Халық музыкалық шығармашылығы – студенттердің жалпы мәдениетін қалыптастыру құралдарының бірі

0

Еліміз тәуелсіз даму жолына түсіп, ұлттық мәдениетті өркендетуге баса назар аударылып отырған кезеңде маңызды мәселе ретінде бұрынғы мәдени-тарихи мұрамыздың маңызды компоненті – халқымыздың музыкалық шығармашылығын студенттердің жалпы мәдениетін қалыптастыру құралдарының бірі ретінде қарастыру міндеті тұр.  Жалпы, білім берудің мақсатын өскелең ұрпақтың ата-бабалар жасаған рухани құндылықтарын алу мен мәдени мұрасын игеруі деп анықтауға болады. Қазақстан мемлекетінің  даму процесіндегі прогрессивті функцияны оқу орындары білім берудің мазмұны тек мәдениет қалыптастырушылықтың  бағыты болғанда ғана орындай алады.

Қойылған мақсаттың жүзеге асырылуы – тұлғаның жан-жақты даму үшін жағдай жасалғанда және өскелең ұрпақтың бастауыш мектептен бастап, жоғары мектептегі білім алу кезеңдерінде мәдени қажеттеліктерін жүзеге асыру және үздіксіз потенциал жағдайларын тудырғанда мүмкін болады.

Мәдениет – адамның ойлау бейнесін, өзін-өзі алу стилін анықтайтын жеке білімнің интегративті көрінісі ретіндегі, тұлғаның қалыптасқан құндылық бағдарларының нәтижесі болып табылады. Тұлғаның жалпы мәдениетін қалыптастыруда халықтың рухани құндылықтарының негізінде туындаған халық музыкасының алатын орны ерекше. Осы салада, музыка ғылымы мен өнерінің адамның тәрбиелі, тәлімді болып қалыптасуына ықпалы зор екендігіне ерекше мән берген Әл – Фарабиді, оның “Музыканың ұлы кітабы” атты еңбегін ерекше атау қажет.

Аристотель музыкаға негізгі тәрбие құралы ретінде қарап, оның адам психикасына, этикасына, сондай-ақ моральдық қасиеттерді қалыптастыруға зор ықпал ететіндігіне назар аударады.

В. Сухомлинский: “егер сәби шақта музыкалық шығарманың әсемдігін жүрекке жеткізе білсек, егер дыбыстардан бала адам сезімінің сан қырлы реңін сезіне білсе, ол мәдениеттің ешқандай құралдармен жетуге болмайтын сатысына көтеріледі… ” деп, жалпы мәдениетті қалыптастырудағы музыканың ролін сәби шақтан бастап анықтаудың маңызын атап көрсеткен. [4. 125 бет]

Ұлттық мәденитіміздің қалыптасуына қазақ ағартушылары, ғалымдары Ш. Уәлиханов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, М. Жұмабаев, А. Байтұрсынов. Ж. Аймауытовтар зор үлес қосты.

Қазақтың алғашқы ағартушы–ғалымы Ш. Уәлиханов “Қазақ фольклористикасының атасы” деп саналатыны даусыз. Ол қазақ халқының аңыздарын, эпос, шежіре, этнографиялық материалдарға жіктеп, әрқайсысына анықтама берген. “Қазақтың халық поэзиясының формалары туралы” еңбегінде жырдың мазмұны әдетте қандай болатындығын, поэзия формаларын және қобыз аспабы мен онда ойнау тәсілін көрсеткен.

ХІХ ғ. үлкен ағартушы — педагог Ы. Алтынсарин қазақ халқының фольклоры мен этнографиялық материалдарын жинап, оларды халық тәрбиесінің құралы еткен. Ол бірінші  рет, музыкалық сауат жоқ кезде, ән сабағын мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізді. Музыка сабығында музыкалық аспаптарды, оның ішінде домбыраны кеңінен пайдалануға мән берді. Музыкалық эстетикалық білім мен тәрбиені дамытуда Ы. Алтынсариннің музыкаға қатысты жұмбақтарды көп беруі – аса бағалы тәжірибе болып табылады.

Қазақтың ұлы ойшыл ақыны, ағартушысы Абай – ұлттық мәдениетіміздегі ерекше тұлға. Оның шығармашылығына тән белгі – халық мұрасына айрықша жақын болып, оны өз шығармаларының негізі етуі.

