МИССИОНЕРЛІК – РУХАНИ ОТАРЛАУДЫҢ ҚАУІПТІ ЖОЛЫ

0

Қазақтың қазақ болғаннан (XVғ.ортасынан) бергі тарихына көз жіберсек, ол өзінің саналы ғұмырының тең жартысын отаршылдық дәуірінде, тәуелділік, бодандық бұғауында өткізгенін көреміз. Қазақ халқы 200 жылға жуық патшалық Ресей империясының, 70 жылдай Кеңес империясының отары болып келген тағдыр-талайы ауыр халықтардың бірі.

ХІХ ғасыр ортасы мен ХХ ғасыр басында әлемдегі алып метрополиялы ел – Ресей империясы, қазақ елін жан-жақты: әскери-бекіністік, саяси, экономикалық тұрғыдан, сондай-ақ рухани жағынан кең көлемде отарлау саясатын жүргізді. Осылардың ішінде отарлаудың бір саласы рухани отарлаудың,  яғни қазақ халқын тілінен, дінінен айырып шоқындыру, осылайша орыстандыру саясатының салдары мен зардабының ауыр болғанын  бүгінде тарих тағылымы көрсетіп отыр.

       ХҮІІ ғасырда  Ресей  империясы  күшейіп, қанат  жая  бастады. Әбден  күшіне  енген  бұл империя өздеріндегі  барға  қанағат  етпей, көршілес  елдерге  көз  аларта  бастады. Солардың  бірі  болып  қазақ  елі де  олардың  назарынан  тыс қала алмады. Ұлы дала төсін жайлаған қазақ елінің сыңсыған  халқын, байлығы шалқыған кең-байтақ жерін, кең дария сулы мекендерін иелену үшін, сондай-ақ, қазақ елін идеологиялық жағынан игерудің  келешекте аса зор мәні барлығын, әрі үлкен халықты рухани жағынан құлдыққа түсірудің саяси астарын кеңінен іздестірумен болды. Мұндай тиімді жолдардың бірі – біртіндеп дінге шоқындыру арқылы орыстандыру саясаты және оны жүзеге асыру болды. Бұл қазақ халқын рухани құлдықта ұстау үшін таптырмайтын тәсіл еді. Сондықтан  Ресей үкіметіне қайткен күнде де қазақ халқын ғасырлар бойы пайдаланып келген ислам дінінен ажырату қажет болды. Себебі, қазақтарды осы ата-баба дінінен айыру, шын мәнінде олардың тілінен, әдет-ғұрпынан, жерінен айыру еді. Бұған мынадай деректер дәлел бола алады: 1893 жылы 19 қаңтарда Дала генерал-губернаторы Таубе Семей әскери губернаторына жолдаған хатында: «Сіз басқарып отырған облыста татарлардың, бұхарлықтардың ислам діні күшейіп барады, бұған қашан тыйым салатындығы, сондай-ақ әкімшілік тарапынан бақылауға алу керек» екендігі айтылса [1], сол кездегі Томскі мен Семейдің эпископы Макарий Дала генерал-губернаторына жолдаған хатында: «осы облыстардағы мұсылман мешіттерінің көзін құртып, орнына православие шіркеулерін салудың өте қажеттігін» айта отырып, Зайсандағы татар мектебін жабу керектігін      айтады [1, 2 б.].

      Жоғарыда келтірілген екі хаттың да мазмұнына үңілсек, екеуінің де мақсаты – ислам дінінің өрбуіне қайткен күнде де тыйым салу, кедергі келтіру. Ал, енді 1893 жылы наурызда Семейдің әскери губернаторы генерал-майор Карпов Дала генерал-губернаторы барон Таубеге жолдаған хатында өзінің болашақ міндеттері мен ұсыныстарын айтады:

  1. Татарлардың, бұхарлықтардың, түріктердің қазақ даласына ислам дінін насихаттауға тыйым салуды әкімшілік тарапынан бақылауға алатынын;
  2. Өзі басқарған облыстың аумағы арқылы татар, бұхарлықтар және түрік саудагерлерінің өтетін жолдарына тыйым салатындығын;
  3. Зайсандағы мұсылман мешітін бұзатындығын;
  4. Зайсандағы татар мектебін жауып, оның молдасы Ақтановты Зайсандағы орыс мектебіне қазақ балаларын оқыту үшін мұғалім етіп алатындығын мәлімдейді [1, 5 б.].

