Оқу-тәрбие жұмысының мәдени-ағартушылық мәселелері

0

“Тәуелсіздікке қолымыз жеткен алғашқы күннен бастап сіздер мен біздер барлық қажыр-жігерімізді жұмсап, еңсесін асқақтатқан Жаңа Қазақстан барған сайын нық сеніммен алға басып келеді. Дамудың өзі таңдаған даңғылына түскен еліміздің атағы шартарапқа таралып, әлемдік қоғамдастықтың алдындағы абройы да жылдан жылға артып отыр” [1]. Халқымыздың әл-ахуалы күннен күнге жақсарып әлеуметтік тұрмыс деңгейінде алға басушылық айқын байқалуда.

ХХ ғасырды Ресейдің боданы болып қарсы алған қазақ елі, өткен ғасырдың соңына дейін өзгенің саясаты мен ықпалында өмір сүрді.

Бұл дербессіздік елдігімізді дәріптеуге, ұрпағымызды ұлттық рухта тәрбиелеуге, өткенімізді зерделеп, болашағымызды бағамдауға айтарлықтай кері әсерін тигізді.

Тарихымыздың екі жарым ғасырдан астам дәуірін қамтыған, алғашында Ресей самодержавиесінің шылауында, соңында социализмнің туы астында тіршілік еткен аға ұрпақтың табыстары да аз болмады. Әйткенмен дербессіздік жағдай еркін көсілуге мүмкіндік бермеді.

Міне тәуелсіздіктің алғашқы жалдарынан бастап-ақ еліміз тарихында дүбірлі оқиғаларға толы ерекше дәуір басталғандығына сіздер мен біздер куә болып отырмыз.

Еліміздің егемендігін жариялап, тәуелсіздік алуы, жер бетіндегі іргелі елдер сияқты Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болып дүние жүзінің саяси картасында елдігін айқындауы, бүгінгі ұрпаққа үлкен жауапкершілік жүктейді.

Жер бетіндегі үлкенді-кішілі бес мыңға жуық ұлттар мен ұлыстардың бар жоғы екі жүзден астамына ғана нәсіп болған тәуелсіздік қазақ халқы үшін теңдесі жоқ бақыт, бағасы жоқ табыс екенін ұмытпауымыз керек.

Ғылым мен техниканың бұрын-соңды болып көрмеген жетістіктерін пайдаланып отырған бүгінгі таңда тәуелсіздікті сақтау, тәуелсіздікке қол жеткізуден әлдеқайда қиын екендігі жасырын емес.

ХХІ ғасыр қазақ халқының шаңырағын қайта тіктеп, тарих сахынасына шыққан ғасыры болмақ. Біз қазір “жеріміздің көлемі жағынан жер бетіндегі екі жүзден астам мемлекеттердің ішінде тоғызыншы орында, қазба байлықтары жөнінен ең дәулетті елдер қатарында тұрмыз: вольфрам, қорғасын, барий, күміс, мырыш, хромит, марганец, молибден, мыс, уран, алтын, темір, қалайы, көмір, газ қоры бойынша жетекші елдердің алғашқы ондығында болсақ, мұнай қоры бойынша әлемде он үшінші орынды” иеленеді екенбіз [2].

Ғалымдардың айтуынша “батыстан шығысқа дейін 3000 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке дейін 1600 шақырым” жерді алып жатқан Қазақстан жері бір миллиардтан астам адамды асырай алады екен [3].

Бұл дегеніміз дүниенің төрт бұрышындағы құдіреттімін деген кез-келген елмен терезесі тең келетін 2300 жылдық мемлекеттік тарихы бар аңыз ертегілерде ғана айтылатын асыл қазынаға толы қасиетті Еуразия даласын мекен етіп, мал бағып бейбіт мамыржай өмір сүрген дұшпанына қатал,досына адал киелі қазақ халқының бүгінгі  ұрпағы ата-бабаларымыздан мұра осы байлықты Қазақстан Халқына, ел игілігіне пайдалануы керек. Ол үшін білімді де білікті мамандар қажет.

Тәуелсіздіке дейін ұлттық интелегенциямыз материалды өндірістен тыс, негізінен гуманиатрлық, педагогикалық тағы басқа салаларда ғана еңбек етті. Қазақ интелегенциясының осындай олқылығы тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өндіріске еркін араласуға, оны дамытуға кедергі келтірді. Бұл жағдай қазақ халқының ұлттық мүддесіне де нұқсан келтіргені жасырын емес.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жалдарынан бастап қолға алынған оң өзгерістердің қатарында Қазақстанның бүкіл білім жүйесінде болып жатқан ірі өзгерістер осы келеңсіздіктерді жоюдың басты тетігі болды.

