БЮДЖЕТ ҚАРАЖАТТАРЫН ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЖӘНЕ ҚАРЖЫЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

0

Мемлекетіміз тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметі сенімді қаржы жүйесін қалыптастыруға және оның еліміздің экономикасы  мен халықтың әлеуметтік жағдайының көтерілуіне тигізетін әсеріне баса назар аударып келеді.

Себебі табиғи ресурстары мол елдің экономикалық өсуі, оның қаржы ресурстарының қалыптасуы мен тиімді жұмсалуына тығыз байланысты болады. Сонымен қатар нарықтық экономикадағы жекеменшік және басқа да меншік иеліктері қатар дамып отырған кезеңде, әсіресе оларды реттейтін нормативтік актілердің осал тұстарының бар болуы мен оларды орындамаған жағдайдағы жауапкершіліктің қатаң болмауы жағдайында, қаржы жүйесінде көптеген қайшылықтар  туындап, мемлекеттік меншіктің талан – таражға түсуіне мүмкіндіктер пайда болады.

Осыған орай бюджет-қаржы процесін бақылау, мемлекет қаржысының ұқыпты әрі тиімді жұмсалуына мемлекет тарапынан баса назар аударылуда. Бұл жұмыстарды мемлекеттік бақылау органдары нәтижелі жүргізіп келеді.

Жамбыл облысы бойынша қаржылық бақылау Инспекциясының 2009- 2011 жылдары облыстың мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда жүргізген бақылаулардың қорытындысымен бюджет қаражаттарының жұмсалуында жалпы сомасы 3477,4 млн. теңгені құрайтын жолсыздықтар анықталды, оның ішінде: бюджет қаражаттарының негізсіз жұмсалуы -2021,8 млн. тенге, бюджет қаражаттарының тиімсіз жұмсалуы – 945,9 млн. тенге, бюджет қаражаттарының мақсатсыз жұмсалуы -15,9 млн. тенге, материалдық құндылықтардың жетіспеушілігі – 352,4 млн. тенге, салықтан тыс төлемдердің бюджет кірісіне алынбауы  – 141,4 млн. тенге[1].

Сонымен қатар, Қазақстан Ресубликасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптарының орындалмауы салдарынан орын алған жолсыздықтардың сомасы 3498, млн. теңгені құрады.

Жалпы бюджет қаражаттарын игеруде жіберілетін кемшіліктер  экономикамыздағы жүргізіліп жатқан  өзгерістер мен реформаларға байланысты өздерінің мазмұны мен түрлерін өзгертіп отырады. Осыған байланысты бақылау іс-шараларының тәсілдері мен әдістерінде тиісті толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп олардың тиімділігін қамтамасыз ету және жолсыздықтардың алдын алу шараларын жасау өте маңызды.

Қазіргі уақытта тексеру объектілерінде кассаға тікелей қол сұғу, нақты ақша қаражаттарының және материалдық құндылықтардың кемдігі  азайған. Оның есесіне мемлекеттік сатып алу заңының талаптарының сақталмауы, бюджет қаражаттарының тиімсіз және мақсатсыз жұмсалу фактілері, еңбек ақының және кұрылыс пен күрделі жөндеулердің көлемін негізсіз жоғарлату, қаражаттардың артық жоспарлануы мен игерілмеуі жиі орын алуда.

Соңғы жылдары мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек ақыны  қызметкерлер мен жұмысшылардың банктағы карт-шоттарына,  олардың тиесілі алашақ жалақыларынан едәуір көп сомалар аударылып алынғандығы немесе мекемеде жұмыс істемейтін жеке тұлғалардың бет есебіне аударылып кету фактілері көп кездеседі.

Мекемелердің жылу, электр-энергиясы және коммуналдық қызмет көрсетуге алдын ала төлемдер төлеу салдарынан дебиторлық қарыздар пайда болып, оларды бухгалтерлік есепте көрсетпеу фактілері көптеп кездеседі.  Осындай жолмен құралған дебиторлық қарыздардың сомасы келесі жоспарлау жылында есепке алынбай бюджет қаражаттарының артық жоспарлануына және мекемелердің Қазақстан Республикасы Бюджет кодексіне қайшы бекітілген жеке қаржыландыру жоспарынан  артық міндеттер қабылдап кредиторлық қарыздардың көбейуіне жол беріледі.

Жалпы мемлекеттік мекемелерде қаржы жоспарларын жасауда қателіктер жіберіліп, бюджет қаражаттарын артық және  бірінші кезектегі емес шараларға жоспарлау себебінен олардың толық игерілмеуі орын алуда.

