Әбілқайыр ханның билікке келуі

0

Ортағасырлық Қазақстан тарихында XV ғасырдың бірінші жартысы мен орта тұсында өмір сүрген Әбілқайыр хандығының  өзіндік алатын орны бар. Қазақ хандығының құрылу тарихында бұл мемлекеттің дамуы  саяси алғышарттар даярласа, мемлекеттің этникалық негізін құраған «көшпелі өзбектер» деп аталған тайпалар бірлестігі қазақ халқының қалыптасуында маңызды роль атқарады. Мемлекетті алғаш рет Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында ұзақ уақыттар бойы саяси жағынан алғанда бейтарап болған Шибан әулетінің өкілдерінің бірі — Әбілқайыр хан құрып, бірнеше он жыл бойы жеке-дара билік етеді. Бірнеше ғасыр бойы осы аумақта билік еткен Орда ежен әулетінің орнына Шибан әулетінің келуі және әулет өкілі – 17 жасар  Әбілқайыр ханның алғашында Шибан ұлысына, кейіннен бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына хан болуы кездейсоқтық болып көрінгенімен, мәселені тереңірек қарастырғанда оның тарихи дамудың заңды құбылысы екенін көруге болады. Осыған байланысты біз осы жұмысымызда  жап-жас шибанилық әулет өкілінің билікке келуі мәселесін қарастырамыз.

Ежелгі және ортағасырлардағы дүние жүзілік тарихта, сондай-ақ  Қазақстан тарихында да мемлекеттің  жоғарғы билігіне билеушілердің бірнеше жолдармен келетіндігі белгілі. Біріншісіне — әулеттің негізін қалаушы тұлға өзінің жеке басының қасиеттерін көрсете отырып, күрес арқылы келсе, екіншісіне – мұрагерлік жолмен келу жатады. Бұл жағдайда көбінесе, бұған дейін хан болған әкенің, не аға-бауырдың өсиеті есепке қатаң алынады. Үшіншісіне – бір әулет ішіндегі тұлғалардың өзара билік үшін күресі арқылы келу болса, төртіншісіне — әулеттің жап-жас өкілін сарай маңындағылардың, әмірлер мен бектердің қолдап отырғызуы жатады. Бұларға дәлел ретінде ежелгі үйсіндердің, түріктердің, қыпшақтардың, саяси тарихынан, сондай-ақ Алтын Орданың, Ақ Орданың, Моғолстанның, Темір мемлекетінің, Ноғай Ордасының тарихынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Осы билікке келудің әртүрлі жолдарын талдай келе, мынадай бір заңдылық бар екені аңғарамыз. Билеуші әулеттің идеологиялық негізі мықты болған жағдайда билікті мұралану барысы қатаң сақталады, ал идеологиялық негіз әлсіреп, тоқырауға ұшырағанда, онда билікке бірге туған бауырлар бірін-бірі өлтіріп жетеді немесе әулеттің ең жас, тәжірибесіз өкілін жергілікті саяси күштер немесе топтар таққа отырғызады. Әбілқайыр ханның билікке келуі осы төртінші жолға жатады.

ХV ғасырдың Алтын Орда үшін қандай маңызға ие екендігі тарихшыларға мәлім. Бұл ғасырда Алтын Ордадан Қырым, Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары, Ноғай Ордасы бөлініп кетіп, әрқайсысы жеке, дербес мемлекет ретінде өмір сүре бастайды. Империяның саяси жағынан бытыраңқылыққа ұшырап, күйреуінің басты себептерінің біріне – билеуші әулетке негіз болған идеологияның әлсіреуі жатса керек. Дәл осындай тенденцияны Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінен де көреміз. Ақ Орданың соңғы ханы Барақтың ноғай мырзалары Қази (Ғази), Наурызбен болған соғыста қаза табуы шыңғыстық идеологияның әбден әлсірегенін көрсетеді. Шыңғыс ұрпағына жатпайтын ноғай мырзаларының Шыңғыс хан ұрпақтарымен текетіреске түсуі, жоғарыда атап өткендей, шыңғыстық идеологияның әлсіреуін, хандық билік беделінің төмендеуін және жергілікті этнотоптардың саяси беделінің артқандығын көрсетеді. Міне, осы саяси беделі мен ықпалы өскен Шығыс Дешті Қыпшақтың ру-тайпаларының көсемдері мен ірі дін басылары 1428-29 жылы Әбілқайырды хандық билікке әкеледі. Олай болса, Әбілқайырдың шығу-тегіне назар аударып көрелік.

Әбілқайыр ханның шығу-тегі жазба деректерде өте жақсы баяндалады(1). Ол – Жошының бесінші ұлы Шибанның ұрпағы. Дерек мәліметтеріне сүйенсек, Шибаннан  Баһадүр, одан Жошы Бұқа, одан Бадағұл оғлан, одан Мың Темір хан, одан Болат, одан Ибрагим (Аба-оғлан деп те аталады – Б.К.), одан Даулет-Шайх, ал Даулет-Шайхтың жалғыз ұлы — Әбілқайыр хан(2). Дерек мәліметтері Шибан Ұлысында ХІІІ ғасырдың басынан, яғни Шибан ханнан бастап Әбілқайырдың әкесі Даулат-шайхқа дейін ұлыс билігінің өзгермей әкеден балаға ауысып отырғандығын нақты көрсетеді(3). Бұл дегеніміз — Әбілқайырдың шығу тегінің шибанилық әулеттің басқа тармақтарына  қарағанда ерекше екендігін байқатады.

