Жалаңтөс Баһадүр және XVII ғ.бірінші жартысындағы Қазақ хандығы

0

Ортағасырлық  Қазақстан тарихының Қазақ хандығы дәуірі деп аталатын XV-XVIII ғғ. аралығындағы тарихи кезеңінде халық жадында есімдері сақталып қалған тұлғаларымыз жеткілікті. Олардың ішінде билеуші әулет өкілдері – хандар мен сұлтандардың, ірі дін басыларының есімдері негізінен ортағасырлық шығыс жазба деректерінің мәліметтерінде сақталса, қарапайым халықтан шыққан тұлғалар – батырлар мен билердің, ақындар мен жыраулардың, әулиелер мен ишандардың және тағы басқа тұлғалардың есімдері көбінесе халық ауыз әдебиетінің материалдарында бейнеленіп,  күні бүгінге дейін жетіп отыр. Ал есімдері әрі жазба деректерде, әрі ауыз әдебиетінің материалдарында қатар айтылатын осы кезеңнің, әсіресе,  XVI-XVII ғасырлардың тұлғалары некен-саяқ қана. Бұл кезеңде көбіне-көп атақты хандар мен сұлтандардың есімдері ғана дерек түрлерінде жиі кездеседі. Сондай бір заңдылыққа қарамастан қарапайым халықтан шығып, өзінің тарихи есімін жазба дерек мәліметтерінде де, ауыз әдебиетінің материалдарында да қалдырған тұлғаларымыздың бірі – Жалаңтөс батыр.

Өзі өмір сүрген жылдарында тек бір елдің тарихында ғана емес, бүкіл Орталық Азия халықтарының тарихында өшпестей із, өнегелі іс қалдырған Жалаңтөс батырдың есімінің терең сақталынуы заңдылыққа жатады. Оның жүргізген саясаты мен атқарған қызметтері сол дәуірдің ағымындағы саясатына, ахуалына қалай әсер етсе, артында қалдырған мәдени мұралары қазіргі дәуірге дейін дәл сондай ықпал етуде. Сол себепті де Жалаңтөс баһадур секілді тарихи тұлғалар есімдерінің ел есінде де, тарих беттерінде де сақталынып қалуын осылай ғана түсінуге болады. Мұндай тұлғалардың өмірі уақыт өткен сайын кейінгі ұрпақты бірлікке, татулыққа, ынтымаққа жетелеп отырады. Соған байланысты біз төменде осындай ірі тарихи тұлғаның өміріне қатысты бір мәселеге – оның XVII ғ. бірінші жартысындағы Қазақ хандығының сыртқы саяси өміріне тигізген ықпалы мәселесіне тоқталып өтпекшіміз.

Жалаңтөс батыр – Кіші Жүздің Әлім тайпалық бірлестігіндегі Төртқара тайпасына жататын белді әулеттің өкілі. Оның шығу-тегіне ғылымда алғаш назар аударған ғалымдарымыздың бірі, XX ғасыр басындағы ұлт зиялыларының бірі – Халел Досмұхамедұлы болды. Ол өзінің көпшілікке кең танымал болған белгілі мақаласында оның шежіресін былайша көрсетеді: «Әлімнен – Жаманақ, Ұланақ, Қарамашақ, Айнық, Тегінболат; Қарамашақтан – Оразгелді, Ораз, Жаншоқыр, Қараш; Ораздан – Ақбан, Тоқбан; Тоқбаннан – Тоғамыс, Шобан, Сейітқұл; Сейітқұлдың Сары бәйбіше атты қатынынан – Сейтімбет, Төлес, Ақша би; Ақша биден – Байбек, Шалым; Байбектен – Әйтеке би; Қаракемпір атты қатынынан – Қожағұл, Жалаңтөс, Қалматай, Түрікпен, Дүйсеней, Кенже, Семейтей»(1). Кіші жүзде Әлімдер аға баласы делініп, ерекше құрметке ие болса, Әлім ішінде Төртқалар билер көп шыққан тайпа ретінде белгілі. Мұның растығына бір ғана Сейітқұл бидің кіндігінен тараған – Ақша би, Байбек би, Әйтеке би, Жалаңтөс би, Қара абыз билерге қарап көз жеткізуге болады. Ал осы әулеттен XVIII-XIX ғғ. шыққан билердің саны қаншама! Жалаңтөстің де осы әулеттен шығып, би болуын – тектілік дәстүрдің сақталынуы мен жалғасын табуынан деп түсінеміз.

