Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру

0

Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы халыққа жолдауы бойынша әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына ену  стратегиялық мақсатымыз болып табылады. Өз Жолдауында Президент Қазақстанның халықаралық ортада бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату шараларын дайындау қажеттілігін көрсеткен. Сонымен қатар, еліміздің Дүниежүзілік Сауда Ұйымына енуге дайындалуы отандық ауыл шаруашылығы өнімдердің бәсекеге қабілеттілігіне ерекше талаптар қояды. Осыған орай, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мәселесі аса өзекті болып табылады [1] .

Өзгермелі әрі қатаң бәсекелестік күрес жағдайында кәсіпорынның тек ішкі емес, сонымен қатар оның айналасында болып жатқан өзгерістеріне ілесуге мүмкіндік беретін бәсекеге қаблеттілікті басқару жүйесі мен стратегиясын құрастыру және оларды іс-жүзінде жүзеге асыруы бүгінгі күннің талабына айналып отыр[2].

Елдегі кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне елеулі серпін беретіндей  бәсекелестік туралы жаңа заң қажет.

Бәсеке мәселесі әлемдік экономикада бүгінгі таңда аса өзекті болып отыр. Әлем тәжірибесі бәсекенің нарықтық экономиканың қозғаушы күші екенін дәлелдеген. Неғұрлым бәсеке дамыған болса, нарықтық механизмнің әрекеті соғұрлым тиімді болмақ. Бәсекенің өзіне тән атқаратын функциялары бар:

  • тауардың – қызметтің нарықтық құнын анықтап, бекіту;
  • дербес құндарды теңестіріп, әр түрлі еңбек шығындарына байланысты пайданы бөлу;
  • салалар мен өндірушілер арасындағы қаражат ағысын реттеу.

Бұл функциялардың орындалуы кез келген ел экономикасы үшін аса маңызды болып табылады.

Ұзақ жылдар бойы жоспарлық экономикада бәсеке мәселесі жағымсыз жағдай деп танылып, оған ден қойылмады, соған орай отандық өндірушілер нарық жағдайында бәсекелік күреске дайын болмай шықты. Соның салдарынан зауыттар мен кәсіпорындардың даму деңгейі төмен болып, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті болмай отыр.

Ел экономикасында соңғы он жеті жылда көптеген өзгерістер болып, нарықтық экономикаға көшкеннен бері зауыттар мен кәсіпорындар нарық шарттарына сәйкес әрекет етуге қадам басқанымен де әлі де көптеген мәселелер жаңаша көзқарасты, жаңа экономикалық саясатты талап етеді. Осыған байланысты сала мамандары нарықтың мәні мен қағидаларын жете меңгеріп, оның даму үрдісіне белсене араласып, саладағы бәсекені дамытуға күш салулары керек.

Этимологиялық тұрғыда «конкуренция» – бәсеке латынның «concurentia» сөзінен, аудармасы «қақтығысу» деген мағына береді. Басқа да маңызды түсініктер сияқты «бәсеке» терминінің де көптеген түсіндірме анықтамалары бар. Қазіргі қолданылып жүрген бәсеке, бәсекеге қабілеттілік теорияларының тәртіби негізі саяси экономияның негізін қалаушы классиктер А. Смиттің (нарықтағы «көрінбейтін қол» приципі), Д. Рикардоның (салыстырмалы шығындар теориясы), Дж.С. Миллдің (бәсеке бағаны, еңбек ақыны, рентаны реттеуші) еңбектерінде қаланған.

Нарықта бәсеке әр түрлі формада болып, әр түрлі әдістермен жүзеге асады. Бәсеке үлгілерінің ішінде бірінші кезекте сала ішілік және сала аралық бәсекені бөледі.

Cала ішілік бәсеке – бірдей қажеттіліктерді қанағаттандыратын, бағасы, сапасы немесе ассортименті бойынша ерекшеленетін бірдей тауарлар арасындағы бәсеке.

Сала аралық бәсеке – әр түрлі сала тауарлары арасындағы төлем қабілетті сұраныс үшін болатын бәсеке

Функционалдық бәсеке – қажеттіліктерді қанағаттандыратын тауарлардың бір-біріне қатысты бәсекелестік жағдайы.

Тауардың немесе қызметтің түріне байланысты бәсеке – бірдей қажеттілікті қанағаттандыратын, бірақ бір-бірінен маңызды сипаттамалары арқылы ерекшеленетін тауарлар арасындағы бәсеке.

Заттық бәсеке – барлық жағынан бірдей тауарлар арасында болатын бәсеке.