Әбілқайырдың туған жылы кейбір тарихи әдебиеттерде хижра жыл санауы бойынша 816 жыл (1413) деп көрсетіледі(4). Ал академик В.В.Бартольд бұл датаның қате екендігін көрсетіп, «Әбілқайыр 1412 жылы айдаһар жылы туылған, — деп дәлелдейді(5).

Біз де осы датаны қолдай отыра, өз тарапымыздан мынадай дәлелдеме ұсынамыз. Кухистани Әбілқайыр ханды 57 жасында хижраның 874 жылы қайтыс болған деп жазады (6). Бұл жылдың біздің жыл есептеуіміз бойынша 1469 жыл екендігі белгілі. Олай болса, 1469 жылы 57 жастағы адам 1412 жылы туылған болып шығады.

Әбілқайырдың әкесі Даулат Шайх оғлан әкесінің орнына билік жүргізіп, жазба деректерде өзі туралы мынадай мәліметтер қалдырады: «Ол басқарудың негізін қалады және адамдар үшін жарлықтарға бағынуды үйретті. Туысқандармен, ру-тайпалармен және барлық әскермен ол өте жақсы қатынаста болды. Ол сол тұстағы хандарға қатысты «көтеріліс» деген сөзден қашығырақ болды, бұл сөзден ол алыс болуды өзінің міндеті деп санады»(7). Әбілқайыр хан әкесінің өз ұлысындағы билігі ұзаққа созылмаған секілді. Оның қашан, неше жасында қайтыс болғанын деректер айтпайды.

Б.А. Ахмедов осыған байланысты Махмуд ибн Валидың дерегіне сүйеніп, «Даулат шайх-оғлан қайтыс болғаннан кейін шибанилықтар арасында билік үшін күрес күшейіп, соның салдарынан оның кішкентай ұлы Әбілқайыр биліктен шеттетіледі. Шибан Ұлысындағы билікті алғашында Сопы, ал кейін оның ұлы Жұмадық хан басып алады», — деп айтады(8). «Тарих-и Кипчаки» дерегінің авторы «Әбілқайыр хан балалық шағын [туысқандығына] байланысты Жұмадық ханның жанында өткізді. Ол Әбілқайырды әскер мен елді басқаруға қабілеті жететіндей етіп тәрбиеледі», — деп жазады(9). Әртүрлі жабза деректердегі мәліметтер бойынша Әбілқайыр мен Жұмадық хан 5-6 атадан туысады. Олардың ортақ арғы атасы – Бадағұл ұлы Мыңтемір хан. Мың Темірдің алты ұлының бірі – Болат, одан төртінші буында Әбілқайыр тараса, Мыңтемірдің келесі бір ұлы – Сүйініш Темір. Одан Сүйеніш бай, одан Баба, одан Сопы мен Ақсопы, ал Сопыдан – Жұмадық таралады(10). Кухистани секілді тарихшылар Жұмадықтың есімінің жанына «хан» титулын қосып жазса, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақта, Қырымда, Қазанда, Хажытарханда (Астрахан), Батыс Сібірде, Хорезмде билік құрған әулеттер туралы құнды мәліметтер берген Қадырғали Жалайыр еңбегінде Жұмадық ханның есімі кездеспейді де, аталмайды да. Керісінше, Қ.Жалайыр Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Шибанилық әулеттің билігін Әбілқайыр ханнан бастайды(11). Соған қарағанда Жұмадық хан – Шибан ұлысы ішіндегі көп ұлыстардың бірінің ханы ғана болған. Біздің бұл ойымызды «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты шежірелік деректегі мынадай мәлімет дәлелдейді. Шығарманың анонимді авторы (еңбек 1426 ж. жазылған) шибани әулетінің шежіресін тарқата келе, Жұмадық-оғланның әкесі Сопы (Суфи) деп жазады да, Жұмадыққа қатысты мынадай қосымша мәлімет береді: «Қазіргі кезде – 829 жылы (13.ХІ.1425-1.ХІ.1426) әкесінің тірі болғанына қарамастан бір адамдар тобы оны патшалыққа отырғызды»(12). Бұл мәліметке Б.А. Ахмедов ерекше назар аударып, мәтіндегі «жамағат» деген сөздің тек «адамдар тобы» ғана емес, сонымен бірге, «тайпа», «белгілі адамдардың жиыны», «бас қосу» және тағы басқа осындай сипаттағы мағынаға ие екендігін айтады (13). Біздің ойымызша, бұл жерде «жамағат» сөзі ұлыс көлеміндегі ру-тайпа көсемдері мен дін басыларының тобын, жиынын, бас қосуын білдіріп тұр. Міне, осы топ 1425/26 жылы Жұмадықтың әкесі Сопыны биліктен шеттетіп, орнына ұлы Жұмадықты отырғызады. Жошы ұрпақтарының шежіресін, оның ішінде шибанилықтар шежіресін өте жақсы тарқататын «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» атты еңбекте Мыңтемір ханның Сүйініштемір атты ұлынан таралатын ұрпақтардың ешқайсысының есімінің жанында «хан» лауазымы берілмеген. Бұл деректегі шежіренің бір ерекшелігі сол, онда қай заманда өмір сүргендігіне қарамастан кез-келген Жошы ұрпағы егер ол билікте болса, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қоса жазылып отырылады. Осы тұрғыдан келгенде, Мыңтемір ханнан Жұмадыққа дейінгі бес буында ешкім хандық билікте болмаған. Тіпті «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» авторы Жұмадық есімін «хан» лауазымынсыз жазады(14). Осы жоғарыда келтірілген мәліметтерін талдай келе, біріншіден, Жұмадықтың Мыңтемір ханға дейінгі ата-бабалары Шығыс Дешті Қыпшақтың қоғамдық-саяси өміріне ықпал етіп, із қалдырған белгілі тұлғалар деп айта алмаймыз. Керісінше, олар саяси оқиғалардың қалтарыстарында, шеттерінде қалып отырған секілді. Екіншіден, Шибан ұлысындағы ру-тайпа басшыларының ұлыс билігінен Шыңғыс ұрпағын алып тастап орнына оның ұлын отырғызуы – Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Шыңғыс ұрпақтары беделінің жоғарғы биліктен жергілікті билікке дейінгі аралықта әлсірегендігін, жергілікті ру-тайпа көсемдерінің саяси ролі мен ықпалының өсіп, күшейгендігін көрсетеді. Үшіншіден, Әбілқайыр ханның әкесі Даулат Шайх оғлан қайтыс болғаннан кейін сонау ХІІІ ғасырдан әкеден балаға беріліп, жалғасып келе жатқан ұлыс билігін мұралану дәстүрі бұзылады. Билікке келген жаңа хан – Сопы ұлыстағы бытыраңқылықты тоқтата алмайды, керісінше, Шибан Ұлысында бір-біріне бағынбайтын, бірнеше дербес ұлыстар пайда болады.

