Агроқұрылымдардың бәсекелестікке қабілеттігін арттырудың экономикалық негіздері

0

Аннотация: мақалада мақта саласы бойынша бәсекеге қабілеттілік жағдайы талданған. Агроқұрылымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ұйымдастыру, экономикалық, технологиялық механизмдері зерттелген. Мақта кешенінің бәсекедегі қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттары қарастырылған.

Түйін сөздер: бәсекеге қабілеттілік, бәсеке қатынастары, бәсекелестікке қабілеттілікті бағалау, бәсекелестікке қабілеттілік механизмі.

Мақта саласында ірілендірілген агроқұрылымдардың өлшемдері барлық өңірде бірдей болмайды. Олар қалыптасқан шаруашылық құрылымы, су жүйлеріне, топырақ-табиғат жағдайына қарай алуан түрлі экономикалық -өндірістік көлемдерде, өлшемдерде құрылуы мүмкін. Мұндағы мақсат -техника қуатымен орындалатын агротехникалық шараларды бірлесіп, қолда бар техниканы және капиталды шоғырландыру, агротехнологиялық операцияларды дер кезінде жоғары сапада орындап, өнімді арттыру және шығындарды азайту.

Енді осылайша шектен тыс ұсақталып кеткен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді өз еркімен ірілендірудің (бірігудің) жолдарын ұсынамыз. Бәсекеге қабілетті және тиімділігі жоғары өндіріс қалыптастыру үшін шағын агроқұрылымдарды орта және ірі тауарлы өндіріске өткізуді ұйымдастыру қажеттілігі туындап отыр.

Шағын ауылшаруашылық өндірістік құрылымдарды біріктіру жолдарының бірі алғашқы кезде «қарапайым серіктестік» болуы мүмкін. ҚР-ның «Азаматтық кодексіне» сәйкес ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер «қарапайым серіктестікке» бірлесу қызметі туралы келісім-шарт негізінде біріге алады. Егер осындай келісім-шарт азаматтар арасында (жеке тұлғалар), сондай-ақ жеке тұлғалар мен заңды тұлғалар арасында жасалатын болса, онда бұл бірлесуді «қарапайым (жай) серіктестік» деп қабылдауға болады. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өздерінің ресурстарын біріктіріп, белгілі бір шаруашылық міндеттерді шешу бағытында өз қызметтерін үйлестіреді. «Қарапайым серіктестіктерге» қатынасушылардың бәрі өздерінің шаруашылық дербестіктерін сақтайды. Шартқа қатынасушылардың бірлескен қызметтері жалпы жұмысты жүргізуде олардың бәрінің келісімі бойынша іске асырылады. Ақшалай немесе басқа да мүліктік жарналары, сондай-ақ олардың бірлескен  қызметінен құрылған немесе сатып алынған мүліктер олардың жалпы үлестік меншіктері болып саналады [1].

Шаруа қожалықтары ерікті түрде бірлесіп немесе өзара келісім-шарт негізінде қауымдасып, мақта өсіру мен жинаудың технологиялық картасына сәйкес төмендегі операцияларды орындағаны жөн дейді өз зерттеуінде экономист-ғалым Б.Серіков [2].

  • сүдігер жырту, тегістеу, алқапты сор шаюға дайындау;
  • топырақты шит себуге дайындап өңдеу, ылғал жабу, қопсыту, тырмалау, тегістеу;
  • жүйек арасындағы баптау жұмыстары: культивация, жүйек алу, тыңайтқыштармен қоректендіру;
  • зиянкестермен биологиялық және химиялық жолмен күресу;
  • механикалық шырпу;
  • алқапты машина теріміне дайындау: айналма алаңдарды, оқ-арықтарды тегістеу, дефоляция (жапырақты түсіру) жасау;
  • машинамен мақта жинау;
  • шитті мақтаны арту, тасымалдау және сатуға немесе сақтап өңдеуге жеткізіп беру.

Мақта кешенінде бәсекелестікке қабілеттілікті арттыру үшін агроқұрылымдарды қайта құру ұйымдық-экономикалық тұрғыдан жан-жақты зерттеулер керек. Зерттеу барысында жерді қалпына келтіру, шаруашылықтарды ірілендіру, озық агротехнологияларды ендіруді, өндірісті интенсивті-индустриалды тәсілмен ұйымдастыру, өңдеу тиімділігін арттыру проблемалары туындайды.

