МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ САУАТ АШУ ЖҮЙЕСІНДЕ ДЕҢГЕЙЛЕП ДАМЫТА ОҚЫТУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӘДІСТЕР

0

            Әр заманның ұсынары бар және қалай болғанда да заман ағымынан қалмай,ілгері жүру-ұлы мұрат. Қазіргі заманда білім беру әлемдік құрылымының маңызды элементінің біріне айналды. Елімізде білім берудің өзіндік ұлттық үлгісі қалыптасуда. Бұл процесс білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Жаңа  білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімі мен дағдысын емес,оның тұлғасын білім алу арқылы дамуын қойып отыр.Қазіргі педагогика ғылымының бір ерекшілігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы.

            Мектепке дейінгі педагогиканың теориялық және практикалық мақсаты біреу, ол – жас ұрпақты жан-жақты тәрбиелеу, ой-өрісін, сана-сезімін кеңейте отырып, өмірге қажетті білім-дағдыларға үйрету. Сол себепті балабақшада сауат ашу сабағы сәбидің тілін дамытуға,ауызекі дұрыс,мәдениетті сөйлеуге үйретуге, үйренгенін күнделікті өмірде пайдалана білуге басты назар аударады. Өйткені баланың айналадағы өмірді танып,білудегі басты жәрдемшісі-тіл. Ал, тілдің дамуы оның сана-сезімінің,ой-өрісінің жетіле түсуіне негіз болады.

         Баланың сөйлеу тілі мен сөздік қоры молая бастаған сайын айналадағы адамдармен өзі қатарлас балалармен белсенді қарым-қатынас жасайды. Өмірде кездесетін түрлі іс-әрекет жайында білуге құмарта түседі.Өзі түсінген түрлі жайттар туралы әңгімелейтін болады.Сонымен қатар баланың айналадағы дүниеден алған әсерін әрі қарай кеңейту,бір арнаға бағыттау балабақшада өтілетін арнайы сабақ, ойын, еңбек процестеріне де байланысты. Бұл тұрғыда тәрбиеші балаға бағдарламалық материал негізінде білім беруге баса назар аудару керек. Ол үшін тәрбиеші қандай тақырыпты қай кезде, қалай, қай мақсатта, қай сабақпен байланыстыра өткізу керектігін анықтай отырып, әр сабаққа қажетті материалды, балаға қойылатын нақты сұрақтарды тиянақты жоспарлауы қажет.Себебі балабақшада жүйелі түрде ұйымдастырылатын сабақтарда балалардың алған білімдері мектептегі оқу іс-әрекетінің біршама элементтерін игерудің негізін құрайды. Мектепке даярлауда балабақшада өтілетін симметриялық формаларды салуда балалар орталық сызықты салуды, бағыттауды үйренеді. Бұл өз кезегінде, яғни 1-сыныпта бейнелеу сабақтарында негізгі сызықтан бастап вертикальді, горизонтальді, қиғаш сызықтарды, симметрияның осі, заттың көрінбей  тұрған бөлігін салуға үйрету болып табылады. Балабақшадағы сурет, жапсыру, мүсіндеу сабақтары мектептің бейнелеу, еңбек сабақтарына дайындауға септігін тигізеді. Жазу мен сурет салуда балада денесін тік ұстау дағдылары қалыптасады.

         Балалардың сауатын ашу және математикалық білім беру арнайы ұйымдас-тырылған сабақтарда жүзеге асырылады. Мұндағы басты мақсат-балаларға жазу мен санауды үйретудің алғы-шарттарын қалыптастыру. Жазу келешекте бүкіл оқу үдерісі құрылатын базалық дағды. Жазуға үйрету тек мақсатты түрде ұйымдастырылған оқыту барысында жүзеге асырылады.

         Сауат ашу-баланың көптеген психикалық қызметтерінің жетілуін талап ететін, күрделі ақыл-ой әрекеті. Балабақшадағы сауат ашу жүйесінде деңгейлеп дамыта оқытуда қолданылатын әдістерге интеграциялық сабақтарды да жатқызамыз.

1.Естігенді тез ой елегінен өткізіп,жылдам жауап қайтару.Мысалы:доппен ойын- «сұрақты қағып ал да, жауапты бер», «ертегіні ата» деген сияқты ойындармен

баланың ой-өрісін кеңейту.

2.Сөзге дыбыстық талдау жасау,оларды жазу,жеке әріптерді құрастыру.

3.Парақтың бетінің кеңістігінің бағдарлауды үйрету,нүктелерге қарап заттың

суретін салдыру.

4.Қолдың саусақтарының қимылы мен синхронды сөйлеу.

5.Жазу жазатын құралдарды дұрыс ұстау біліктілігін үйрету. Бұл әдіс жазуға

дайындалып жүрген балаға көп көмегін тигізеді.

         Сонымен қатар 5-6 жастағы балаларды сауат ашуға дайындауда мына

міндеттерді қарастыру қажет.

1.Көргенді,естігенді,сезінгенді түсініп.оның мазмұнын айтып беру білігін қалыптастыру;

2.Айтылатын әңгіменің логикалық жүйесін құру білігін қалыптастыру, жоспар түзу, әңгімені неден бастайтынын анықтау, оны келсек аяқтау, бір ойдан келесі ойға

бірізділікпен өту;

3.Сөйлеудің дыбыстық жағын дамыту;

4.Балаларды ауызша және схемалық жазбаша сөйлеуден сөйлемдерді анықтауға

үйрету, берілген сөздерден сөйлем құрау, сөздерді буынға бөлу, балаларды сөздің дыбыстық құрылымы мен таныстыру.

              Баланың мектепке дайындығы немесе дайын еместігі оның сөйлеу қабілетінің даму деңгейімен анықталады. Себебі, бала мектепте оқу барысында игеретін білім жүйесі ауызша және жазбаша сөйлеу арқылы жүзеге асырылады. Егер ауызша сөйлеуді ол мектепке дейін игерсе, ал жазбаша сөйлеуді алда үйренетін болады. Жазбаша сөйлеуді толыққанды үйрену үшін, мектепке дейінгі кезеңде баланың ауызша сөйлеу қабілеті жоғары деңгейде дамуы қажет.

           Баланы оқу мен жазуға үйрету-мектептің міндеті, бірақ көптеген дағдылар мен біліктерді балабақшада үйренуі керек. Сонда ғана оның мектепке келгеннен кейін оқу мен жазуды толыққанды игеруі жеңіл болады. Ал мектепке дейінгі даярлау барысында игерген дағдыларын ол өзіне жаңа іс-әрекет барысында жүзеге асырады. Дұрыс берілген білім баланың бойына сіңіп, тамыры тереңге бойлайды. Әрбір баланың сауатты азамат пен азаматша болуының негізі балабақшада қаланады.

                                     

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