Енді Әбілқайырдың билікке келуі қарсаңындағы Шибан ұлысының ішкі жағдайына тоқталалық.

Шибан Ұлысын ХІV ғасырда билеген Болаттың екі ұлы Ибрагим мен Арабшах әкелерінен кейін ұлысты екіге бөліп, дербес басқарады. Олар жазда – Жайықтың жоғарғы ағысы бойында, қыста – Сыр бойында мекен етеді. Дерек беруші Әбілғазы: «Ибрагим мен Арабшах бір-біріне көшіп-қонып араласты», — деп баяндайды(15). Жазба деректер Шибан ұлысындағы екі иеліктің қай өңірде болғандығын нақты жазбаса да, оларды анықтауға болады. ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларға талдау жасай келе, Арабшахтың иелігі шайбан Ұлысының оңтүстік бөлігін, ал Ибрагимнің иелігі солтүстік бөлігін алып жатқан деген тұжырымға келеміз. Бұған дәлел ретінде Арабшахтың 3-4-ші ұрпақтары: Ядгар ханның, Берке сұлтанның иеліктерін ХV ғасырдың ортасында Сыр бойынан, ал Ибрагимнің немересі Әбілқайырдың иелігін солтүстіктегі Тобыл өзені маңынан кездестіреміз(16).

Әбілқайырдың әкесі қайтыс болғаннан кейін солтүстік бөлікте Сопы, одан кейін Жұмадық ханның билігі орнағанымен, олардың жарлығының солтүстік бөліктің барлық ұлыстарына жетпейді. Б.А. Ахмедов өз еңбегінде Әбілқайырдың билікке келуі қарсаңында Шибан Ұлысында пайда болған жеке ұлыстарға Жұмадық ханның, Махмұд қожа ханның, Мұстафа ханның, Даулат-Шайх-оғланның, сондай-ақ Тура қаласы мен оған іргелес аудандардың бүркіт тайпасының көсемдері Адаб бек пен Кепек бектің билігі жүргендігін айтады(17). Осы жерде Б.А. Ахмедовтың Шибан ұлысындағы ұсақ ұлыстардың аумақтарын көрсетуде бірнеше кемшіліктер мен дәлсіздіктерге орын берілген деп есептейміз. Біріншіден, Б.А. Ахмедов ұсынып отырған «Шайбан Ұлысының картасында» оңтүстік бөліктегі ұлыстар көрсетілмеген. Екіншіден, картада Сыр бойы мен Аралдың солтүстік жағы Жұмадық ханның ұлысы деп көрсетіледі, бұл аймақ Арабшах ұрпақтарының иелігі болғандықтан, бұл өңірде Жұмадық ханның иелігі болуы мүмкін емес. Үшіншіден, Даулат шайх-оғланның ұлысы Тобыл маңында деп дұрыс көрсетіледі, оның орнына билікке келген Сопы, одан кейін Жұмадықтың да ұлысы сол жерде болуы керек. Өкінішке орай, Жұмадық ханның ұлысы Б.А.Ахмедовтың картасында оңтүстік бөлікте деп көрсетілген. Біздің ойымызша, Б.А. Ахмедов құрастырған картаны «Шибан ұлысының солтүстік бөлігіндегі иеліктер» картасы деп атауға болады. Жалпы алғанда, ХV ғасырдың 20-шы жылдарының соңына таман Батыс Қазақстан аумағындаы Шибан Ұлысының солтүстік бөлігінде саяси бытыраңқылықтың нәтижесінде  бірнеше дербес ұлыстар пайда болып, әрбір ұлыстың билеушісі өз беттерінше дербес саясат жүргізіп отырады. Ол ұлыстарға: Жұмадық ханның, Махмуд қожа ханның, Мұстафа ханның иеліктері, Тура өңірінде бүркіт тайпасының бектері Адаб бек пен Кепек бектің иеліктері, сондай-ақ Ембі мен Еділ өзендерінің аралығында маңғыт билерінің ұлыстары жатады.

