Ақпан революциясынан кейін қазақ зиялыларының қазақ автономиясын жүзеге асыру жолындағы қызметінің зерттелу деңгейі

0

Тәуелсіздік жолы қиын-қыстау кезеңдерден, қасіретті жылдар мен қанды қырғындардан, азаға толы азаттық күрестерден тұрды. Сондықтан да, Отан тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыс пен ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолында жүргізген қажымас күресін өз дәрежесінде объективті түрде зерттеу және оны халық санасына дұрыс жеткізу тәуелсіз ел тарихшыларының алдында тұрған ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Ұлттық тәуелсіздік күресінің барысында пайда болған Алашорда үкіметі мен Түркістан (Қоқан) автономиясы ұлт зиялыларының ұлттық мемлекеттікті жүзеге асырудағы күресінің нәтижесі болды. Себебі кеңестік әкімшіл-әміршіл жүйе негізінде қалыптасқан тарих ғылымы ел өміріндегі елеулі оқиғалар мен фактілерді көп жағдайларда біржақты етіп көрсетіп, ақиқатты бұрмалап, жаңсақ көзқарастарға негізделген теориялық тұжырымдамалардың пайда болып, орнығуына жол ашты. Осыған байланысты тарихи процестерді ақиқаттан алшақ, таптық, партиялық тұрғыдан баяндап, оған марксистік-лениндік методология негізінде баға беру, нақты тарихи оқиғалардың қасіреті мен зардаптарын жасырып қалу сияқты зерттеу тәсілдері орын алды.

Алайда, Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін алуына байланысты тарихи оқиғаларды жаңа тарихи таным бағытында зерттеп, зерделеу мүмкіндігі туды. Отан тарихында халықтың өзін-өзі танып-білуі  мемлекеттілік мәселесіндегі қиын да күрелі процестерді зерттеу барысында жүзеге асады.

Алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері қазақ елін тәуелсіздік жолындағы күресте әрдайым көш бастаушы болды. Қазақ зиялыларының алға қойған басты мақсаттарының бірі мемлекеттік автономия мәселесі еді.

Мемлекеттік тәуелсіздікті қалпына келтіру жолында ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінің маңызы зор. Ұлттық зиялылар деп кімді айтамыз? Бұл сауал жөнінде қазақ халқының ардақты азаматтарының бірі Мұстафа Шоқай: “Оқыған, тәрбие көрген адамдардың бәрін зиялы деп атап, оны сол адам өзі тән болған ұлттың “ұлттық зиялысына” қоса беруге болады деп ойласақ, сөзсіз қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттары төңірегіне жиналған оқымыстыларды зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады” – деген болатын. Сондықтан да, ұлттық зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болды. Олар мақсатқа жету жолының ауырлығына мойымай, туған халқының жарқын болашағы үшін еңбек етті.

Біз қарастырып отырған тарихи кезеңде де мемлекеттілік үшін күрестің мәні мен мазмұны нақты бағдарламалық сипат алды. Біріншіден, азаттыққа қол жеткізу үшін қозғалыс басына ұлт зиялылары келді. Олар азаттық идеологиясын жасау, саяси партия құру сияқты күрделі мәселелерді қолға алды. Екіншіден, қазақ зиялылары бұл мақсатқа жетудің түпкі жолдары мен құралдарын да қарастырды. Қазақ зиялыларының түсінігі бойынша мақсатқа жеткізер негізгі ішкі фактор-ұлттық тұтастыққа жету мен жалпыұлттық сананы қалыптастыру еді. Келесі негізгі маңызды фактор-Ресей империясында басқа да ұлттардың, әсіресе мұсылман және түркі халықтарының дербес мемлекет болуы жолындағы күресте күш біріктіруі болды. Басқаша айтқанда, дербес мемлекеттілік үшін күрес дәл осы тарихи кезеңде ұлттық ауқымда да, сондай-ақ жалпыресейлік кеңістікте де жаңа мақсатты сапаға көтерілді.

Өз кезегінде Ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін қазақ зиялыларының қазақ мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіруге талпынысы мен бүгінгі таңдағы мемлекеттілік тәуелсіздігімізді нығайту арасындағы тікелей сабақтас байланысты аңғару қиынға түспейді.

Қазіргі ұрпақ үшін қазақ зиялыларының қандай тарихи жұмыс атқарғандығы ғана маңызды емес, нақ сондай дәрежеде олардың қайраткер ретінде бар болмысы мен кім болғанын зерттеудің мәні зор болмақ. Өткені барлық өркениетті қоғамда әрбір ұрпақ өзінің ерекшелігін, тарихи борыш-міндеттерін осындай мәселелерді зерттеу арқылы тарихи контексте зерттеу арқылы терең толық түсіне алмақ.

Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметтері нақты тарихи тұрғыдан бағаланып, соңғы он жылдан бері мұқият зерттеле бастады.

Алаш қайраткерлеріне қатысты жаңа көзқарас қалыптастыруда ашық та, батыл пікірлер айтып, дәлелді тұжырымдар жасауда К. Нұрпейісовты “Алаш һәм Алашорда”, М. Қойгелдиевтің “Алаш қозғалысы” монографияларын атап айтуға болады.

Қазақстанда “батыстық” бағыттағы құқықтық мемлекет құрылымын қалыптастыру, оны ұлттық мақсат пен мүддеге үйлестіру, елде қазақ ұлтының жетекшілік позициясын айқындау, Қазақстан құрамына түрлі әкімшілік жүйесіне бағындырылған қазақ жерлерін біріктіру, халықтың рухани сұраныстарын ұлттық менталитетке сәйкес ету бағыттарында белсенді қызмет атқарған қазақ зиялыларының қызметін ғылыми тұрғыда зерттеу арқылы көрсету де, зерттеудің маңыздылығы болып табылады.

Қазақ зиялылары ақталғанға дейінгі уақытта шыққан еңбектерден ақиқатты анықтау қиын. Пікірлердің дұрыс-бұрыстығын анықтаудан гөрі біз олардың жазылған кезеңіне назар аударуымыз керек [1].

Қазақ зиялыларының қазақ мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру мәселесін тарихи шындық тұрғысында ашып көрсетуде А. Байтұрсынұлының “Революция және қазақтар” атты мақаласының орны ерекше. Осы шағын көлемді еңбегінде А. Байтұрсынов 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларын қазақ халқының қалай қарсы алуына өз бағасын беріп, Алаш автономиясын жариялау мен оның үкіметін құрудағы себептерді ашып көрсетіп, Алашорданың Уақытша сібір үкіметі, Құрылтай жиналысы комитеті (Комуч) және Колчак билігімен қандай қарым-қатынаста болғандығы туралы өз пайымдауларын баяндайды. Сонымен қатар бұл мақаласында А. Байтұрсынұлы қазақ мемлекеттік дербестігін қалпына келтірудегі Алашорда үкіметінің халықтық сипатын көрсете отырып, болашақта құрылар Кеңестік Қазақ мемлекетінде де ұлттың өзін-өзі басқаруы мәселесін және Одақтағы биліктің өз кезегінде аймақты билікпен санасуының қажеттілігін көрсетеді.

Қазақ мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру мәселесіне қатысты ресми тұрғыда таптық және партиялық тұрғыдан “зерттеу” Ф. Голощекиннің Қазақстанның партия ұйымын басқаруға келген уақытынан бастап күшейе түсті.

Осы кезеңнен бастап Алаш партиясы, Алашорда үкіметі, Түркістан автономиясы (Қоқан) автономиясы мен жалпы қазақ зиялыларының қызметтерін қаралайтын еңбектер пайда бола бастады. Партиялық тапсырыстармен сол уақыттағы республикалық мемлекеттік баспаның директоры А.К. Бочагов 1927 жылы Алашорда туралы “Краткий исторический очерк о национально-буржуазном движении в Казахстане периода 1917-1919 гг.” атты кітапшасын жазып шығарды. Бұл еңбек партияның идеологиялық тапсырысымен жазылғандығына қарамастан, құжат материалдарын дерек ретінде келтірілгенмен де өз құндылығын осы күнге дейін жойған жоқ[2].

Большевиктік партия үшін сәтсіз деп табылған А.К. Бочаговтың еңбегінен кейін құрылған Комиссия жұмысы Қазақ өлкелік комитетінің 1928 жылғы 13 мамырдағы Секретариатының мәжілісі “Алашорданың” құжаттарын шығару жөнінде құжатқа байланысты алғы сөзбен және ескертпелермен шығару қажеттілігін көрсетеді. Нәтижесінде 1929 жылы Н. Мартыненконың құрастыруымен “Алашорда: Сборник документов” атты құжаттар жинағын шығарды. Сол кезеңдегі оқиғаларға талдау жасауға мүмкіндік беретін құжаттар жинағы ретінде қазіргі зерттеушілер бұл жинақты кеңінен пайдаланатын болды.

Қазақ Өлкелік Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафиро 1935 жылы “Алашорда тарихы бойынша очерктер” деген кітап жариялады.

