ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАР АРҚЫЛЫ ОҚУШЫЛАРДЫ ҚИМЫЛ-ҚОЗҒАЛЫСҚА ҮЙРЕТУДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

0

Қазіргі жағдайда Қазақстан егемен ел ретінде болашақ жастарға беретін білім мен дене тәрбиесі мәселелерін өз бетімен шешуге мүмкіншілік алды. Алайда, бұл салада бір жағынан бұрыннан қалыптасып қалған дәстүрден аса алмаушылық болса; екінші жағынан, Қазақстанның көпұлтты, көптілділігінің әсері; үшіншіден, дене шынықтыру  бағдарламасының алдымен орыс тілінде жазылып, соңынан қазақ тіліне аударылуы; төртіншіден, қазақ мектептерінің өзіндік ерекшелігінің ескеріле бермейтіндігі; бесіншіден бағдарлама кеңес дәуірінің сарыны мен әуенінде жазылып, бағдарламада ұлттық  ойындарды қолдануды көрсетудің орнына бірінші сыныптарда “Қозғалмалы ойындар” деген жалпылама тақырыппен берілген бұл тақырыпқа жиырма сағат бөліп, онда бірде-бір ойынның аты атап көрсетілмейді; алтыншыдан, орыс тілінен аударманың өзі сапасыз, шала, дүмбілез, ұғынықсыз не айтып, нені талап етіп отырғаны, дүдәмәл тұстары өте көп.

Ұлттық ойындар ұзақ сұрыпталып, біздің заманымызға дейін жеткен халық мұрасы ретінде, әрбір адамның қажетіне жарарлық қалыпқа түсіп, тек дене шынықтырып, адамды дене жағынан ғана жетілдіріп қоймайды, оның адам тәрбиесіне етер әсері, тигізер пайдасы мол. Ұлттық ойынның қасиеттерін бүгінгі мектептерде дұрыс, ретті пайдалана білу, ұлтқа тән қасиеттерді мектептің жас буын шәкірттерінің бойына сіңіру, өзі шыққан ортаның қадір- қасиетін ерте біліп, тілін, өз халқына тән имандылық қасиетін, дәстүрін, әдеп-ғұрпын, салт-санасын мектеп қабырғасында  қабылдауға мүмкіншілік береді.

Сондықтан дене шынықтыру мұғалімдеріне  мектеп бағдарламасын шығармашылықпен жұмыс істеуді жүктейді. Ұлттық ойын, сондай-ақ, ойын атаулының бәрі де жас адамға үйлесе білуді, өз бетімен ойлап шешім қабылдай алатын, қиын жағдайлардан жол тауып дұрыс шыға білетін, үнемі ойлау мен әрекетті әдет еткен, дене, ақыл-ойы бірдей жетілген адамдарды  әзірлеуге негізделген.

Бүгінгі қазақ мектептерінде ұлттық ойындарды дене шынықтыру пәнінде пайдалану, ұлттық дәстүрлерді жастардың санасына дене тәрбиесі арқылы сіңірумен бірге, халықтың ғасырлар бойы тірнектеп жинаған рухани байлығын бүгінгі заман талабына сай іске қосудың тиімді бір жолы және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мен олардың үндестігін  сақтаудың тәсілі.

Бұл барлық ұлттардың ойындарына тән қасиет. Сондықтан олардың барлығы да ұлттық ойындарды дене тәрбиесінің құралы деп біледі. Қазақ халқының ұлттық ойындары, қолданыс ауқымы жағынан диапозоны кең, әржақты болып келеді. Оған себеп болған, әсіресе, көшпелі тұрмысы мен шаруашылық, экономикалық ортасының әсері. Көшпелілер мәдениетінің көш басында тұрған халқымыз өзіндік ерекшелігі бар мәдени орта жасай білген.

