Қожа Ахмед хан мен Тахир хан өмірбаяны

0

Тахир Хан

Қасым хан өлген соң Жайық пен Жем бойындағы өздерінің атамекендерін қайтарып алуды, осылайша батыстағы Қырым хандығының, солтүстік-батыстағы Қазан хандығының және оңтүстік-батыстағы Астрахан хандығының қыспағынан құтылуды ойластырған ноғайлар Еділ бойынан шығысқа жылжып, алғаш Мамаш ханмен текетіреске барған болса, енді 1523-1524 жылдары таққа отырған Тахир ханмен жағаласты. Олардың күшейе түсуіне қазақ сұлтандарының өз арасында басылмай қойған жікшілдік әрекеттер де ықпал жасады.

Кезінде Мамаштың хан тағына отыруына кедергі жасаушылар енді Тахирдің таққа отыруына да қарсы болып, Қазақ хандығы тағы да біраз уақыт бос қалды. Осыны пайдаланған ноғайлар Қасым хан тұсында еріксізден Қазақ хандығына қызмет етуге мәжүр болған өздерінің маңғыт бауырларын Тахирге қарсы шығуға үгіттеді.

Тахир Қасымханның туған ағасы, өмірін Мұхаммед Шайбаниге қарсы күреске арнаған, қазақтар арасында аса беделді Әдік сұлтанның ұлы болатын. Таққа жаңадан отырған Тахир маңғыттардың жікшілдік әрекеттерін қатал жазалаулар арқылы тоқтатуға күш салды. Ал мұның өзі ол ойлағандай нәтиже бермей, маңғыттар мен қазақтардың аражігін аша түсті. Нәтижесінде 600 мыңға тарта маңғыттар батысқа, Ноғай Ордасына қарай жөңкіле көшті. Өз кезегінде осыны пайдаланған ноғайлар қазақтарға қарсы бітіспес жанжалдарды бас­тады.

Батыста көп жерден айырылған Тахирге осындайда туған анасындай болып кеткен, және кезінде әкесі Әдік сұлтанның әйелі болған, ал әкесі қайтыс болған соң әмеңгерлік жолмен қайнысы Қасым ханға тұрмысқа шыққан Сұлтан Нигар ханым енді көмекті оңтүстік-шығыстағы өзінің төркіндері болып табылатын моғол хандарынан іздестіру туралы ақыл айтты. Ол өзі кезінде алғашқы қазақ хандарына Жетісудан жер берген Есенбұға ханның бауыры Жүніс ханның қызы еді. Текті жерден шыққан, әкелеріне сенімді кеңесші және серік болған бұл апасын Тахир аса құрметтеп, оның сөзін жерге тастамайтын. Көпті көрген Сұлтан Нигар ханымның мұндай шешімді айтуына оның қартайған шағында күйеуі айбарлы Қасым ханнан қалған бір мезгілде ұрыс даласына 10 лек (1 000 000) әскер шығара алатын Қазақ хандығынан Тахирдің қарауында қалған 4 лек (400 000) ғана әскерге ие мемлекеттің қалуы әсер еткен еді. Оның үстіне жапан далада көкжал бөрідей мағынасыз жортып жүрген Тахирдің ауыр тұрмыс халі де оны қажытып жіберген еді. Моғол хандарымен өзінің арасында достық қатынастарды қалыптастыруға дәнекер боламын деп уәде берген апасының сөзінен көп үміт күткен Тахир хан, осындай жолмен ноғайларға қарсы күресте күшейіп алуға болады деп те ойлады.

Осылайша Тахир хан 1523-1524 жылдың қыс айында моғолдардың астанасы Қошқарға келді. Жақсы көретін әпкесін алып келген Тахир ханға моғол ханы Сайд хан аса үлкен құрмет көрсетті. Достық қарым-қатынастар ескі құда-жегжаттықты жаңартуға ұласып, Сайд хан Тахирдің қарындасын өзінің баласы Рашид сұлтанға үйлендірді. Алайда басы жақсы басталған бұл байланысты Тахирдің моғолдарға тәуелді қырғыздардың біразын өзіне қосып алуы бүлдірді. Осылайша Тахирдің бүгінгі күнді ғана ойлайтын тар өрісті логикасы, өзіне достық қолын ұсынған кісілерді қастерлей білмеуі, адамдармен қарым-қатынастағы аса дөрекілігі оны моғолдармен ғана емес, өзінің төңірегіндегілермен де араздастырды. Осының нақты көрінісі оның шайбандықтармен қарым-қатынастағы түсініксіз ұстанымы болды.

