Қазақ философиясының антропологиялық принципі

0

Резюме

В статье проанализирована специфика постановки проблемы человека в казахской философии и сущность категорий «критерий»,«мера».

Summary

The specific setting of the mankind problems in the Kazakh philosophy and essence of the categories “criteria”, “measure” are analyzed in the article.

 «Қазақ — Ойрат бітімінен кейін тұтқын алмастырып болып туған жерге оралып келе жатқан Қазыбек бидің тобы жолай қоңырат руының бір жігітінің үйіне тоқтайды. Қонақжайлық көрсеткенмен жүзі сынық үй иесі ет пісіп, табақ тартылғанда қонақтарды таң қалдырған қызық мінез көрсетеді: бір табақ етті майдалап турап, құрулы тұрған шымылдықтың ар жағында, ағаш төсекте жатқан иттің алдына апарып қояды да, сыртқа шығып кетіп үй қасындағы үйшіктен үсті-басы алба-жұлба, шашы ұйысып, бет-аузы тырысқан, көзі кіртиіп өңі оңған бір әйелді ертіп кіріп, итаяқтағы сүйек-саяқты алдына итере салады.

Қонақтардың тіксінген жүзінен үнсіз сұрақты түсінген жігіт қолын кеудесіне төсеп, бас иіп, өз хикаясын баяндайды. Әлгі келіншек жігіттің қыздай айттырып алған, бірақ ойрат шабуылында қолды болған өз әйелі екен. Қазақ-Ойрат бітімінен кейін келіншегін іздеп барғанда тұтқында жүріп тұрмыс құрған ойрат күйеуіне бауыр басып қалған әйел өзінің бұрынғы қазақ отағасына қарамай қойыпты. «Көнсе алып кете бер!» — депті ойрат. Көндіре алмаған қазақ жігіт: «Ең болмаса шығарып сал» — деп алдап алып шығып, әйелді атына қағып салып ала жөнеледі. Түнімен құйғытып қазақ жеріне жеткенде арттан қуып жеткен ойрат «Бұл әйелді жеңген алсын!» — деп айғайлап, қылышын ала ұмтылады. Жігіт те қарсы шығады. Дәл сол кезде әлгі әйел жігіттің аяғынан шап беріп, оны екеулеп жүріп жерге ұрады. Ойраттың астына түсіп өлгелі жатқанда күшігінен асыраған иті иесіне көмекке келіп ойратты жарып тастапты. Содан бері өмірін сақтап қалған итті қадірлеп, керісінше, иттік жасаған әйелге итаяқтан ас береді екен.

Қазыбек ұзақ ойланыпты. Ақырында: «Жүрекке әмір жүрмейтінін білмей, құштарлықтың қызыл тілді күрмейтінін білмей – жүректі білекпен жеңбек болыпсың. Құшағына өктемдікпен енбек болыпсың. Сенің өктемдігіңе көнбеген әйел айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Ал әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауыңа болысып, сені құлатқаны үшін айыпты. Сонымен айыпты айып жусын да, ашуыңды ақыл қусын. Бұл әйел төркінін тапсын. Сен өзің өшпенділіктен арылып, еркіндігіңді тап!»-деп шорт  кесіпті».

Болмыс пен болудың мәні қашанда ұғым  мәнін айқындаудан басталады. Болмыстың мәні тілдің астарына жасырын «жазылғаны» рас болса, «жүрек» пен «білек» қалау-әмірі туралы аңыз нені бейнелейді? Әрбір адам өз айналасындағыларға тек өзінің өлшемімен қарап, қатынас жасайтын болса, өлшем атаулының мәні неде? Адам — өз өлшемін жаратушы, өз өлшеміне сай өлшеуші, бағалаушы болмыс па, жоқ әлде өзі объективті өлшемдерге бағынышты болмыс па? Субъективті өлшем еркіндігі қаншалық деңгейде мүмкіндікке ие? Адам баласының өзіне және төңірегіне қояр талабын қандай өлшемге негізделген?