Сол халық жасаған бай мұраның бір айырықша бөлігінің сыбағалы салмағы    дене тәрбиесінің үлесіне тиеді. Ұлттық ойындардың шығу, жасалу тегінің өзі белгілі бір мақсат бірлестігін, тек көңіл көтеру, көз қуанышы ретінде қызметі ғана емес, адамға тән қасиеттерді тұтас алып дамытуға меңзейтінін көрсетеді. Сондықтан мұнда ойын-сауық тұрмыс-салтпен байланысты да, адамның денесін шынықтырып, спорттың небір қиын көп жаттығатын түрлері де, адам ойын шыңдап ой жаттықтырушысы қызметін атқаратындарды да жетерлік. Сонымен ұлттық ойындар басқа жұрттағыдай тек дене шынықтыру  құралы ғана емес, бүкіл адами болмыстың даму, қалыптасу негізін құрайтын өнер бастаудың да негізі екенін айтуға тиіспіз.

Ұлттық ойынды мұғалім сабақ барысында пайдалану үшін оны не мақсатпен пайдаланатынын анық, айқын біліп, түсіндіріп, сезінуі мен бірге,  өзі сабақта қолданғалы отырған ұлттық ойынды жақсы біліп, одан шығатын нәтижені күн ілгері санасында жобалап алғаны дұрыс.

“Ойын дегеніміз жаттығу, ол арқылы бала өмірге әзірленеді” деген П.Ф.Лесгафтың [1.32б] пікіріне көңіл бөле отырып, біз мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған оқушылардың дене шынықтыру сабағын сүйіп оқуына көңілдерін аударып, дағдыларын қалыптастыруды мақсат ете отырып, ұлттық ойындарды тәрбие құралына айналдыруды дұрыс деп таптық. Жоғарыда көрсеткеніміздей, ұлттық ойындарды біз тек бағдарламаның қозғалмалы ойындары деген бөлімінде ғана пайдаланып қоймай, әр сабақтың мақсатына қарай, сонымен бірге мазмұнына сай, сабақ кезеңінде лайықты пайдалануға тырыстық. Бағдарламада көрсетілген қозғалмалы ойындарында ұлттық ойындарды пайдалануымен қатар, оқу жылының жағдайларына, ауа райының алмасуына байланысты оқу сағаттарын мектептердің материалдық базаларына, оқу жабдықтарының жағдайларына сай келетіндей етіп жоспарлауды ұсындық.

Бірінші сынып оқушылары үшін, бірінші күннен бастап, қозғалмалы ойындарының ішінен алдымен көпшілік болып ойнайтын ойындарды таңдап алу керек. Бұл ойындарды қолданудың мәнісі, бағдарламада көрсетілгендей талаптарды оқушының орындауы үшін алғы шарттардың бәрі бір. Өйткені мұнда дене шынықтыруға арналған қимыл-қозғалыстар түгел дерлік қамтылған. Оқушылардың жиі қимылдауын, қолдарының жиі жұмыс істеу қабілетін арттыруға, жүйке жүйелерін жетілдіруге арналған, ойлау жүйелерін дамытуды көздейтін ойындарды таңдайды, оларды өзге де пәнде пайдаланып, пән үндестігін бір-біріне ұштастыруды көздейді. Бастауыш сынып мұғалімдері көбінесе барлық пәндерден өзі сабақ береді. Ондай жағдайда ұлттық ойын оқушының әрі тілін, әрі дене тәрбиесін, ой-өрісін кеңейту  дағдыларын жетілдіруді көздейді.

Осындай міндеттерді қатар орындау мақсатына сай ойындардың бірі —  “Қасқыр қақпан”. Ойын мектеп ауласында, дене шынықтыру сабағына арналған кең алаңда өткізіледі. Мұғалім оқушыларды қатар тұрғызып, алдымен ойынның атын атап, мазмұнымен таныстырады. Сонан кейін ойын тәртібін,   ережесін, ойында әркім өзін қалай ұстау керектігін түсіндіреді.

