Қазіргі таңда мұғалім қызметінің қоғамда алатын орны

0

Елбасымыз  Н.Ә.Назарбаев    2005 жыл      18 ақпанда  Қазақстан  халқына  арнаған  Жолдауында  “ XXI  ғасырда  білімін  дамыта  алмаған  елдің  тығырыққа  тірелері  анық. Біздің  болашақтың  жоғары технологиялық  және  ғылыми  қамтымды  өндірістері  үшін  кадрлар қорын  жасақтауымыз қажет. Осы заманғы  білім  беру  жүйесінсіз  әрі   алысты барлап  кең  ауқымды  ойлай  білетін  осы  заманғы  басқарушыларсыз  біз  инновациялық  экономика  құра алмаймыз” деп  бүкіл әлемдік  талапты  көрсетсе, “ Бәрі  де  мектептен басталады.Сондықтан біздің –2008 жылдан бастап 12 жылдық  жалпы  білім  беруге  көшіп,  педагогтардың  кәсіптік  деңгейін, оқулықтар мен білім беру  бағдарламаларының  сапасын  арттыруымыз  керек” деп  қазіргі  білім  беруге  қатысты  нақты  талаптар  қойғаны  баршаға  белгілі./1/

            Мұғалім- елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық.Ондай мамандық иесі әрқашан да өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан маржандай тізілген ілтипат пен парасаттың өрнектері, әсемдік әлемі көрінетін, көкірегі жақсылыққа тола, мейірімді, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары адам болу керек.

Мұғалім қызметінің  ерекшелігі  сол ,  көптеген  мамандықтар  секілді  педагогтың      қолында      өлшеуіш      немесе         басқаша  айтқанда  приборлар  жоқ.  Оның  ең басты  жұмысы —  оқыту  мен  тәрбиелеу  барысында  пайда  болған  қарым-қатынасты  басқару.  Мұғалім  көптеген  нақты  жағдайда қысқа  уақыттың  ішінде  ең  дұрыс  педагогикалық  шешімді  таба  білуі  тиіс,  ал мұның  өзі  әрқашан  күрделі.  Түптеп  келгенде,  қоғам мұғалімге   ерекше  жауапкершілік  жүктейді.  Мұғалімге  үйретуге  ең  көнгіш  кезіндегі  адам  сеніп  тапсырылады.  Мұғалім баланың  білімін,  икемділігін,  әдетін,  мұратын  және  өмірлік  мақсатын  қалыптастырады. /2/

             Бүгінгі таңда кейбір ұстаздардың бойкүйездігі, тіпті өз жұмысына немқұрайлы қарайтыны мұғалімнің қадір-қасиетіне көлеңке түсіруде.Күнделікті күн көрістің қарекетімен мамандықты сан мәрте ауыстырудың өзі ұстаз беделінің төмендеуіне әкеп соқтырып отыр.

                Кейінгі кездерде ұстаз беделіне деген көзқарастың өзгеріп кеткеніне себептер іздеу қиын емес.Бұлар мыналар:

 -“ұстаз болу үшін, ұстаз болып туу керек” деген қағидаға

жүгінсек, бұл мамандықты кездейсоқ адамның игеруі;

  • жоғары оқу орындарында шалағай білім алып, мектепке оралғанда

беретін сабағын өзі де толық түсіне алмай, оның үстіне оқушыға жеткізе алмауы;

  • мектеп қабырғасы ұстаздардың шыңдалу объектісі екенін түсіне

алмайтын, ізденудің жолын білмейтін, сөйтіп шәкіртті өзінен алшақтатып, жұтаң қалып оқшауланатын ұстаздардың табылуы;

  • төл басылымдарға жазылу, одан оқып үйреніп, оқу- тәрбие жұмысына

пайдаланылатын ұстаздардың азаюы, яғни рухани азғындау;

  • мұғалім беделін көтеретін шешуші тұлға- ағартушы, әдіскер,

 адамтанушы, адамгершілігі жоғары мектеп басшыларының азаюы;

  • қоғамдық орын, қалың жұртшылық пен мектеп арасындағы

 байланыстың үзілуі;

  • төл оқулықтарды оқыту мақсатындағы жаңа педагогикалық

 технологияларды ұстаздардың меңгере алмауы. Бір жақтылықтың, бір                                сарындылықтың белең алуы;

  • ұстаз өз іс-тәжірибесін әріптестерімен бөліспеуі, баспасөз бетіне

 жариялауға енжарлық танытуы;

  • ұстаздың әлеуметтік жағдайының көп мамандық иелерімен

 салыстырғанда төмендігі;

  • ұстаздың атқарған еңбегін бағалау әр кезде тиісті бағасын беріп

 отырудың өз дәрежесінде болмауы және т.б.