Шежірелер мен тарихи әдебиеттер Жалаңтөс батырдың туған жылын 1576 жыл деп көрсетеді. Ал әкесі- Сейітқұлды әрі би, әрі қазы және қазақ ханы Шығайдың жанындағы өте ықпалды тұлға болған деп баян етеді. Шежіре бойынша Жалаңтөс – Сейітқұл бидің он ұлының бірі. Біздің ойымызша оның шын есімі басқа болған да, Жалаңтөс — оның лақап есімі болған. Тарихта белгілі тұлғалардың тек лақап есімімен кең танымал болғандығы  жөнінде мысалдар өте көп. Жалаңтөс деген лақап оған ұрыстар мен шайқастарға сауытсыз-ақ қойып кетіп, жеңіп шыққаннан кейін берілген есім сияқты. Жалпы Жалаңтөс деген ұғым батырлықтың, ержүректіліктің, қайсарлықтың синонимі іспеттес.

Қазақ халқының ауыз әдебиетінің материалдарында Жалаңтөс  «батыр» деп аталынса, шығыс жазба деректерінің мәліметтерінде ол «би», «қолбасшы» және «аталық» секілді лауазымдармен кездеседі. Мұндай лауазымдар Жалаңтөс батырға жайдан-жай берілмей, оның өмір жолындағы жеткен жетістіктері мен алған асуларын айғақтап көрсетеді. «Батыр» деген атақ оның жекпе-жектердегі жеңістері мен ерліктерін дәлелдесе, қолбасшы деген лауазымды түсіндірудің өзі бұл жерде артықтау. Ал би деген лауазым- XVII ғасырда әрі әкімшілік, әрі сот биліктерін иеленген тұлғаға берілетіні белгілі. Аталық лауазымы болса, арнайы ханның жарлығымен хан ұлдарының бірін әскери өнерге, ел  басқаруға, мемлекетті билеуге тәрбиелейтін, баулитын адамға ғана берілетін болған. Ондай адамның әрі батыр, әрі би, әрі өмірлік тәжірибесі мол болуы міндетті. Жалаңтөстің  әрі батыр, әрі қолбасшы, әрі би және аталық секілді лауазым мен атақтарды иеленуі оның қандай тұлға болғандығын айтпай-ақ көрсетіп тұр.

Осындай атақ-лауазымдарды иеленген тұлғаның мемлекеттің саяси тарихына, оның барысына тікелей әсер етпеуі мүмкін емес. Төменде осы мәселелерге тоқталалық.