Соңғы уақыттардағы бәсекелестік артықшылықтардың құралу үрдісінің беталыстары белгілі зерттеуші М. Портердің еңбектерінде зерттелген: «Бәсекелестік стратегия»  саланың құрылымы мен оның өзгеру үрдісін жан-жақты талдауға негізделеді. Экономиканың кез-келген саласында, оның ішкі немесе сыртқы нарықтарда әрекет етуіне байланыссыз бәсекенің мәні бес күш арқылы көрінеді:

  • жаңа бәсекелестердің келу қаупі;
  • ауыстырушы-тауарлар немесе қызметтердің пайда болу қаупі;
  • жабдықтаушылардың саудаласу қабілеті;
  • сатып алушылардың саудаласу қабілеті;
  • бар бәсекелестердің өзара бәсекелесуі.

Осы бес күштің әрқайсысының мәні саладан салаға қарай өзгеріп, ақыр аяғы салалардың пайдалылығын анықтайды».

«Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі дегеніміз оны нақты нарықта, нақты уақыт мерзімінде сәтті сату мүмкіндігі деп анықталады. Ал кәсіпорынның немесе фирманың бәсекеге қабілеттілігі – бәсекеге қабілетті өнім өндіру немесе қызмет көрсету арқылы нақты нарықта (өткізу аймағында), нақты уақыт аралығында сәтті әрекет ету қабілеті».

«Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі – өнімнің нарық талабына, яғни оның сапалық, техникалық, эстетикалық сипаттамаларының және коммерциялық өткізу жағдайының тұтынушылар талабына сай келуін бейнелейтін экономикалық категория» [3] .

Әр анықтаманы алып қарасақ та олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді, керісінше бірін –бірі толықтырады. Бірақ оның әр қайсысын толық деп айтуға болмайды. Талдау нәтижесі бойынша бәсекенің мынадай анықтаушы белгілерін атап көрсетуге болады.

  • бәсеке – шаруашылық жүргізудің нарықтық әдісінің фундаменті, өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің құрылуына нарық субъектілерінің арасындағы өзара қарым-қатынастың нышаны мен сипаты ықпал етеді;
  • бәсеке – өнімнің техникалық, экономикалық, маркетингтік көрсеткіштеріне оны жобалаудан бастап соңғы тұтынушыға жеткенге дейінгі кезеңдердің барлығында ықпал етеді.
  • бәсеке – даму мен өсудің қозғаушы күші, мақсат таңдаудың, сол мақсатқа жету жолындағы ізденістің, жетістікке ұмтылудың ықпалшысы.

Өнімнің бәсекеге қабілеттілігі – өнімнің қарастырылып отырған кезеңдегі нарық талаптарына сәйкес болу қабілеті. Бәсекеге қабілеттілік өнімнің белгілі уақыт сәтінде салыстырмалы бағамен нақты нарықта өтуі үшін қажет және жеткілікті тұтынымдық қасиеттерінің жиынтығы арқылы анықталады. Тұтынымдық қасиеттер – тауардың тұтынушы талабын қанағаттандыруға бағытталған сипаттамалары.

Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің мақсаты оны нарықта тиімді өткізу арқылы жоғары деңгейде пайда алу болып табылады.

Осыған байланысты кәсіпорынының коммерциялық жетістікке жетуінің анықтаушы өнімнің немесе қызметтің бәсекеге қабілетті болуы. Яғни, бәсекеге қабілеттілік өнімнің немесе қызметтің мақсатты нарық ерекшеліктеріне, нақты тұтынушылардың талғамы мен қалауына, өткізудің кәсіпкерлік шарттарына сәйкестігін білдіретін көп қырлы түсінік.

Кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін бағалауда көрсеткіштердің әр түрлі топтары бөлінеді: олар өнімнің тұтынымдық қасиеттерін, тұтыну құнын және маркетингтік көрсеткіштерді қамтиды [4].

Сонымен өнімнің бәсекеге қабілеттілігі тұтынушылар үшін аса қызықтырушы қасиеттерімен анықталады (және осы қажеттілікті қанағаттандыруды кепілдейді).

Әр тұтынушының өнімге деген талаптарын басқа да барлық тауарлар үшін жалпы орындалуы міндетті болып табылатын талаптар бар. Бұлар Халықаралық стандарттар (ИСО, МЭК, және т.б.) және регионалдық стандарттарында; ұлттық, шетелдік және отандық стандарттарында; іс-жүзіндегі заңнамалық, нормативтік актілермен елге кіргізілетін өнімге талаптар қоятын экспортер-елдер мен импортер-елдердің техникалық регламенттерімен; осы өнімді өндіретін фирмалардың стандарттарында; патентік құжаттарында белгіленетін нормативтік параметрлер. Осы талаптардың біреуінің орындалмауы тауардың нарыққа шығуына айтарлықтай кедергі келтіреді.