Өлшем ұғымын айқындау үшін алдымен өлшеуді түсіну керек. Өлшеу — өлшеушінің өлшенушіні мәлім өлшегіштер арқылы айқындау, жүйелі бағалау, тікелей сараптау белсенділігі. Өлшеуші өз өлшеуін өлшемдестіру үшін қашанда жалпы қабылданған өлшеу бірліктері көрсеткіштерін пайдаланады. Ол өлшеу бірліктеріне арқау болған, сол арқылы бүкіл өлшеу белсенділігін астыртын белгілеген ішкі айқындағы айналық негізді, болмыстың құндылықтың нарықтық ішкі түпнұсқа көрсеткішін «өлшем» деп атаймыз. Демек өлшем өлшеуден де, өлшем бірлігінен де алғашқы, болудан бұрын болмыстың болуын мәндестіретін рухани таразы.

Әрбір сәбидің ойына «Мынау не? Анау кім?» емес – алғаш рет «Мен кіммін?» деген антропологиялық сұрақтың келуі сәтінен дәл сол кішкентай адамның тұлғалық қалыптасу процесі басталатыны сияқты, жалпыадамзаттық дүниетанымның космостан адамға бетбұрысы кезеңі мәдениеттегі басты жетістік және үлкен секіріс саналады. Рух тарихындағы бұл құбылыстың бастауында ежелгі гректер, атап айтқанда софистік мектеп және дана Сократ тұр. Философиядағы алғашқы антропологиялық мәселе адамның өлшем екендігі ретінде қойылды: «Адам дүниенің өлшемі: бар нәрселердің – бар екендіктерінің және тіршілікте жоқтардың – жоқтығының көрсеткіші» екенін алғаш айтты софистер. Бұл – жақсы мен жаманның өлшемі ретінде адамның субъективті пікірі алынуға тиіс, «әрбір нақты адамға дүние қалай қабылданса, көрінсе – дүниенің дәл сондай болғаны» дегенді білдірді.

Адам — өзінің субъективті өлшемдеріне сай өлшеу бірліктерін қалыптастыратын, болмыстың болуын өзіне тиімділігі мен түйсініліміне сай анықтайтын рухани белсенділік. Бұл өлшеу бірліктерінде әлеуметтік келісім, өзара рухани алмасу, дағды мен дәстүр көрініс беруі табиғи құбылыс. Бірақ бұл оның ішкі арқауының субъективтілігі мен салыстырмалылығын, бастапқы түпнұсқаның жекелік негізге ие екенін жоққа шығармайды. (Ұзындық біреулерде ‘кт’, ‘т’, ‘сіігі’, ‘ст’ деп халықаралық бірліктерге сай өлшенеді, енді біреулерде «шақырым» (айғай жетер қашықтық), «құлаш», «қарыс», «сүйем», «елі» деп ұлттық ұзындық бірліктері арқылы өлшенеді). Барша нақты өлшеу,  нақты шамалау, бағалау атаулы ішкі субъективті өлшемді санау көрсеткіші, бағалау айнасы — сезім мүшелері мен зерде мүмкіндіктеріне табиғи тұрғыда негізделген тарихи келісім арқылы жүйеленеді, тұрақтылығы қашанда салыстырмалы өлшем бірліктеріне сай орындалады. Өлшенетін субъектті  нақтылығына сай өлшеу объективті шындықты үзіп-жұлып бейнелегенмен, дәл осы субъективті өлшемде өлшенгендіктен ғана объективті шындық адам үшін түсінікті айқындылыққа ие болады. Өлшеу негізделген бірліктің осылайлығында, (мысалы, мәлім аралықты ‘бір метр’ деп алуда, немесе ‘бір құлаш’ деп алуда) ешқандай табиғи сөзсіздік жатқан жоқ. Адами қажеттіліктің адамзаттық, ұлттық талабы оны осылай белгілеген және соған келісіліп бірлікке келтірілген. Әсіресе өлшеу белсенділігінде тіке өлшеу бірлігі ретінде қарастырылатын сан әлемі толығымен субъективті түрде нақтыланады. ‘Бір’ саны білдірген нақтылық тұрақсыз, салыстырмалы, оны біз өзіміз қажетсінген мүмкіндік пен ыңғай аумағында ерікті белгілейміз. Мысалы, бір адамды да «бір» бірлігімен, он адамды да «бір» бірлігімен белгілеуге болады, алдыңғысында ол жеке адам ретінде болса, кейінгісінде ол ұжым ретінде қарастырылады.