Ал, М. Жұмабаев 1922 ж. мұғалімдерге арналған ”Педагогика” атты еңбегін жазып, онда адамның эстетикалық тәрбиесі де мәселелерін сөз етеді. Әсіресе, жас баланы эстетикалық, сұлулық сезімдерін тәрбиелеуде әдемі ән-күйлер есітіп өсуінің маңызы зор екендігіне мән берілді.

Қазақ халқының музыкалық шығармашылығы — өте бай тәрбиелік мәні бар, құнды мәдени мұра ретінде ұлттық мәдениеттің маңызды да көлемді құрамдас бөлігі болып табылады. Оның жанрларының – (аспаптық музыка-күй, ән шығармашылығы, музыкалық–поэтикалық дәстүрлері – толғау, жыр, терме, айтыс т.б.)-педагогикалық, білім берушілік, дамытушылық, тәрбиелік мүмкіндіктері орасан зор, сондықтанда ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын ешқашанда жоғалтпайды.

“Халық музыкалық өнері – оның өзіне тән өмірге деген сезімталдығымен, шабытымен және көпшілік шеберлігінің сезімтал қасиеттері мен дағдыларының арқасында әрқашанда алда жүреді. Сондықтанда халық атты композитор көп бейнелі барлық музыка әлеміне бүкіл жан-жақтылығымен… әсер етеді”- деп, музыка танушы Б. Асафьев халық музыкалық шығармашылығының өміршеңдігін атап көрсетті.

Халық музыкасының ең көлемді жанры – аспаптық шығармашылығы. Күй – қазақтың рухани мәдениетінің аса маңызды да үлкен саласы. Қазақтың ұлы жазушысы М. Әуезов: “Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен ішкі жаратылыс қалпын білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы — күй” дейді. [6. 87 бет]

 Халық музыкалық шығармашылығыының тағы бір үлкен саласы — ән өнері. “Халық әндерінің тардымды келетіні, жүрегіңе қона қалатыны, олардың баста өнер қуу мақсатында шықпай, табиғилық жағының басым болуында. Халық әндерінің үлкен қазына екендігі де осы қасиетінде, сол әндерде халық өмірінің сәулесі болуында”, — дейді А. Жұбанов “Замана бұлбұлдары еңбегінде”.[5. 68 бет]

 Музыкалық–поэтикалық дәстүрдің бір жанры–терме. Ол халық шығармашылығындағы тақпақ-сазды речитативті әннің бір түрі. М. Ахметов “Қазақтың халық творчествосында осы айтылып отырған рекчитативтік стильдің негізгі даму эпрстық жырлармен байланысты. Жырдың мазмұнын жеткізу үшін пайдаланылатын халық арасындағы терме, желдірме секілді ән түрлері осы эпоста қолданылып, пайда болғанын көреміз”,- дейді. Ал, поэзиялық тұрғыдан алғанда, терме – насихат, өсиет ретінде белгілі бір әуен – ырғақпен орындалатын өлең түрі болып табылады. Халық музыкалық шығармашылығының тағы бір дәстүрлі жанры – толғау. Онда ой толғанысын, уақытқа, заманға, құбылысқа козқарасын ақын сөзді әуенмен сүйемелдей отырып білдіреді. Музыкалық-поэтикалық дәстүр жанрына айтыс та жатады. Ол эпостан гөрі нақты өмірге жақын тұрған, түрлі өнердің басын біріктіріп тұрған құпиялылығымен ерекшеленеді. Қазақ халқының музыкалық шығармашылығы көптеген ғылыми зерттеулер обьектісі болды. Халық шығармашылығын қолдану арқылы музыкалық – эстетикалық тәрбие беру саласы көптеген ғылыми еңбектерде зерттеліп, бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Дегенмен де, студент жастарымыздың жалпы мәденитін қалыптастыру мақсатында, олардың халық музыкалық шығармашылығына деген қызығушылықтарын қалыптастыру міндеттерін жүзеге асыру үшін, халық музыкалық шығармашылығы құралдарымен эстетикалық тәрбие беру саласындағы зерттеулер өз көкейкестілігін, әсіресе, қазір жастарымыздың рухани жұтаңдығы аса сезіліп тұрған уақытта өз маңызын жоғалтпауы қажет.

