Ұлттық дүниетанымды саз өнері арқылы қалыптастыру мәселесі туралы

0

Республика Президенті  Н.Назарбаев еліміздің шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесуінде (17.03.1998 ж): «…Елдің экономикалық мүдделерінің дұрыс шешілуі үшін де алыс-жақындағы мемлекеттердің бізді танығаны, мойындағаны керек. Ал, осынау дүбірлі дүниеде өзіңді мойындатудың сенімді жолы-тағылымды тарихын, озық ғылымның, мәдениетің»,- деп сөйлей келе, «…Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ өзімізге де толық таныта алмай келе жатқан халықпыз…» Бұл- әрбір азамат туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсінсін деген сөз.  Бұл әрбір азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ өңірдің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөз… Түптеп келгенде біз осыны мақсат етеміз,- деп зиялы қауымның, әсіресе педагогтардың назарын аударды. Осыған  орай бүгінгі күні педагогика ғылымында ұлттық жетістіктер арқылы тәрбиелеудің  жалпы айтқанда қазіргі жарық көріп жатқан материалдардағы өткен ұрпақтардың бай тарихы мен мәдениетіне тереңірек жан-жақты көз жіберсек, байқалатыны — ақиқат-ұлттық дүниетаным ізгілікті мүдделерді қажеттіліктер мен мақсаттарды қалыптастыруға барынша ықпал етіп, әлеуметтік өркениетке жету мен халықтың материалдық және рухани құндылық қатынастарын жасауда қозғаушы күш болатындығы. Ең маңыздысы, жаңа қоғамдық қатынастарды, жаңа сана-сезімді қалыптастырудың күрделі кезеңінде ұлттық дүниетанымдық көзқарасты ар-намыс тұрғысында қайратты жігермен, қажырлы еңбекпен іс жүзінде пайдалана білген жөн. Мұның ұлттық сана-сезім мен идеологияны қалыптастыруға, халықтың тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрпын, өнерін, салт-дәстүрін, ана тілін дамытуға және жастардың бойына отаншылдық сезіммен ұлттық ар-намысты қоюға ықпалы айрықша. Солардың қатарында біз қарастырып отырған саз өнері.

Жас ұрпаққа тәрбие беруде ұлттық өнері туралы соның ішінде қазақтың саз өнері туралы журналдың беттерінде ерекше жазылды. Г.Карашев мұғалім негізгі тұлға екендігін әркез айтып отырған. Ол мұғалімге қойылатын талап-тілекке оқыту, үйрету, тәрбиелеу ісіне жеңіл-желпі қарамай оған аса жауаптылық пен тиянақтылық керек екенін ескертеді. Осы кезеңде өзінің тәлімдік қолтаңбасымен жұртқа таныла бастаған ағартушылықпен дін оқуының келесі бір білгірі – Мұхаметсәлім Кәшімов (1884-1934ж) еді. Ол «Әдеп» (1907), «Сабақ» (1907), «Насихат қазақия» (1908), «Ақыл кітабы» (1908) т.б. жарық көрген еңбектерінде қазақ балаларына оқу-білім, тәлім-тәрбие тазалық, мәдениет, әсіресе дүниетаным мәселелерінің төңірегінде көптеген ақыл-кеңес, өнегелі тағлымдар ұсынады. Ағартушы ұлттық салт-дәстүрге, соның ішінде қазақтың саз өнерге негіздеу қажеттігін, мұны имандылық пен адамгершіліктің сан алуан көріністерімен ұдайы ұштастырып отыруға ерекше мән береді.

   Қазақ  халқының ағартушысы Спандияр Көбеев Қазан төңкерісіне  дейін-ақ  шәкірттерге дәріс бере жүріп, ауыл мектептеріне арналған бірнеше оқу құралдарын жазды. Ол Ыбырай Алтынсарин дәстүрімен «Үлгілі тәржімә» атты оқу құралын құрастырды. 1912 жылы жарық көрген «Үлгілі бала» атты басылымда қазақтың бай ауыз әдебиетінен сұрыпталып алынған материалдар ерекше назар аудартады. Бұл жөнінде С.Көбеев былай деп жазған: «Хрестоматияны құрастырғанда, негізгі ойлаған мақсат, көздеген нысан — жас ұрпақты өнер-білімге, әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелеу еді. Мұндағы әрбір өлеңнің, әңгіменің мазмұны оқушыларды өнер-білімге шақыру, шыншыл болуға үндеу, жетім-жесірлерді, нашарларды аяу, қайырымсыз балаларды әшкерелеу, сол сияқты әлеуметтік теңдікті насихаттау еді».

