ДЕПОРТАЦИЯ – ТОТАЛИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚАСІРЕТІ

0

 Бүгінгі таңда тоталитарлық жүйенің қасіреті жайлы көптеп жазылуда. Бұған дейін бұл тақырыпта жазу түгілі айтуға тиым салынған болатын. Арнайы қоныстанушылар мен күштеп қоныстанған халықтардың аяусыз тағдырын зерттеу жабық болды. «Депортация» сөзінің өзі өткен ғасырдың 80-ші жылдардың ортасына дейін арнайы сөздіктерде «қылмыстық немесе әкімшілік жазалау шарасы есебінде мемлекеттен жер аудару, қуу» деп түсіндірілді. Мемлекеттің партиялық идеологиясы және билеуші элитаның іс-әрекеті арнайы қоныстанушылар үшін ақыр заман қасіретін орнатты. Бұл қасіретті зерттеу мәселесі ешқашан ашылмайтындай жасырын күйде қалатындай көрінді. Міне, бірнеше жылдың ішінде заман өзгеріп шыға келді. Саяси талаптар өзгеріп, соңында тарихи шынайы мүмкіндіктердің бетін ашуға жол ашылды [1].

       ХХ ғасырдың басы самодержавияның жүйелі ұлттық-саяси қысымының үстемдік құруымен сипатталады. Оның ең басты элементтерінің бірі — «өзге дінді» және «өзге ұлтты» халықтарды зорлықпен ассимиляциялау еді. Мұны өз саясатында пайдаланған большевиктер саяси өмірде ұлттық және конфессиялық идеяларды ұрандатып, халықтарды алдап, өз құрсауында ұстады. Ақпан төңкерісі патшалық жүйені жойды, ал большевиктер болса Қазан төңкерісін ұйымдастырып, билікке келді. Нәтижесінде ұрандарын ұмытып, ұлт-азаттық көтерілістерді тұншықтырды. Осылайша тоталитарлық жүйенің негізі қаланды. Ресейлік жүйені өзгерткенімен, оның шовинистік мақсаты өз мәнін жоғалтпады, керісінше коммунистер ұлт азшылықтарына жаңа идеологиялық феномен ойлап тапты. Бұл феноменнің астарында «өзге ұлттарды» түбірімен жойып, жаулап алынған жерлерді «орыстың» меншігіне айналдыру жатты. Қазақстан барлық жағынан кеңестік саяси полигонының тәжірибелік орталығына айналды.

       1922 жылы КСРО құрылуымен мемлекеттік құрылыста тоталитарлық жүйе қалыптаса бастады. Өмір сүру үшін маңызды мәселелер орталықтандырылған партиялық аппаратта шешілді. Орталықтың түрлі сынақтары арқасында миллиондаған жазықсыз халықтар қырылды. Маркстік-лениндік теорияны алға тартқан орталық аппарат халықтарды араластырып тастау «интерұлттандыру» атты жаңа ұранды пайдалана бастады. 1930 жылдардан бастап, «кіші інілер» «үлкен ағаның» айналасына жиналу қажеттілігі мен кеңестік патриотизм, сондай-ақ Отан түсінігі әрбір халықтың санасына зорлықпен сіңіріле бастады. «Социалистік  мәдениет» түсінігі үстемдік етті, осы ұранның арқасында халықтар араласып өмір сүру теориясы жасалды. Бұл теорияның мазмұнында халықтарды қайткен күнде де орыстың рухани тәуелділігіне түсіру жатты. «Жаңа адамды» немесе «жаңа кеңестік азаматты» жасау идеясы түрлі зорлық-казармалық тәсілдерімен жүзеге асты. Жаңа индустриалды мемлекетті құру мақсатында мәдени төңкерісінің насихатын жүргізіліп, қарсылықсыз бұйрықтарды орындайтын «конформист» адамдарды жасау мақсаты да алға қойылды.

Сталиннің билік басына келуімен, жеке басқа табынушылық барлық қоғамдық қатынастарды қамтыды. Сталин бір жақтан ресми түрде коммунистік идеяларды таратса, екінші жақтан оны жүзеге асырудың қыруар түрлерін ойластырып, ал ол идеяларды орындауда террорлық әдістерін пайдаланатын. Осылайша Сталин «заңды нормаларды заңсыз нормалармен» араластырып, жүргізеді. Осыған байланысты атақты әдебиеттанушы және футуролог Дж. Оруэлл «Тоталитаризм ой тәуелсіздігін бұрын соңды жасалмаған формада тежеді. Ол ой мен сезімді бақылайтын дәрежеге жетті» деп, тоталитарлық жүйенің қатыгездігін атап өткен [2]. Бұл жағдайда ресми интернационалдық идеология ұлттық нигилизм формасына көшкендігін атаған жөн. Егер Екінші Дүниежүзілік соғысқа дейін тек «халық жаулары» ұғымы пайдаланған болса, соғыс жылдарында «жау халықтар» ұғымы кең өріс алды. Бұл жөнінде  қарашай халқының саясаттанушысы әрі публицисті Рашид Хатуев Ақмолада жарық көрген «Қоныс аудару» атты естелігінде жазған. Аталмыш еңбекте автор Ставрополдің басты партизаны Михаил Сусловтың қарашай халқын жазықсыз қырғандығын жазған [3].

