Студенттердің пәнге қызығушылығын арттырудағы ақпараттық технологияның ролі

0

       Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру» — деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттері көзделген.  Қазіргі ақпараттық қоғамда өндіріс дамуының негізгі құралы ақпараттық ресурстардың қажеттілігі болып отырғаны сөзсіз. Осыған байланысты қазіргі заманда ақпараттар кеңістігінде адамға дұрыс бағыт таңдай білу үшін оқытудың жаңа технологиялары, атап айтсақ, ақпараттық технология дамуда[1].

      ХХІ ғасыр–техниканың озық дамыған ғасыры. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында бүкіл мектеп, жоғарғы оқу орындары барынша компьютермен, интерактивті тақтамен қамтамасыз етілген[2].

      Осыған орай, білім беру саласында да өзінің дамуы үшін жаңа қадамдар жасалуда.

      Жаңа ақпараттық технологияны неғұрлым тиімдірек пайдаланса, солғұрлым жетістіктерге жету мүмкіндігі де артары сөзсіз. Білім алу жолында оқулықтың маңызы қандай зор болса, қазір таңда оқушы үшін де, студент үшін компьютердің маңызы артып отырғаны белгілі, себебі компьютер болашақ ұрпақ үшін қоршаған әлемді танудың табиғи құралы болып табылады. Олай болса, сабақ жүргізу барысында компьютерді қолдану – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі. Соңғы жылдары барлық оқу орындарындағы сияқты, біздің университетімізде де компьютерлік техниканы, интерактивті тақтаны қолдану белсенді жүзеге асырылуда. Атап айтқанда зертханалық сабақтарда, аралық бақылау және емтихан қабылдау кезінде компьютер, ал дәріс, машықтану сабақтарында интерактивті тақта қолданылады[13.

      Білім беру жүйесіндегі жаңа ақпараттық технология дегеніміз – оқу және оқу-әдістемелік материалдар жинағы, оқу қызметіндегі есептеуіш техниканың техникалық құралдары, олардың ролі мен орны туралы ғылыми білімнің жүйесін және оқытушылар еңбектерін жүзеге асыру үшін оларды қолдану формалары мен әдістері деген анықтама беруге болады. Яғни, ақпараттық технология –оқытушырының жұмысын жүзеге асырушы әдістер мен формалар және студенттерге білім беруші құрал деуге әбден болады[4].

      Әдебиеттерде білім беру барысында ақпараттық технологияларды пайдаланудың бірнеше бағыттары көрсетілген, солардың ішінде жоғарғы оқу орындарының практикалық сабақтарына қажетті деп саналатындар: компьютер – студент білімін бағалау құралы; компьютерлік модельдеуді қолданатын зертханалық практикум; мультимедиа–технология — жаңа материалды түсіндірудегі иллюстрациялық құрал; дербес компьютер – білім жетілдіру құралы десек қателеспейміз.

      Техникалық құралдарды қолдана отырып, дәлірек айтсақ, компьютер көмегімен интерактивті дәрістер оқу, слайдтар көрсету, виртуальды зертханалық жұмыстар жүргізу студенттің қызығушылығын біршама арттыратынына көзіміз жетіп отыр. Екіншіден аралық бақылау, емтихан тапсырғанда да студентке қазіргі заманғы технологияны қолданған тиімдірек. Атап айтсақ, компьютермен аралық бақылау, емтихан қабылдау барысында студенттің жауабын тексеруде уақыттан ұтамыз.

       Қазіргі кездегі ақпараттық технологиялар оқу материалдарын иллюстрация жасау кезінде (мысалы анимациялы слайд – фильмдер) қолданылады. Бұл оқу үрдісін қозғалыста бейнелеуге мүмкіндік береді. Компьютердің көмегімен дыбыстық және бейнефрагменттерді де демонстрация арқылы жасауға болады. Осындай әдіспен жүргізілген сабақ студентке әрі қызықты, әрі неғұрлым түсінікті болары сөзсіз. Қандай да болмасын құбылысты студент табиғи түрінде көргендей болады және көзбен көргенін ұзақ уақыт есте сақтай алады. Анимациялық немесе видео материалдарды көру кезінде студентте әртүрлі сұрақтар да туындайды, яғни пәнге, тақырыпқа қызығушылығы артып, сұрақты толықтыра, тияқтай түсуге ұмтылады.

      Студенттің білім сапасын және пәнге қызығушылығын арттырудың тағы бір жолы электронды оқулықтар жасау деп санаймыз. Кітапханадан бірнеше оқулық алуға мүмкіндігі болмай қалған жағдайда біздің оқу орнының студенттері электрондық оқулықпен кез келген уақытта дайындалу мүмкіншілігіне ие болды.

       Электрондық оқулық арқылы да студенттердің сабақ үстінде немесе сабақтан тыс уақытта тақырыпқа сәйкес мәліметтермен танысуға, практикалық сабақ тапсырмаларын өз бетінше орындауларына көп мүмкіндіктері бар. Бұл орайда, студенттеріміз біздің кафедра оқытушылары дайындаған  бірнеше электронды оқу құралдарын, әдістемелік оқу кешендерін кітапханадан тауып, қолдана алады[5].