Мақта кешенін әлемдегі рыноктық қатынастардың ықпалына бейімдеу, дағдарыс жағдайында саланың өміршеңдігіне жаңа көзқараспен, жаңа өлшемдермен баға берілуі, экономикалық ой-пікірлердің, сараптаудың жаңа әдістерін қолданып, мақта саласын ұйымдастыру үшін өңірдің табиғи, экономикалық, өндірістік ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескеру керек.

Ғалым, экономист Б. Серіков «Мақта кешенінде рыноктық қатынастарды қалыптастыру мен дамыту, шаруашылық субьектілерінің рыноктық қатынастарға бейімділігін арттыру үшін төмендегі міндеттер атқарылуы керек» екендігін айтады [3]:

− сатып алушылардың қажеттіліктерін қамтамсыз ететін жоғары сапалы өнімдермен қамту, ішкі рынокты дамыту арқылы импорт алмастыру көлемін арттыру;

− мақта өнімдерінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру үшін кешенді кажетті ресурстармен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіріп, әділ бағаны қалыптастыру, халықтың төлем қабілетіне сай сұранысын қамтамасыз ету;

− мақта кешенінде өндірістің тиімділігін және бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру міндеті ресурстарды үнемді жұмсау талаптарын қамтамасіз ететін факторларды айқындау: өндіріс шығындарын азайту, өнімнің сапасын жақсарту, пайдалылық денгейін жоғарылату, т.б.

− ақпараттық қызмет, байланыс және консальтинг, ғылыми зерттеу мен инновация, селекция және тұқымшылық талаптарын орындау;

− мақта өнімдерін жеткізіп беру мен өткізу қызметтерін жетілдіру;

−  мақта өндірушілер мен өңдеушілердің арасындағы мүдделі өндірістік және экономикалық қатынастарды ғылыми тұрғыдан негіздеу.

Мақта саласының бәсекелестікке қабілеттіліктігін арттыруда табиғи
(жер, су), және атмосфералық ресурстары мен өндіріс құралдары өнімнің, яғни қосылған құн қалыптастырудың базистық ресурстарын тиімді пайдалануға ықпалы зор.

Табиғи ресурстарға жер және ағын сумен қатар биологиялық өнімді арттыру және қалыптастыру факторлары ретінде ауаның тиімді температурасын, ылғалдығын және жарық мөлшерін есепке алу қажет.

Мақта кешенінің тиімділігін және бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың басым бағыттары:

  • суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын қалпына келтіру, құнарлығын арттыру және сорланудан сақтау;
  • агроқұрылымдарды ірілендіру;
  • интенсивті агротехнология мен инновациялық қызметтерді қолдану;
  • өндірістік инфрақұрылымдардың материалдық — техникалық базасын нығайту.

Суармалы жерлерде ағын суды пайдалану және оның мелиоративтік жағдайы, жер асты минералды суларын бірқалыпты  режимде ұстап тұру бір- біріне байланысты. Осы агромелиоративтік іс-шараның мақта саласын интенсивті жолмен дамытып, өнімділігін арттыруға ықпалы бар. Сызат сулардың деңгейін реттеу, су және мелиоративтік жүйелердің техникалық жағдайын жоғарылату, ағын суды үнемді пайдалану жаңа агротехнологияның тиімділігін арттырады.

Мақта кешенінде агроқұрылымдарды ірілендіру бәсекелестікте төмендегідей артықшылықтар береді:

− еңбекті бөлу және кооперация жолымен ұйымдастыру мүмкіндігі;

− еңбек өнімділігі мен өндірістің пайдалылық деңгейін арттыру арқылы салада бәсекелестікке қабілетті мақта кешенін қалыптастыру;

− озық инновациялық технологияны және жоғарғы өнімді техниканы, озық суару жүйелерін қолдану мүмкіндігі;

− ғылыми негізделген мақта саласына мамандандырылған  шаруашылықты ұйымдастыру және ауыспалы егіс жүйесін ендіру,  егістік құрылымын диверсификациялау арқылы топырақтың құнарын және табыс түсімін арттыру;

− агролизинг жолымен жаңа техника және технологиямен жабдықтау мүмкіндігіне негіз қалайды;

− өндіріске инвестиция бағыттауға, қомақты несие алуға, қорлар мен ресурстарды тиімді пайдалану және  қайтарымын жоғарылатуға жол ашады;

− өндірістің экономикалық және қаржылық тиімділігін арттыруға, агроқұрылымның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етеді;

− ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жалпы қоғамдық пайдалану нысандарын: тұрғын үй, ауыз су, мектеп, бала-бақша, емхана, жол тағы басқалардың тұрақты қызмет көрсету әлеуеті артады.