1576 жылы дүниге келген Жалаңтөс батыр XVI ғасырдың соңында-ақ белгілі тұлғаға айнала бастайды.  XVI ғасырдың соңғы жылдары Қазақ хандығы мен оның оңтүстіктегі көршісі Мауереннахр үшін өте елеулі оқиғаларға толы болды. Қазақ ханы Шығайдың билігі тұсында Мауереннахрдағы шайбанилық әулеттің билеушісі Абдулла хан ішкі жауларына қарсы күресте қазақтармен одақтаса отырып, Ходжент аймағын қазақ ханына береді. Шығай ханның ықпалды адамдарының бірі болған Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл бидің қазақ жерінен Мауереннахрға қоныс аударуы осы оқиғаға байланысты болады. 1598 жылы Абдулла, алты айдан соң оның мұрагері Әбдмомын хан қайтыс болғаннан кейін Мауереннахрдағы шайбанилық әулет өз билігін түпкілікті тоқтатады. 1598-1599 жылдары Тәуекел ханның Орта Азияға жорықтары басталып, Ташкент, Самарқан қалалары қазақтардың қолына өтеді де, Бұқара қаласы қоршауға алынады. Бірақ та Тәуекел ханның қаза табуы Орта Азияны толығымен бағындыруды жүзеге асыратпайды. 1599-1600 жылы Орта Азияға жаңа әулет-Аштарханилық әулеттің билігі орнап, әулеттің жаңа билеушілері Қазақ хандығымен бейбіт келісімдерге келеді. Түркістан, Ташкент қалалары мен аймақтары Қазақ хандығының құрамына енгізіліп, Ферғана, Бұқара, Самарқан аймақтары Аштарханилық әулеттің иелігіне беріледі. Самарқан аймағы сол тұста Қазақ хандығымен шекаралас болғандықтан, онда қазақтардың ықпалы сақталынып қалады. Алғашқы Аштарханилық билеушілер — Дінмұхаммед, Бекмұхаммед және Уәлімұхаммед хандардың ішкі саясаты әулеттің билігін тұрақтандыру болса, сыртқы саясатының басты бағыты — Хорасан мен Балх аймағын Ираннан қорғап қалу болды. Мұндай жағдайда оларға ішкі этно-саяси күштермен одақтасу, жақындасу өте қажет еді. Соның нәтижесі ретінде Самарқан аймағы мен қаласында ықпалы күшті болған қазақ тайпаларының  өкілі Жалаңтөс батыр 36 жасында қала әкімі боп тағайындалады. Осы қызметінде ол 40 жылдан аса отырып, Аштарханилар мемлекеті мен Қазақ хандығының тарихында терең із қалдырады.

Жалпы, XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы Аштарханилық әулеттің арасындағы саяси қарым-қатынастардың сипатын салыстырмалы түрде біршама бейбіт деуге болады. Мұндай бейбіт саяси қатынастардың қалыптасуының обьективті және субьективті себептері жоқ емес.

Қазақ хандығы бір жарым ғасырдай уақытқа созылған күрестерден соң XVI ғасырдың соңында Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалаларды (шығыс жазба деректерінде бұл аймақ осы дәуірде жалпылама атаумен-Түркістан атауымен атала бастаған) және Ташкент аймағын өзінің құрамына қосады. Бұл жаңа қалыптасқан саяси жағдайды аштарханилық әулеттің өкілдері ресми түрде мойындайды. Осылайша, Қазақ хандығы үшін бір тарихи кезең аяқталып, жаңа тарихи кезең басталады. Бір тарихи кезең аяқталды дегеніміз – XV ғасыр ортасында құрылған Қазақ хандығы шайбанилық әулетпен ұзаққа созылған күрестер жүргізу арқылы XVI ғ. соңында қазақ халқының этникалық территориясы, шекаралары қалыптасады. Тәуекел ханның мұрагері, әрі туған інісі Есім хан Сыр бойындағы Иассы қаласын Қазақ хандығының астанасы етіп, ол қала жаңа атауға – Түркістан атауына ие болады. Жаңа қалыптасқан этносаяси жағдай жаңа қоғамдық қатынастардың элементтерін тудырғандықтан, оларды құқықтық негізде реттейтін жаңа заң – «Есім ханның ескі жолы» өмірге келеді. Осылайша, XVI ғасырдың соңы мен XVII ғасырдың алғашқы жылдары қазақ хандығының дамуы үшін өте қолайлы болып көрінгенімен, жаңа жағдай өз мәселелерін дүниеге әкеледі. Ол мәселе – Қазақ хандығының құрамындағы ерекше статусы бар Ташкент аймағының билеушісі Тұрсын ханмен қарым-қатынас болатын. 1611 жылға дейін Түркістандағы Есім хан мен Ташкенттегі Тұрсын хан арасындағы қарым-қатынастар өзегі жарылмаған сыздауықтай жабық күйде дамыса, осы жылы Бұхара тағына атақты Иманқұл ханның билікке келуімен жағдай күрт өзгере бастайды. Ол туралы төменде сәлден кейін тоқталамыз.