Республикамызда жоғары кәсіптік және орта арнаулы оқу орындарының қатарының өсуі, оларда жаңа мамандықтардың ашылуы еліміз экономикасының түрлі саласында қызмет жасайтын заман талабына сай білімді де білікті  мамандар дайындауға мүмкіндік беріп отыр.

Адамзатты басқа бүкіл тіршілік иелерінен ажыратып тұратын білім мен тәрбие екендігі ақиқат. Олай болса оқу орындарының алдына қояр бүгінгі күн талабы өнерге, білімге құштар, ата-ана мен Отан алдындағы өзінің азаматтық парызын түсінетін, еңбек-сүйгіш, ана тілін пір тұтатын, төл мәдениетін, тарихын қастерлейтін, рухани жетілген, елін жан-тәнімен сүйетін азаматтарды тәрбиелеу. Нақтырақ айтсақ ұлтының қадір-қасиетін бойына терең сіңірген, өзінің білімімен де, сөзімен де, ісімен де халқының мүддесін қорғай алатын, қажет болса елі үшін жанын бере алатын елжанды азаматтар тәрбиелеу.

Бұл міндеттерді орындауда тәлім-тәрбие тізгінін ұстап отырған ұстаздар қауымына жаңа міндеттер жүктейді. Өйткені ұстаздың өз басында жаңа көзқарас қалыптаспайынша жаңа міндеттерді шешу мүмкін емес. Қытай халқының ұлы философы Конфуций “Ескіден озған, жаңаға қол жеткізгендер ғана жақсы ұстаз бола алады”-дейді.

Бұл дегеніміз әрбір ұстаз қазіргі заман талабына сай блімді, жоғары дәрежеде дамыған,адамгершілігі мол, мейірімді, өз пәнін оқытудың әдістерін жақсы меңгерген, адам жанын түсінетін, мәдениетті тұлға болу керек. Әрбір ұстаз жаңалықтан үнемі хабардар болуымен бірге ғылым  мен техниканың жетістіктерін біліп отыруы, әсіресе, өз саласының жаңалықтарын оқу процесінде қолдана білуі керек.

Орыс халқының озық көзқарасты демократ жазушысы В.Г.Белинский: “Өмірде алға басу бар, бір жерде тоқтап қалу, кері кету”-дейді.

Ұстаздық әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, қиялы бай адамға ғана жарасатын мамандық. Жақсы ұстаз болу тек ерен еңбектің арқасында ғана қол жететін табыс.

Чех халқының ұлы педагогы Я.А.Коменский: “Мұғалім ең жоғары құрметті орында, күн астында мұғалімдкке тең келетін мамандық жоқ”-дейді.

Жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісін әлемдік деңгейге сай жетілдіруге бүгінгі таңда мемлекетіміз ерекше мән беріп отыр. Жастарға жүйелі білім, саналы тәрбие беру ісіне жаңа талап тұрғысынан қарау қажет.

Ол үшін мектеп мұғалімдерінің педагогикалық тәжірибесімен бірге теориялық білім, әдістемелік шеберлігін түбегейлі жақсарту, жетілдіру керек.

Нақтырақ айтқанда, оқу-тәрбие жұмысының сапасын жақсарту үшін мұғалімдер сабақтың теориясы мен тәжірибесін іштей бірлестіріп, оқыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп, соның бәрін әдістемелік тұрғыдан игеру арқылы дидактика мен әдістемені, оқу-талдау-жиақтаудың, жаттығу мен машықтандырудың, айту мен үйренудің, ой мен тілдің, сезім мен ақыл қабілеттерін ішкі қатынасына, өзара тұтастығына тереңірек үңілуге тиіс.

Чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменский: “оқымай-тоқымай білікті өнерпаз, шешен, ақын болған адамдар жоқ”-дейді. Олай болса, баланың дұрыс білім алуы ең алдымен мұғалімге байланысты. Әрбір мұғалім өз ісінде ізденгіш, теориялық білімдермен жақсы қаруланған болса ғана балаларға жақсы өнеге, терең білім бере алады.

Білім ғана баланың дүниетаным көкжиегін кеңейтіп, ақыл-ойын жетілдіре түседі. Ал таным дегеніміз шексіз әлем.

Ескі мектептерде риторикалық оқу нақты текстен қол үзіп, мазмұнды формамен айырбастап қана қоймай баланың сезім қабілетін аттап өтіп, оның ақылын дамытуды ғана көздеген.

Оқыту мен тәрбиелеудің бұл тәсіліне кезінде Я.А.Коменский қарсы болды. Бала өз тамырында өзі өсіп жетілетін жеміс ағаш сияқты. Оған керегі-сөз, ереже емес, көркем сөздің өзін төтелеп оқып, содан білім, әсер, қоғамдық таным алады. Соның көбін бала текстің өзінен ғана ұғады.

