БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ПЕН ТӘРБИЕНІ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МӘНІ

0
Бастауыш  сынып оқушыларының бастапқы экологиялық мәдениетінің психологиялық   ерекшеліктері мен педагогикалық мүмкіндіктеріне қарай қалыптастырудың мазмұнын анықтау – қазіргі мектептің, мұғалімдердің  міндеттері.
Экологиялық  мәдениет  бастауыш сынып оқушыларының бастапқы ғылыми дүниетанымын қалыптастырып, экологиялық санасының өзегі болып, баланың рухани бейнесіне тұтастық  әкеледі,  оны қоршаған табиғи ортаға әлеуметтік мәнді және экологиялық қолайлы қағидалар тұрғысында қаруландырады [1,85-92б.].
 Жеке адамның экологиялық  мәдениеті дегеніміз – табиғатты аялау талабына сай  келетін білім, іскерлігі мен оны жүзеге асырылуы.
Экологиялық  мәдениетті қалыптастыру – аса күрделі  үрдіс.
Экологиялық мәдениет пен этиканың құрамына мыналар кіреді:табиғат пен қоғамның дамуы заңдылықтарын білу, табиғатты қорғау қажеттілігін түсіну, табиғатқа тигізетін өзінің салдарын болжайлай білу, табиғат пен қарым-қатынасында заңды ережелерді сақтау.
Оқушылардың экологиялық санасы, ойлауы, сауаттылығы, этикасы және мәдениеттілігі экологиялық білім беру мен тәрбиесінің нәтижесінде қалыптасады.
Педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерді талдау арқылы жүргізген зерттеулеріміздің нәтижесінде экологиялық білім берудің мақсаты мектеп оқушысын айналасындағы табиғи ортаға әмбебап, басқаша айтқанда, жауапкершілікпен қарауға үйрету екенін анықтадық. «Жауапкершілікпен қарау» немесе әмбебап көзқарас- әлеуметтік, психологиялық,  педагогикалық және басқа жақтарынан саралауға болатын кең ұғым. Педагогикалық тұрғыдан бұл ұғымның мазмұнына кіретіндер:
а) табиғи ортада адамның өзін қалай ұстау керектігін түсінуі;
ә) табиғаттың халық қазынасы екенін сезінуі;
б) табиғатқа тигізетін өз әрекетінің салдарын көре білуі;
в) табиғатпен қарым-қатынасын жаратылыстану және ізеттілік білім тұрғысынан негіздеп түсіне білуі.
Баланың мектепке келуі, оның жаңа оқушылық міндеті, оның балалар ұжымына енуі, оқытушылармен қатынас жасауы – бұлардың бәрі де ерекше өзге әлеуметтік жағдай. Осы жастағы балалардың жағымды басынан өткізген мінез-құлық сезімдері тәжірибесінің ерекшеліктерін атап өтуге болады.
Сезімге сүйену, эмоционалдық  кінәраттауды пайдалану кішкентай оқушыларды тәрбиелеудің ең тиімді  әдістердің бірі болып табылады. Әрине, ондай тәрбие әдістерін пайдалану  үлкен сақтықты және педагогикалық ізгілікті қажет етеді     [2,112 -120б.] .
Сонымен бірге жас жеткіншектер бойында ненің жаман, ненің жақсы екендігі жөнінде өз түсініктері қалыптаса бастайды. Ересектердің оларға әсер ету жағдайы олар тарапынан бәрін де өзім шешемін  деген қарсылықтарға кезігіп отырады. Дегенмен, бұл жастағы балалардың  әлі де өзіндік көзқарастары қалыптаса қоймайды. Осы жастағы балаларға «көзқарас» деген терминді қолдану тек шартты түрде ғана. Төменгі сынып оқушыларының түсініктері мен ой қорытындылары,  кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша, қарадүрсін, қарапайымдылықпен  ерекшеленеді. Төменгі сынып оқушыларының жалпы айрықша ерекшеліктерінің бірі- жасөспірімдерге қарағанда олар өздерін және өздерін қоршаған дүние кеңістігін тұтас қалпында қабылдайтынын ескерген жөн. Олардың әрқайсысы үшін «Мен» табиғатты, ал табиғат «менді» көрсетеді. Ең тамашасы, олар өздерін табиғаттың бөлігі деп сезінеді.