Егер ойында тақпақ болса, онда мұғалім оқушыларға сол тақпақты алдымен өзі айтып, сонан кейін хормен айтқызады. Егер бастауыш сыныпта бір мұғалім сабақ беретін болса, онда ана тілі, әліппе сабақтарында да алдын ала таныстырып қою мүмкіншілігі туады. Оны жеке оқушыларға айтқызып, түсінбеген сөздеріне көңіл аударады.  “Қасқыр қақпан” ежелгі халық ойыны, ол туралы балалар отбасында айтылатын әңгіме, ертегілерден де таныс. Бұл оқушылар арасында ойынға ынталарын арттыруға, қызығушылығын  туғызуға мүмкіншілік жасайды. Олар мұғалімнің әр сөзін ұғып алуға тырысады, ойындағы тақпақты жаттап алады.

Ұлттық ойындардың бір ерекшелігі — олардың басым көпшілігі ешбір затты қажет етпейтіндігі.  Сондықтан  оны қалаған жерде өткізе беруге болады. Күздің құрғақ, ашық күндерінде таза ауада өткізілсе, қыста мектептің спорт залында өтеді. “Қасқыр қақпан” ойынында дене қимылына жүру, тізені бүгу, қолды көтеру, мойынды, иықты қозғау секілді адамның денесінің шыңдалуына әсер ететін, қан тамырларының, жүрегінің соғысын жиілететін әсерлер, айла-амал қолдану, жеңіске деген ұмтылыс, бәсеке жарыс элементтері де кездеседі. Сонымен бірге, ойынның өлеңмен айтылатын тұстары оқушыларға әсер беріп  көңіл күйлерін көтеріп, топ құрып, топтасып, топқа бөлініп мұғалімнің берген командасын орындай білуге дағдыландырады. Бұл оқушылардың білуге, білмекке құштарлығын арттырады. Ойлау жүйелерін қалыптастырады. Өмірдің қарама-қарсы күштерден тұратынын аңғаруға баулиды. Денелерін шынықтырып, өмірге жастайынан әзір болуға дайындайды.

”Қасқыр қақпан” ұлттық ойынын таңдап алудағы негізгі мақсат, біріншіден, ойында балалардың тілін, ақыл- ой өрісін, есте сақтау қабілетін дамыту, оларды еліктіріп- қызықтыру. Екіншіден, осы ойын арқылы оқушыларда ұйымшылдық, патриоттық сезім қалыптастыру. Үшіншіден, дене тәрбиесіне байланысты сапқа тұру, шеңбер болып, қол ұстасып тұру, ойындағы қимыл бірлігі, бұйрықпен қозғалу, бір адамға бағынып, тыңдай білу сияқты қарапайым дағдыларды қалыптастыру. Бұл ойынды күрделендіре отырып 3-4 сыныптарда да қолдануға болады.

Доппен ойналатын сабақтарда мұғалім бағдарламалардағы талаптарды оқушылардың толық орындауын қамтамасыз ете отырып, оның сапалық жағын да қарастыру керек. Осыған орай ол балаларға доппен ойнайтын ұлттық ойындарды ойнатуға тиісті. “Дәл түсір”, “Доп тебу”, “Бойға доп дарытпа”, “Допты соқ”, “Доппен жарысу” т.б. ұлттық ойындарды бастауыш сыныптардың оқушыларынан бастап сабақ барысында пайдалануға болады. Бұл ойындар оқушылардың мөлшерлей білу, бағдарды ажырату, төзімділік, алғырлық сияқты дағдаларын қалыптастырады.

Белгілі педагог-психолог ғалым Қ.Жарықбаев: “Бастауыш сынып оқушылары — ептілікті, ережелерді жөндеп үйрене қоймағанымен қимыл-қозғалыстың аса қажетті үйлесімдігін, жылдамдық пен оңайлықты жақсы меңгереді. Осы ойындардың бір жақсы жері сол, балаға секіруді, лақтыру, қарғу, өрлеу сияқты атрибуттарды үйреніп қана қоймай, адалдық, шындық, принципшілдік секілді адамгершілік қасиеттерге баулиды. Онда жақсы психологиялық қасиеттердің қалыптасуына мүмкіншілік туғызады”- [2.52б]  дейді.