1428 жылы Әбілқайыр ханның билікке келер қарсаңындағы Шибан Ұлысының жағдайы осындай болатын.

Енді Әбілқайыр ханның билікке келуі мәселесіне тоқталалық.

Кез-келген саяси күштердің басты мақсаты билікті иелену, билікке ықпал ету болса, ортағасырлардағы монархиялық елдерде саяси күштер мен топтардың мақсаты билікке әулет өкілдері арасынан өздерінің қалаған адамын әкелу, сол арқылы ішкі және сыртқы саясатта өздерінің мүдделеріне сай келетін саясат жүргізу болды. Мұндай жағдайда саяси топтар терең ойлап, алысты болжамайтын, принципшілдігі аз, ой-өресі таяз, білімі мен тәжірибесі онша көп емес және тағы басқа осындай қасиеттерге ие үміткерлерді әулет арасынан іздеп тауып, таққа әкеледі. Кейде мұндай жағымды қасиеттері жоқ үміткерлермен алдын-ала келісім жасасады. Ал кейде саяси топтар әулет өкілдері арасынан өмірлік тәжірибесі аз, жап-жас жеткіншектерді отырғызуға тырысады. Сол арқылы ол топ жоғарғы саяси билікті уыстарында ұстайды, мемлекеттік маңызы жоғары шешімдерді қабылдауда өздерінің мүдделеріне сай жүргізеді. 17 жасар Әбілқайырды жергілікті этносаяси топтар осындай мүдделеріне байланысты билікке әкеледі. Біздің ойымызша, Әбілқайырдың кандидатурасы мынадай талаптарға сай келген. 1) Шибан әулетінің өкілі, әкесі Даулетшайх оғланға дейін ата-бабалары үздіксіз ұлыстарда билік жүргізген; 2) Шибанилар арасында өте танымал, белгілі, асылдың асылы секілді әулеттің өкілі болғандықтан, Әбілқайырдың үміткерлігіне басқа шибанилық сұлтандар қарсылық көрсетпейді; 3) Үміткер жас, тәжірибесі аз, ықпал етуге өте тиімді. Міне, осындай талаптарға сай келгендіктен, Шибан ұлысының жамағаты, яғни ру-тайпалардың көсемдері мен бектері, әмірлері мен мырзалары, дін басылары, сейіттер мен қожалар өзара ақылдаса, кеңесе келе, Әбілқайырдың кандидатурасын таққа лайықты деп ұйғарады.

Мұндай жап-жас үміткерді жергілікті этносаяси күштердің билікке әкелуі ХІІІ-ХV ғғ. Қазақстан тарихы үшін бірінші оқиға емес-ті. Мысалға алсақ, ХІV ғасырдың бірінші жартысында Шағатай мемлекеті ыдырап, бірнеше әмірліктерге бөлініп кеткенде, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы жергілікті ру-тайпа басшылары дулат тайпасының көсемі әмір Болатшының басшылығымен Дува ханның немересі, Есенбұғаның ұлы Тоғылық Темірді іздеп тауып, оны 17-18 жасында билікке отырғызады(18). Сондай-ақ ХV ғасырдың бірінші ширегінде Алтын Ордадағы тақты жап-жас Мұхаммедке (тарихта бұл хан Кіші Мұхаммед деген атаумен белгілі болып қалды – Б.К.) Едігенің ұлы Мансұр би алып береді (19). Осы жерде Мансұр бидің Кіші Мұхаммедті билікке әкелуіне байланысты мынадай бір тарихи дерек мәліметі біз қарастырып отырған мәселенің мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мансұр би Темір ханның жас баласы Кіші Мұхаммедті Алтын Орда тағына отырғызып, біршама уақыт өткеннен кейін жас хан биге ұнамай, ол таққа Барақ ханды отырғызуды ойластыра бастайды. Сол дәуірдің кемеңгер, ақылгөй Жантемір деген қариясы Мансұрға былай деп кеңес берген екен: «Мұхаммед хан әлі жас, өз бетінше арбаны сүйреп жүре алмайды, онымен сенің өмірің тыныштықта өтеді, ал Барақ – күшті бурамен бірдей, ол арбаңды сүйреп қоймай, керек кезінде сені аударып, таптап тастайды»(20). Шайбан ұлысының әмірлері мен бектері де Әбілқайырды «өз бетінше арбаны сүйреп жүре алмайтын» адамға теңеп, «өмірлерін тыныштықа өтткізуді» ойластырған.