Әсерді адамның қабылдауын Я.А.Коменский сезімнен бастайды. Бала қай затты болса да әуелі бес сезім (көру, есту, қол, тіл, сипау) арқылы танып біледі. Сол түсініктің нәтижесін ақыл топшалау арқылы жинақтайды. Схоластикалық (риторикалық) оқу баланың бойына білім дарытуды бірден ақыл сатысынан бастаған. Дәлірек айтқанда, олар сөз нәрін, образ ерекшеліктерін талдап түсіндіру кезінде тарихи адамдардың өмірбаяны мен терминдерді жаттауға әуес болған. Бұл 4х4=16 дегенді бір ғана 16 деп түсінумен бірдей. Ал бізге 4х4 дегеннің қалай көбейтілетінін білу маңызды. Нақтырақ айтатын болсақ, бір ғана тезис және қорытынды сөзбен жұмыс істеуші мұғалімдер жинақтау-талдау-жинақтау деген бір тұтас қағиданы бұзады.

Алғашқы жинақтау-кіріспе сөз емес, тексті оқытып, соның нақты мазмұнын игерту. Оқудан соң текстің тақырыбын тапқызсақ, бұл тексті оқудан туатын алғашқы жинақтау болады. Екінші саты-сол текстің формасын таныту. Бұл-ақыл категориясына құрылған жұмыс, танымның ғылыми сатысы.

Оны текст идеасын тапқызу арқылы жинақтаймыз. Соңғы жинақтау тұсында бала сол екі оқудан алған білім мен әсерін өздігінше игеріп байытады.

Бұл үш сатының үшеуі де жүйелі түрде жаттығу арқылы іске асады. Ол тез, саналы оқуға (көз), оқығанын ауызша айтуға (тіл), әдемі, дұрыс жазып үйренуге (қол), білгенін есте қалдыруға негізделеді. Осы төрт түрлі машықтанудан өтпеген білім тиянақты білім емес. Себебі белгілі бір мақсаттағы жаттығулар ғана білімді дағдыға айналдырады. Дағды арқылы қалыптасқан білім ғана адам жадында тұрақы сақталады. Бізде нақты тексті сабақтан алшақтатып кіріспе сөзге көп орын беріп, оқушының саналы оқуына, сабақтың нақты мазмұнын игеруіне нақты мән берілмей кететін жағдайлар жиі кездеседі. Нәтижеде бос сөзге әуес мұғалімдер текстің өзін оқудан туатын алғашқы сезімдік қабылдауды жүзеге асыра алмайды.

Әрбір текстің өзінен ұғым, нәр, ләззат ала білмеген оқушының жан дүниесі ойдағыдай дамуы мүмкін емес.

Оқу – тәрбие жұмысының негізгі әдісі – баяндау мен сөзге құрылған бақылау емес, дидактика заңдарын терең қолданып, жаттықтыру, яғни білімді мазмұннан туғызып, дағдыға айналдыру. Я.А.Коменский жайдан-жай мектепті жаттығу орны деп атамаған. Бірақ жаттығулар оқушыны шектен тыс талықтырып шаршататын, түк пайдасы жоқ формальдық мағынасыз жұмыстар болмауы керек, тек саналы білімділікке ғана жетелейтін жаттығулар болуы керек.

Кейбіреулер білім сыныпта, тәрбие сыныптан тыс жұмыстар арқылы беріледі деп ойлайды. Сабақ кезінде материалды (тексті) талдауға үйретеді. Тәрбие ең алдымен пәннен (білімнен) нәр алады.

Сабақ барысында талданған әрбір материалдың (текстің) тәрбиеге қосатын өзіндік үлесі бар.

Мұғалім мектептегі басты тұлға. Әрбір мұғалім сабақты пәнге (текстке) негіздеп жүргізуі үшін әдістемелік табыстарды терең игеруі теоритик-әдіскер болу керек. Сабақ білімді жаттығуға негіздеп, жүйелеп беруді қажет етеді. Ал сабақ дегеніміз-бірлескен  сынып жұмысының ерекше формасы.

Мұғалім – баланың қамқоршысы, ұстазы, екінші ата-анасы. Мұғалім өзінің шәкірттерінің білімге құштарлығын, оларды жақсы әдеттерге ықыласын арттыра білуі керек. Сабағына қызықтыра алмаған мұғалім оқушыларына дұрыс білім  бере алмайды. Мұғалімнің әрбір ісі, сөзі шәкіртке үлкен өнеге болуға тиіс. Сонда ғана оны балалар жақсы қадірлейді, оның әрбір сөзін байыппен тыңдап, бұлжытпай орындайды. Әрбір мұғалім бала үшін білім мен моральдың үлгісі болуға тиіс.