Сондықтан болар бастауыш сыныптардың дене шынықтыру сабағында ойын элементтерін пайдаланудың айырықша маңыздылығы сол, алғашқы ойын қолданылған сабақтың өзінде-ақ мұғалім оқушылардың қабілеттеріне қарай оларды топтастыруға мүмкіншілік алады. Осыған орай олардың нендей қабілеттерін дамытуға баса көңіл бөлетіндігін алдын-ала белгілейді.

Сөйтіп бастауыш сатыны бітіретін оқушылардың өзіндік ерекшелігі есепке алынып, тұлғалана беруіне баса көңіл аударылады, сабақтың аяғы баяу қимылды ойынға ауысып, келесі сабақта еске алынады.

Мектептің негізгі сатысына арналған бағдарлама Ү-ІХ сыныптар үшін дене шынықтыру сабағын жұмасына екі сағаттан белгілеп, “Спортттық ойындарға” 16 сағат бөлген, материалдық жабдығы нашар мектептер үшін- оқу бағдарламасын мұғалімнің өзі жасайды делінген.

Біз тәжірбие, бақылау жүргізген мектептердің материалдық базасы жақсы деп айтуға болмайды. Содан болар әр мектептің жағдайы әркелкі. Дене шынықтыру сабағының бағдарламасында айтылғандай әр мектеп өз мүмкіншілігінше дене шынықтыру сабағын өткізуде. Кейбір мектептерде  спортқа арналған зал болғанымен, жабдық жағы  жетіспесе, кейбір мектептерде спорт залы да жоқ. Сондықтан дене тәрбиесін өткізуге бейімделген орындарда өткізуге мәжбүр. Олай болса, “Спорттық ойындарға” арналған сағаттар көбінесе ұлттық ойындармен, ұлттық спорт түрлерімен ауыстырылғаны абзал.

Ұлттық ойындарды өмірден бөліп алып қарауға болмайды. Адам  өмірінде кездесетін сан түрлі құбылыс осы ұлттық ойынмен астасып, тоғысып жатады.[3.52б] Сондықтан ұлттық ойындардың өміршеңдігі, оның үнемі жаңарып, өзгеріп, құбылып отыратыны ұрпақтың ауысып жаңарып отыруына да байланысты. Ұлттық ойындар өзінің ұлттық негіздерін сақтай отырып, ұрпақ жаңарған сайын жаңарып, жаңа формалармен түрленіп, өзгеріске ұшырап отырады.  Осындай жағдайда өзгеріп қана қоймай, кейбіреуі   керексіз болып, ұмытылып қалатындары да кездеседі. Ол оның мүлде керексіздігінен емес, әлеуметтік ортаның, саяси-идеологиялық ахуалдың өзгеруіне де байланысты. Бұл ойындардың бәрінен көретініміз ұлттық ойындары әуел бастан әлеуметтік өмірдің алуан саласын қамтып, сол әлеуметке қызмет ету үшін жасалған. Демек, тарихтың ұзақ-сонар жолында, түркі халықтары өмірдің алуан жолдарынан өтті.

Олай болса ұлттық ойындарды  әрі оқу, әрі тәрбие құралы, пән аралық байланыстың дәнекері болады деп айта аламыз.

Бұл жерде  біз ұлттық ойындарды пән аралық байланыс құралы ретінде ала отырып, оны кешенді түрде қарастыруды жөн көрдік. Сонда ұлттық ойындардың әмбебап қасиеті ашыла түседі. Ол педагогика пәніне тән категориялардың бәріне бірдей қызмет ететінін  көреміз.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