Егер де тарихта бір тарихи факт тосындау, қисынсыз болса, онда оған кездейсоқтық деп қарауға болады. Ол егер тағы да қайталанса, онда ол ерекше бір назар аударарлық құбылысқа айналады. Ал енді осы оқиғаға ұқсас келетін фактілер үшінші рет, төртінші, бесінші рет қайталанса, онда оны тарихи заңдылық деп қабылдауымыз қажет. Тоғылық Темірдің 17 жасында (1347/48 жылы), ХV ғасырдың бірінші ширегінде Кіші Мұхаммед ханның, 1428 жылы 16 жасар Әбілхайыр ханның таққа отырғызылуы, бәрі бір-біріне ұқсас тарихи фактілер. Бұлардың арасында бір заңдылықтың бар екендігі белгілі. Олай болса, сол заңдылықтың ішкі мәнін түсіндіріп көрелік.

Жалпы, ХІІІ ғасырдан бері Монғол империясының құрылуымен Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси биліктің Шыңғыс хан әулетінің қолына шоғырланғандығы белгілі. Моңғолдардың қоғамдық құрылысын деректер негізінде өте терең зертеген академик Б.Я. Владимирцев мынадай пікірлерді алға тартады: «… Мемлекет – оны құрған және оның ханы болған адамның,  оның руының меншігі болып саналады», «Шыңғыс хан руының ұлысқа, яғни мемлекет пен халыққа билігі мынадан көрінеді: сол рудың бір өкілі император, хан болып құрылтайда сайланады да, бүкіл империяға билік жүргізеді, ал рудың басқа өкілдері негізінен еркек кіндіктілер, ұлыс иеленуге, басқаруға құқылы екендігі мойындалады». «Монғол императоры – шексіз билікті иеленген монарх болып саналады»(21).

Әскердің көмегімен басқа да халықтарды жаулап алған Шыңғыс хан бағындырылған халықтар мен олардың территориясының толық, жеке дара қожайынына айналды. Соғыстардан түскен мол қазына, салықтар, міндеткерліктер, сауда-саттықтан алынатын баж және тағы басқа байлық көздері Шыңғыс хан және оның әулетін экономикалық жағынан да, саяси жағынан да шексіз байлық пен қуатқа кенелтеді. Шыңғыс ханның өзі тірі кезінде-ақ осыншама зор территорияны бір ғана әскердің күшімен ұстап тұрудың өте қиын, ауыр екенін түсіне біліп, өз әулетінің билігін әрі шексіз, әрі ұзаққа созу мақсатында екі үлкен міндетті жүзеге асырады. Оның біріншісіне – бағындырылған аймақтардағы бұрынғы билеуші әулетті түбірімен жойып, әулет өкілдерін үрім-бұтақтарымен қырып жіберуі жатса, екіншісіне — әулет билігін идеологиялық тұрғыдан негіздеп, өз руының арғы түп аталарын киелі етіп көрсету жатты. Біздің ойымызша, Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының алғашқы буын өкілдері екі міндетті шебер орындап шығады. Монғолдардың жаулап алған елдерде әсіресе, бұрынғы билеуші әулеттерге қатысты қандай қырып-жоюларды жүзеге асырғаны белгілі. Ал екінші міндет 1240 жылғы «Монғолдың құпия шежіресінде» алғаш рет негізделеді. Онда Шыңғыс ханның шығу тегі жөнінде былай делінеді: «Шыңғыс ханның түп атасы Борте-Чиноның Көк Аспанның әмірімен дүние есігін ашқандығы, ол әйелі Гао-Марал екеуі Теңізді жүзіп өтіп, Онон өзенінің бастау алатын Бұрхан-Халдун тауында көшіп жүргендігі баяндалады. Борте-Чиноның ұрпағы Бата-Чиган, ал оның 16-шы ұрпағы Дува-Сахор мен Добун-мерген болған екен. Біріншісінің маңдайында жалғыз ғана көзі болыпты. Ал екіншісінің Алан-гао деген әйелі болып, одан екі ұлы болған екен. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Алан-гао киіз үйдің түндігінен түскен ақсары адамның қолының сипауымен жүкті болып, үш ұлды дүниеге әкеледі, олардың ең кішісі Бодончар деп аталып, ол моңғолдың Боржігін руының түпатасы болып саналады(22). Одан ары бұл еңбекте Бодончардан Шыңғыс ханға дейінгі 11 буын ата-тек көрсетіліп, олардың қасиеттері мен ерлік істері баяндалады(23). ХV ғасырдың басында Шыңғыс хан әулетінің шығуы жөнінде Рашид ад-дин «Құпия шежіре» мәліметтеріне сүйене отырып, кең түрде, керемет баяндап береді(24).