Оқу-тәрбие жұмысын жүйелі жүргізу үшін мектепте қалыптасқан жақсы тәртіп болу керек. Өйткені мектеп-қоғамдық орын, білім мен тағлым, тәрбиенің ордасы. Ол балаларға білім мен тәрбие беруге тиіс. Тәртіптіліктің басты мақсаты-осы. Әрбір мектептің өз дәстүрі, салты болу керек. Мектепте оқу-тәрбие жұмысында жақсы нәтижеге қол жеткізу айқайлау, жазалау түрінде болуы мүмкін емес, оны балаларға түсіндіріп ұйымшылдыққа үйрете отырып жүзеге асыру керек. Сонда ғана жұғымсыз балалар сыныптағы жолдастарынан өнеге алып, соларға ұқсауға тырысады. Жек көру, ызғар көрсету, баланы шеттету, бағаны әдейі төмен қою мүлдем дұрыс емес. Тәжірибесіз мұғалім ғана баланы айқайлап, қорқытумен тәртіпті етемін деп ойлайды.

Ал тәртіптің мақсаты – баланы оқуға қызықтыра білу. Сабаққа ықылассыз отырған оқушыны орнынан тұрғызып, жылы пішінде сұрақ  берсең, айта алмай қалса, ақыл берсең, оның сабаққа ынтасы артады. Оқушымен әзілдесу немесе оқушының кемшілігін мысқылдау қате тірлік. Оқушыларға қарым-қатынас бірдей болу керек. Оқушыларды алалу дұрыс емес. Ол біреулерді масаттандырады, біреулерді түңілдіреді. Оқытудың басты құралы – мадақтау, көмектесу, үйрету, дағдыландыру білімге қызықтыру, жаттықтыру.

Сонымен сабақты сапалы етіп өту үшін әрбір мұғалімнің ең алдымен оқыту теориясына (әдістемесіне), сөз оқу мен зат оқуының айырмашылығына жетік болуы керек. Сонда ғана мұғалімге сабақтың теориясы мен практикасы айқын болады. Мұғалім әдістеме, педагогика, психология ғылымдарына үнемі сүйенуі керек. Дидактика дегеннің мағынасы —  тек ғана тәжірибешілдік емес, оқудың тұтас теориясы мен жүйесі. Бұл жүйені қазақтың ұлы педагогы Ы.Алтынсарин біртұтас әдіс деп атаған.

Қорыта айтқанда кез-келген оқу орнының басты мақсаты білімді де білікті қоғам мүшесін тәрбиелеу. “Білімділік дегеніміз адамдардың белгілі бір жүйедегі ұғымдарының, деректері мен пайымдауларының, т.б. жиынтығы”. Ал “біліктілік дегеніміз адамның белгілі бір білім жүйесін тәжірибеде  пайдалана алу қабілеті”. Сонымен бірге адам бойындағы осы екі қасиетті толықтыра түсетін тағы бір қасиет адам бойындағы білік. “Біліктің біліктіліктен айырмашылығы сол, ол адамның белгілі бір құбылыс не күрделі мәселе жөнінде ой жүгіртіп, өзінше пайымдай білу қасиеті” [4].

Білік адам бойында оқудан гөрі, көрген-білгенін көкірекке тоқи білу арқылы қалыптасады. Бүгінгі таңдағы ғылым мен техниканың ғаламат жетістіктері адам  бойындағы білімділік, біліктілік және білік сынды қасиеттердің қатар қалыптасуына көңіл бөлу керектігін қажет етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” Президенттің Қазақстан халқына жолдауы. — Астана, 2007, 28 ақпан. 5-бет.

2 Қазақстан пайдалы қазбалары. — Алматы. 2003, 125.

3 Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. – Алматы, 2003, 5 Т 253-б.

4 Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. — Алматы 1999, 2 Т 495-б.

Резюме

Учитель-ключевая фигура в школе. Он должен знать не только свой предмет, но и хорошо разбираться в педагогике, психологии и методике преподавания своего предмета.  Учитель должен уметь привить учащимся любовь к своему предмету. Нельзя отставать от жизни. Хороший учитель-это тот, который постоянно работает над собой, старается понять суть инновационных педагогических технологий и умело внедрять их в учебно- воспитательный процесс.

Resume

            A teacher is the key figure in a school. He must know not only his subject, but know the Pedagogics, Psychology and methodology of  teaching his subject. He must be able to raise, in his pupils, a sense of love for knowledge. One can not stay apart from life. A good teacher always works on improving himself, tries to understand the meaning of new pedogogical technologies and integrates them into the learning-educational process with great skill.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