Бәсекелестікке қабілетті және тиімді агроқұрылымдар құру мақсатында орта және ірі тауарлы өндірісті қалыптастыру мыналарды жүзеге асыруды талап етеді:

− ірі ауылшаруашылық құрылымдарын құру мен олардың жұмысын  атқару барысында мемлекеттік қолдау қажеттілігі туындайды  және оларды заңдар және нормативтік актілер негізінде біріктіріп экономикалық жеңілдіктермен ынталандыру қажет;

− өндірістің оңтайлы мамандандырылуын өңірлердегі табиғи- экономикалық мүмкіндіктерге және рыноктағы сұраныс жағдайларын ескере отырып қалыптастыру;

− жер пайдалану мөлшерін оңтайландыру, егістік жерлердің рынокқа бейімді және  тиімді құрылымын енгізу;

− мақта кешенін диверсификациялау, соның ішінде азық-түлік, мал шаруашылығы өнімдерін арттыру.

Ресейлік ғалым А.В. Чаянов бәсекелестікке қабілеттілікті және өміршеңдікті арттыруда, шетел мақта рыногында бірқатар артықшылықтар қалыптасқанын айтады. Соның ішінде маңыздысы — АҚШ-та мақта өсіруді дамытуды мемлекеттік реттеудің механизмдері. Бұлар негізінен табысты арттыруға, сонымен қатар баға деңгейі мен өндірістің көлемін бақылауға алуға бағытталған. Бұл механизмдерге бағаны қолдау, егістік жердің базалық көлемін белгілеу және оны оңтайландыру қолданылады [4].

Мақта кешенінде бәсекелестікке қабілеттілік механизмі рынокта төмендегідей  қатынастарды реттейді:

− өнімнің сапасын арттыру арқылы өнімнің өтімділігін жақсартуды;

 тауар өндірушілер арасында шектеулі ресурстар рыногын;

− сұранысын арттыруды, өткізу бағасын жоғарылатуды;

− өндіріс пен тұтынушылар арасында бәсекелес тауарлар және қызметтер бағасын.

Мақта кешенінің бәсекелестікке қабілеттілігін арттырудың негізгі бағыттары, мақта рыногына  өзіндік құны арзан, халықаралық сапа талаптарына сәйкес келетін мақта өнімдерін жеткізіп беру арқылы тұтынушылар қажеттілігін қанағаттандыру және сұранымын арттыру жобалары тұжырымдалған. Ол үшін келесі шаралар көзделген:

— материалдық – техникалық ресурстардың еркін сауда-коммерциялық орталықтарын ұйымдастыруды қалыптастыру;

− мақта өсіруге және өңдеуге интенсивті агротехнологияны, инновациялық жетістіктерді енгізу;

−     өнімділігі жоғары жаңа техникамен жабдықталған «Агротехникалық сервис орталықтарын», СТК-тер ашу және тиімді қызмет көрсетудің экономикалық  тетіктерін  қолдануды кең түрде ендіру;

−     лизинг жолымен мақта кешеніне қажетті техника мен  жабдықтар алуды реттеу;

−     шитті – мақтаны дайындау, сақтау және бастапқы өңдеудің жаңа технологияларын кең түрде қолдану;

−     мақта-тоқыма кластерін ұйымдастырып терең өңдеу, дайын тауар өндірілетін және сатуды ұйымдастыратын озық корпоративтік кәсіпорындармен интеграциялану;

−     мақта өнімдерінің  және дайын тауар сапасының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруды басқару жүйесін ендіру.

Резюме

В статье проанализированы экономические основы повышения конкурентоспособности агрооброзований в хлопкаводстве. А также сделано заключение и предложены рекомендации по повышанию конкурентоспособности отрасли, продукции.

Summary

The article analyzes the economic basis of improve competitiveness of agricultural formations in the cotton industry. And also concluted and offers recommendations to improve the competitiveness of the industry, products.

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. ҚР “Ауыл шаруашылығы серіктестіктері және ассосациялары (одақтары) туралы” Заңы: Алматы – Юрист – 2003.
  2. Серіков Б. Мақта саласындағы агроқұрылымдарды оңтайландыру (ірілендіру) және типтік шаруашылық моделінің ұйымдық — экономикалық негіздері, Алматы 2008
  3. Б. Серіков. Бәсекелестік қабілеттілікті арттырудың теориясы мен тәжірибесі – Алматы – almaprint – 2012, 330 б.
  4. Чаянов А.В. Крестьянское хозяйство, Москва, Экономика, 1989г.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