Енді осы деректердегі мәліметтерді талдай келе, біз, Шыңғыс хан әулетінің билігін идеологиялық жағынан негіздейтін бірнеше белгінің бар екендігін аңғарамыз. 1) Шыңғыс ханның 23-ші атасы Борте-Чино Көктің құдіретімен дүниеге келген, яғни бұл дегеніміз, оның ерекше жаратылғандығын, жер бетіндегі адамдардан жоғары тұратындығын, Көктің оны адамдар арасына белгілі бір мақсаттар үшін жібергендігін көрсетеді; 2) Монғолдар үшін киелі болып саналатын Бұрхан тауын алғаш қоныстанған адам – Шыңғыс ханның осы түпатасы. Бұл – Шыңғыс хан әулетінің Монғолияның иесі екендігін көрсетеді; 3) Шыңғыс ханның 11-ші атасы да ерекше жағдайда, дүниенің тылсым күшінің арқасында дүниеге келеді. Бұл да осы әулеттің ерекше жаратылысын, киелілігін көрсетеді. 4) Шыңғыс ханның 23 атасына дейінгі шығу-тегі нақты көрсетіледі. Бұл – осы әулеттің тектілігін білдіреді. 5) Шыңғыс ханның 11-ші атасынан бастап өзіне дейінгі шығу-тегінде оның аталары ең үлкен ұлдар ретінде көрсетіледі. Бұл осы әулеттің бүкіл монғол тайпалары арасында жолы үлкендігін білдіреді. 6) Шыңғыс ханның аталарында батыр да, мерген де, қаған да болған. Ол — әулеттің ел басқаруға, қол бастауға, билік айтуға толық құқылы екендігін білдірді.

Ортағасырлық адамдар үшін шығу-тегінде осындай ерекше қасиеттер мен киелілік белгілерге толы болған адамның болмысы да ерекше жаратылған деген қоғамдық сананы қалыптастырады. Оған Шыңғыс ханның монғол мемлекеті мен империясын құрудағы іс-әрекеттері мен жеке басындағы қасиеттері қосыла келе, жалпы сол дәуірдің адамдарының санасында Шыңғыс ханның тұлғасы шынында да Көктің әмірімен жаралған тұлға деген сананы бейнелейді. Ал оның әулеті де қоғамдық санада дәл солай бейнеленеді.

Осылайша, Монғол империясының аумағында ХІІІ ғасырдан бастап Шыңғыс хан әулеті билігінің идеологиялық негізі қалыптасады. Осы жерде қосымша болса да айта кетелік, қазақ халқы ХV ғасырдың ортасынан бастап бұл әулет өкілдерін әлеуметтік тұрғыда жалпылама түрде «төре» атты әлеуметтік топқа жатқызса, этникалық тұрғыда «ақсүйектер» тобына жатқызады. Қазақстандық шығыстанушы В.П. Юдин кезінде осы мәселеге ерекше назар аударып, былай деп атап өрсеткен болатын: «Кейбір көшпелі халықтарда шамандық, буддалық, ислам және басқа діндердің тұжырымдары мен шыңғыстық доктринаның синтезі жаңа бір дүиетанымның, жаңа идеологияның қалыптасуына алып келді. Бұл жерде жаңа діннің қалыптасқандығы туралы айтуға толық негіз бар. Бұл дін моңғол-татар жаулап алушылығы туғызған дүниетаным мен идеологияның бір бөлігі болып табылады. Жаңа дүниетанымдық және идеологиялық түсініктердің жиынтығын біз чингизизм деп атаймыз»(25). Біз автордың «жаңа діннің қалыптасқандығы туралы айтуға толық негіз», — бар деген субъективті және дискуссиялы пікірін шегере тұрып, Шыңғыс хан әулетінің монғолдардың жаулап алған аймақтардағы саяси билікке қатысты құқықтық идеологиясын чингизизм деп атауына біз толық қосыламыз.  Міне, осы шыңғыстық идеологияға негізделген Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси жүйе мен билік ХІҮ ғасырдың ортасына дейін толық сақталып, үздіксіз қызмет атқарады. Бұл идеологияға 1360-1380 жылдардағы Алтын Орда тарихында орын алған «дүрблең жылдар» оиғалары қатты соққы береді. Билікке негіз болған идеологияның шайқалуы биліктің беделі мен абыройына нұқсан келтіреді. Саяси биліктің әлсіреуіне байланысты бос қалған саяси-құқықтық және идеологиялық кеңістікте жаңа саяси-құқықтық идеология пайда бола бастайды. Мауереннахрда 1370 жылы Самарқан тағын иеленген Әмір Темір өзінің билігін құқықтық-идеологиялық жағынан негіздеу үшін шығу-тегін Шыңғыс ханның төртінші атасы Тумбина Сеченмен байланыстырады. Ш.Құдайбердіұлы былай деп жазады: «… Тумен ханның (Тумбина Сечен) бұл тоғыз баласының ішінде Қажіл (Рашид ад-динде Качули) мен Қабул — Әмір Темірдің арғы атасы»(26). Ноғай Ордасының негізін қалаушы Едігенің де шыққан тегін де Ш.Құдайбердіұлы Түмен ханның Нотақыш деген ұлымен байланыстырады. Екінші бір нұсқа бойынша Едігенің арғы атасы мұсылман әлеміндегі алғашқы халиф Әмір әл-Момын Бәкір әл-Садық, ал бергі атасы Баба Түкті Шашты Әзіз делінеді(27). Көріп отырғанымыдай, бұрынғы монғолдар билігі орнаған аумақтарда шыңғыстық идеология ықпалының кемуіне байланысты Шыңғыс  әулетінің билігі де өзінің қауқарын жоғалта бастайды. Ол өз кезегінде жаңа саяси-идеологиялық-құқықтық идеологияға негізделген жаңа бір әулеттің билігін дүниеге әкеледі. Ноғай Ордасы мен Әмір Темір ұрпақтары мемлекеттерінің идеологиялық негізі осыны дәлелдейді.