1525 жылы жазда Ташкентті билеп отырған шайбандық Сүйіндік қожа қайтыс болған соң Тахирдің өз жағдайын орнықтыру үшін шайбандықтармен тұрақты бейбіт келісімдерге қол жеткізуге толық мүмкіндігі болды. Өз кезегінде шайбандық өзбек билеушілері де осыған ұмтылды. Алайда екі ел арасындағы осындай жағымды ахуалды Тахирдің сауатсыз дипломатиясы тағы да бүлдірді. Өзінің төңірегіндегі өзіне наразы қазақ сұлтандарын жазалау үшін Тахир алғаш Сүйіндік қожаның ұлы Келдімұхаммедтен көмек сұрады. Алайда ол өзі достық келіссөздер жүргізіп отырған шайбанбық билеуші Келдімұхаммедтің өзіне жіберген елшілерін ешбір себепсіз тұтқынға алды және онымен шектелмей, ашық жаулықтың белгісі ретінде шайбандықтардың аймағына басып кірді. Ал мұның өзі шайбандықтар мен Тахир ханның арасындағы қантөгіс шайқасқа алып келді.

Тахир ханның жеңілісімен аяқталған, және Түркістан қаласы маңында болған бұл ұрыс, 1525-1526 жылдары қыс айының басында орын алды. Нәтижесінде Қазақ хандығының Түркістан аймағындағы біраз жерлері тағы да шайбандықтар қолына көшті. Осыдан соң Тахир хан кезінде өзіне достық қолын созған моғолдардың Жетісу аймағына басып кірді. Ол өзінің шатырын моғолдардың астанасы Қошқар қаласына жақын маңайға орналас­тырды. Осында ол өзіне бірқатар қырғыз және қазақ руларын қосып алды. Алғашқы кезде онымен бейбіт келісімге келуді көздеген моғол ханы Сайд хан бұл келісімге кезінде өзіне Тахир алып келген және содан бері Жәркендте тұрып жатқан Сұлтан Нигар ханымды тартты. Алайда Тахирдің моғолдарға бағынышты қырғыздарды өзінің жағына тартуға тырысқан, және Жетісуды өзіне қаратуды көздеген әрекеттерді тоқтатпауы моғолдарды одан алыс­тата түсті. Тахирге деген сенімдерін жоғалтқан олар, Жетісу мен Ыстықкөл аймағынан аулақ, Қашқар жеріне кетті. Төңірегіндегілерді де, өзімен келісімге келуге талпынушыларды да әрқашан жау көретін Тахир ханның түсініксіз, әрқашан айнып кетуге бейім іс-әрекеті төңірегіндегі қазақ сұлтандарын да одан бездіре түсті. Осындай наразы топ, алғаш оның ағасы, қаталдығымен Тахирге әрқашан үлгі болып келген Абдулқасым сұлтанды өлтірді және Тахирдің өзін айдаладағы жұртқа оқшаулап қалдырып кетті. Осылайша өзі билеген Қазақ хандығының беделді сұлтандарына керексіз болып қалған ол, жанына баласын ертіп, өзіне адалдығын жоғалта қоймаған аз ғана қазақтармен бірге қырғыздарға кетті. Осында, ешкімге қажетсіз болып қалған ол, биліктен жұрдай болып, қайыршы халде 1531-1532 жылдары қайтыс болды. Осылайша өз елінде халқынан қол үзген, және бедел-абыройдан айырылған тағы бір қазақ ханының денесі жат жерде қалды.

Қожа Ахмед хан

Әйгілі Әз Жәнібектің немерелері арасынан Қасым ханның соңғы әйелінен туған кенжесі Қожа Ахмед хан ағасы Мамыш хан өлгеннен кейін Ембі мен Жайық арасындағы Байұлы руларының қолдауымен ақ киізге отырғызылып, осы өңірдің ханы болып жарияланды. Бұл қазаққа бас хан болып жарияланған Тахир 1524 жылы ноғайлардан ығып шығысқа шегінгенде болған жағдай еді. Ел арасында беделі шамалы және барар бағыты да бұлыңғыр Тахирге Байұлы рулары атақонысты тастап, ілескілері келген жоқ. Оның үстіне бұл халық Қасым хан билерден бұрын да ноғайлардың қол астында болған, олармен қатар көшіп-қонып жүрген ел еді.