С.Көбеевтің шығармашылығында оқушылардың дүниетанымын қалыптастыру туралы көп  айтылған.

Орта буын сынып оқушыларының білімін дамытуға, сонымен бірге ұлттық дүниетанымын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлген Ахмет Байтұрсынов болды. Ғалым қазақ бастауыш мектептерінде қандай пәндер оқытылу керек дегенге арнайы тоқталып, ол пәндерді оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, жаратылыс осылардың  қатарында  қазақ тың саз өнері болуы керек  екендігін нақтылап  көрсетті. Ұлттық саз өнері құралдарымен тарих, әдебиет сабақтарында дәстүрге айналған қолданбалы өнерін әрі қарай дамытқан жөн.  Бұл сабақтарға ең әуелі әдістемеден хабардар оқыта білетін мұғалім, керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы қажет-деп ғалым ойын түйіндейді.

Қазақтың салт-дәстүрін сақтау, «қайсыбір» ырымдарды  бұлжытпай орындап отыру Халел Досмұхамедовтың  (1883-1937) шығармашылық еңбектерінде орын тауып тұр. Досмұхамедов жасаған психология, физиология пәндеріне байланысты көптеген терминдік атаулары төл тіліміздің  сөздік қорына жиырмасыншы жылдардың өзінде-ақ іріктеп ала білгені бастауыш мектеп оқушыларының психологиялық ерекшеліктерін байқатады. Осының негізінде тәрбие жүйесі дұрыс құрастыруға мүмкіндік туады. Халел Досмұхамедов қазақ жоғары педогогика институтында өзінің лекцияларында халықтық педагогиканың кейбір мәселелерін сөз етіп, баланың даму үрдісіндегі саз өнерінің аса маңыздылғын айтқан. Сонымен, ғалымның педагогика, психология  саласында жазған ғылыми еңбектернінің де болуы ықтимал. Өкінішке орай бұлар бізге әлі күнге дейін жетпей отыр.

Мектеп оқушыларының оқыту, тәрбие мәселелеріне арнайы көңіл аударған қазақ әйелдерінің арасынан әлеумет өмірінде алғаш көрінген кісінің бірі — Назипа Құлжанова болды. Ғалым 20-жылдардың өзінде-ақ бастауыш сынып және мектепке дейінгі балалардың психологиялық ерекшеліктерінің байланысын анықтап, дүниетанымының қалыптасуын жүйеледі. Сол кезден бастап жас балалар педогогикасының ірге тасы қалана басталынды. Құлжанованың еңбектерінде көшпелі қазақ елінің өмірі, тұрмыста кеңінен қолданылатын қолөнерінің заттары, олардың тәрбиелік мәні айқын байқалады.

   Ұзақ  жылдар бойы «ұлтшылдық» әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен  мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Жүсіпбек Аймауытов жазушылығымен қоса топарлығында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбектерін жазумен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторы болуымен дараланған ірі тұлға. Ж. Аймауытов баланың дүниетанымын қалыптастыруда тәрбиенің екі түрлі болатындығын көрсетеді: дене тәрбиесі және жан тәрбиесі. Әсіресе екіншісінің дамуына қазақ халқының саз өнері байлықтары әсер етеді,-деп ғалым ойын түйіндейді.

Жастайынан ұлттық саз өнері құралдарын естіп, біліп тану баланың ой-өрсін, ойлау қабілетін тереңдетіп отырады. Осындай құнды пікірлерді ғалымның көптеген мақалаларынан байқауға болады. Бірақ ғалым білім негіздерінің, соның ішінде саз өнерін ана тілі арқылы меңгерілетінін айта келе: «Ана тілін жақсы меңгеріп алмай тұрып өзге пәндерге түсіну мүмкін емес. Ана тілі халық болып жасағаннан бері жан дүниесінің айнасы болып, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құлмайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазынасы мол халықтың тілі»-деп оның қоғамдық ролін адамзат баласы жасаған бар рухани-мәдени байлықты меңгерудің басты құралы екендігін, оны жан-жақты және терең меңгерудің қажеттігін баса көрсетеді. Ғалымның пікіріне қосыла отырып, біз ана тілінің оқушының саз өнерімен танысуда да, дүниетанымы қалыптасуда да мәні зор екендігін айтқымыз келеді. Саз өнерінің ерекшелігін тек көркем қазақ тілінің байлығымен жеткізуге болады.