Адам санасы нақты өлшеу бірліктерін ғана емес, объективті барша қасиеттер мен ерекшеліктерді адамға тән белгімен, адамға тән құрастырулармен, адамға тән үлгі-тәсілмен, адамға тән түйсіну-түсіндіру үлгісімен қайта жасақтайды, өзінше бейнелейді. Бес сезім мүшесі ар-қылы нәрсенің, істің ақпаратын қабылдау, әр нәрсеге ат қойу, әр ұғымға өзіндік мән беру, түйсіну және түсінгенін бейнелеу-жеткізу атаулы тегіс адами өлшемге сайлығымен ғана мүмкіндікке ие болмақ. Таным, тіл, әрекет дегендер шындықты субъективтестіру, оны адамша мәндестіру үлгілері. Егер  нақтылықтан руханият саласына көшсек, онда мәселенің күрделіленуіне орай өлшемнің субъективтілік сипаты да күшейіп, адами мән айқындала түседі. Мысалы, адамдық өлшем нормалары ретіндегі ізгілік, сұлулық, игілік, ақиқат өлшемдері субъективті мәнде ғана ішкі айқындылыққа ие болады. Өлшем ұғымы бұл тұрғыда құндылықтың ішкі көрсеткішін білдіреді. Демек дүниеде таза объективті шындық өмір сүрмейді, өмір сүрген күнде де ол, И.Кант айтқандай, санамыз қабылдай алмайтын өзіндік күйде («өзіндік зат»). Ең нақты нәрседен рухани дүниеге дейінгінің барлығы субъективті ішкі өлшемде ғана айқындалмақ. Дүние әрбір Меннің көзімен қарағандағы күйде және қашанда осы негізде бейнеленетін, анықталатын, айқындалатын дүние. Адами субъективті өлшемнің сөзсіздігі «адам ақиқатты жасайды, өзі құрастырған қағиданы заңдылық ретінде болмысқа таңады,» немесе «шындық дегеніміз түйсік құрастырған түс» дегендік емес. Керісінше таза мәнде қандай да болмасын  шындық адамдық өлшем қалыбында ғана анықталады, таңдалады, бағаланады дегенді білдіреді.

Танымдық бүтіндіктің материялы нақты, шынайы, субъективті болған күнде де, оның құрастырылуы адамша үлгіге сай болуы шарт. Танымның өзі субъективті өлшемнің бір құралы ретінде ғана мәнге ие.  Қандай да бір танымға, әрекетке — адамзат еркінің таңбасы басылатынын, адами құн, маңыз, этикалық-эстетикалық өлшемдер сіңетінін ескерсек, субъективті өлшем жай ғана шындық ақиқаттасуының адами кепілі ғана емес, баршаны адамша мәндестіру екенін түсінеміз.

Бірақ мәселе тек танымдық дұрыс-қателік бағамында, құндық нарқы тұрғысында ғана қойылып отырған жоқ. Өлшемнің субъективтілігі түпкі негізге үңіліп, тереңдегі мәнді айқындауды күтеді. Өлшемнің күнделікті тәжірибелік мағынасы оның шынайы мәнін мына тұстан немесе ана тұстан емексітіп білдіргенмен, нағыз идеал өлшемді талдауға жеткілікті болмайды.

