БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КИІМДЕРІ МЕН ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕРІ АРҚЫЛЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҚАБІЛЕТІН ДАМЫТУ.

0

Жаһандық өзгерістер аясында Қазақстан Республикасының білім беру саясаты білім берудің құндылық мәнін толығымен күшейтуге және оның әрбір адамның тағдырындағы үлесін арттыруға, жас ұрпақты жаңа, ақпараттық қоғамның талаптарына сай тәрбиелеуге бағытталған.

Сауатты, зияткер, рухани мықты адам тәрбиелеу адамгершілік құндылықтарды, ұлттық-мәдени дәстүрлерді бекіту және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етудің кепілі болып табылады. Өзіне, басқаларға және әлемге деген құндылық қатынасын дамыту негізінде тұлғаның үйлесімді қалыптасуы бейбітшілік пен келісімнің нығаюының алғышартына, ашық қоғам қалыптастыруға бағытталған ұлттық басымдылықтардың жүзеге асуының жасампаз күшіне айналады.

Қазақстанның білім беру саласындағы ізденістері өскелең жаңа буынды 21-ғасырдың өмір талаптарына сай сапалы дайындау мақсатында дұрыс шешімдер қабылдауға бағытталған.

Еліміздегі білім беру реформасы әр адамның табысты жұмыс істеуіне, өмір бойы оқып-үйренуіне қажетті тұлғалық қабілеттерін дамытуға бағытталған әлемдік тәжірибеге негізделеді. Демек, білім беру жүйесінің түлектері функционалдық  жағынан сауатты болып қана қоймай, кез-келген өмірлік мәселені шешуге, қойылған мақсатқа жетуге қажетті құралдар, әдістер мен жолдар таңдауда рухани және адамгершілік қуатын көрсетуге қабілетті, өзінің қоғам алдындағы парызын  саналы түрде атқаруға дайын болуы тиіс.

Орта білім беру, оның ішінде бастауыш білім беру қазақстандық сана-сезім мен мәдени сәйкестік негізінде Отан үшін жауапты болуға қабілетті зияткер және рухани-адамгершілік жағынан жоғары тұлға дамытуға бағытталған.

Осы идеяларды ұстану оқушыларда Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, тіл, мәдениет пен салт-дәстүрлерді, ұлттық киімдері мен қолөнер түрлерін сақтауға және өз елінің жарқын, мейірімді азаматтары болуға мүмкіндік береді.

Орта білім берудің жаңа қызметтік параметрлері ақпараттық оқытудан инновациялық оқыту әдістерін қолдануға көшуді қарастырады. Демек,оқушыларға оқуда да, болашақтағы еңбек барысында да бәсекелік артықшылықтарға мүмкіндік беретін фундаменталды білімді, принциптерді, құндылықтарды, әлеуметтік маңызы бар қабілеттерді, іс-әрекет түрлерін, қарым-қатынас тәсілдерін, мінез-құлық нормаларын меңгерту  көзделеді.

Киімнің шығу тарихы адам еңбегінің ерекшеліктеріне қоғамдық жағдайы мен мәдениеттің дамуымен тығыз байланысты. Киім қоғамның материалдық және рухани құрамдас бөлігі болып табылады. Адамдардың еңбегімен жасалып, қажеттіліктерін қанағаттандыратын материалдық құндылық, адамның келбетін эстетикалық жағынан көрсететін қолданбалы сән өнері [1]. Киім адамның өмір сүруіне аса қажетті негізгі бұйымдардың бірі бола отырып, белгілі дәрежеде олардың өмір сүру ортасын, әлеуметтік жағдайы мен этникалық ортасы туралы мағлұмат беретін белгі болып табылады.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елінің тұрмысындағы өзгерістерге байланысты, мәдени өмірінде де өзгерістер болды. Осыған қарамай жүздердін. рулардың дәстүрлерінің сақталып қалуы, халықтың қоғамдық және мәдени өміріне өз әсерін тигізді, нәтижесінде жүз бен рудың ерте заманнан келе жаткан киім үлгілерінің ерекшеліктері сақталынып қалды.

Қазақы киім көненің көзі. Оны ескерткіш ретінде болашақ ұрпаққа сақтау қажеттігін ескерсек, оған барынша қамқорлық жасап қалпына келтіру, баламаларын көптеп шығара түсу басты парыз болмақ. Себебі уақыт өткен сайын ұлттық киімді сақтап, зерттеп білудің қиынға түсе беретіні де күмән туғызбаса керек. Қазақы киімді қастерлеу әрі құрмет тұту есейгенін, оның өскелең өмірін танытады. Оның қазақтану ішінде де, халқымыздың мәдени – тарихи өмірінде де елеулі орын алатыны даусыз. Өйткені қазақ киім кешегі ұрпақтан – ұрпаққа алмасып келе жатқан, елдің ғасырлар бойы қалыптасқан сезімталдық талғамын, сәндікке үйлесім бірлігіне көркемдікке ұмтылған жасымпаздығы мен шығармашылығының жетістіктерін бойына сіңірген құбылыс.
Қыруар өнер түрлерінің бәрін бір өзі меңгерген, ер – тұрмандарын түгелдей өзі жасайтын ершілер қазақ арасында мүлделі болмады деген ұғым шықпаса керек. Өйткені он саусағы өнерге толы шеберлер ел арасында жиі кездеседі. Ұлттық киімді – қазақ халқының қол өнерінің ең керемет туындылары деп қарау керек. Осы ғажайып қол өнердің түріне айналған ұлттық киім қаншама еңбек еткен шеберлер әдемі етіп шығару үшін бар күштерін жұмсаған. Оны әсем әшекейлермен толықтырып отырды. Жалпы қазақ халқының қол өнерінің қай – қайсысы болса да, өз ерекшелігімен, сұлулығымен көз тартары анық.