Осы жерде мынадай бір жайтты ескерте кеткіміз келеді. Шыңғыстық идеология Мауереннахр мен Ноғай Ордасында басқа идеологияға орын берсе де толық жойылып кетпеген. Оның көрінісіне Әмір Темір мен Едігенің және олардың ұрпақтарының «хан» титулын иелене алмауы, Әмір Темір және оның Әбу Сайд мырзаға дейінгі ұрпақтарының елді Шағатай әулетінен шыққан «қуыршақ» хандар арқылы басқаруы, Едіге ұрпақтарның толыққанды мемлекет басшысы болып, билік жүргізуі үшін міндетті түрде олардың «би» лауазымын Шыңғыс хан ұрпақтары билеген көрші елдердегі ресми бір ханның заңды түрде мойындауы жатты. Бұл дегеніміз – шыңғыстық саяси-құқықтық идеологияның ХІҮ-ХҮ ғасырлар шенінде біршама әлсіресе де, өз күшін толық жоймағандығын білдіреді.

Ал енді Дешті Қыпшақ аумағындағы басқа аймақтарға келсек, әрбір аймақтағы қалыптасқан саяси-экономикалық, діни-мәдени, этникалық-әлеуметтік ерекшеліктерге байланысты шыңғыстық саяси-құқықтық идеология әртүрлі деңгейде өзгеріске ұшырайды. Бірақ та өзінің саяси кеңістіктегі құқын, статусын толық сақтап қалады. Өзгерістерді біз хандық биліктің статусынан емес, ханды билікке әкелуден көреміз. Егер де бұрынғы кезеңде, яғни монғолдар үстемдігінің алғашқы кезеңінде ханның билікке келуі билеуші әулет өкілдері арасында шешілсе, енді «дүрбелең жылдардан» кейін бұл міндетті жергілікті жерлердегі жаңа этносаяси күштер – ру-тайпа көсемдері, әмірлер, бектер, батырлар, дін басылары шеше бастайды. Қадырғали Жалайырда баяндалатын Қырымда Қажы Керей ханның билікке келуі осының нақты айғағы болады. Онда «Хажы Керей ханның ағасы – Жанкерей сұлтанды қоңырат Хайдар билер өлтіргеннен соң, Хажы Керей сұлтан кішкене екен, қашып жүріп Чағырған байға жалға кіріп жүргенде билер өз араларында бір-бірімен жараса алмай, Хажы Керей сұлтанды іздеп тауып хан жасады», — делінеді де, одан ары хан сайлауға қатынасқан 15 тайпаның атауы мен әр тайпаның басшысының есімі беріледі(28). Моғолстандағы дулат тайпасының  көсемі Әмір Болатшы бастаған ру-тайпалар басыларының Тоғылық Темірді, Мансұр би бастаған топтың ХҮ ғасырдың бірінші ширегінде Кіші Мұхаммед ханды хандық билікке әкелуі – біздің жоғарыда айтқан пікірлеріміздің дұрыстығын нығыздай түседі. Әбілқайыр да дәл осындай жағдайда 16-17 жасында өз күшімен емес, Шибан ұлысындағы ру-тайпа көсемдері мен ірі дінбасыларының тікелей қолдауымен билікке отырғызылады.

Біз, ХІҮ ғасырдың ортасы мен ХҮ ғасырдың ортасына дейінгі аралықта монғолдар үстемдігі орнаған аумақтардағы жоғарғы билік мәселесіне қатысты заңдылықтың болғандығын айтып өтіп, оның ішкі және мен мазмұнын талдап, түсіндіруге тырыстық. Енді сол заңдылықты тұжырымдап берелік.

Ортағасырлық монархиялық мемлекеттердегі билеуші әулеттің саяси-құқықтық және идеологиялық негізі неғұрлым мықты болса, онда жоғарғы билікке қатысты мәселелер тек билеуші әулет өкілдері арасында ғана шешіледі. Ал егер де билікке тірек болған саяси-құқықтық және идеологиялық негіз күшін жойса, одан билеуші әулет биліктен айырылады. Ал биліктің тірегі болған факторлар күшін толық жоймай, тек қатты әлсіресе онда жоғарғы билікке қатысты мәселелерде жергілікті этносаяси күштер басты роль атқарады.