Егер бірінші сыныптағы балалар бойында жануарларға және өсімдіктер әлеміне жанашыр болуы, оларға сүйіспеншілігі, қоршаған орта әсемдігінен эстетикалық  ләззат алуы жай ғана мақсатты көздесе, жас кезеңінің аяғына қарай ол сезімдер экологиялық жағынан мақсатқа бағыттылған қызмет түріне айналады. Бұл іс  жануарларға, өсімдіктер әлеміне аяныш сезімін қалыптастырумен қатар жүреді   ( бір нәрсеге үйірсектік және сүйіспеншілік, қатынас жасау қуанышы, қоршаған ортаға зиян келумен байланысты реніштер және т.б. ).
Педагогикалық жағынан осы жас кезеңінде балалар бойында табиғаттағы мінез-құлқын өздігінен реттеу, баланың қажеттілік дағдысын табиғатқа келтірер зиянмен салыстыра отырып дамыту өте қажет. Балалардың есеюімен бірге « қоршаған орта» түсінігі айтарлықтай кеңейеді.
Жалпы білім беретін мектептерде экологиялық білім мен тәрбие мазмұны әр түрлі сыныптар және жеке пәндер бойынша, қоғамға пайдалы жұмыс және өндірістік еңбек арқылы іске асырылады.
Бастауыш сынып оқушылары  табиғат байлығын ауыл шаруашылығында пайдалану жайлы алғашқы ұғымды  еңбек сабақтарында алады. Олар үй мүліктерін, киім-кешек, тағам т.б. жасайтын  табиғат  заттарын қалай пайдаланумен танысады.
Бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы оқушыларды төмендегі іскерлікті, дағдыны қалыптастыруға бағытталған: өсімдіктердің даму кезеңінде фенологиялық бақылау жүргізу; мектеп және қоғамдық мүлікті ұқыптылықпен күту; тұрмыста электроэнергияны, газды, суды үнемді пайдалану.
Қазіргі жағдайда өндіріс табиғатқа күшті әсер етуші фактор болып отыр. Осыған орай табиғатты ұтымды пайдаланудың ғылыми  білімге негізделетінін оқушылардың түсінуі керек. Өйткені өндірістік  іс-әрекеттің нәтижесінде ортада әр түрлі өзгерістердің болуы  мүмкін. Сондықтан қоғамның   өндіргіш күштерін ұнамды орналастыруға  аймақ табиғатының ерекшелігін, оның өндірістік жүктемеге орнықтылығын есепке алу талап етіледі.      Оқушылар табиғи ортаны күтуде, қорғауда  орман – тоғай шаруашылығын, мемлекеттік қорықтарды басқаратын  қызметкерлерге көмектеседі, өсімдіктерді қорғау жұмыстарына қатысады.
Оқушылар ауыл шаруашылық  өндірісінің әртүрлі жұмыстарына қатысады. Сондықтан олар жұмыстың түрлеріне байланысты  негізгі мәселермен таныс болуы қажет.: жерді пайдалану негіздерін, топырақты эрозиядан қорғауды игеру, дақылдарды суару мөлшерін, минералдық тыңайтқыштарды, улы  химиялық  заттарды беру мөлшерінің мерзімін  технологиялық талаптарға сәйкес есепке алып отыру.
Әлемдегі экологиялық  деректерді, ғылыми мағлұматтарды білім және тәрбие процесінде пайдалану мұғалімнің терең білімділігіне, педагогикалық шеберлігіне, жоғары мәдениеттілігіне байланысты. Осыған орай, ең басты міндеттердің бірі- табиғатты қорғау мәселелерімен оқушыларды ғылым негізінде теориялық және практикалық біліммен қаруландыру. Бұл үшін экологиялық білімнің негізгі көздерінің бағдарламаларындағы оқу материалдарын дәрістерде терең түсіндіріп, сыныптан және мектептен тыс экологиялық жұмыстарда тиімді қолдана білуге оқушыларды үйрету және дағдыландыру  керек [3, 268-273б.].
Оқушыларды экологиялық білім негіздерімен қаруландыру үшін осы пәндер бойынша мектеп өзінің мүмкіншілігін еске алып, экология бағдарламасын жасайды.
Оқушылардың білім деңгейін көтеру үшін кейбір теориялық және практикалық   мәні бар экологиялық   мәліметтерді бағдарламаға   кіргізу қажет. Оқушылар олармен лекциялар, практикалық  жұмыстар, кештер, саяхаттар арқылы танысады.