Болмыс дегеніміз еріктің мәлім өлшемде өз-өзінен болуы. Болмыс өз болуын өз өлшемі арқылы еріктестіріп орындайды немесе болмыс өз ерік күресі арқылы өз өлшемін қанағаттандыруға құлшынады деу бір ғана мағынаны білдіреді: болмыста ерік пен өлшем толық сәйкестікке бірлікке ие.

Еріктің ұйымдасу дәрежесі және ондағы ұмтылыс дәрежесі болмыстың тірілігін, бірбүтіндігін түрлі деңгейде бейнелейді. Ал өлшем — баршаның өз-өзімен ішкі бірлігі ретіндегі, өз-өзін әйгілеу «құштарлығы» ретіндегі аңсарға толы әлеует-еркімен үндес күйде болмысты өз болуымен тұтастырушы, үндестіруші дәнекер. Сондай-ақ ол сыртқа бағытталған еріктің субъективті,  қатал ішкі талабы және сыртқы сұранысы. Ерік атаулы өз өлшеміне сай болуға құлшынады, ал өлшем еріктің ұмтылыс деңгейіне сай жарқын не қараңғы, анық не күңгірт, ашық не тұйық, еркін немесе бойсұнған күйде бейнеленеді.

Болмыс өз болуына ішкі «ұстаным» жасап, соған сай болуды орындау барысында өз еркін іске асырады. Өз еркін өз мүмкіндік ыңғайына орай, өз әлеуеті деңгейіне сай өз ұстаным өлшемі етіп, өз кеңістігіне ұсынушы бүтіндік болумен бірге өз өлшемі арқылы өзге болушыларға қысым да көрсетеді.

Мәңгілік күрес — өзін өс еткен еріктердің субъективті өлшемдері талабынан туады. Дүниеге өз өлшемін қоймайтын, өз өлшеміне бола күреспейтін өлі ерік — «еш өлшемсіз болмыс» өмір сүрмейді, ал еркі әлсіз, өз өлшемінде болуға әлеуеті жетпейтін, өз өлшеміне өзі кереғар  болушыларды өзгелері жұтып, біртіндеп өмір сүруден шеттетеді, оның мүмкіндігін өз пайдасына шешеді. Өлшемдер қайшылығы — өз өлшемімен ішкі бірлікке ие болмыстас еріктердің өз өлшемін ерікті орындау кеңістігіне, энергиясына, орайына таласы. Ол субъективті сұраныс өлшемдерін қанағаттандыруға, үстемдік таласында жеңіске жетуге құлшынудан туатын өзара қайшылық. Өлшемдер қайшылығы — субъективті өлшемді қанағаттандыратын мәнділік пен мәңгілікке таласқан еріктер күресі. Сол күрес нәтижесінде туатын қайшылыққа толы салыстырмалы теңгерім (баланс) — осындағылардың орналасу тәртібі болып жарияланады. («Ұстаз бен шәкірт – білімде теңеседі, бай мен кедей жомарттықта теңеседі, күшті мен әлсіз білекте теңеседі, жақсы мен жаман — өлгенде теңеседі» Құнанбай қажы).

Ең жоғарғы өлшем — жарату-жаулаудың өктем әлеуетіне субъективті үлгіде ие болу. Адам жарату-жаулауды мәңгілік мәнділікпен айқындайды. Демек табиғат этикасында өктем әлеуетке жету ізгілік болмақ, әрбір болушы өктем әлеуеттегі өз биігін көздейді, сол биіктен төмен қарауға және баршаны билеуге құлшынады, бірақ бұл өзара арбасу арқылы, бетпе-бет, жекпе-жек, ашық және жасырын күрес арқылы жеңімпаз сараланатын дода. Жеңістің өзі тұрақсыз, жеңімпаздың өзі түрлі жақтарда нәзік, белгілі бір жақтарда ғана құдіретті.