Нормалар, стандарттар мен ережелердің артып түсуі де (егерде ол мемлекеттік  немесе басқа да талаптардың болашақта өсуінен туындамаса) бұйымның бәсекеге қабілеттілігін арттырмақ түгіл, қайта  керісінше төмендетіп жібереді. Өйткені ол сатып алушылардың тұтынушылық құндылығы  тұрғысынан бағаны өсіреді де нәтижесінде ол пайдасыз болып қалады.

Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін зерттеу бәсекеге қабілеттілік көрсеткішінің төмендеген уақытын дер кезінде анықтап, алдын-алуға бағытталған шешімдер (мысалы, бұйымды өндірістен алып тастау, оны модернизациялау, нарықтың басқа секторына ауыстыру) қабылдау үшін тауарлардың өмірлік цикл фазаларымен байланысты түрде әрдайым әрі жүйелі түрде жүргізіп отыру тиіс. Бұл жағдай кәсіпорынның ескі өнімі өзінің бәсекеге қабілеттілігін толық жоғалтпасынан бұрын жаңа өнім шығару экономикалық тұрғыдан тиімді болмауынан туындайды.

Сонымен қатар кез-келген өнім нарыққа шыққаннан кейін өзінің бәсекеге қабілеттілік потенциалын біртіндеп жұмсай бастайды. Мұндай үрдісті бәсеңдетуге және кешіктіруге болады, бірақ тоқтату әсте мүмкін емес. Сондықтан да жаңа бұйым ескі бұйым өзінің бәсекеге қабілеттілігін айтарлықтай жоғалтқан кезде оның нарыққа шығуын қамтамасыз ететіндей график бойынша жобалануы тиіс. Басқаша айтқанда жаңа тауарлардың бәсекеге қабілеттілігі озыңқы әрі жеткілікті дәреже түрінде ұзақмерзімді болуы тиіс.

Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін басқару жүйесінде оны бағалау маңызды орын алады. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігін зерттеудің көптеген әдістемелерінің болуына қарамастан, олардың жаңа варианттары мен модификацияларын қалыптастыру жалғасуда. Солардың бірі төмендегі суретте келтірілген (сурет 2  Бәсекеге қабілеттілікті бағалаудың типтік сызбасы).

Сурет 2- Бәсекеге қабілеттілікті бағалаудың типтік сызбасы.

Өнімнің  бәсекеге қабілеттілігін бағалаудың негізгі қағидалары:

  • интеграциялық қағидасы, бәсекеге қабілеттілік факторлар арасындағы байланысты нақтылау мен тереңдетуді қамтамасыз етеді;
  • кешенділік қағидасы, тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін әр түрлі құраушыларды анықтауды ұйғарады;
  • диалектикалық қағидасы, дамудағы факторлардың жиынтығын қарастыруды ұйғарады.

Әдістемелік база өнімдерді сату және тұтынуға арналымдылығының маңызына қарай құрылуы тиіс. Тұтынушыны өнімнің тұтынылуы емес, қайта оны тұтынудан алатын құндылықтар қызықтырады. Сондықтан да өнім бәсекеге қабілеттілігін бағалауда бәсекелестердің өнімдеріне қарағанда ол қажеттіліктерді қаншалықты жақсы немесе жаман қанағаттандыратын бөлігі ескеріледі. Ал, факторларын анықтауда олардың өнім бәсекеге қабілеттілігіне қаншалықты ықпал ететіні қарастырылады. Өнімнің бәсекеге қабілеттілігінің құраушыларының жиынтығын анықтауда – оны бағалау маңызды орын алады.

Сондай-ақ әр мекеме өз өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін бағалаған кезде тағы бір  ескере кетер жәйт бұл бәсекеге қабілеттілік құраушыларының кейбір маңыздылығы төмен элементтері нақты жағдайларда фирма үшін маңызды жағдайға айнала алады. Яғни фирма маркетинг құралдарын тиімді пайдалана отырып тұтынушыларды олардың қажеттілігін тауардың нақ осы элементі қанағаттандыратындығына сендіру.

Сонымен өнімнің бәсекеге қабілеттілігі – күрделі  және көп мәнді мәселе болғандықтан, оны асыра айтушылық пен бағалаудан тазарту деңгейі тұтастай алғанда ел экономикасының деңгейін анықтайтын өлшем болып табылады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында.» Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсылтан Назарбаевтың халқына Жолдауы.-Астана: Елорда, 2006,- 44 б.
  2. Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру-мемлекеттік саясаттың басты мақсаты», «Егемен  Қазақстан», 2008ж. 8 ақпан.
  3. Есімжанова С.Р. Маркетинг/ Оку құралы. — Алматы: «Экономика», 2003.- 448 б.
  4. Хруцкий В.Е., Корнеева И.В. Современный маркетинг: Настольная книга по исследованию рынка: Учеб. пособие. — М.: Финансы и статистика, 2003. — 560 с.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