            Енді   “Неліктен  мұғалімдердің  басым  көпшілігі  өз білімдері  мен  кәсіби  шеберліктерін  жетілдіруге мүлде  деп айтпасақ та, тиісті дәрежеде көңіл бөлмейді?” деген  сұраққа  жауап  іздестіріп  көргенде,  сұраққа  жауап  ретінде  мыналарды  келтіруге  болады:

    -жоғары оқу  орындарын  бітірушілердің  кәсіби  деңгейінің  төмендігі;

    -мектеп  оқушыларының  білімге  деген  құштарлығы  күрт  төмендеп, олардың  жаппай  оқымайтындығынан, оларға “екілік” қоймау және үлгерімдік көрсеткіштерді ұстану  талаптарынан  туындайтын  лажсыздық;

—  күнделікті  тұрмыс-тіршілік тауқыметінің қысымы;

—  мұғалімдердің  білім  мен  біліктілігін,  іскерлігі  мен кәсіби  шеберлігін

 шыңдай  түсетін  арнайы  әдістемелік  және  өзге оқу  құралдарының жоқтығы.

            Дегенмен  мұғалімдердің  кәсіби  шеберліктерінің  шыңдалуына  кедергі  болып  жүрген,  көп  сөзге  тиек бола бермейтін  өзге таза субъективті жақтары  да бар.

            Мысалы:  ол  мұғалімнің  өз ісінің  соңғы  нәтижесі —  түлегінің       білімі мен  біліктілігінің  сапасына  жауапкершілігінің  жоқтығында.  Қазірге  дейін  жалпы  мектеп  болып  өздері  тәрбиелеген  түлектердің  білімдер деңгейіне жауапкершілігін сезіну, одан  тиісті  қорытындылар  жасау  дәрежесі  дұрыс  жолға  қойылмағанын атап  өту  қажет.  Жалпы  мектептердің  басым көпшілігінде  қалыптасқан  жағдай  мынадай: 5-9 сыныптарда,  яғни  орта буында,  негізінен,   кәсіби  шеберлігі   төмен,  іс- тәжірибесі  жеткілікті  дәрежеде  қалыптаса  қоймаған  жас мамандар  дәріс беріп,  жоғары  сыныптарда  бұл  оқушылар  іс- тәжірибелері  молырақ,  кәсіби  шеберліктері  де  біршама  шыңдалған  мамандарға өтеді.  Сөйтіп,  бұл екі топтағы  мамандардың  екеуіне  де түпкілікті  жауапкершіліктен бас тартуға  мүмкіншіліктер  жасалып қойған. Егер  бұлардың алғашқылары тікелей  түлек  шығаруға  қатыспайтынын  алға тартса,   онда  екіншілері  қарамағына  білім  сапасы төмен оқушылардың  келгенін  арқау  етеді.  Ал   жауапкершілік  болмаған  жерде  ешбір  сапа  жөнінде  әңгіме  қозғаудың  өзі  мағынасыз,   бос  сөз  болатынын  ескеру  қажет.

            Бүгінгі  күн  мұғалімдердің  атына  ата-аналар  тарапынан  әр  түрлі

өкпе,  реніштер  айтылып  жатады. Көбіне  педагогтардың  біліктілігі  төмендігі,  шәкірттермен  арадағы  қарым-қатынасы,  оқыту  әдістерінің  көнерген  немесе дәстүрлі  түрлерінің  қолданылуы  тілге  тиек  болады.   Осындай  кемшіліктер  қандай  себептерге  байланысты  орын  алып  отыр деген  заңды  сауал туындайды.

Біріншіден,  қазіргі  педагогикалық  құрамның  басым  бөлігін  40

жастан  асқан  мұғалімдер  құрайды.  Бұл  жоғары  оқу  орындарын  бітірген  жастар  мектептегі    педагог  кадрлардың  қатарын  толықтыруға  асықпайтынын  білдіреді .

