БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ

0

Қазіргі кезде білім беру саласындағы әлемдік білім кеңістігіне ұмтылуға байланысты жасалынып жатқан талпыныстар мектеп оқушыларының ойлау белсенділігін дамытып, білім мен біліктерін өмірдің жаңа жағдайына пайдалана білуге үйрету қажеттілігін туғызады.

Адамның барлық нағыз адамдық қасиеттері өз өміріне тәлім-тәрбие нәтижесінде қалыптасады.

Бастауыш сынып оқушыларының таным процестері дамуына оқытудың тигізетін әсері өте үлкен. Дамыта оқыту проблемалары 18 ғасырдан бері зерттелуде. Швейцар ғалымы И.Г.Песталоцци оқу барысында балалардың қабылдау және еске сақтау қабілетін дамыту проблемасын зерттеуді бастаған. Бұл идеяны К.Д.Ушинский, Л.С.Выготский жалғастырған. Д.Б.Занков дамыта оқытуға қазіргі технологияларды қолданып, жалпы ақыл-ойды дамыту жолдарын анықтаған. Қазіргі бастауыш мектеп бағдарламасы, барлық таным процестерді жедел дамыту жолдарын ескере отырып жасалған оқулықтар мазмұны ойлауды дамытуға үлкен үлесін қосады. Дегенмен, осы проблеманы шешу үшін әр мұғалім ойлау қабілетінің ерекшеліктерін, оны дамыту жолдарын толық түсінуі қажет.

Бастауыш сыныптарда оқыту барысында балалардың таным процестерін дамытуға, олардың тіл байлығын және өз ойын сөйлеу арқылы басқаларға жеткізу тәсілдерін қолдаудың ойлау процесін дамытуға қосатын үлесі өте үлкен. Қ. Жарықбаев, С. Қалиев осы тәсілдер ретінде халық педагогикасы элементтерін қолдануды ұсынады. Қазақ халқының бай тәжірибесінде көптеген оқу процесінде қолданылатын ойындар, өлеңдер, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар т.б. ауыз әдебиет туындылары бар. Олардың терең мазмұны балалардың тіл байлығы мен ой-өрісін дамытып, сонымен қатар барлық қабілетін дамытуға үлкен үлесін қосады. Осы материалдарды іріктеп алып, оны тақырыпқа байланысты қолдану-оқыту барысында оқушылардың ойлау  процесін дамыту проблемасын шешудің тиімді жолы болады.

Халық педагогикасында қалыптасқан балаларға арналған ойындар олардың білімін қалыптастырып, оны пысықтауға, үй тапсырмасын орындау жолдарын түсіндіруге, білімдерді бір-бірімен ұштастырып, ұғымдық қорын қалыптастыруға жәрдем береді. Қазіргі мектеп бағдарламасы ұлттық ойындарды кеңінен қолдануға өте ыңғайлы. Көптеген ойындар баланың тапқырлығын, табиғат құбылыстарын, қоршаған табиғат ерекшеліктерін түсініп меңгеруге арналған. Осындай мән-мағынасы өте терең және жан-жақты дамуға, баланың байқағыштығын тәрбиелеуге үлкен үлесін қосып, ойлау қабілетін дамытатын ойындардың бірі «Аңдардың айтысы» деп аталады. Бұл ойында қатысушылар жүргізушінің талабына сай белгілі бір тақырыпқа сай келетін әндер орындап, онда аңдардың дауыстарын, қылықтарын бейнелеп, олардың өзіне тән ерекшеліктерін сипаттап көрсетуді талап етеді. Мұның өзі хайуанаттар әлемі жөнінде нақты ұғымдарды қалыптастырып, сонымен қатар музыкалық және артистік қабілетін дамытады. Топтасып ән айту, бірін-бірі тыңдап әрекет жасау дағдысын жетілдіреді.

Әр ойынды жүргізу және қатысушылардың орындау ережелері бар. Ол ережелердің тәрбиелік мәні өте үлкен. Бұларға ойынның барысы белгіленді, балалардың тәртібі мен іс-әрекеттің реті, олардың өзара қарым-қатынасына қойылатын талаптар анықталады. Сондықтан ойнау барысында тәртіп сақтауына, ерік-жігерінің қалыптасуына мүмкіндік туады. Ойын шапшаңдықты, ептілікті, тиянақтылықты, тез бағдар табуды, ұжымдық, ұйымшылдық көрсетуді, бір-біріне көмектесуді, жауапкершілікті, батыл қимылды талап етеді.

       Бұл ойындағы ерекшелік – билеп жүріп хормен өлең айтуды өзара үйлесімді әрекет ұйымдастыруда байқалады. Хормен ән айтып, би қимылын жасаған сайын кеудедегі қоңырау әшекейлер өзара үндесіп жатады. Яғни, әуен саздары мен қоңырау сылдыры ойнаушылардың қимылдарына сүйемелдеушілік жасап тұрғандай болады.

