың торабында, қолайлы жерге орналасуынан шығуы мүмкін. Ал, Үтірлітөбе, Үтіртөбе атануына келсек, қазіргі кезде қаланың пішіні «үтір белгісіне» ұқсас болғандықтан жергілікті халық осылай атаған дейді.

     Шынында да қаланың географиялық орналасуы қолайлы, жол торабында орналасқан. Қаладан солтүстік-шығысқа қарай жол Сырдан өтіп, Чиначкентке (Шыназ), одан әрі Орта Азияның ірі орталығы — Шашқа (Ташкент) барған. Ал, Сырдың сол жағалауымен жоғары қарай өрлеген жол  Хожентке жеткен. Сырмен төмен қарай жүрген тағы бір негізгі бағыт Сүткент қаласы арқылы өтіп, Оқсызға (Весидж) барған. Одан әрі жол жан — жаққа (Яссы-Сауран-Сығанақ, Испиджаб және Орталық Қазақстан бағыттары) тармақталады. Ал,қаладан оңтүстік, оңтүстік-батысқа қарай шыққан тағы бір бағыт Мырзаның шөлін басып өтіп Жызаққа, одан әрі Самарқан , Бұхараға жол тартқан.

  Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы нақты қай уақытта өмір сүрген және ол қай елге, тайпаға тиесілі деген мәселеге келсек, алғашқы археологиялық зерттеулер бұл қаланың ҮІІІ-ХІІ ғасырларда, оғыздар дәуірінде өмір сүрген қала екенін көрсетеді. Әсілі,  бұл оғыздардың қаласы болуы керек. Олай дейтін себебіміз, біріншіден, Ұтырлы (Үтіртөбе)  қаласының Сырдың орта ағысы бойындағы ондаған қалалармен өте ұқсастығы, олардың жобасы мен құрылыс технологиясы, тіпті табылған заттарына  дейін ұқсастығы бұл қалаларды бір кезде бір халық салғандығын көрсетеді. Оғыз дәуірі кезінде Сырдың бойындағы қала мәдениеті даму сатысының жоғары деңгейінде болды. Махмұд Қашқари өзінің еңбегінде оларға сипаттама береді [6] . Екіншіден, сол дәуірдегі тайпалар мен  мемлекеттердің геосаяси орналасуы да біздің бұл ойымызды қуаттай түседі. «Мауереннахр шекарасының өн бойында, — деп  хабарлайды Әл-Истархи, — соғыс шайқастары болып жатады. Хорезмнен Испиджаб төңірегіне дейін оғыз-түріктермен,  Испиджабтан Ферғананың ең шалғай жерлеріне дейін қарлұқ-түріктермен шайқас болып тұрады» [7].  Бұдан біз Испиджабтың оғыздар мен қарлұқтар арасындағы шекара болғанын көреміз. Сонымен бірге Келес даласында «Оғыздар қонысы» (Дех и гузз) болған. Шаш аймағында оғыздар мен қарлұқтардың исламды қабылдаған тайпалары жиылып қоныстанған [8]. Демек, Испиджаб пен Шаштың батыс аймақтары, оның ішінде Ұтырлы да оғыздардың жеріне кірген.

   Үтіртөбе қаласының қазіргі жобасы шынында да үтірге ұқсап жатыр. Қаланың сыртқы көлемін су шайып кеткен. Сондықтан оның бұрынғы пішіні белгісіз. Қазіргі сақталған көлемі шығыстан батысқа қарай 388 метр, солтүстіктен оңтүстікке қарай 180 метрге созылып жатыр. Батыс жағынан ені 40 метрге дейін  жіңішкеріп барып біткен (2-сурет).

    Қаланың сыртын 10-30 метрге дейін су шайып, 1-2 метрге дейін жететін тік жар қабақ жасаған. Оңтүстік-шығыс жағын 1 метрге дейін су шайған. Бұл тұстан қаланың бекініс қамалы 1,5 метр биіктікке дейін жақсы байқалады. Қаланың басқа шеттеріндегі бекініс қамалдарын су шайып кеткен.