Халқымыздың ұлттық киімі – біздің өшпес мәдени мұрамыз. Ұлттық киіміміз әлем халқының алдында ұлтымыздың ерекшелігін танытады. Қазақ халқының әлемге өнерін паш етеді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан байлығымызды одан әрі дамытып, әлемге таныту біздің міндетіміз. Киімді ою — өрнектермен, кестелеп әшекейлеп шығара білген ұлттық өнерімізді бағалауға тиіспіз.

Тігінші сәнгерлердің ұлттық өнердің заңдылығын терең түсіне оты­рып, дәстүрді жаңаша ойлауы шығармашылық іс-әрекетіне жаңа бағыттар ашады. Жаңалыққа ұмтылушылық мәдениет пен техника дамуында негізгі қозғаушы күш болып саналады. Бұл жағдайда шығармашылық үшін белсенді әрекет жасау құралы болып халық философиясын бойына жинақтаған ұлттық киімдер саналады. Мәдениеттің бір құрамдас бөлігі ретінде киімді модельдеу де ұлттық бояуға, нақышқа, ұлттың сипатқа ие болуы тиіс. Сәнді құрылымдық және көркемдік-бейнелілік бірлікке қол жеткізуінің тәсілдері мен құралдары оларға терең талдау жасауды қажет етеді. Оған түстер мен қарама-қарсы түстердің үйлесіміне және конструктивті сызықтар жасаудың пластикасы мен айқын силуэтті сызықтардың сәйкестігіне негізделген мүсіншілік пен пластикалық принциптер жатады  [2].

Қазақ  халқының  ғасырлар бойы қалыптасқан  ұлттық  мұрасының  рухани  материалдық қазынасының  қомақты  бөлігінің бірі  — ұлттық  қолөнері қандай бай,  ғажап  зор десеңші! Оның  тұңғиық  түпсіз  тереңіне сүңгу, өлшеусіз кеңдігі  мен ерен  байлығын,  сан  қырлы  даму  заңдылықтарын  терең  зерттей  отырып,  оны келешек  ұрпаққа  қалай  үйретудің  жолын  іздестіру  ұстаз  қауымының  үлкен  парызы.

 Ұлттық киім интерпретация объектісі бола отырып, мынадай мәселе қояды: қазіргі костюмнің көркемдік шешіміне эмоционалдық сезімнің артуы мақсатында ұлттық киімнің басты белгілері тұтасымен қалай енуі керек. Сондықтан, тігінші эскиздік жұмысқа кіріспес бұрын ұлттық киімнің бұрынғы кезеңдік өмірін, оның атқаратын қызметін, түр – түсін, әдет ғұрып дәстүрінде алатын орнын, қоршаған ортамен байланысын зерттеп, бойына сіңіруі қажет. Қазақттың ұлттық киімдері халықтың материалдық мәдениетіндегі айқын және өз ерекшелігі бар құбылыс: ол пішін логикасымен, құрылым тұтастығымен, түр-түсінің байлылығымен, бояуының қанықтығымен таңғалдырады. Ұлттық киім негізінде пішімнің қалыптасуы мен ою өрнегінің орналасуы, түр-түсінің сәйкес келуіне сай принциптер мен ерекшеліктер жатыр. Қашан, қайда және қандай үйлесімде киім кию қажеттігін уакыт пен дәстүр шешіп берді [3].

 Ғасырлар бойы жинақталған осындай ерекшеліктерді ұлттық киімнің көркем безендірілуі мен құрылым принциптерін, сонымен қатар ұлттық қолөнері арқылы әшекейленуін оңды бағалауға болады. Халық киімдері мен ұлттық қолөнерін зерттей отырып, оның барлық пластикалық байлығын, пропорционалды қарым-қатынас көркемділігін, түр-түсінің, гаммасының, фактурасының әртүрлілігін және ритм байлығын сезінуге болады. Костюмді жобалау кезінде ұқыпты әрі тиянақты іздену және жан-жақты зерттеу нәтижелері ғана ешқандай еліктеушілікке жол бермейді.