1599-1611 жылдар аралығын Орта Азиядағы аштарханилар әулеті үшін тұрақтану, қалыптасу кезеңі деуге болады. Қазақ хандығымен бейбіт келісімдерден кейін әулеттің алғашқы билеушілері өз күштерін Хорасан мен Балх аймағын сақтау үшін жұмсағаны белгілі. Сөйтіп Қазақ хандығы мен аштарханилар әулеті арасындағы қарым-қатынастардың алғашқы кезеңінің (1599-1611жж.) бейбіт түрде болуының обьективті себептері осындай болатын. Ал субьективті себептерге жеке тұлғалардың осы қарым-қатынастарға қосқан үлесі мен тигізген әсерлерін жатқызамыз. Қазақ тайпаларының Самарқан аймағындағы саяси, экономикалық ықпалы, әсіресе, Жалңтөс батыр секілді белді тұлғалардың рөлі аштарханилық Дінмұхаммед ханға да, Бекмұхаммед ханға да және Уәлімұхаммед ханға да Қазақ хандығымен бейбіт қарым-қатынастар жүргізуге итермелеген деуге болады.

XVII ғасырдың бірінші жартысындағы Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы саяси қарым-қатынастардың екінші кезеңі – Иманқұл ханның билігі тұсында (1611-1642жж.) өтеді. Осы кезеңдегі саяси қарым-қатынастарға Орта Азияда біршама саяси салмақ пен беделге ие болған Жалаңтөс батыр өзіндік ықпал жасап, әсерін тигізеді. Бұл мәселелер біз үшін өте маңызды болғандықтан оған тереңірек тоқталалық.

Иманқұл ханның 1611 жылы Бұхара тағын қалай иеленгені жазба деректерде жақсы баяндалады. Мұхаммед Юсуф Муншидың дерегіне қарағанда Иран шахының 80 мыңдық әскеріне арқа сүйеген Уәлімұхаммед ханды Иманқұл тас-талқан етіп жеңеді. Автор Иманқұл ханның жеңісін Хашим қожа деген дін басының ерекше ғажайып істерімен тікелей байланыстырады. Ал шындығына келгенде, жергілікті Мауереннахр тұрғындары Иманқұл ханның басшылығымен ирандықтардың басқыншылығына қарсы соғысып, жеңіп шығады. Жазба деректерде осы шайқасқа кімдердің қатысып, кімнің қандай үлес қосқаны айтылмайды. Бірақ та Иманқұл ханның 1612 жылы Жалаңтөс батырды Самарқан қаласының билеушісі болып тағайындауын оның қызылбастарға қарсы ұрыста көрсеткен ерлігі мен ортақ жеңіске қосқан үлесін ескергендігінен және Самарқан аймағында қазақ тайпаларының саяси-экономикалық ықпалының күшті болуынан деп түсінеміз. Иманқұл хан Қазақ хандығын іштен ыдырату мақсатымен 1613 жылы қазақ сұлтаны Тұрсын-Мұхаммедті Ташкент аймағының билеушісі етіп жариялайды. Сондай-ақ Тұрсын ханның күшейіп, дербес хан болуына қолдау көрсетеді. Осылайша, XVII ғасырдың екінші және үшінші онжылдықтары Қазақ хандығының ішкі саяси тарихында Есім хан мен Тұрсын хандар арасындағы «текетірес» кезең деген атаумен ерекшеленеді. «Текетірестің» 1627/28 жылы Тұрсын ханның қаза табуымен аяқталғаны белгілі.

Жалаңтөс батырдың қазақтың қай ханына қолдау көрсеткенін нақты дөп басып айту қиын. Дегенменде, болжам ретінде ол Есім ханға бүйрегі бұрған деуге болады. Оған бірнеше жанама дәлел бар. Егерде Тұрсын хан Жалаңтөс батырдан әскери қолдау көрсе онда ол Есім ханнан жеңілдемеген болар еді. Екіншіден, Есім ханның мұрагері, әрі ұлы Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы қатынастың өте шынайы, таза болуын Жалаңтөс пен Есім хан арасындағы қатынастардың жалғасы деп есептейміз. Әсіресе, Жалаңтөс батырдың Жәңгір ханға әскери көмегі қазақ-жоңғар соғыстары кезінде қатты көрініс береді.