Бюджет қаражаттарының жұмсалуының тиімділігі көп жағдайда олардың кезек күттірмейтін іс-шараларға, нысандарға негізделіп бөлінуіне байланысты. Бұл  бюджет қаражаттарын бөлуді жоспарлаудың барысында тиянақты зерттеулер мен сараптаулардың  өз дәрежесінде жүргізілмеуінен салдарынан болатын жағдай.

Мысалы,  аудан аралық автомобиль жолдары мен қала көшелерінің ағымдағы және күрделі жөндеудің кезектілігін анықтау үшін автокөліктердің жүру тығыздықтарын немесе басқа да көрсеткіштерін анықтайтын зерттеулер мен талдаулар жүргізілмейді. Ондай жұмыстар білім, мәдениет және денсаулық сақтау салаларының объектілерін күрделі немесе қайта құру жұмыстарына бюджет қаражатын жоспарлау мен бөлуде толық қанды атқарылмайды. Солардың себебінен жаңадан салынған кейбір мектептерде  тиісті оқушылар саны жетіспей олардың ғимараттары толық және тиімді пайдаланбайды. Осындай фактілер денсаулық сақтау объектілерін жобалау мен салуда орын алуда.

 Көп жағдайда бюджетте қарастырылған қаржылардың жоғарыда аталған жұмыстарға тиісті сараптаулардың қорытындыларымен жоспарланбай, билік өкілдерінің немесе маслихат депутаттарының беделі мен белсенділігінің нәтижесінде, дәйексіз көрсеткіштерге орай  бөлінетінін теріске шығаруға болмайды.

Сондықтан бюджеттік бағдарламалардың сандық және сапалық көрсеткіштері нақтыланып, бөлінген бюджет қаражаттарының мақсатты және тиімді жұмсалуын дұрыс бағалау мүмкіншілігін туғызатынындай болуы шарт. Бұл талаптардың орындалмауы моралдық тозығы жеткен және қажеттілігі шамалы құрал-жабдықтарды, қымбат автокөліктерді сатып алуға, бірінші кезекте жүргізілуді қажет етпейтін құрылыс және жөндеу объектілерін салуға жол бермеуге мүмкіндік туғызады, яғни бюджет қаражаттарының тиімді жұмсалуына кері әсерін тигізеді.

Республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттердің негізгі мақсаты – жергілікті бюджеттердің бюджетпен қамтамасыз етілу деңгейін теңестіру болып табылады. Сондықтан республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттардың мақсатты және тиімді жұмсалуын аса жауапкершілікпен қамтамасыз ету керек.

Бұл үшін облыстық, қалалық және аудандық бюджеттерді атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдар өз құзырларын толық пайдалана отырып және жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерді, бюджет қаражаттарының бос қалдықтарын және ағымдағы қаржы жылының тиісті кезеңіне арналған бюджеттік бағдарламалар деңгейіндегі төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес жүргізілетін түсімдерді еске ала отырып, бюджет қаражатының (қолма-қол ақшаның) күтілетін көлемінің дұрыс анықталуын қамтамасыз етілуі тиіс.

       Қаржылық бақылау жұмысын жетілдіруде назар аударатын мәселелердің бірі – бақылау қорытындысымен анықталған зиян мен залалдардың бюджетке қайтарылуын толық қамтамасыз ету. Көп жағдайда анықталған қаржылық бұзушылықтың толық қалпына келтірілмейтіні тәжірибеде әлі де орын алған. Соның салдарынан бюджетке мардымсыз мөлшерде және ұзақ мерзімде қайтарылып, олардың тиімсіз жұмсалуына жол беріледі.  Анықталған қаржы бұзушылықтардың сомасын бюджетке қайтару туралы соттың шешімдері болсада, олардың орындалуы әр түрлі қиындықтарға кездеседі. Бұл тек мемлекеттік бақылау органдарына тән мәселе емес, оның тетіктері жалпы Республика деңгейінде толық жауабын таппай отырған мәселе.

Бюджет қаражаттарының жұмсалуындағы кемшіліктерге олардың жылдың қорытындысында толық игерілмеуін жатқызуға болады. Бюджет қаражаттарының игерілмеуінің негізгі себептері мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің, яғни тиісті құжаттардың дайын болмауынан және өз уақытында өткізілмеуінен.

Бұл жағдай қажетті құрал-жабдықтардың, дәрі-дәрмектің,азық түліктің, басқада материалдық құндылықтардың сатып алынбай қалуына және құрылыс объектілерінің жоспарланған мерзімінде пайдалануға берілмеуіне, тиістіқызметтердің дер кезінде көрсетілмеуіне жол беріліп, бөлінген бюджет қаражаттарының тиімді жұмсалуына кері әсерін тигізеді.