       Осындай ұсынысты генерал-майор Карпов та Дала генерал-губернаторына айтады: «Мен мына мәселені айтпауға хақым жоқ: Патшалық империя 100 жылдан артық татарлар мен қылғыздардың (қазақтардың) магомет дінінде екенін біле тұра, қазақтарға магомет дінінің берік орнығуына ғана емес, өкімет сонымен қатар, бұл діннің қазақтардың кең сахарасына кеңінен жайылуына ықпал етіп отыр. Сондықтан, Макарийдің ұсынған шараларын қолдана отырып, қарсы шыққандар болса, өкімет тарапынан ерекше күштеу күштеу әдісін де қолдану керек» [1, 7 б.].

       Жоғарыдағы келтірілген мәліметтерден біз сол кездегі облыстық басшылардың да, дін басшыларының да бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, қайтсек қазақ халқын татарлардың, бұхарлықтардың, түріктердің ықпалынан алыс ұстаймыз, қайтсек қазақтарды православие дініне кіргізіп, орыстандырып, еліне, жеріне ие боламыз деген жымысқы арам ойларын айтпай-ақ түсінуге болады. Татарлар қазақ арасындағы мектеп, медреселерде сабақ берді, дінді насихаттады, кеңсе қызметін атқарды, тілмаштық қызмет ету солардың қолында болды. Бұл  жөнінде Санжар Асфандияров былай деп жазады: «Царские администраторы видели влияние мусульманства на казахские неиспорченные души. Поэтому наряду с административным переустройством казахских степей была поставлена миссионерско-колонизаторская работа в целях ассимиляции и обручения края. Кроме того, эта деятельность должна была прививать устой самодержавия и верноподданства, как в среде покоренных народов, так и казачьего и переселенческого крестьянства. В открываемых киргызских школах в начале преследовалась цель подготовки казахов, знающий русский язык, для замены татарских переводчиков. Таков был Первый Оренбургский пансион для киргизских детей. Там детей обучали русской грамоте, четырем правилам арифметики и мусульманской грамоте. Оттуда вышли первые казахские перевойчики» [2].

       Екіншіден, қазақтардың татарларға қарағанда ислам дініне деген сенімдері осалдау, оларда ескі шамандық наным мен мұсылмандықты қосарлана пайдалану жағы басым жатты. Қазақтардың осы ерекшелігін, мұсылмандықтан алыстау жатқандығын тіпті ХҮ ғасырдың өзінде-ақ Орта Азиялық Рузбехан өзінің «Бұхара қонағының әңгімесі» деген еңбегінде: «…қазақтар әлі күнге дейін пұтқа табынады. Олардың садағат қайтарғаны түкке тұрғысыз. Сондықтан, намаз оқығанына қарамай қазақтарды кәпір деп таныған жөн. Олар әлі күнге дейін күнге дейін күнге табынады. Өздерінің жерінен өткен мұсылмандарды мазақ қылады» [3] — деп атап өтеді.

        Рузбеханның қазақтардың мұсылмандық нанымға осалдығын арнайы түрде көрсетуі негізінен тарихи шындық еді. Қазақтардың осы ерекшелігін патша билеушілері мен миссионер-ғалымдары ерте сезініп, өз мақсаттары жолында пайдалану үшін әрекет ете бастады. Бұлай етуінің бір себебі олармен шекаралас әрі туыстас таза шамандық нанымдағы Сібір бұратаналарын тез арада зорлықпен православие дінін ендіру жолындағы тәжірибелері болатын-ды. Ресей империясына қараған түркі тілдес халықтар арасында саны жағынан басымы да, жер көлемі жағынан үлкені де қазақтар болып келуімен отаршылдар мен миссионерлер санаспай тұра алмады. Бұл – кең-байтақ өлкені экономикалық және идеологиялық жағынан тезірек меңгеріп алудың саяси зор мәні барлығын олар жақсы түсінді.