 Жаһан өз еркін заңдылық арқылы өлшемдестірген әрі өз тіршілігін сол заңдылыққа сай орындайтын болмыс үлгісі. Заңдылық — алдын-ала орналастырылған, бір үлгіде, бір деңгейде тұрақталған бұлжымас тәртіп дегенді білдірмейді. Сырттан таңылған, біржолата қатып қалған, барша айналысты бұлжытпай қадағалайтын және өз қалауы бойынша   орындататын ондай заң, ондай тәртіп дүниеде болған емес, болуы да мүмкін емес. Табиғат заңдылығы — ғаламның жаратымпаздық мүмкіндігінің белгілі бір мезгілдегі өз-өзін өлшемдестіру процесінің жемісі. Заңдылық  — алып айналым тұрғысынан және кең мағынада айтқанда — салыстырмалы. Ол да біртіндеп өзгереді, яғни әлемнің мәңгілік даму ыңғайына сай жаңа заңдылықтар біртіндеп бекіп тұрақтанып, ескі заңдылықтар біртіндеп жойылады. Ал жаһанның құшағындағы және жаһанның бір бөлшегі ретіндегі адамзат өз кезегінде әлемдік заңдылықтардың ықпалынан тысқары бола алмағанымен, адамзат әлемінде және адам ғұмырында, әсіресе адам руханиятында шешуші рөл ойнайтыны — жаратылыс заңдары емес, субъективті өлшем заңдары.

Сана объективті  шындықты бейнелеуі мүмкін, бірақ ол өздік өлшемнің елесі күйінде ғана өзі бейнелейтін объективті шындыққа мән дарытады. Тіпті объективті шындық субъективті өлшемді бейнелеудің (символдау) құралы ретінде ғана танымдық мүмкіндікке ие. Этикалық, эстетикалық, діни, ғылыми, мәдениеттік немесе басқада бір алғышартсыз, астарлы сөз ретінде поэзиялық үлгіде қойылмаса және поэзиялық мәнді білдірмесе, онда ол жай ғана шындықтың қайталанбалы мәліметі болады да, мәнді айтылымға айналмайды. Ұғымға және ұғымға айналған оқиғаға енген мәнді ешқашанда оқиғаның шындығы бермейді, қайта адами руханилық береді. Өлшем — рухани, ал сана дегеніміз рухани өлшемнің бір түрлі көрінісі және оның айқындалу мүмкіндігі ғана. Сананың өлшеммен қатысы ешқашанда тікелей емес, мәлім мәнде сана өз негізінен ауытқитын қалыпсыздыққа ұласу  бейімділігіне ие ашық мүмкіндік. Сана рухани өлшемді табиғи түйсінген және жасампаздықпен бейнелеген күйде өмір сүретіндіктен, сондай-ақ сыртқы дүние шындығын елестетуге бағытталғандықтан, өз астарына қарата күңгірт күйде.

Шопенгауэр тіршілік ақылды болған сайын азап тартатынын, сананың даму деңгейі қасіреттің даму деңгейіне сай болатынын айтады. Егер сананы Мендік өлшемнің елесі ретінде қарастырсақ бұл – шындық: қайғы-қасірет субъективті өлшемнің сұранысынан тумақ. Мен өз өсіне қаншалық дәрежеде бойласа, онда оның осынау сұраныстың қысымына ұшырау мүмкіндігі сонша артады. Анықтап айтқанда, адамдағы өлшем айқын болған сайын Мен  — субъективті түпнұсқа өлшемнің сұранысын тікелей  сезінеді, оны орындау ғажайып жасампаздықты, жансебіл жауынгерлікті, зіл бодауды талап етеді, азаптану дәл осы ішкі сұраныстан туған үрейлену мен өзіне сенімсіздіктің, сондай-ақ осыдан туатын айналасынан бөтенсудің, жаттанудың салдары. Ал сыртқы орта жеке тұлғаның субъективті өлшемімен есептеспейді, онда барлық іс — келісімді ортақ өлшем бойынша, сыртқы өлшемдер бойынша, тіпті қисынсыз өлшемдер бойынша орындалатындықтан, субъективті өлшемге ыңғай берілмей тұншығады.