    Цитадельдің оңтүстік-батыс бөлігінде ені 10 метр, тереңдігі 3метр, ұзындығы 15 метр сай орналасқан. Бұл қала қақпасы.

   Солтүстік-шығыстан оңтүстік-шығысқа созылған сай қаланы екіге  бөліп жатыр, оның ені 10 метр, тереңдігі 2 метр. Мұндай сайлар шығыстан батысқа да созылып, қаланы бірнеше бөліктерге бөлген. Бұл сайлар бұрынғы қала көшелерінің іздері.

  Қаланың шығыс бөлігінің биіктігі 3- 3,5 метр-цитадель орналасқан, оның батыс бөлігінің биіктігі 1-1,5 метрге жетеді.

Қаланың батыс бөлігіне жалғасып  көлемі 300х150 метр, солтүстіктен-оңтүстікке созылған төрткүл жатыр. Биіктігі 1,5 метр жалмен қоршалған. Бұл қаланың шаруашылық  аймағы. Қаланың солтүстік және шығыс жағын орап өзен арнасы жатыр. Шілде, тамыз, қыркүйек айларында су тартылып, арнада тоспа көп пайда болады. Қазаннан-маусымға дейін Сырдың суы тасып, Үтіртөбе арал болып қалады.

 Ортағасырда өзен арнасы жасанды ор қызметіне пайдаланылған болса керек.

  Қаланың батысындағы төткүлдің солтүстік-батысында 300 метр қашықтықта  қала зираты орналасқан.

  Жергілікті тұрғындардың айтуынша өткен ғасырдың  60- жылдары салынған Шардара су қоймасының суының көтерілуінен қаланы су баса бастаған. Қазіргі кезде қала үстін қамыс пен жаңғыл басып кеткен.

 Су жылда қаланың мәдени қабатын 1-2 метрге дейін шайып, қаланың көлемі жылдан-жылға кішіреюде. Егер су осылай шая берсе, 10-15 жылдан кейін қала тегіс жойылады. Қала апаттық жағдайда.

 Жергілікті халық арасында қаланың су басып төбе болуы туралы мынадай аңыз бар:

 «Ежелгі заманда бұл қала гүлденген, мәдениетімен атағы шартарапқа жеткен, тоғыз жолдың торабында орналасқан сәулетті қала болған екен. Қалада бір атақты бай тұрыпты. Ол бір перзентке зар болыпты. Қартайғанда әйелі ұл туып, бай ұлан-асыр той жасайды. Мыңдаған қой мен ірі қара сойылып, қанын судай ағызады. Қанның көптігі сонша, ол өзен болып ағып, Сырдария өзеніне қосылып, өзеннің суы қаннан қып-қызыл болып тасып, қаланы басып қиратқан. Қала жер астына көміліп төбе болып қалған» -дейді  аңызда.

  Қаланы су басқаннан соң қираған ба, жоқ әлде жау шапқыншылығынан соң қираған ба белгісіз. Оны келешектегі зерттеулер анықтайды.

   Сырдария археологиялық экспедициясы ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласының  солтүстік жағындағы биіктігі 3 метр болатын жарқабақты бойлай 1-ші қазба салды. Төбенің солтүстік бөлігін су бұзып кеткен. Сақталған бөлігінің көлемі 100х50 метр болады. Биіктігі 2 метр (1-сурет).

  Қазба-1. Жоғарғы хронологиялық кезеңге жататын мәдени қабатын кең көлемде зерттеу мақсатымен көлемі. 5х5 метр қазба салынды, ол 1,5 метр тереңдікке дейін қазылды.  Жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде үш  бөлме ашылды (3-сурет).