Сондықтан Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу» заңына жоғарыда аталған олқылықтарды болдырмайтындай өзгерістер  енгізіліп, оларды орындамаған жағдайдағы жауапкершілікті нақтылап, қүшейту керек.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне сәйкес мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитеті, облыстың тексеру комиссиялары, Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган, орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау қызметтері және облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметтері жатады.

Қазіргі уақытта осы аталған мемлекеттік қаржылық бақылау органдары  өз құзіреттеріне сай бюджет қаражаттарының дұрыс жұмсалуына бақылау жұмыстарын бір — бірімен  өз дәрежесінде үйлестірмей,  әр орган өздері бекіткен жоспарлары бойынша  жүргізуде.

Бұл бақылау органдарының тексеру жұмыстарын жүргізудегі бір-бірінің функцияларын қайталауларына жол беріп, бір мекемеге бірнеше органның тексерулер жүргізуіне мүмкіншілік туғызуда.

Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген мемлекеттік қаржылық бақылау органдардың  құзыреттерінің біразы бірін – бірі қайталайды , яғни бір объектіде үш  бақылау органының:  облыстың тексеру комиссиясы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі органы және ішкі бақылау қызметтері мамандары  бақылау іс-шараларын жүргізуге құқылы. Мысалы, Бюджет кодексінің 141, 142, 143, 144 баптарындағы «бақылау объектілерінің есепке алу және есептілікті жүргізудің анықтығы мен дұрыстығын бақылауды жүзеге асыру»,- деген тармақ төрт мемлекеттік бақылау органының құзыретінде бар            [2, 142-144 бап]. Бұдан да басқа құзіреттердің қайталанулары кездеседі.

Мемлекеттік бақылау органдары өндірістік немесе қызмет көрсету органы еместігіне байланысты олардың жұмыстарында сұраныстың және  бәсекелестіктің қажеттілігі туындамайды. Сондықтан бақылау жүйесінің тиісті басқару және өкілетті органдардың деңгейіне сәйкес құрылып, олардың сандарын көбейту шараларын құптарлық әрекетке жатқызуға болмайды. Олардың жұмысының негізгі мақсаты бақылау объектілерінде қаржылық бұзушылықтарды анықтау, жою және болғызбау.

Осыған байланысты мемлекеттік қаржы бақылау органдарының санын азайтып, бақылау іс-шараларының сапалы да нәтижелі жүргізілуін қамтамасыз ету қажет.

Жергілікті немесе республикалық бюджеттің атқарылуын бақылайтын органдардың қай жағынан болғанда дербес және тәуелсіз болуы шарт. Қаржылық бақылау органдарының ешқандай жергілікті басқару және өкілетті органдарының  ықпалында болмауын қамтамасыз ету қажет. Себебі бюджет қаражаттарын бөлуді оны бекітуді және олардың жұмсалуын бақылауды бір органның құзіретіне беруге болмайды. Мемлекеттік қаржылық бақылау органы тек өз құзыреттерін дұрыс орындауда құқық қорғау органдарының алдында жауапты және Үкімет пен Парламенттің алдында есеп беретін орган болуы тиіс. Сонда ғана қаржылық бақылаудың нәтижелі болуын және бүгінгі күннің тәртібінде тұрған сыбайластық пен жемқорлықпен күресу іс-шараларын өз дәрежесінде жүргізілуін қамтамасыз етуге толық мүмкіндіктер туындайды.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бақылау іс-шараларының  нәтижелілігін арттырудың тиімді жолының бірі елімізде мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру болып болып табылады. Бұл жүйе мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен қаржыны жұмсаудың заңдылығы, үнемділігі мен тиімділігі, бюджет қаражаты мен  мемлекет активтерінің пайдалануы туралы объективті әрі шынайы ақпаратпен қамтамасыз етудің дұрыс жолы болып табылады.

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере отырып, қаржылық бақылау іс-шараларын жетілдіру мақсатында Республикамызда мемлекеттік қаржылық бақылау жұмыстарын реттейтін заңды немесе басқа нормативтік-құқықтық актіні қабылдаудың қажеттілігі туындағаны туралы айтуға болады.

Бұл өз кезегінде бақылау жұмыстарының сапалы да нәтижелі жүргізілуіне және бақылаумен анықталған зияндар мен залалдардың бюджетке толық қайтарылуына, заңнамалар мен нормативтік актілер талаптарының  сақталмауын жою және олардың алдын алу, бюджет қаражаттарының тиімді және мақсатты жұмсалу шараларын жүзеге асыруға, бақылау органдарының мақсаты мен міндеттерін, өкілеттілігі мен қызмет аясын және құзырларын дұрыс анықтауға мүмкіндік береді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