«Тастар мен жануарлар үрей мен уайымнан азат, бірақ оларды бақытты деп ешкім айтпайды, себебі бақытты саналы түйсіну оларда жоқ. Табиғатынан топас адамдар да осындай және өзіндік сананың жоқтығы оларды хайуан деңгейіне дейін төмендетті»-дейді Сенека. Демек, субъективті өлшемі өзіне бұлдыр, жан түйсігі оянбаған келді-кетті адамдардың уайымсыз күйі хайуанның уайымсыздығы сияқты дүние.

«Барша нәрсе тегіс өз өлшемін қояды». Бірақ адам ғана өз бірбүтіндігінде өз өлшемін өз Мендік рухы ретінде өзіне айқын қояды және өз күресінде (болуында) өздік өлшемді орындаудың ғажайып сынағын жасайды, бүл сынақтың тарихи жеңімпаз сүлей үлгісін біз өркениет деп атаймыз.

Өлшем — субъект ретіндегі адамның өз болуын субъективті өлшеуге негіздеген ішкі рухани арқауы. Адамға тән ең ұлы болмыстық ерекшелік — өлшем қоюдың Менде бірлікке келуі және баршаның адамша өлшемде мәндесуі. Демек толық мәндегі өлшем адамда мәреге жетпек және адами тұрғыда өзін айқындамақ. Адам ғана аты — затына сай төңірегіне өз өлшемін ұсынушы, өз өлшемімен қараушы өз өлшемімен бағалаушы болмыс. Мейлі ол өз сенімін өмір кешірмесінен түйіндесін немесе бір сәттік қызбалықтан, ыңғайлы оңтайдан кездейсоқ белгілесін, болмаса қоғамдық келісіммен ақтасын, тіпті моралдық және эстетикалық сезімге сай әрлесін, бәрібір, ол дүниені, өмірді, төңірегін, тіпті өзін өз өлшеміне сайдыруға мәжбүрлейтін, өз өлшемін қанағаттандыруды өмірлік парызы санап, содан мәнділік және мәңгілік қарастыратын болмыс. Ешкім де, тіпті ең есуас адам да өз өлшемінен жаңыла қоймайды, тек соған қарата белсенділігі мен соны іске асыру тәсілі ғана дағдылы жолынан айниды.

Өлшем – адмның рухани әлемін өз орбитасына салып айналдырған өзек іспеттес. Растау мен терістеу, қабылдау мен қарсылық ыңғайы қашанда осынау өске қатысты. Бұлдыр өлшемді, немесе тұнық өлшемді адам дегенде біз оның өз өлшеміне бойлау дәрежесіне, оны мақсаттастыру зерделілігіне, өлшемін өрнектеу талантына сай айтамыз.

Адам тек өлшем айқындылығы тұрғысынан табиғаттан асып қойған жоқ, сонымен бірге ол өзінің субъективті өлшемінен алшақтауға бейімділігі тұрғысынан да табиғаттың алдын орады. Өйткені, өлі заңдылыққа маталып қалған материямен салыстырғанда, ол өз өлшеміне қатысты еркіндікке ие. Осы мағынада Еврипид дұрыс айтқан: «Пенделерде дәйекті өлшем жоқ, қарабайырлардың табиғаты қашанда қалаймақан». Тобырлар өз Мені нендей өлшемді орындауды талап еткенін аңғара алмаған, өздік пен бөгделікті айыра алмаған екұдайы, ілеспелі, келді-кетті күйде болады, өздік өлшемге қарата бір түрлі қараңғы жетелену күйінде жан сақтайды.

 Адамды «жер қыртысындағы бір түрлі ауру» дейтін Ницшенің әжуасы осы негізде ғана түсінікті болмақ. Өмір тек өмірге ыңғай беретін ұтымды, тиімді күштерден ғана емес, өмірге қарсы кедергілер мен өмірді бүлдіретін, бұра тартатын аздырғылардан да құралатындықтан, болушының болуын өз болмыстық өлшемінен адасуға мәжбүрлеу өмір күресінің бір мүмкіндігін құрайды.