Жалпы білім беретін мектептердегі музыка сабақтарының мақсаты-рухани мәдениеттің аса қажетті бөлігі — музыка мәдениетін тәрбиелеу болып табылады. Ендеше, жоғарыда атап өткен музыка мәдениетін біз ұлттық музыка мәдениеті деп нақтылар едік. Әрине, бұл ұйғарымнан біз тек ұлттық тар шеңберде қалып қояды екенбіз деген қате ұғым қалыптаспауы керек, өйткені ұлттық бастауға негізделген тәрбие ғана жеке тұлғаның өз ерекшелігін  сезініп, түсінуі арқылы  басқаныңда ерекшеліктерін сыйлауға үйретеді. Әр халықтың ең тамаша туындылары өзінің өмірлік мәнін жоймай ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып мәңгілік мұра ретінде ғасырлар бойы жасай береді. Осылайша бүкіл әлемдік мәдениеттің аса қажетті бөлігі-музыка мәдениетімен тәрбиелеу болып табылады. Белгілі түріктанушы Л.Н.Гумилев “Өзіңнің тарихыңды жете білмей, оған деген көзқарасыңды әбден анықтай алмай отырып, мәдениетіңді де ешқашан дамыта алмайсың”- деген. Ендеше, жоғарыда атап өткен музыка мәдениетін біз ұлттық музыка мәдениеті деп нақтылар едік.

Әрине бұл ұйғарымнан біз тек ұлттық тар шеңберде қалып қояды екенбіз деген қате ұғым қалыптаспауы керек, өйткені ұлттық бастауға негізделген тәрбие ғана жеке тұлғаның өз ерекшелігін сезініп, түсінуі арқылы басқаның да ерекшеліктерін сыйлауға үйретеді. Осылайша бүкіл әлемдік мәдениеттің қазынасынан орын алып, адамзат игілігіне айналатыны белгілі.  Ендеше, жалпы білім беретін мектептің музыка бағдарламасының мазмұны оқушыларды ұлттық пен әлемдік мәдениеттің өзара диалектикалық бірлігі мен байланысын түсіне білуге бағдарлауы қажет. Осыған байланысты “Елім-ай”, “Мұрагер ”және т.с с. бірқатар бағдарламалар жасалынғанымен, өкінішке орай, олар жүйелі түрде қолданылмауда. Жалпы білім беретін мектептердегі пән мұғалімі өткізетіндіктен немесе өз маманы бере тұра, оның кәсіптік даярлығы (әдістемесін жақсы білмейді), нашар болатындықтан арнайы жабдықталған музыка кабинетінің (музыкалық аспаптар, фонотека болмауы) және т.б. себептерге байланысты, қазіргі колледж, университеттердегі оқып жүрген студент жастардың жалпы мәдениеті көп жағдайда, әсіресе ауылдық жерлерде сын көтермейді деуге болады.

Олардың өзін-өзі алып жүруі, қарым-қатынас, сыртқы түр-тұлғасы, сөз саптау мәнері, білімі, ойлау деңгейі, музыкалық, эстетикалық, көркемдік талғамдары және тағы сол сияқты тұлғаның мәдениеттілігінің көрсеткештерінен тәрбиедегі оқылықтар білініп тұрады. Жалпы білім беретін мектептерде өтілетін педагогикалық іс-тәжірибе барысында да біз студенттерге мектепте үйретілуі, тәрбиеленуі қажет қарапайым қағидаларды басынан бастап үйретуге мәжбүр боламыз. Мұнан шығатын қорытынды – халық музыкалық шығармашылығының мол педагогикалық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, студенттердің жалпы мәдениетін қалыптастыру міндетін алғы кезектегі мәселе ретінде қою.

Қорыта айтқанда, оқушы-жастардың жоғарғы ғылыми деңгейде халық музыкалық шығармашылығын қолдану арқылы эстетикалық тәрбие беру және әдістемелік қамтамасыз ету процесі мен оның іс жүзінде орындалмауының арасында алшақтықтың болуына байланысты, оқушы-жастардың  халық музыкалық шығармашылығына деген қызығушылықтарын қалыптастырудың көп сатылы білім беру жүйесі жағдайына арналған біртұтас, ғылыми  негізделген тиімді концепцияны әзірлеп іс – тәжірибеде жүзеге асырған жөн.

                                   Әдебиеттер

  1. Ұзақбаева С., “Тамыры терең тәрбие”, Алматы.: Білім, 1995ж. 232 б.
  2. Қоспақов З., “Қазақтың әншілік өнері”, Алматы.: Өнер, 1999ж. 92 б.
  3. Ветлугина Н. А. “Бала бақшадағы музыкалық тәрбие беру методикасы”

Алматы.: Мектеп, 1981ж . 279 б.

  1.   Жұбанов. А.Қ., “Замана бұлбұлдары”, Алматы: Дайк-Пресс, 1975. 440 б
  2.   Қоңыратбаев. Ә., “Қазақ фольклорының тарихи”, Алматы: Санат, 1991ж.  312 б.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