    Бірінші бөлме қазбаның шығыс бөлігін алып жатыр, тік төрт бұрыш, көлемі 3,20х3,40 метр Бөлменің қабырғалары әлемнің төрт жағына бағытталған. Қабырғаларының ені 0,80 метр келетін пахса блоктардан тұрғызылған. Қабырға 1,5 метр биіктікте сақталған. Бөлмеге батыс қабырғаның ортасында орналасқан, ені 0,7  метр есік арқылы кіруге болады.  Бөлменің оңтүстік-батыс бөлігінен көлемі 0,84х0,95 метр

                                                                3 — сурет

ошақ ашылды.  Биіктігі 0,16 метр, қабырғасының қалыңдығы 0,28 метр, аузының ені 0,25 метр. Ошақ ішіндегі ақ түсті күлдің қалыңдығы 3-5см. Ошақтың солтүстігінде, батыс қабырғаға тақап көлемі 1,20х1,60 метр қойма жасалған. Оның көлемі 21х12х10см. кірпіштерден қаланған. Биіктігі 30см. Бөлме едені мен қабырғалары

2 см. сылақпен сыланған (3-сурет).

    Екінші бөлме бірінші бөлменің батыс жағында орналасқан, есік арқылы байланысқан. Көлемі 2,70х1,50 метр. Орталық қабырғасының қалыңдығы 24см., биіктігі 1 метр.  Қабырғалары сыланған.

 Үшінші бөлме екінші бөлменің  сол жағында орналасқан. Көлемі 1,60х0,90 метр,  толық ашылған жоқ.  Батыс жағында  ені 50 см. дәліз бар.  Қабырғаның  сақталған биіктігі 1 метр.  Жоғарыда  аталған   бөлмелерді  қазу кезінде көптеген қыш бұйымдар: дастархан, көзе, күбі, құмыра, шырақ табақ, кесе, қазан,  тағара,  қыш ыдыстардың  сынықтары  т.б.  табылды.

   Қазба-2. Қаланың оңтүстік бөлігіне салынды. Қазба көлемі 10х10 метр. Ол 1 метр тереңдікке дейін қазылды. Жүргізілген қазба нәтижесінде екі бөлме ашылды (4-сурет).

     Бірінші бөлме қазбаның солтүстік-шығыс бөлігін алып жатыр. Ол дәліз көлемі 0,90х3,4 метр. Дәліздің бұрыштары әлемнің төрт жағына бағытталған. Қабырға биіктігі 1 метр, қалыңдығы 40 см. Дәліз жұқа сылақпен сыланған.  Оңтүстік-батыс жағында келесі бөлмеге өтетін есік бар.  Ені 70см. баспалдаққа  көлемі 30х15х4 см. болатын бір қатар кірпіш төселген. Биіктігіне екі қатар кірпіш қаланған табалдырық үстіне көлемі 51х51х5см. қыш тақта қойылған. Ортасында диаметрі 1см. болатын тесігі бар. Оның қасынан бір аяғы сақталған қыш дастархан табылды.  Бөлме іші, едені тегіс сыланған.Күл мен қоқыспен, құландымен толған           (4-сурет).

    Екінші бөлме бірінші бөлменің оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан, тік төрт бұрышты.    Көлемі 2,8х4,6 метр Сақталған биіктігі 1 метр.

 Қабырғаларының қалың-дығы 50см. Бөлме ортасында көлемі 2,8х0,8м.тапша жасалған. Ол солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа созылған. Бөлме іші сыланған.

Қазба-3.Төбенің өмір сүрген уақытын, мәдени қабатын анықтау үшін, оның су бұзып кеткен солтүстік жағындағы жарқабаққа кесінді салынды. Ол материкке дейін тазартылды: ұзындығы-14 метр, ені-1 метр, тереңдігі 4 метр (5-сурет).

Қазба-4.  Қазба қабірдің шығыс жағына салынды. Көлемі 5х3 метр. 1 метр тереңдікке дейін құланды қабырғалар, кірпіш сынықтары, күл-қоқыс қалдықтары кездеседі. 1 метр тереңдіктен, қазбаның оңтүстік-батыс бұрышына жерленген адам қаңқасы табылды. Қала ХІІ-ХІІІ ғасырларда өмір сүруін тоқтатқан. ХІҮ-ХҮІІ ғасырларда қала төбе орны су баспайтын болған соң зират ретінде пайдаланған. Сыр бойындағы ортағасырлық қалалар құландыларында мұндай адам жерлеу дәстүрі көп кездеседі. Жерлеу ғұрпы мұсылманша. Қаңқа шалқасынан жатқызылып, бағыты солтүстік-батысқа, беті батысқа қаратылған. Ұзындығы 1,60 метр. Сүйегі жақсы сақталған. Қолдары созылып шынтағынан бүгіліп ішіне қойылған. Аяқ сүйектері сақталмаған. Жасы 30-35 шамасында, жынысы әйел     (6-сурет).