Шамамен  осындай әуенді пайдаланып, тікелей экологияға қатысы бар пәндер бойынша экология бағдарламасын құрастыруға болады. Енді экологиялық  тәрбие жұмыстарының бірнеше түрлерін қарастырайық:
  1. Ауыл мектептерінің оқу – тәжірибе учаскесіндегі бағалы ағаштар тұқымының көшеттерін өсіріп, оларды қалаларды, ауылдық жерлерді көгалдандыруға пайдалану.
  2. Мектеп оқушылары мемлекеттік орман шаруашылығына үнемі көмек көрсетіп отырады. Өйткені, олар мектеп орманшылығының мүшесі. Сонымен бірге орманды қорғау және ағаш өсіру жұмыстарына да белсенді қатысады. Олардың негізгі істейтін жұмыстарының түрлері:
  • Көшет материалдарын өсіру, ағаштар отырғызу, оларды күту, табиғаттың тілсіз жауларынан қорғау, орман – тоғайдағы зиянды жәндіктермен күресу;
  • Дәрі өсімдіктерін дайындау, жидек, саңырауқұлақ , т.б. жемістерді жинау;
  • Пайдалы хайуандарды қорғау және олардың есебін алып отыру;
  • Фенологиялық бақылау жүргізу.
  1. Оқушылар ауыл шаруашылық тәжірибе жұмысымен айналысады. Тәжірибе жұмысы мұғалімдердің, жергілікті  ғалымдардың басшылығымен жүргізіледі.
Оқушылар дала жағдайында да  тәжірибе жұмысын  жүргізу кезеңінде әр түрлі аймақтардың топырағы мен ауа райын есепке  алып,  дәнді  және бақша өсімдіктерінің сорттарын, олардан түсетін өнімді зерттейді, химиялық құралдарды қолдану жолымен егістік жерлерде  өсетін арам шөптермен күрес жүргізеді.
  1. Оқушылар түрлі табиғатқа зиян келтіретін адамдармен күреседі, қорықтық ережені бұзушыларды  анықтайды, химиялық улы заттарды, минералдық  тыңайтқыштарды сақтау және  қолдану ережелерін бұзушыларды әшкерелейді.
  2. Экологиялық тәрбиеге байланысты мектепте жаппай шаралар ұйымдастырылады. Олар: кештер, лекциялар, әңгімелер, көрмелер, сайыстар, оқушылардың шығармалары, рефераттары, баяндамалары, табиғатты  қорғау  тақырыптарына арналған  плакаттар, т.б. Осылардың бәрі оқушылардың  экологиялық мәдениетті саналы, жете түсінуіне, табиғи ортаны қорғау  мен жақсартуына игі әсер ететін  өте қажетті құралдардың бірі.
Егер экологиялық құлық және еңбек іс-әрекеттерін ұштастырып, тікелей табиғи  байланысты жүргізсе, олардың жақсы нәтиже беретіндігіне ешқандай күмән келтіруге болмайды.
Экологиялық тәрбиенің басты міндеттері:
  • Өмірде және нақты еңбек іс-әрекетінде экологиялық білімді қолдана білу, іскерлікке төселу.
  • Табиғатты қорғау және өзгертуге байланысты оқушыларды жаппай қоғамдық пайдалы  еңбекке қосу.
  • Әрбір мектепте экологиялық білім және тәрбие қоғамын ұйымдастыру. Қоғамның мақсаты: қоғам  мүшелерін өздері тұрған аймақтың табиғатын  қорғауға , күтуге  тәрбиелеу, зерттеуді жүргізудің әдістері мен тәсілдеріне үйрету, мектепті экологиялық  жұмыстың орталығына айналдыру.
  • Қоғам мүшелері мектептегі түрлі ұйымдармен ынтымақтасып, тұрғылықты жерде экологиялық штабтар құрады, жорықтар, саяхаттар ұйымдастырады.
Экологиялық  тәрбие еңбек тәрбиесімен байланысты. Өйткені өндірістік   іс-әрекеттің барысында адам қоршаған ортаға тікелей әсер етеді. Сонымен, оқушылардың экологиялық білімінің белгілі жүйесін игеру, табиғатты қорғау, оның байлығын тиімді пайдалану, экологиялық  мәдениет негізінде дұрыс дүние тану көзқарасын қалыптастыру.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