Ал Жалаңтөс батырдың Самарқан қаласындағы билігіне келсек, бірден мынаны аңғарамыз. Ол салдырған екі медресенің бірі – «Ширдар» немесе «Арыстанды» медресенің салынған жылын Х.Досмұхамедұлы хижра бойынша 1028 жыл, ал қазіргі жыл санаумен 1019 жыл деп есептейді. Ал 1028 хижра жылын жаңаша тәсілдермен есептегенімізде «Арыстанды» медресесінің салынған жылы біздің қолданып жүрген жыл санауымыз бойынша 1615/1616 жылға сай келеді. Бұл Жалаңтөс батыр Самарқан билігіне келгеннен кейінгі 3-4 жыл немесе Иманқұл ханның Иран әскерін жеңгеннен кейінгі — 4-5 жыл. «Арыстанды» деп аталынылуының бір себебі осында жатқан шығар. Өмірінің соңғы күніне дейін қаланы билеген Жалаңтөс батыр тек Иманқұл ханмен ғана емес, оның мұрагерлерімен де жақсы қатынаста болады. Жергілікті өз ру-тайпаластарының, түрік тілдес тұрғындардың, сондай-ақ басқа тілдес тұрғындардың Жалаңтөсті қолдауы оны өмірінің соңына дейін билікте болуға жағдайлар жасайды.

Жалаңтөс батырды ел есінде қалдырған іс-әрекеттерінің келесі бір жиынтығы — XVII ғасырдың 30-40 жылдарына сәйкес келеді. Бұл жылдар-қазақ-жоңғар әскери қатынастарының алғашқы кезеңі болатын. Және де осы қатынастарда тікелей Жалаңтөс батырдың әскери көмегі қазақтардың жеңіске жеткуіне көп көмегін тигізеді. Бұл  біздің қарастырып отырған мәселеміздің негізгі бір бөлігі болғандықтан оған тереңірек тоқталалық.

Қазақ халқы өзінің шығысындағы көшпелі ойрат тайпаларымен ежелден бері күресіп келе жатқан болатын. Бұл туралы ортағасырлық жазба деректерде  мәліметтер өте көп ұшырасады. Күрестер алғашқы кезеңде тонаушылық сипат алса, кейіннен сипатын өзгертіп, басқыншылыққа ауыса бастайды. 1635 жылы ойрат тайшыларының арасындағы күресте Хара-Хұла тайшының ұлы Батур жеңіске жетіп, көшпелі тайпаларды біріктіреді де, хантайшы атағын иеленеді. Жаңадан құрылған көшпелі мемлекеттің аты Жоңғар хандығы деп аталғандығы белгілі. Жоңғар билеушілері қазақтардың жерін басып алу арқылы өз іштеріндегі жер, жайылым тапшылықтарын шешуді мақсат етіп қояды. Бұл өз кезегінде қазақ-жоңғар соғыстарының басталуына алып келеді.