       Осындай электрондық оқу құралдарды, оқу – әдістемелік нұсқауларды, оқу – әдістемелік кешендерді пайдалану – оқытудың ең тиімді әдістерінің бірі. Ол оқытушының шығармашылықпен жұмыс жасауына, белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Оқытушы үшін электрондық оқулық күнделікті дамып отыратын ашық түрдегі әдістемелік жүйе, оны әрбір оқытушы педагогикалық тәжірибесіндегі материалдармен толықтыра отырып, әрі қарай жетілдіре алады. Электрондық оқулық арқылы түрлі суреттер, тірек – сызбалар, бейне көріністер көрсетуге болады. Бұл әрине оқытушының тақтаға жазып түсіндіргенінен тиімдірек, әрі әсерлі деуге болады. Меңгерілуі қиын пәндерді, мысалы физика болсын, биологиялық бағыттағы пәндер болсын кейбір сұрақтарды студенттерге компьютердің көмегімен ұғындырса, атап айтсақ күрделі сурет, сызбаларды слайдтар арқылы көрсетсек, тақырыпқа деген құштарлығы ояна түсетіндігі байқалады.

      Оқу орнымыздағы жаратылыс тану, жалпы білім беру пәндерінен қазіргі қолданыстағы электрондық оқулықтың әр тарауында тақырыптың мазмұны, заңдары мен анықтамалары, түсіндірме сөздігі мен қазақша  — орысша сөздіктер, кестелер, жаттығулар мен есептер, бақылау жұмыстары, тест тапсырмалары қамтылған. Тараудағы оқу материалдары бойынша берілген анимациялық тәжірибелер студенттерге физикалық, биологиялық құбылыстарды көрсете отырып, түсіндіруге ыңғайлы.

      Заманауи ақпараттық технологияны пайдалану өз білімін көтеру тиімділігін де арттырады. Бұл бірінші кезекте сандық түрде жазылған ақпараттарды пайдалану кезінде қажетті мәліметтерді оңай табуға мүмкіндік береді.

      Қазіргі кезде компьютердің көмегімен тек белгілі бір аудиторияларда ғана емес, сонымен бірге қашықтықтан оқыту үрдісі де дамып отыр. Ол үшін интернет желісіне қосылған компьютер керек. Қашықтықтан оқыту кезінде тапсырманы және онымен бірге ұсынылған оқулықтарды қарап отырып, білім алғысы келетін адам өзі ізденіп, жауаптарын салып жібереді.

  Сабаққа дайындалу барысында оқытушы сабақ мазмұны студенттер үшін танымдылығы жағынан қызықты әрі жаңаша өтуі үшін өзінің бағалы уақытын қажетті материалды іздеу мен жүйелеуге жұмсайды.

 Бірақ, мұның барлығы жүзеге асуы үшін оқытушы компьютерлік оқыту технологиясы бойынша білім мен іскерлікті игеруі қажет.

 Жоғарғы оқу орындарындағы білім деңгейін көтеру және онда интерактивті құралдарды пайдалану арқылы оқу – тәрбие үрдісін тиісті деңгейге көтеру, кафедра оқытушыларының, педагогикалық ұжымның жүйелі басшылыққа алған бағыты деп есептейміз. Интерактивті құралдарды қолдану негізінде оқу орнында жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқыту сапасын арттырып, білім беруді ақпараттандыру жүйелі түрде іске асады деуге болады.

  Компьютер және интерактивті құралдар арқылы жасалып жатқан оқыту үрдісі студенттің жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырып, оларды жүйелік байланыстар мен заңдылықтарды табуға бейімдеп, нәтижесінде – өздерінің кәсіби потенциалдарының қалыптасуына жол ашу керек[16]. Бүгінгі таңдағы ақпараттық қоғам аймағында, студенттердің ойлау қабілетін қалыптастыратын және компьютерлік оқыту ісін дамытатын жалпы заңдылықтардан тарайтын педагогикалық технологияларды тиімді деп санауға болады[7].

       Әр оқытушы мүмкіндігінше интерактивті тақтамен жұмыс жүргізуді толығымен меңгерсе іс деуге болады. Себебі интерактивті тақта – аудиториядағы студенттердің барлығын қамтып оқыту үшін мүмкіндік беретін басты құрал. Интерактивті тақтанының оқытушылар үшін де артықшылығы зор деуге болады, себебі оқытушы жаңа материалды өте қызықты және қарқынды, сапалы етіп түсіндіруге мүмкіндік беретін көрнекі құрал десек қателеспейміз. Интерактивті тақтаны қолдану барысында студенттердің өз ойларын, өз ұсыныстарын жеткізе алатындай деңгейге жеткенін байқауға болады. Жаңа материалдарды бірігіп талдауда да маңызы үлкен болады. Сөйтіп интерактивті тақтаны жүйелі тиімді пайдалану оқу сапасының артуына, студенттің қызығушылығын, белсенділігін арттыруға ықпалын тигізеді. Кейбір идеяларды түсіну үшін қойылған дұрыс сұрақтар дискуссияны өрбітіп студенттердің материалдарды жақсы түсінулеріне жетелейді. Біз де өз сабақтарымызда интерактивті тақтаны мүмкіндігінше толық пайдалануға тырысамыз. Ол үшін интерактивті тақта саны көбірек болуы тиіс, яғни мүмкін болғанша кафедрада бірнеше аудиторияда орнатылғаны дұрыс.