Өлшемдер арасындағы қақтығыс адамзат өмірінің табиғи көрінісі. Бұл күрес, біріншіден, өлшем иесінің сұрыпталуына, сол арқылы жаратымпаздықтың бір сарындылықтан арылып, жоғары деңгейге көтерілуіне негіз болады. Екіншіден, өлшемдер арасындағы күрес өлшемнің өзін сұрыптап, ең сүлей өлшемдердің тарихи сахнағаыдіретін, рсы кедергілер мен әседі. ңеседі, күшті мен әлсіз білектіде теңеседі келуіне және әлеуметтік өлшемге айналуына мүмкіндік береді. Үшіншіден, адамзат қатып қалған бүтіндік, адам қатып қалған нүкте емес, барша нәрсе ақырғы есепте өзінен де биік нәрсені жаратуымен баянды. Ал өлшемдер күресі адамзаттың, жекенің өз шегінен ауытқуының ішкі қозғаушы күші болмақ.

Болмыстың болу өлшемін әралуан құрылымнан, әр алуан тұрғыдан қарастырып, түрліше жіктерге жіктеуге, түрліше қабаттарға бөлуге болады. Мысалы, өлшем — өлшем иесіне сай Тәңірі өлшем, жаратылыстық өлшем, адамзаттық өлшем, ұлттық және жекелік даралық өлшемі деп бөлінсе, мазмұнына сай рас-жалғандық тұрғысындағы шындық өлшемі, ізгілік-пасықтық тұрғысындағы ар-ождан өлшемі, сұлулық-сұрықсыздық тұрғысындағы көркемдік өлшемі, тиімді-тиімсізідк тұрғысындағы құндылық өлшемі деп бөлуге болады; ал рух әлемінде оны ағымдық өлшем, танымдық өлшем, нанымдық өлшем, ділдік сенім өлшемі деп бөлуге болады; ал өлшемнің өз ерекшелігіне сай дәрежелік өлшем, қатыстылық өлшемі, киелілік өлшемі, қайшылық өлшемі деп бөлінеді.

Қазақ пен Қалмақ келісімге келіп, мал-жанын түгелдей келген қазақ елшілерінен жығылғанын мойындаған Қонтажы қазақ жағының барлық талаптарын орындап болып, олардың басшы адамдарының әрқайсысына бір тоғыздан сый беріп, «екі сыбағалы болып!» деге ризашылықпен Қазыбекке қос тоғыз жүлде байлап әрі қош айтыспақ болып өзі ере шығады. Сонда қазақтың бір жігіті көпшілікке мұңын шағыпты: «Мен қазақтың жылқышысы едім. Жылқыммен бірге қалмақтың қолына түстім. Олардың бірі тонымды алды, өз ықтиярыммен бермеп едім, сабап тісімді сындырды. Атымнан айрылып ұйқым бұзылды, тісім сынып сөзім бұзылды. Осыған не дейсіздер?»

— Біткен дауды еселеп даулай беру дұрыс па? Тон дегенің бір тоқтышақтың терісі шығар.  Ат дегенің сырты түкті, іші боқты бір тай болар. Ал тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде емес пе?! – депті дейді ренжіген Қонтажы.

Сондағы би бабамыз Қазыбектің уәжін, ол уәждегі адамшылықты, табандылықты, іс пен әрекетті үлкен-кішіге, маңызды-мәнсізге жіктеп жатпайтын «Барлық адам маңызды, демек әрбір адам маңызды!» қағидасын мен, өз ұлтымның өкілі, жалпыадамгершілік ұстанымдардың жақтаушысы ретінде мақтанышпен, ризашылықпен, әрі асқан құрметпен баяндаймын:

 Үстіндегі жалғыз тон – жанат емей немене? Аузындағы отыз тіс – болат емей немене? Астындағы жалғыз ат  — қанат емей немене? Қазақ – қалмақтың сатып алған құлы емес. Бұл да біреудің ардақтап асыраған ұлы. Ерікті ұл еліне көрікті болып қайтуы керек — депті дейді би баба.