Өйткені ойындағы қимылдар жай қимыл емес, олар әуеннің ырғағына байланысты жасалған қимылдар болып табылады.

Мұндай ойындар халық педагогикасында өте көп және мазмұндары да бағыттары да бірін-бірі қайталамайтындай сан-алуан, әрі қызықты. Олар «Алақан соқпақ», «Тақия тастамақ», «Тартыс», «Айгөлек» т.б. Қай ойынды алсақ та, бәрінде де би элементтері кездеседі, ән, күй, тақпақ, мәнерлі қимыл мен ыммен жасалатын көріністер бір-бірімен алмасып жатады. Бұлардың бірі нақтыланған жағдайға қарай актерлік үлгіде, сахналық үзінді түрінде орындалады. Ойын барысында қатысушылар өздерін күнделікті тіршілік жағдайында сезінбейді, керісінше, мүлде бөлек ортада сезім, поэзия, өнер әлемінде сезінеді. Олар ойнаған рольдерінен эстетикалық ләззат алуға талпынады.

Ойын барысында қатынасушылардың тәртібіне бірыңғай талаптар қойылды:

— қалай отыру, өзін дұрыс ұстау;

— қандай мөлшерде бір-бірімен сөйлесу қажет т.б.

осы айтылғандардың бәрінен қазақ ойындары драма және сахналық өмірдің әрқилы элементтерімен аса толықтырылған деп қорытынды жасауға болады.   Сонымен бірге, осы ойындардың кең тұрғыда таралуы ондағы қатысушылар мен көріп тамашалаушылар санының артуы – мұның тәрбиелік мәнін тереңдетеді.

Осындай ойын ретінде көптеген санамақтарды келтіруге болады. Олар мәнерлеп сөйлеуге үйретеді.

Санамақтарда балалардың тақпақты нәшіне келтіріп оқу дағдысы қалыптасады. Осы сияқты санамақтар, қызықты орындалатын әуендер, тіпті адамдардың өзара қарым-қатынасында кездесетін қызықты әңгімелері жылдам, берік есте сақталады. Оны балалар өздерінің күнделікті ойындарында қызығып сүйіспеншілікпен қайталайды.

Бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктеріне байланысты осындай санамақтар мен қаламақтар мазмұны оларға өте жақын, түсінікті. Олар балалардың ой өрісін, тілін тез дамытуға өте икемді. Сонымен қатар ойындарға қатысу арқылы балалардың мінез-құлқы сыйысымды болып, қарым-қатынас мәдениетін меңгереді, әдептілікке, басқалармен санасуға, тілалғыштыққа баулиды. Ойын кейіпкерлерінің мінез-құлығына қарап жақсы мен жаманды ажыратуға мүмкіндік береді.

Халық ойындарының көптеген түрлерін сабақтан тыс бос уақытта, үзіліс кездері ұйымдастыруға, қолдануға мүмкіншілік өте мол. Сондықтан бастауыш сынып оқушылар өмірінде осы ойын түрлері үлкен орын алуға тиіс.

Ойындар мен қатар халық шығармалары туындыларының бірі жұмбақтарды қолдану балаларды аңғарымпаздыққа, тапқырлыққа, зеректілікке тәрбиелейді. Жұмбақтар – халықтық шығармаларының ішінде үлкен орын алады. Жұмбақтардың шешімін айту баланың ақыл-ойын, ой-өрісін дамытып, ойлаған іс-әрекеттің шешімін тауып, үдесіне жетуге үйретеді. Жұмбақтар бала үшін өте қызықты құпия. Оны шешу қажеттілігі білімге қызығушылық тудырады. Баланың ұшқыр ойын іске, әрекетке қарай баулиды. Ой – сананың қызмет етуіне себебін тигізеді. Жұмбақтар өмірде кездесетін шаруашылық кәсіпке байланысты, тіршілік тірекке тиянақ болатын, адам көңіл аударатын қажетті заттардың барлығын қамтиды. Бәрін де алғаш жұмбақ етіп, біртіндеп оның құпиясын ашып беруді қажет етеді. Жұмбақты қолдану баланың ойлау қабілетін дамытудың өте тиімді тәсілдерінің бірі. Өйткені жұмбақты шешу барысында бала көптеген табиғат құбылыстарын салыстырмалы түрде бейнелеуге үйренеді «Ақ сандығым ашылды, ішінен жібек шашылды» деп бұлттан шыққан күннің көзін ақ жібекпен салыстырып, бұлтты ақ сандыққа теңестіру арқылы баланы қоршап отырған заттардың табиғат құбылыстарына ұқсас келтіреді. Бұл ойлаудың өте күрделі түрі ассоциациялық байланыстар құруды талап етеді.

Жұмбақтардың тағы бір пайдалы жағы, ол әр баланың өз бойындағы құпияны шештіру арқылы, оларға өмірді танытады. Қоршаған ортада болып жатқан түрлі құбылыстарға зер салуға, соның себебін іздеп табуға үйретеді. Сондықтан балалар жұмбақтарға өте үлкен қызығушылық білдіреді. Жұмбақ қара сөз түрінде де, өлең түрінде де болады.