Әкенің отауына кіші бала ие болатын салтты ұстанған Қожа Ахмед те жылы орнынан қозғала қойған жоқ. Алайда оның атамекені, бір кезде Қасым ханға астана болған Сарайшықты енді әйгілі Мұса бидің баласы, ноғайлардың биі Сайд Ахмед (Шейдақ) басып алған еді. Сайд Ахмед бұл әрекетті, қаһарлы Қасым хан қайтыс бола салысымен-ақ қолға алды. Оны Мұса бидің басқа балалары Мамай, Шейх Мамай, Жүсіп және тағы басқалары, сондай-ақ Алшағырдың балалары Орақ, Келмұхаммед, Жанай қолдады. Олар Еділдің оң жағалауында шашырай көшіп-қонып жүрген ноғайларды топтастырып, шығыстағы қазақтарға қарсы салды. Мұндайды ноғайлар тарапынан күте қоймаған, бұрынғы Қасым ханның кезінде оларды ығыстырып әдеттенген қазақтардың біраз рулары қатты сасып, ноғайлардың шығыстағы Ембі өзеніне дейінгі аймақты басып алуларына кедергі бола алмады. Батыста Жайық өзеніне дейін созылып жатқан бұл аймақ қазақ ханы Қожа Ахмедтің қол астына қарайтын еді. Оның қарауындағы аймақтан шығысқа қарай қазақтың Тоғым ханы билейтін аймақ басталатын еді. Қазақтардың бас ханы Тахир шығысқа көшіп кеткен соң Ембіден шығысқа қарай созылып жатқан қазақ ру тайпалары жалайырлардың, қыпшақтардың, арғындардың, керейіттердің, қоңыраттардың, табындардың бастауымен батыстан төніп тұрған ноғай қаупінен қорғану үшін Жәдіктің баласы, атақты Қасым ханның немересі Тоғымды хан көтерді. Ендігі жерде Тоғымның басты қарсыласы Ембіге дейінгі аймаққа билік жүргізіп отырған ноғай билеушісі Шейх Мамай мырза болды. Осы өңірлердегі рулар мен тайпаларды өз қоластына қаратып, әскер жасақтаған Шейх Мамай әбден күшейіп алған еді. Осының арқасында Қазақ хандығы әлсіреп, ал осыны пайдаланған ноғайлар тәуелсіздікке қол жеткізді. Ноғайлардың қатарын шығысқа кеткен Тахирге ілеспей батыста қалып қойған қазақтар көбейтті. Қазақ хандығының Қожа Ахмедпен бірге батыста қалған адамдарының саны 600 000 адамдай еді. Ал Тахир ханға алғаш 400 000-дай қазақ ілескен болса, хан шығыстағы Моғолстанның Қошқар деген қаласына жеткенде жолай-жолшыбай өз мекендерінде қалып қойғандарды қоспағанда олардың саны 200 000-дай адам болды. Жағдайды өз пайдасына шеше білген, Сарайшықта билік жүргізіп отырған ноғайдың бас биі Сайд ­Ахмед әншейінде бастары қосылмайтын Шейх Мамай, Жүсіп, Орақ тәрізді ноғай мырзаларын Еділдің оң жағынан шығысқа қозғалып, Қазақ хандығын талқандауға үгіттеп көндіре алды. Ноғайдың қаптаған қалың қолына қарсы алғаш Қасым ханның ұлы Мамаш ханмен бірге қарсы шыққан, ал ол өлген соң жалғыз өзі самсаған ноғайға қарсы тұруға мәжбүр болған Қожа Ахмед ханның жаумен текетіресі едәуір ұзаққа созылды. Тахир о бастан-ақ ноғай мырзаларынан ығып, Моғолстанға кеткен соң, Шейх Мамайға қарсы соғысқан, жоғарыда әңгіме болған, Тоғым ханды да қолдаған еді ол. Ал мұның өзі ноғайлардың мазасын кетірді. Дегенмен де, ол билеген аймаққа енді қазақтардан басым түскен ноғайлардың Шейх Мамай мырзасының үстемдігі біржолата орнаған соң, ал Тоғым ханның ноғайлардан батыстағы қазақтарды қорғауға шамасы келмей, оңтүстік-шығыста ентелеп келе жатқан моғолдар мен оңтүстіктен баса-көктеген шайбандық өзбектермен бітіспес күреске араласып кеткендіктен, Қожа Ахмед хан 1533 жылы Сарайшық қаласында ноғайлардың биі болып сайланған Сайд Ахмедке тегеурінді қарсылық көрсете алған жоқ. Айта кетер тағы бір мәселе, бұл тұста