Міне, осы заңдылықты ұғынғанда ғана, біз Әбілқайырдың жап-жас болса да Шибан ұлысында билікке келуін түсіне аламыз. Ноғай Ордасы мен Мауереннахрда шыңғыстық идеологияны едігелік және темірлік идеологиялар саяси-құқықтық кеңістіктен ығыстырып шығарса, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында шыңғыстық идеологияға қарсы қоятындай негізделген идеология қалыптаса қоймайды. Дегенмен де, жергілікті аймақтарда ру-тайпа көсемдерінің саяси-экономикалық рөлі артып, мемлекеттік деңгейдегі аса маңызды іс-шараларға белсене араласады. Осындай, мемлекеттік маңызы бар іс-шараның бірі – жаңа ханды таңдау, оны таққа отырғызу болып саналады.

Енді Әбілқайырдың билікке келуіне тоқталсақ. 1425/26-1426/27 жылдары Шибан Ұлысында феодалдық соғыстар мен тартыс-тартыстар күшейіп тұрған болатын. Жазба дерек мәліметтері ұлыстағы талас-тартыстардың бәрін баяндамаса да, кейбіреулерінен хабар береді. Кухистанидың дерегінде Едіге бидің ұлдарының бірі Ғази бидің билігі, оның саясатына наразы бір топ әмірлер мен бектердің одан бөлініп, Жұмадық ханға келуі, хан тарапынан маңғыт әмірлерінің жылылық пен қайырым көрмей тағы да қашып кетуі, сөйтіп Жайтар Жалқын (Батыс Қазақстандағы тарихи жер-су атауы, нақты жер екендігі анықталмаған) деген жерде бас қосуы туралы айтылады да, одан ары оларға қарсы Жұмадық ханның 70 мыңдық әскер жасақтап, әскердің сол қанатында Әбілқайырдың болғандығы баяндалады (29). Одан ары дерек мәліметінде екі жақ арасында кескілескен қанды шайқастың болып, Жұмадық хан әскерінің жеңілгендігі, Жұмадық ханның қаза тауып, ал 16 жастағы Әбілқайырдың тұтқынға түскендігі айтылып өтіледі (30). Б.А.Ахмедовтың пікірінше Жұмадық ханның өзі және әскерінің көптеген қолбасшылары тұтқынға алынып, кейін маңғыт әмірлерінің жарлығымен өлтірілген(31). Ал Кухистани болса, «бұл ұрыста Көктегі жарылқаушының қалауымен Жұмадық хан қаза табады», — деп нақтылап айтады (32).

16 жасар Әбілхайырды маңғыт әмірлерінің бірі Сарыг-Шиман (Б.А.Ахмедовте Сарыг-Усман деп жазылады – Б.К.) аса жоғары құрмет көрсетіп, оның кейін оралуына жағдай жасайды. Әбілқайыр сол жылдың желтоқсанынан келесі жылдың наурызына дейін сол өңірдегі аймақтың басшысы, өте беделді және ықпалды тұлға – Алаш-баһадүрдің жұртында қыстап шығады (33). Осы кезде Шибан ұлысының болашақ тағына үміткер анықталған секілді. Алаш-баһадүр өзінің жұртында Шыңғыс ұрпағының және жай ғана ұрпағы емес, Шибан ұлысын ХІІІ ғасырдан бері басқарып келе жатқан әулеттің тікелей ұрпағы бар екендігін көршілес өңірлердегі барлық ру-тайпа басшыларына хабарлаған секілді. Көктем шыға Әбілқайыр өз жұртына қайтып оралады. Сол жылы-ақ Әбілқайырды ірі дін басылары — Құл-Мұхаммед сейд, Қарасеид, қият, маңғыт, шынбай, иджан, қаанбайлы, табгут, дурман, құсшы, отаршы, найман, өкіреш найман, тубай, таймас, уат, қытай, барақ, ұйғыр, қарлұқ, кенегес, уйшін (үйсін), қоңырат, құрлауыт, ички, туман, туман-минг және тағы басқа ру-тайпалар басшылары мен Шадбақыт оғлан, Темір оғлан, Мұратсопы оғлан секілді Шыңғыс әулетінің өкілдері, сондай-ақ тархан лауазымын иеленген бірнеше белді тұлғалар хан етіп көтереді (34). А.А.Ахмедов Махуд бен Уәлидің дерегіне сүйеніп «сол кезде оны (Әбілқайырды – Б.К.) рулар мен тйпалардың 200-ге жуық көрнекті басшылары қолдады», — деп жазады(35). Кухистани Әбілқайырдың билікке келген жылын былай деп көрсетеді: «Он жеті жасында, сегіз жүз отыз үшінші жылы биджин, яғни мешін жылы (1428/1429 жж) [Әбілқайыр] мемлекет тағына келіп отырды»(36) [207, 144 б.]. Осылайша, 17 жасар Әбілқайырдың Шибан ұлысы мен Шығыс Дешті Қыпшақта бірнеше он жылға созылған билігі басталады.

Сөйтіп, жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, Әбілқайыр ханның билікке келуін біз, біріншіден, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында шыңғыстық идеологияның әлсіреуімен, екіншіден, жергілікті этносаяси күштер ықпалының өсуімен тікелей байланысты деген қорытынды жасаймыз.

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