ЖЕТІСАЙ ҚОСАЛҚЫ МЕКТЕП-ИНТЕРНАТЫНДАҒЫ ОҚУШЫ ТҰЛҒАСЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

0

Қазақстан Республикасының «Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы» заңы дамуында кемістігі бар балаларға көмек көрсетудің тиімді жүйесін жасауға, оларды тәрбиелеу, оқыту, еңбекке және кәсіби даярлау ісімен байланысты проблемаларды шешуге, балалар мүгедегінің алдын алуға бағытталған [1].

Қазақстан Республикасы Конститутциясының 30-бабына сәйкес арнайы білім берудегі мемлекеттік стандарттың мақсаты еліміздің барлық азаматтарына ұлтына, тіліне, жынысына, әлеуметтік жағдайына, денсаулығына қарамай жалпы орта білім алуына тең құқығын қамтамасыз етіп отыру белгіленген [2].

Арнайы білім беруді іске асыру мүмкіншілігін мемлекеттік стандарт белгілеп, қажетті білім мен икемдік деңгейіне жету үшін адамның нақты мүмкіншілігін ескере отырып сәкестендіреді. Арнайы білім беруді мемлекеттік стандартқа кіргізу «Білім туралы» Заңға сәйкес білім саласындағы құқықтық және қаржылық-экономикалық негізде салынған.

       Мемлекеттік стандарттың өлшемді-бағалау міндеті мектептің білім сапасымен мазмұнының нормативін анықтауды талап етеді. Бірақ, оқушылардың медициналық көрсеткіштерімен клиникалы-психологиялық ерекшеліктерінің құрамы әр түрлі болуын ескеру қажет, өйткені бұл нормативтер арнайы білім беру саласында бірдей болуы мүмкін емес. Білім беру нормасының варианттарының негізінде, көмекші мектеп оқушыларына педагогикалық сараптау жасалынады.

Қосалқы мектептерде ұйымдастырылған оқыту және тәрбие процестері, ақыл-ой кемістігін дұрыс коррекциялау және емдеу әдістерін қолдану баланың қалыптасуына ерекше әсер етеді. Қосалқы мектептердің  тәрбиеленушілері мектепті бітіргеннен кейін, нәтижелі түрде өндірістік еңбекпен айналысып, өздерінің міндеттеріне жауапкершілікпен қарай отырып қоғамға пайда келтіре алады.

          Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 11 арнайы коррекциялық      мектеп-интернаты бар. Бұл мекемелерде жалпы саны 1958 оқушы оқиды. Шымкент қаласында ақыл-есі кем балаларға арналған қосалқы мектеп және құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернат бар. Ленгір қаласында тіл кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернат, қосалқы мектеп-интернат және құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп интернат орналасқан. Түркістан қаласында қосалқы мектеп және нашар көретін балаларға арналған мектеп-интернат     орналасқан [4].

          Біз зерттеуге негіз етіп отырған Жетісай қосалқы мектеп интернаты ОҚО., Мақтарал ауданы, Жетісай қаласында орналасқан. Ол 1987 жылы Асық ата кентінен көшірілген. Мектепте 203 оқушы білім алуда. Бала интернатқа қабылданған соң 6 ай психолог, дефектолог және дәрігерлердің бақылауында болады. Белгіленген уақыт біткен соң консилиум құрылып, онда оқушының болашақта мектепте білім алуға қабілетінің жарамды немесе жарамсыздығы туралы қорытынды жарияланады.

Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның ұстанымдары төмендегідей:

  1. Мүмкіншілігі шектеулі балалар мен олардың жанұясына әлеуметтік қолдау көрсетіп оңалту көмегіне кепілдеме беру.
  2. Мүмкіншілігі шектеулі балалардың жанұясымен бірлесе отырып, оларға мекеменің мамандары әлеуметтік медициналық-педагогикалық түзетуге көмек көрсетеді.
  3. Балаларға ерте көмек көрсетуде олардың тең құқылы және қол жеткізу мүмкіншіліктерінің шектеулігіне қарамай жасына және әлеуметтік жағдайына байланысты білім беру.
  4. Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзету көмегін көрсету  мақсатында әр балаға жеке жағдай жасау.
  5. Мүгедек балалармен айналысатын мұғалімдерді кадрлық жағынан іріктеу.
  6. Мүмкіншілігі шектеулі балалармен тікелей жұмыс істеу үшін жоғарғы оқу орындарында арнайы мамандар дайындайтын факультеттер ашу.
  7. Мүмкіншілігі шектеулі балаларды оңалтудың жаңа әдістерін енгізу.
  8. Мүгедек балаларды оңалту мен әлеуметтік бейімделуге мемлекеттің саясатын жүргізу.
  9. Бүгінгі заман талабына сай мүгедек балалалардың оқуына және келешекте жұмысқа орналасуына мүмкіншілік жасау.
  10. БАҚ-ның көмегімен мүгедек балалардың «толық қанды» өмір сүруі атты тақырыпта- салауатты жағдай жасау туралы халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
  11. Толық-қанды өмір сүре алмай, зардап шегуші мүгедек балаларға ғылым мен техниканың жаңа жетістіктерін жеткізу.
  12. Әр балаға жеке жағдай жасау үшін шағын мамандандырылған жаңа оқу орындарын ашу.

Арнайы мектепте балаларға арналған арнайы оқулықтар бар. Бұл оқулықтардың ерекшелігі осы мектептердегі мақсат-міндеттерге негізделген. Оқулықтардың мазмұны қарапайым тілмен сипатталған.

Балалардың ақыл-ойы дамуын педагогикалық тұрғыдан анықтау өте қиын. Ақыл-ойы кем бала белгілі бір дәрежеге дейін ғана көтеріле алады, сондай-ақ мылқау-керең балалар да дамудың жоғарғы сатысына көтеріле алмайды, өйткені олардың сөйлеуге тілі болмайды дегенді жақтайтын неше түрлі  жорамалдар пайда болды.

Шет ел ғалымдары қалыпты балалық шақты бірнеше кезеңге бөледі:

0-3 жасқа дейін – биологиялық кезең,  3-7 жасқа дейін – алғашқы дағдылар кезеңі, 7-12 жасқа дейін – нақтылы көріп-білгенін көңілге түйетін кезең. Ал адам баласының нағыз даму кезеңі, дейді олар, 12 жастан кейін басталады. Осыған байланысты Пелле барлық аномальды балалар кереңдік, соқырлық және т.б. қандай кемістіктерге ұшыраса да 12 жастан жоғары олардың ақыл-ойы өспейді дейді, яғни оның пікірінше ондай балаларға жәрдем беру керек деген.

Ақыл-ойы кем балалар қосалқы мектептерде тәрбиеленеді. Бастауыш сыныптарда ерекше назар сөз-сөйлемді қалыптастыру ерекшелігіне аударылады, яғни сөз-сөйлемді дұрыс түсініп қабылдау, сұрақты дұрыс түсіну, дұрыс сұрақ бере алу, өзінің іс-әрекеті туралы ойын дұрыс жеткізе білу, тапсырманы дұрыс орындау т.б. Сурет салу, пластилинмен жұмыс орындау, дене шынықтыру, өлең айту сабақтары ақыл — есі кем балаларды дамытуда, олармен коррекциялық жұмыстар өткізуде ерекше рөл атқарады.

Жоғары сыныптарда (5-9 cынып) ақыл есі кем балаларды арнайы мамандықтарға үйрету, оқыту жұмыстары басталады. Оқу шеберханаларында оқушылар жүйелі дайындық арқылы арнайы мамандықтарды игере бастайды (ағаш өңдеу, темір өңдеу, тігін шебері, қағаз-картонды түптеу жұмыстары, ауыл шаруашылық мамандықтардың кейбір түрлері т.б.).

Еңбек тәрбиесі ақыл-ойы кем балалардың жан-жақты, интеллектуалдық жағынан дамуына, сонымен қатар баланың бойында өнегелі қасиеттерді қалыптастыруға ерекше ықпал етеді. Сондықтан ақыл-ойы кем балалармен жүргізілетін оқу-тәрбие жұмысында еңбек-оқытудың ең негізгі әдісі болып саналады. Өнегелі қасиеттерді қалыптастыру, яғни ұжым арқылы, ұжым үшін тәрбиелеу, мадақтау, ұялту, түсіндіру, үйрету әдістерін қолдану ақыл-ойы кем балалар үшін өте қажет.