Бұл жұмбақтар балаларды табиғат маусымдарында кездесетін ерекшеліктермен таныстыра отырып, олардың әсем, әдемілігін, түр-түсін, т.б. ерекшеліктерін тани білуге, сезімталдықпен қабылдауға үйретеді.

        Аталған тәсілдер сабақ үстінде дидактикалық ойын ретінде қолданылады. Ойын-ойлау процестін дамытуға қолданылатын тиімді тәсіл.

Ойлау процесі жақсы дамыған адам көптеген заттар мен құбылыстарды талдап, бір-бірімен салыстырып, ортақ қасиеттерін тауып, оларды жүйеге келтіруге шапшаң болады. Осы ойлаудың ерекшелігін қалыптастыруға арналған көптеген шығармашылық тапсырмаларды пәндердің ерекшеліктеріне байланысты жинақтап оны тиімді қолдануға болады. Олар геометриялық фигураларды қолданып заттардың формасын, түрі мен түсін, кеңістікте орналасуын дұрыс қабылдап, ұқсастығын табу арқылы баланың қоршаған ортадағы нәрселердің біртектестігін түсінуге, ұқсастығын және айырмашылығын табуға негізделген күнде, олардың ойлау қабілетін дамытады.

Шығармашылық тапсырмалардың басым көпшілігі дидактикалық ойын ретінде ұйымдастырылғандықтан дамыту сабақтарының мазмұны балаларға тартымды және қызық түрде келтіріледі. Бастауыш сынып мұғалімдері тәжірибесінде шығармашылыққа баулитын дидактикалық ойындар көп мөлшерде жинақталған. Олардың «Ақ сүйек», «Поезд құру» , «Теңге ілу», «Гүл сыйлау», «Бейнені құрастыру», «Артығын табу», «Не жетіспейді» т.б. түрлерін кеңінен қолдануға мүмкіндік бар.

       Шығармашылық тапсырмалардың, ішінде заттардың формасын, түрін, түсін, кеңістікте орналасуын дұрыс қабылдауға арналғандарының ролі өте үлкен. Мысал келтірейік.

Бейнені құрастыр

Ойынның тәрбиелік мәні. Қиылған әр түрлі геометриялық фигуралардан белгілі бір бейнені құрап жасауға үйрету. Түстердің үйлесімділігін сезінуге, сурет салу, жапсыру кезінде заттардың құрылысын көзге елестете білуге, ойлау мен қиялды дамытуға әсер ету.

Қажетті көрнекіліктер. Тіктөртбұрыштар, үшбұрыштар, үлкен-кіші көлемдегі дөңгелектер, әр түрлі көлемдегі төртбұрыштар, балалардың іс-әрекетін бағыттауға арналған үлгі суреттер.

Ойын ережесі:

а) Қиылған пішіндерді қарау, талдау, қандай бейне жасауға болатынын балаларға ойланта білу;

ә) бейнені белгелі бір затқа ұқсата құрастыру;

б) егер оның бір немесе бірнеше бөлшегін өзгертсе, басқа қандай бейне шығаруға болады?

Ойынға басшылық:

Тәрбиеші желкенді қайық, ақ-қара т.б. формалар мен түр-түстерде жасалған қиықтардан жапсырып жасалған үлгілерді көрсетіп, олардың құрылысына, неше бөліктен тұратынына, қандай пішіндерден құралғандығына және түстеріне назар аудартады. Осындай пішіндердің барлық түрі, көлемі жағынан да әр түрлісі өз қолдарында болу керек.

Тапсырма:

Алдарыңда жатқан қағазда және тақтада ілінген үлгілерде бірнеше фигуралар бар (пішіндер).

Осы пішіндерден қандай бейне құрап жасауға болатынын ойланыңдар.

Осы және басқа фигураларды құру арқылы баланың бейнелік, бейнелі — сюжеттік т.б. ойлау түрлері қалыптасады.

Заттар мен құбылыстардың ара қатынасы, олардың кеңістікте орналасуы т.б. көптеген ұғымдарды меңгеруіне мүмкіндік туады.

Осы жерде мысалы ретінде балалардың құрған фигуралы үлгісінде желқайық, арба, адам, үй фигураларын келтіруге болады.

Осы сияқты көптеген фигураларды жасау арқылы балалардың сәйкестіктерді анықтауы қалыптаса бастайды. Ол ассоциативтік ойлаудың қалыптасып келе жатқанының белгісі болып табылады. Жасалған фигуралар үй тұрмысында қолданылатын заттар, құрақ көрінісі т.с.с. көптеген балалардың шығармашылығын көрсететін нәрселер болып келеді.

        Бастауыш сынып, оқушылардың барлық қабілетінің, нышандарының оянып, қалыптасуына ыңғайлы уақыт.

Сондықтан, оқу барысында балалардың ойлау қабілетін дамытуға арналған арнайы тәсілдерді жиі қолдану қажет.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