 Қазба-5. Қаланың оңтүстік-батыс жағында, орталығынан 250 метр қашықтықтағы, биіктігі 0,5 метр, диаметрі 20 метр төбешікке салынды.  Төбешік  үсті қыш кірпіш сынықтарына  толы. Төбешікке көлемі 3х3 метр қазба салынды. 20 см. тереңдіктен қыш кірпіштен қаланған қабырға шықты. Қабырғаның шығыс жағында адам қаңқасының қалдықтары табылды. Ол анатомиялық жағынан толық емес, нашар сақталған, тек аяқ жілігінің төменгі қалдығы ғана сақталған. Су түбінде ұзақ жатқандықтан бұзылып кеткен. Қабірдің бір жақ беті ғана сақталған, көлемін анықтау мүмкін емес. Сақталған қабырға көлемі 25х18х2см. қыш кірпішпен қаланған. Қалау әдісі жалпалығынан үш кірпіш, тік қырынан үш кірпіш қойылып, ортасына лай сылақ салынған. Биіктігі 30 см., сақталған ұзындығы 2,6 метр. Қыш кірпіш өте  сапалы жасалған (7-сурет).

  Археологиялық қазба барысында көптеген бұйымдар: қыштан жасалған түрлі құмыралар, күбілер, дастархандар, түбек,  қазан, қақпақтар,  кеселер т.б. бөліктері (8,10,11-суреттер), темірден  жасалған найза ұшы, жебе ұшы, қылыш сынығы     (9 — сурет)  және көгілдір хрустальдан,  көк тастан, қызыл түсті сердоликтен, қара пастадан, теңіз ұлу қабыршағынан, мөлдір тастан, сүйектен жасалған түрлі моншақтар, сондай-ақ, өркениеттіктің басты белгілерінің бірі — қыш ыдысқа жазылған жазу табылды     (12 — сурет). Бір қызығы,  екі табақ сынығынан табылған бұл екі жазу да төрт таңбалы альфавиттен тұрады және олар үш рет қайталанып басылған. Қазіргі кезеңде жазудың мәтіні анықталған жоқ. Ол қалыппен басып салынғандақтан әлі көптеп кездесуі мүмкін.

10-сурет                                                           11-сурет

   Қорыта айтқанда,  Мырзашөл өңіріне, оның ішінде апатты жағдайдағы Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында көңіл бөліп, кешенді түрде археологиялық зерттеулер жүргізу кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Біздің ойымызша, бұл игі іске «Сырдария» университетінің  «тарих» мамандығының студенттерін де қатыстырып, жылда археологиялық  практика жүргізіп отыруды  жалғастыру  қажет.

 Ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласына жүргізілген археологиялық зерттеудің алғашқы нәтижелері біздің кең -байтақ Отанымыздың бір пұшпағы болып табылатын –Мырзашөлдің тарихы кешегі мақта шаруашылығына қатысты оман-арықтардан ғана басталмайтынын, оның тарихы тым ертеден бастау алатынын және қалалық мәдениет гүлденіп дамыған өңір болғанын көрсетеді.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Массон В.М. Первые  цивилизации . Л.,1989, с-5-12.
  2. Қозыбаев М.Қ. Өркениет және ұлт. А., 2001, 26-б.
  3. Археологическая открытия.Москва, Наука, 1972 г.
  4. Буряков Ю.Ф. Историческая топография  Ташкентского оазиса. Ташкент, 1975 г.  стр.51.
  5. Мырзантай Жақып. Мырзашөлім — мырза елім. Алматы, 1988 ж.
  6. Махмуд Қашқари. Диуани Лұғат ат-түрік, І-том, 47-бет.
  7. Материалы по истории туркмен и Түркмении. Т.І. М-Л, с-178.
  8. Смағұлов Е., Тұяқбаев М. Түркістанның орта ғасырлық тарихы. Түркістан,1998 ж.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