       1864 жылы 20 тамыздағы Сібір қазақтары әскери губернаторының Батыс Сібір генерал-губернаторына «Қазақтар арасындағы христиан дінін тарату жайы туралы» құпия хабарламасында «Сібір қырғыздары (қазақтары)  облысында 1863 жылы 140013 ер және 123202 әйел жынысты қырғыздар (қазақтар) тұрады. Олар, негізінен, мұсылман дініндегілер болып есептелгенімен, мұсылман діні талаптары қатаң сақталмайды. Бұл құбылыс, әсіресе, солтүстік аудандарда ерекшеленеді. Есіл өзенінің арғы жағы мен Қарқаралы аймағында мұсылман діні талаптары сақталады. Сондықтан христиан дінін насихаттау саласындағы миссионерлер жұмысы байыппен жүргізілуі керек» екендігі ескертілген [4].  Жалпы, отарланған халықтарды біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мақсатын патша үкіметі ерте кезден бастап-ақ ойластырғаны 1731жылы Сенатта Волга бойы халықтары үшін арнайы түрдегі «Новокрещенская контора» дегенді құрумен де айқындала түседі [5].

      Сондай-ақ, 1797 жылы келешек миссионер кадрларды даярлауға айрықша мән беріліп, Қазан діни академиясының ашылуы, арнайы түрдегі «орыстандыру палатасы» мен «переселенческая контораның» дүниеге келуі – бәрі де алысты көздеген, әрі жан-жақты ойластырылған патшалық Ресей үкіметінің идеологиясы мен жүзеге асырар саясатының нақтылы көрінісі еді.

       1869 жылы 27 қарашада «Консистория» қазақ даласында патшалық Ресейдің билігін нығайта түсу үшін, өз мақсаттарына тезірек жету үшін мынадай қаулы қабылдайды:

— Қазақтар үшін христиан дінінің миссияларын тарататын кітапшаларды тез арада көбейту;

— Епархия басшыларының христиан дінін таратуда баяу жұмыс жүргізіп отырғанын, сондықтан жұмысты жақсарту шараларын қарастыру;

— Осы жылы православие дінінің өкілдері тілмаштар арқылы қазақтармен екі-үш әңгімелесуден артық кездесудің болмағанын, соған орай, кездесудің санын көбейтудің шараларын қарастырудың қажеттілігі;

— Елдерді аралау үшін көлікпен қамтамасыз ету үшін облыстық губернияларға тапсырма беру;

— Христиан дінін қабылдауды алдымен ру басшыларынан, билерден бастау керектігі, сонда ғана қалған қазақтар солардың артынан еретіндігі       айтылады  [1, 38 б.].

      Сонымен, деректерге қарасақ, дін өкілдері Дала генерал-губернаторына барлық мән-жайды айтып, өздерінің қаулыларының көшірмелерін жіберіп отырғандығын көреміз. Сондықтан, патша өкіметі өз қызметкерлері арқылы бұл миссионерлік саясатпен үздіксіз айналысып, оны қатаң бақылауға алып отырған деп айтуымызға болады. Ал, қазақ жеріне қоныс аудартылған орыс шаруалары  миссионерлік саясатқа ептеп ықпал еткені болмаса, бұл саясат негізінен Ресей империясының үстем тап өкілдерінің тікелей басқаруымен жүргізілгенін ашық айтуымыз қажет. Патша үкіметінің саясаты – қазақ халқының мемлекеттік рухын жою, мәдениетін бүлдіру, тіліне қысым келтіру, надандықта ұстау және оларды орыстандыру болды. Ал бұл жағдай кейіннен қазақ халқының бір бөлігінің орыстанып, өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін, тарихын  ұмытуына, ұлттық рухының әлсіреуіне алып келді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