шығысқа құмарта ұмтылған ноғайлардың өздерінің де жағдайлары онша мәз емес еді. Ағыш және Алшағыр мырзалардың балалары көп кешікпей-ақ, Ноғай ордасының биі Сайд Ахмедті биліктен тайдырып, өздері би болу үшін күресті бастады. Өз кезегінде Ойыл мен Ембінің арасындағы ноғайлар мен қазақтарға билік жүргізіп отырған Шейх Мамай мырза о баста аталған мырзалардың емес, бас би Сайд Ахмедтің жағында болды. Оның үстіне ноғайлардан ығысып, оларға тегеурінді қарсылық көрсете алмай отырған Тоғым хан да батыстағы иеліктерді қазаққа қайта қайтарып алудан бас тарта қойған жоқ еді. Ал Сайд Ахмедке қарсы күресуші ноғай мырзалары болса, өздерінің билік үшін күрестегі мақсаттарына жету үшін, ноғайлардың ата жауы Астрахан хандығына сүйенді. Оның үстіне батыстағы Қырым хандығы және терістіктегі Қазан хандығы да ноғайларға үздіксіз қауіп төндірумен болды. Осындайда ноғай биі үшін ең алғаш өздері басып алған Жайық пен Ембінің арасындағы қазақ руларын ноғайларға қарсы ұйымдастырып, оқтын-оқтын қазақтардан қол жинап, қарсы бас көтеріп отырған Қожа Ахмед ханды өзіне қарату керек болды. Оның үстіне Шыңғыс тұқымынан шықпағандықтан ноғай биі Сайд Ахмедтің ноғай мен қазаққа хан болуға құқы да жоқ еді. Би лауазымын ноғайлар билеуші ретінде мойындағанымен, Қожа Ахмедтің қол астындағы қазақтар оны мойындай қойған жоқ. Осы жағдай ноғай биі Сайд Ахмедті Қожа Ахмед ханмен алғаш астыртын, онан соң ашық келісім жүргізуге итермеледі. Мұндай келіссөздің нәтижесі бойынша Қожа Ахмед хан өзінің елінің ноғайлардың қарамағына көшкенін, яғни өзі билеп отырған қазақтардың бәрінің ноғай биі Сайд Ахмедке бағынғанын мойындауы керек еді. Алайда ол мұндай әрекетке бара қойған жоқ. Осыдан соң Сайд Ахмед өз мақсатына күшпен жетуге кірісіп, 1535 жылы қазақ ханы Қожа Ахмедтің хан ордасын қоршап алып, ханды он бес баласымен қазақтардан оқшаулап ұстады. Бірақ мұндайда ханды жақтайтын қазақ рулары да қарап отырмай, өздерінің хандарын қолдап, ноғайларға қарсы бас көтерді. Соңы қан майданға жалғасқан осындай текетіресте ноғай биі Сайд Ахмедтің жағында соғысқан, жекпе-жекте жан шыдатпас Алшағыр ұлы Орақ Қожа Ахмед ханды алдаспанмен шауып өлтірді. Жаужүрек ерлігі үшін ноғайлар арасында Айдынды Орақ атанған ол, қазақ ханын өлтірген соң қазақтар арасында Қанды Орақ атанып кет­­ті. Ноғайдың биі Сайд Ахмед «Қарасай-Қа­зи» дастанында оны былай сипаттайды: «…Ба­тырлығы Орақтың Бізден гөрі зор, – деді. Хан таң­балы ат мініп, Қарағай найза қарға іліп, Он сегіз мың адамға Жалғыз шауып жүр, – деді…». Қылыштарын қайраған қазақтардың қанды кек қайтаруынан қаймыққан ноғай биі Сайд Ахмед осы оқиғадан соң, Қанды Орақ батырды аулаққа, Еділ бойына жұмсап, бұдан былай оны Астрахан хандығына қарсы күреске салды. Ал Жайық пен Ембі арасындағы қазақтар болса, билеуші ханынан айырылған соң бірде ноғай, бірде қазақ атанып, бәрібір байырғы атақоныстан қол үзбей, сонда көшіп жүрді. Олар жау жағадан алғанда жері мен елін жатқа тастап кетпеген Қожа Ахмед ханды қасиеттеп, жадында сақтап, оның есімін ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп, бүгінгі күнге жеткізді.

Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы
Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры,
ҚР ҰҒА Құрметті академигі

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