Кітап жарық көрісімен жан-жақтан сынға алынды. Ақырында ВКП (б) Қазақ өлкелік партия комитетінің бюросы 1935 жылғы 15-сәуірдегі қаулысында айтылған кітапқа қосымша ретінде жарияланған құжаттар тізбегі Алашорданың котрреволюцияшыл ұлтшылдық идеологиясын таратуға қызмет етті деп бағалады. Сондықтан да “Очерки по истории Алаш-Орды” деген кітапты бюро пайдаланудан алып тастау жөнінде қаулы алды. Көп кешікпей осындай қаулы жоғарыда әңгіме болған Н. Мартыненко құрастырып, жариялаған құжаттар жинағы туралы да алынды[3].

Сонымен, Алаш пен Алашорда тақырыбына қалам тарту іс жүзінде тоқтатылды да, Алаш қозғалысын жан-жақты зерттеуге ресми түрде тиым салынды.

Сол отызыншы жылдардың ортасынан сексенінші жылдардың соңына дейін Алаш қозғалысына байланысты зерттеулер жүргізілген жоқ. Тек қана соңғы он-он бес жылдың ішінде жүзінде осы жасырын да құпия болып келген тақырып жөнінде тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған талпыныстар жасалуда.

90-шы жылдардан бастап ұлттық-мемлекеттілік құрылымдардың тарихи тәжірибесін зерттеу мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қазақстандық ғалымдар қазақ мемлекеттік тәуелсіздігін қалпына келтіру мәселесіне қатысты, яғни хандық билік жойылғаннан бастап, Алашорда үкіметі, Түркістан автономиясы (Қоқан) ұлттық-мемлекеттілік құрылым ретіндегі қызметін және ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қоғамдық-саяси қызметін талдап көрсететін іргелі зерттеулер жасап, еңбектер жазды. К. Нұрпейісовтың “Алаш һәм Алашорда”, М. Қойгелдиевтің “Алаш қозғалысы”,  “Мұстафа Шоқай және Тұтас Түркістан идеясы”, Д.А. Аманжолованың “Казахский автономизм и Россия” сияқты құнды еңбектерімен қатар ғалым заңгер С. Өзбековтың “Арыстары Алаштың” деген еңбегі де тақырыпқа байланысты зерттеуді ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыруды көздейді[4].

Сонымен қатар, осы кезеңде, бұл тақырыпқа байланысты бірқатар кандидаттық диссертациялық да жазылды. Олар: Хасанаева Л.М. Қазақ мемлекеттігін жаңғырту үшін күрес: түрлі көзқарастар мен саяси қозғалыстар тарихынан (XX ғ. алғ. ширегі); Ілиясова К.М. Қазақ съездері: қаралған мәселелері, шешімдері және олардың орындалуы (1917-1919 жж.); Махаева А.Ш. Қазақ комитеттері: құрылуы мен қызметінің тарихы (наурыз 1917ж. – маусым 1918ж.), т.б. диссертациялар зерттеу жұмысымыздың ашыла түсуіне өз септігін тигізеді.

Қазақ зиялыларының қоғамдық-саяси қызметін зерттеу отандық тарихнамада соңғы он-он бес жылдарында ғана қолға алынып отырғаны белгілі. Бірақ қазақ зиялыларының ақпан буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейінгі, яғни қазан төңкерісіне дейінгі аралықтағы тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін қалпына келтіруге талпынысы нақты зерттелмеген мәселелер қатарына жатады. Мерзімдік шегінен алып қарағанда аз уақытты қамтитын кезеңде ұлт зиялылары үлкен тарихи міндеттерді шешуге атсалысты. Сондықтан бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның шынайы тарихын жазу үшін қазақ зиялыларының тарихи-қоғамдық қызметтерін нақты талдап зерттеу маңызды деп есептейміз[5].

Осылайша, ұлт зиялылары өз елінің тәуелсіздігі мен дербестігі идеяларын мақсат етіп қойды. Олардың бұл идеялары бүгінгі таңда із-түссіз кетпеді, оны уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Резюме

В статье рассматривается национально-освободительное движение в истории Казахстана, а также борьба народных просветителей за независимость.
Дается анализ общественно-политической деятельности народных просветителей в восстановлении государственной независимости.

Ключевые слова: народные просветители, независимость, борьба.

Summary

The article considers the national-eiberation movement in history a Kazakhstan as well as the strugg le of the Enlightenment independence.

An analysis of the socio political activities for educators folk recover state.

Keywords: independence, national-eiberation, strugg.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Байтурсынов А. Революция и киргизы. //Жизнь национальностей. 1919. 3августа, №29.

2.С.Сейфуллин. Қазақ интелегенциясы. // Жизнь национальностей. 1920.25қараша, №10.

  1. Бочагов А.К. У истиков. Воспоминания. Алма-Ата. 1971.

4.Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры. Алматы: Жалын. 2004. 400б.

5.Т.Омарбеков, М.Қойгелдиев «Тарих тағлымы не дейді?» Алматы: Ана тілі. 1993.208б

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