Ақыл-ой кемістігі бар балаларды оқытудағы басты көрсеткіші деп саналуға тиісті:

  • Ойлау қызметін жинақтап, қорыту, оның ішінде білім мен икемділікті жаңа жағдайға көшіру;
  • Сезіну-сөздік-логикалық жүйе мен практикалық ойлау қызметінің құрамды бөлігімен ара қатынасын анықтайды;
  • Тапсырманы өз бетінше (өздігінен) шешу;
  • Оқушылардың көмекті қабылдауы, олардың үлкендер жағынан көрсетілген көмек мөлшерінің көлемі мен түріне жауабы.

            Осы көрсеткіштер негізінде оқушыларды оқу материялын меңгеруге мүмкіншілігіне байланысты төрт  топқа бөлінеді:

1-Топ. Фронтальды оқыту үдерісінде бағдарлама материялдарын жете меңгерген оқушылар. Олар барлық тапсырмаларды әдеттегідей өздігінен орындайды. Өзгертілген тапсырмаларды орындау барысында олар қиналмайды. Өйткені олар сөздерінде тәжірибеге сүиене отырып, жаңа жұмысты дұрыс орындайды. Өз істерін түсіндіре білуі, ол оқушылардың бағдарлама материялын ақылмен меңгергендігін айтады. Олар кейбір жинақтап қорыту деңгейіне жете алады. Мұндай оқушылар басқаларға қарағанда алған білімдерін практика жүзінде сәттә пайдалана алады. Күрделі тапсырмаларды орындауда, оларға ересектер жағынан аздаған көмек қажет.

2-топ. Бағдарламаның негізгі талаптарын әрең орындайды. Оқыту барысында бұл балалар бірінші топтағы балаларға қарағанда едәуір қиыншылықтар көреді. Олар негізінде мұғалімнің түсіндірмесін түсінеді, бірақ өткен материялды есіне сақтай алады да, қарапайым жинақтап қорытуға және тұжырымдауды көмексіз жасай алмайды. Олар барлық түрдегі жұмыстарды орындауда мұғалімнің көмегін қажет етіп отырады. Білім беруді жаңа жағдайға өткізу оларды аса қиналтпайды. Бірақ оқушы жұмыс екпінін төмендетеді, қателіктер жібереді, оны мұғалімнің көмегімен түзетеді: 2- топтағы оқушылыр өз істері жайлы түсіндіруі анық емес, жинақтап қорыту деңгейі төмен.

3-топ. Оқушылар жеңілдетілген бағдарламамен оқытылады, әрі әр түрлі көмектерді қажет етіп отырады (сөздік логикадан, көрнекілік және заттық- практикалық). Бұл оқушыларға қайта түсіндірілген материялды жеткілікті түсінбейді (ережелі теориялық мәліметтер, фактілі). Оларға оқытылған тақырыптың басты ойын анықтау қиын. Фронтальді сабақ барысында материялды нашар түсініп, қосымша түсіндіруді қажет етеді. Олардың өз бетінше жұмыс істеу қабілеті төмен. 2-топтағы балаларға қарағанда материялды меңгеру екпіні төмен.

            4-топ. Бұл топтағы балалар жекелендірілген бағдарлама бойынша оқытылады, өйткені кейбір пәндердің негізгі мазмұнын олар түсіне алмайды. Оларға ең аз көлемді білім беру белгіленеді де, оқу, жазу, санауды меңгерту керек. Бұл оқушыларға көптеген жаттығуларды  орындауда қосымша оқыту әдістерін кіргізіп көмектесіп, бақылап отыру қажет. Өткен тәжірибені қолданып, өздігінен қорытынды жасау қабілеті жоқ. Мұғалім әрбір тапсырманы орындау барысында бұл оқушыға көмектесіп отруы қажет. Ол өз жұмысындағы қатені көрмейді де, тапсырмалардың барлығын жаңа тапсырма ретінде қабылдай береді. Білімді механикалық жолмен қабылдап, тез ұмытады. Мұндай балаларды тек әлеуметтік қолдау мақсатында ғана оқыту қажет.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