Тарихтан белгілі алғашқы қазақ-жоңғар соғыстары 1635 жылдың өзінде басталып кетеді.(9) Бірнеше жылға созылған ұрыстар мен шайқастар екі жақты да алма-кезек уақытша жеңістерге жеткізгенімен нақты жеңімпаз анықталмайды. Мұндай жағдайда соғысушы екі жақтың да билеушілері болашақ жеңістердің кілті мықты, әрі сенімді одақтас табуда екендігін жақсы түсінеді. Батур хантайшы өзіне одақтастарды ойраттарға туыс тайпалар- халхас, холт тайпаларының хандары мен көптеген ұсақ тайшылардан табады.(10) Ал Қазақ хандығы одақтастарды көршілес мұсылман елдерінен іздестіреді. Ортағасырларда  қалыптасқан дәстүр бойынша екі ел арасындағы бейбіт, одақтастық шарттардың көп жағдайда билеуші әулет өкілдері арасында туысқандық қатынастармен нығайтылып отыратыны белгілі. Сол дәуірдің тарихшысы Шах Махмуд Шорас осы жылдары Жәңгір хан елшілігінің Шығыс Түркістандағы Моғол билеушісіне келгендігін айта келе, қазақ ханшасының Абдулла ханның ұлы Жолбарыс сұлтанға ұзатылғанын баяндайды.(11) Дәл осындай билеуші әулеттер арасындағы туысқандық қатынастар қазақ билеушілері мен аштарханилық әулет өкілдері арасында да қалыптасады. Т.И.Сұлтанов Есім ханның бір қызының аштарханилық билеуші Иманқұл ханға(1611-1642) ұзатылғанын айтып өтеді.(12) Осы жерде Жалаңтөс батырдың  әрі би, әрі қолбасшы және аштарханилар  мемлекетіндегі беделді саяси қайраткерлердің бірі, сондай-ақ Иманқұл ханның жақын серігі  екендігін ескере келе, екі жақты қатынастың қалыптасуында қазақ батырының белгілі бір дәрежеде ролі болған  деп нық сеніммен айтуға болады. Екі ел арасындағы туысқандық қатынастар одан кейін де жалғасын тауып, 1640-шы жылдары Жәңгір ханның (деректерде Қазақ ханым деп айтылады) бір қызы болашақ Бұхар ханы Абдалазизге ұзатылады.(13) Ал Жалаңтөс батырдың Абдалазизге аталық болғандығын ескерсек, бұл жерде оның ролінің ерекше болғандығын көреміз. Осылайша XVII ғасырдың 20-40 жылдары Қазақ хандығы мен аштарханилық әулет арасындағы қарым-қатынастардың дамуында Жалаңтөс батырдың ролі зор болған дейміз. Қазақ хандығы үшін мұндай одақтастықтың Жоңғариямен соғыстарда маңызы аса жоғары болады.

Жалаңтөс батыр қазақ билеушілері мен аштарханилық әулет арасындағы достық, одақтастық қатынастарды қалыптастырушылардың бірі ғана емес, сонымен бірге одақтастық шартқа сай оның талаптарын жүзеге асырушы тұлға болып саналады. Біз оны 1640-шы жылдардағы қазақ-жоңғар соғыстарының барысынан көре аламыз. Тарихи әдебиеттерде Жалаңтөс батырдың жоңғарларға қарсы күресте қазақ әскерлеріне екі рет көп күшпен көмекке келгендігі айтылады. Бірінші рет ол 1640 жылы 30 мыңдық қарулы күшпен Жәңгір ханға көмекке келіп, жоңғар хантайшысы Батурға соққы береді.(14) Ал екінші рет Жалаңтөс батыр 1643 жылы 20 мыңдық әскермен Жәңгір ханға жетіп, жоңғар хантайшысының кейін шегінуінде шешуші рол атқарады. Орбұлақ шайқасы деген атқа ие болған бұл шайқас туралы тарихи әдебиеттерде көп баяндалғандықтан біз ол жөнінде тоқталып жатпаймыз. Тек қана осы шайқастардағы Жалаңтөс батырдың ролі туралы сөз етеміз. Қазақ хандығы үшін осындай сындарлы кезеңде ол әрі саясаткер ретінде, әрі қолбасшы ретінде қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында қызмет етеді.

Жалпы, Жалаңтөс батыр жөніндегі жоғарыда айтылған ойларымызды қорытындылай келе, оның өз заманында туған елі мен жері үшін, мемлекеті үшін атқарған істері мен еңбектері орасан зор, оның өмірі өскелең ұрпақ үшін өнегелі дейміз. Өз тарихын терең зерделеуге бет бұрған қазақ халқының  қазіргі кездегі өскелең ұрпақтары батыр бабасының тарихи бейнесін ешқашанда ұмытпайды, оны әрдайым ардақтап, құрмет тұтады деп санаймыз.

Б.Б. Кәрібаев
ҚР ҰҒА корр.-мүшесі,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
тарих, археология және этнология факультеті,
Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры, т.ғ.д.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