«Балықшы – балықшыны….» демекші, әділ сөз бен парасатты іс-шешімнің қадірін  білетін Қонтажы сонда:

  • Мә, жанатыңа жанатым, — деп ішігін,

     Мә болатыңа болатым, — деп семсерін,

     Мә, қанатыңа қанатым, — деп астындағы тұлпарын түсіп берген көрінеді.

Жеке адамның діліне ұйыған, жеке адамның әлеуметтік және жеке басының ішкі өмірі арқылы әйгіленіп, адамды адам етіп сомдайтын және көрсететін адами өлшемнің бірегей мәні негізінде адамдар бір-бірімен әлеуметтік тұтастық тауып, өзара рухани байланыс жасайды. Дегенмен, адамдық ортақтық тек алғышарт қана, адам өлшемінің субъективті белгісі — оның даралықты айтатындығында және даралықты ұсынатындығында. Даралық — адамдықтың, адам болудың өзіне ғана тән болу дағдысы. Әркімнің субъективті мәнділік өлшемінің ерекшелігі мен қасиеті даралықтың бөтендік емес, дарабоздығы екендігін көрсетеді. Барша адамзатты тұтастыратын ең соңғы, бірден-бір өлшем өмір сүрмейтіндіктен, өмір — адам болудың бір реттік дара сынағын жасауды білдіреді. Сәтті, салиқалы, салауатты, салуалы, салымды болу сынағы болады немесе сәтсіз былжыр, міскін, күйкі, өнімсіз болу сынағы болады.

Субъективті өлшем – адамды  адам етіп сомдаған, адамзаттық, ұлттық бірлік әлемін қалыптастырған. Ұлт дегеніміз — ұлы даралықтардың ортақтығы тілдік және ділдік сенім тұрғысындағы ішкі, тарихи тамырластығы. Субъективті өлшемнің жеңісі — ұшқары, қайталанбас даралықтың жемісі, ұлттық ортақтықтың жеңісі.

Адам өлшемінің субъективті түпнұсқа үлгісі – субъективті ерікте бейнеленген діл жарқындығының көрінісі. Субъективті түпнұсқа өлшем болмыстың болуын негізгі екі сұраныста мәндестіреді: мәнділік өлшемі және мәңгілік өлшемі. Бәлкім, бұл екеуі бір өлшемге жинақталады: мәңгілік мәнділік. Субъективті  түпнұсқа өлшемді аңғарған, түйсінген күйде, субъективті өлшемнің ішкі сұранысынан туындаған күйде, өзі күткен мәннен үміттенген күйде өмір сүретін, бар болатын адам баласы үшін мәнділік — өміршеңдік мәнділігі және тебіреніс мәнділігі болса, ал мәңгілік осынау мәнділіктің баяндылыққа ие болуы болмақ.

P.S. Теледидар арналарының бірінде республикадағы сәбилер саулығы туралы хабар беріліп жатты. Хабарға Денсаулық сақтау саласының өкілі ретінде қатысып отырған елулер шамасындағы, жоғарғы шендегі әйел адам: «Біз тұрғындардың, әсіресе сәбилердің саулығын сақтауға, жақсартуға мүдделіміз – олар біздің еңбек резервтеріміз»- деді батыл да сенімді түрде. Бұл қандай өлшем?..

ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Алфи Хайдар Әмед. ҚХР. Өлшем ұғымы және өздік түпнұсқа өлшемі./Қазіргі заман руханиялық мәселесі. Алматы 2007ж..ҚазҰПУ/
  2. Г.Ж.Нұрышева. Философия тарихы. Алматы, 2005. 171 6.
  3. Шешендік шиырлары. Алматы, «Қайнар». 2003.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