Екіншіден,  жоғары оқу  орындарындағы  оқыту  дәстүрлі  түрде

қалып отыр. Университеттер  мен  институттардың  білім беру  бағдарламасы  ондаған  жылдар  бойы  өзгертілмей  келді.  Бұдан  шығатын қорытынды:  тәжірибелі  ұстаздар  мен  жас  мұғалімдер  өз  мамандығына  қатысты  жеке  тұрғыдан  да,  кәсіби  тұрғыдан  да,  шамалары  бірдей  көрсеткішке  ие  болып  отыр.

              Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін, ұстаз жан-жақты білімді, тәрбиелі болуы керек.Ұстазды көргенде жеритін шәкірт емес, оны көруге асығатын шәкірт тәрбиелеу керек.”Ұстаздың төрт құбыласы тең” моделі толығынан іске асқанда ұстаз мәртебелі болады.”Қырық жыл мұғалім болсаң да қырық бес минуттық сабағыңа тиянақты әзірлен” деген қағида соның айғағы./3/

Мұғалім қызметі жайында  оқушылармен  анкеталық  сауалнама

жүргізілді.  Оның  шарты  бойынша  оқушылар  мұғалімнің  ең  маңызды  қасиеттерін  атауы  тиіс  еді.  Нәтижесінде  балалар  ең  алдымен  сабақтың  қызықты  өтуін,  мұғалімнің  мейірімді  болуын,  көңілді  болуын  қажет  етеді  екен. Екінші  орында оқушыға  деген  сый-құрмет  пен  әділдік  орын  алды.  Үшінші  қатарға  мұғалім  тарапынан талап  қоюшылық   және  оның  өз  пәнін  жетік  білуі  шықты.  Мұнан кейін  балаға  деген  сүйіспеншілік,  сабырлылық,  шыдамдылық  қасиеттері  болуы  айқындалды.  Оқушылардың  ойынша  мұғалімнің  ең  жаман  қасиеттері-  қатаңдық,  түсінбеушілік,  әділетсіздік,  дөрекілік, “сүйікті” және “сүйікті  емес”  оқушылардың  болуы,  шәкірттеріне  деген сүйіспеншіліктің  жоқтығы,  ұшқалақтық,  өзін-өзі  ұстай  алмауы,  тағы  басқа  жағымсыз  әдеттердің   болуы.

Қазіргі  заманның  мұғаліміне  қойылатын  талаптар:

  • біріншіден, мұғалім  жеке  көзқарасы  бар  және  соны  қорғай  білетін  жігерлі  тұлға  және  маман  иесі  болу  керек;
  • екіншіден, мұғалімнің  педагогикалық  ойлау  қабілеті  ғылыми  түрде  қалыптасуы  тиіс;
  • үшіншіден, мұғалім  білім  негіздерін  өз  бетінше  оқып,  үйренуге,  оқушыны  баулауға  міндетті;
  • төртіншіден, мұғалім- педагогикалық  үрдісте  баламен       ынтымақтаса  қызмет  ету  керек;
  • бесіншіден, педагог  әр  уақытта  өз  білімін  толықтырып,  шығармашылығын  арттырып  отыруға  міндетті  немесе  француз  педагогі  Жубер  айтқандай  “оқыту  деген  екі  есе  оқу”

Қорыта  айтқанда,  мұғалімнің  басты  қызметі  жаңа  қоғамға  сай  білімді,  көкірегі  ояу , тәрбиелі,  әр  уақытта  еліне  қызмет  ететін,  оңды-солын  білетін  жақсы  азамат  қалыптастыру.Ал,  мұғалімнің  негізгі  міндеті  қазіргі  кездегі  жаңа  оқыту  мен  тәрбиелеу   технологияларын  меңгеріп,  өз  кәсібін  әрі  қарай  дамыту. Сондықтан да жас  педагогке  жемісті  еңбек  ете  алатын,  өзінің  қабілеттері  мен  мүмкіндіктерін  жүзеге  асыратын  жағдайлар  туғызу  қажет.  Жас  мамандардың  тіршілігін,   еңбегі  мен  жоғары  оқу  орындарынан  кейінгі  кәсіптік  білім  алуын  мақсатқа  бағыттап  ұйымдастыру керек.

Пайдаланылған  әдебиеттер

1.Жолдау (Елбасының халыққа 2005 жыл,  18 ақпандағы Жолдауы).

2.Хмель  Н.Д.   Жалпы  білім  беретін  мектептегі  педагогикалық процесс    Алматы   “Ғылым”   2002 жыл.

3.Қожамқұлова Ж.  Ұстаз  беделі  қалай  жоғары  болмақ?   // Химия  мектепте   2003 жыл,   №1

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