Кез-келген халықтың өмір сүріп жатқан тұрғылықты жерінің геологиялық құрылымына сай оның өнері мен мәдениеті де дами түсті. Қазақ халқының ұлттық киімі мен қолөнерінің қалыптасуына елдің экономикалық сауда-саттық, климаттық және әлеуметтік жағдайлары мен діни сенімдері әсер етті. Онда халықтың әсемдік талғамы, өмір салты, өткендегі әлеуметтік хал-ахуалы айқын сезіледі. Түр-түсі, пішімі жағынан қазақтың киім-кешегі әлеуметтік топтардың бәріне бірдей ортақ.

Қазақ  халқының  дәстүрлі  ұлттық  қол  өнерінің  тәрбиелік  мәні,  оның  тәжірибесі  мен  даму  бағытын  түпкілікті  зерттеу  қазіргі  заман  талабына сай  кезек  күттірмейтін  міндет  болып  отыр.

Ашығын айтсақ, біздің халқымыздың келешегі, яғни ұлттың ұлт болып қалуы, ең алдымен жас ұрпақтың туған тілді ғана емес, сонымен бірге олардың, халықтың өнерін, салт — дәстүрін жетік меңгеруге тығыз байланысты. Сондықтан да келешек іс ұрпақты бала күнінен бастап ұлттық өнерге баулу өз халқының салт — дәстүріне деген құштарлықты қалыптастыру бүгінгі таңдағы мәселелердің бірі болып отыр. Ұлттық сән өнері мен дәстүр сабақтастығы рухани күш, өте нәзік, көзге көрінбейді, қолға ұстауға келмейді, яғни абстракциялы құбылыстардың бірі. Ұлттық сән өнері істеген іспен, айтылған сөзбен, жазылған сөздермен сыртқа шығады, халық өнерінің отты өмірінің шындығы, қазіргі өмір және келешек өмір шын жалпы ұлттық өнер енді ғана мәдени жолмен дами бастады.

Ал ұлттық өнерді халық өнерінің тарихи сабақтастығын әлемдік өркениет деңгейін  көтерушілік, біздің ойымызша келешек ұрпақты өнер өресіне мәпелеп тәрбиелеу: барлық кітаптарға әдістемелік нұсқауларға ұлттық өнердің не екенін түсінікті, тартымды тілмен жазып, ғылыми негіздемелерін қалыптастыру.

Қазақ қол өнерінің өсу жолы, өзіне тән даму тарихы бар. Ол тарих сонау көне замандардан басталады. Оған бұрын Қазақстан жерінде бұрын – соңды жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде анықталған ежелгі мәдениеттің үлгілері дәлел бола алады.

Мұның өзі қазақ өнерінің Республика жерінде мекендеген сақ, үйсін, қаңлы, қыпшақ, ғұн, қарлұқ және тағы да басқа көне түркі тайпаларының мәдениетімен төркіндестігінің айғағы.

Қазақ халқы – кең байтақ Республика жеріндегі ертеден қалыптасқан көне мәдениеттің мұрагерлері және сол дәстүрді дамытушы, жаңғыртып байытушы. Қазақ өнері толассыз дамудың нәтижесінде ХІХ ғасырдың екінші жартыс мен ХХ ғасырдың басында Қазақ халқының дәстүрлі қол өнері өз дамуында айтарлықтай жоғары деңгейге көтерілді.

Дәстүрлі  қолөнерімізді  дамытып, жас  ұрпаққа  ұлттық  тәлім-тәрбие  берудің  маңызы  зор. Бүгінгі  қолөнердің  халық  қажетін  өтейтін  тамаша  үлгілер  көп-ақ . Осындай  мәдени  мұраны көне  деп  қарамай, оны  байырғы байлығымыз  деп  бағалап, халқымыздың  тұрмысына,қажетіне  тиімді  пайдаланып, сол  жолда  оқушыларды  эстетикалық  жағынан  тәрбиелеп, он  саусағынан өнер  тамған қыздар  тәрбиелеу  басты мақсатымыз  халық  өнерін  игеруге,үйренуге деген  қыздардың  ұмтылысы  көңілге  керемет  сезім  ұялатады.

Қолөнер атадан балаға мирас болып келе жатқаан асыл мұра десек, қазіргі таңда жас ұрпақты ата-бабаларымыздың сәндік қолданбалы қолөнер түрлерімен, халық шеберлерінің тамаша шығармаларымен  таныстыра отырып, ұлттық қолөнерге баулу басты міндет.

Халық қолөнері – дүние жүзінің әр халқына тән ғасырлар мұрасы. Ұлттық өнердің  өзіндік ерекшелікпен қалыптасуына үлкен әсерін  тигізетін жайт көп ғасырларға созылған көшпелі өмір.

Бастауыш сынып оқушыларына қазақ  халқының ұлттық киімдері мен ұлттық қолөнері арқылы шығармашылық қабілетін дамыту арқылы біз өз ұлттық құндылықтарымызды сақтап, болашақ жас ұрпаққа салмақты да салиқалы, мағыналы да мәнді тәрбие бере аламыз.

Қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеу, келешек ұрпаққа өнер туындылары арқылы эстетикалық талғамын қалыптастыру. Сол себепті жеткіншек жас ұрпақ тәрбиесі біздің басты міндетіміз болмақ.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