    Жүсіпбек Аймауытовтың еңбектерінен біздің зерттеуімізге қатысты тағы да бір пікірге көңіл аударған жөн. Бірақ Аймауытов сол кезде-ақ көшпелі жұрттың өткендегі салт-сана, әдет-ғұрып, шаруашылық кәсібі және мәдени өмірінен хабардар болу үшін, оқушыларға біріктіріп, яғни интеграция принципі бойынша  «Біздің Отан» деген атпен оқыту қажет деген пікір ұсынады. Сонымен, біздің ойымызша Ж.Аймауытовтың бұдан 70 жыл бұрын айтқан осы пікірлері бүгінгі жалпы орта білім беру жүйесіне соның ішінде орта буын сыныпта терең өзгерістер енгізуді ұсынып отырған ұлт мектептерінің тұжырымдамасында айтылғандай білімді ары қарай интеграциялап, оны гуманизм идеясымен нәрлендіре берудің ұстанымына дәлме-дәл келіп отыр. Әрине, осы айтылғандар қазақ мектептерінде де  саз өнермен таныстыру кезеңінде жаңа шешімдерін табуға тиіс. Аймауытов адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып келгенін өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін емес екендігіне тоқталып, ұлт мектептерінде әуелі кескін, қолөнері мен сурет салу, ән-күй өнерін үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздың қабілетін тәрбиелеуді баса айтады. Осы пікір баланың саз өнеріне бейімделер кезінде дүниетанымының тереңдеуде айқын көрсетіліп тұр.

Қазақ халқының тәлім-тәрбиелік бай мұрасын игеру жөніндегі Мағжан Жұмабаевтың бағыт-бағдары өте құптарлық. «Ұлт тәрбиесі, деп жазды ол, — баяғыдан бері сыналып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Сол ұлт тәрбиесі тәрбие қылуға міндетті». Халық тәрбиесін қастерлей отырып, оның негізгі құралдарының бірі деп әрине қазақтың саз өнерін де кіргізеді.

Тегінде жаратылыспен бауырласып құшақтасқан, алдындағы малымен бірге жүріп, бірге өскен қазақ баласын аса нәзік қылып, үлбіретіп тәрбие қылмағаны дұрыс болар еді… Қазақ баласының тәрбиесі қазақ тұрмысына қабысуы мақұл. Бұл жерде ғалымның ұстаздық жүрегі, ақындық сезімі ұрпақ тәрбиесін, оның дүниетанымын табиғаттан тыс қарастыра алмағаны анық.

Мағжанның еңбектерінен тағы да бір көңіл бұратын бір нәрсе – ол қазақ бесігінің аса ұсталықпен жасалғаны. Ақын: «Жөргегі, тартпалары, астындағы тесігі, шүмегі, түбегімен баланың таза жинақы жатуына көп себепші» — дей келе, ананың әлдиеінің орны маңызды екенін айтады.

Аталған ұлы ғалымдардың тәрбие, дүниетаным, өнер туралы пікірлері әрмен қарай бірқатар педагогтардың  еңбектерінде орын тауып отыр: Шәрапи Әлжанов (1901-1938), Әбдіхамит Сембаев (1905-1989); Төлеген Тәжібаев (1910-1964), Сұлтанбек Қажахметов (1910-1945), Мәжит Мұқанов (1920-1985), Қартбай Бержанов (1924-1976) т.б. Бірақ біздің зерттеуімізге қажеті  саз өнері толық жүйеленбеген. Онымен танысуда оқушының дүниетанымының қалыптасуы кейінгі ғалымдардың еңбектерінде терең зерттеледі. Өйткені қазіргі таңда ұлттық мектептерде саз өнері арқылы оқу-тәрбие жұмысының педагогикалық талаптарын мұқият әрі ұтымды ұйымдастыру аса маңызды болып табылады.

Әдебиеттер

     1.Алтынсарин Ы. Педагогикалық идеялары мен ағартушылық
қызметі. Алматы., Мектеп, 1969. — 154 б.

     2.Жумабаев М., Педагогика., Алматы., Рауан., 1993. — 180 б.

     3.Аймауытов Ж., Психология. Алматы., Рауан., 1995.- 312 б.

     4.Қалиев   С., Казақ   этнопедагогикасының      теориялық негіздері мен тарихы.,

        Алматы., Рауан., 1998.-128 б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