 Интерактивті құралдардың мынадай ерекшеліктерін атап өтуге болады:

  1. Тақтаға бормен салынған суреттен немесе графиктен интерактивті тақтада түр–түсі анық, ұқыпты және айырмашылығы өте үлкен болып көрінеді.
  2. Слайдтарда қателер жіберілсе, тез арада түзетуге болады.
  3. Сабақ барысында көрнекілік материалдарды қолдану сапасы артады.
  4. Сабақтың да сапасы артады.
  5. Әсіресе студенттің сабаққа қызығушылығы, белсенділігі артады.

      Қорыта келгенде, оқытудың компьютерлік технологиясын және интернет ресурстарын оқу үрдісінде кеңінен қолдану студенттердің өз бетімен ізденісіне, пәнге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық белсенділігін дамытуға, оқыту мәдениетін қалыптастыруға, студенттердің жеке жұмыстарын ұйымдастыруға, әсіресе студенттің пәнге деген қызығушылығын арттыруға ерекше қолайлы жағдай туғызады.

       Оқу үрдісінде оқытудың ақпараттық технологиясын тиімді пайдалану және қолдану студенттің жеке тұлғасының дамуына ықпал жасаудың негізгі міндеттерін қарастырады.

       Оқытушы сабағында ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жаңа қоғам жағдайында өмір сүруге белсенді, бәсекеге қаблетті, игерілген білімімен білікті болашақ мамандарды дайындайды.

Резюме

Информационно-коммуникативная технология имеет в настоящее время большое значение, В данное время применение информационной технологий необходимо для повышения качества проведения занятий в учебном процессе. На занятях при объяснении различных явлений большую роль играют информационные технологии, достоинством  которых является применение современных средств обучения; интерактивная доска, программа Power Point и т.д. Четко организованные лекции и семинары позволяют студентам быть активными на занятиях, повышает уровень знаний и развивает стремление к самостоятельной подготовке, благодаря чему достигается психолого-педагогические цели и задачи учебного процесса.

Summary

Information and communicative technology is very important nowadays. At present to apply information technology is necessary to increase the quality of lesson conducting in the teaching process. At the lessons it is very important to use information technology during the explanations of different physical phenomena such as applying interactive board, different computer programs as Power Point and others. Very properly organized lectures and practices help students be active, very involved in the theme. It increases their levels of knowledge and develops their striving for independent work, that is self-training due to which it is possible to reach psychological and pedagogical aims and tasks of the teaching process.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Қазақстан республикасының «білім туралы» заңы

2.«Қазақстан – 2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»  атты Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы, 2013 жыл .

  1. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
  2. Е.Т.Акимбеков, А.М.Зикирина, А.Б. Мусатаева «Ақпараттық технология құралдары арқылы физика пәні бойынша студенттердің білім беру сапасын арттыру» // «Жоғары білім жүйесіндегі инновациялық білім беру технологиялары: тәжірибесі мен болашағы» Республикалық ғылыми-әдістемелік конференция баяндамаларының жинағы., 17-18 мамыр 2012ж. 2-том, 178-182 б.б.

5.К.А.Омаркулов. Е.Т.Акимбеков, Ұ.Қ.Қуантханова, Ж.Е.Қайырова, А.Б.Сапанов «Ақпараттық технологияны сабақ үрдісінде қолданудың артықшылықтары» // «Төлегенов оқулары» «Қазақстанның білім беру жүйесін дамытудағы инновациялық бағыттар» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияның 2-бөлім материалдары. 12 сәуір, 2013 жыл. Арқалық,2013ж.,325-328 б.б.

  1. К.А.Омаркулов, Д.А.Утебаева, З.К.Баймуканов, Е.Т.Акимбеков

// «К проблеме оптимизации учебного процесса», Методология и методика формирования научных понятий у учащихся школ и студентов вузов «УСОВСКИЕ ЧТЕНИЯ» материалы XX международной научно-практической конференции, 4-5 апреля 2013 года, часть 1, Челябинск,2013, 23 стр.

7.Талпақов Ж.Д., Омарқұлов Қ.А, Акимбеков Е.Т. // «Проблемное обучение на практических занятиях». Материалы научно-практической конференции. Валихановские чтения-3., 53-54 с.с., Кокшетау, 1996г.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