1920 жылдары орыс халқының ұлттық мәдениетінің орнына орыс патриотизміне тәрбиелеу ұғымы пайда болды. Идеологияландырылған орыс халқының тарихы, ұлттық республикалар мен аумақтарда «ұлттық буржуазияға» қарсы күрес ұғымымен қатар жүріп, дәріптелді. Мәселен, 1937 жылы жарық көрген профессор А.Шестаковтың «КСРО-ның қысқаша тарихы» атты оқулығын жалпы кеңестік үкімет комиссиясы, «бұл кітап кеңес жастарының «сүйікті» кітабына айналады» деп, оны жер-көкке сидырмай мақтаған-ды. Алайда аталмыш еңбектің басты мазмұны түркі халықтары мен славян этносын бір-біріне айдап салу мақсатында жасалған. Бұл ойды Л.Н.Гумилев «Ритмы Евразии. Эпохи и цивилизации» атты еңбегінде сөз еткен. [4].

1928 жылдың ақпан айында КП (б)-нің бөлімдеріне жіберген  хатында И.Сталин қарсылықты — бұйрықты стильде «Біз жүргізіп отырған ЖЭС, салықты салғыртпен өзгерту және тәркілеу саясаты туралы түрлі әңгімелер, контрреволюциялық, түкке тұрмайтын сөздер, оларға қарсы жіті күресті бастауымыз қажет» деп жазып, халыққа қарсы күресті одан сайын күшейту керектігін тілге тиек етті [5]. Нәтижесінде тоталитарлық идеология саяси шарықтаған түрде кеңінен іске аса бастады. 1930 жылдары Германияда фашистер билік басына келісімен, КСРО-да фашизмге қарсы идеологиялық күрес бастады. Ал 1939 жылы тамыздан кейін КСРО мен Германия арасында достық және келісім пропагандасы күшіне енді. Әрине, мұнда КСРО мен Германия арасындағы шекаралық келісім және соғыс жасаспайтындығы туралы Пакт жасалғанын атаған жөн. Дегенмен, оның астарында әлемді бөліске салу құпиясы жатқанын тілге тиек ете отырып, Гитлердің аяқ астынан контр лагерлерді құруды бастағанын, КСРО-ғы халықтарға қарсы зорлықпен қуғын-сүргін бастауына түрткі болғаны анық. 1926-1937 жылдар аралығындағы ресми мәліметтерге қарағанда КСРО-да ГУЛАГ-та қырылғандарды есептемегенде, 1 500 000 халық қуғыннан қырылған. Бұл тек тіркелген халықтардың мәліметі. Ал тіркелмегені қанша? 1939 жылдан бастап, халық санасына «жаулар» ұғымы сіңіріле жүргізілді, «социализм сатқындары», «Ұлы Кеңестер державасын сатуы мүмкін» түсініктері талай халықтың өмірін қырғынға ұшыратты.

 Арнайы қоныс аударушыларды орналастыру саясаты акциясын жүргізген Сталинді және оны қоршағандарды мыңдаған халықтардың тағдыры ойландырмады, олардың көштен қалған материалдық байлықтар алаңдатты. Ресми құжаттарға қарағанда қуғынға ұшыраған халықтардың мал-мүлкі НКВД қызметкерлері тарапынан тәркіленіп, арнайы дүкендерде сатылуға қойылатын, ал одан түскен қаржы сол қызметкерлердің еншісіне берілді [6].

Күштеп қоныстандырылған халықтардың басынан өткізген тауқыметін бір сөзбен айтуға болмайды. Әсіресе, түркі халықтарына қарсы жасалған зорлықпен қуғын-сүргін саясаты қазақ жерінде көбірек жүргізілді. Жердің кеңдігі мен адам санының аздығы қылмыстарды жасыруға  ыңғайлы еді.

Зорлықпен қуғын-сүргін саясаты арнайы дайындалған тізбе бойынша жұмыс істеді: аяқ астынан түнде ауыл қоршауға алынатын, сонан соң халықты «мал» айдағандай эшелондарға сүйрелейтін, поездар құпиялы түрде тоқтаусыз жүретін. Вагон ішіндегі жазықсыз халық аштықтан қырылатын, адамдар дәретін сол вагонда сындыратын, аштықтан қырылып қалмау үшін тірі адамдар өліктердің етін жейтін, жаппай індет ауруы тарайтын. Қоныстанғаннан кейін оларды түрлі жұмыстарда пайдаланды, араларында оба ауруы кең тарады, ол ауру жергілікті халыққа тарап, жазықсыз халық адам тұрмайтын жерлерде өмір сүрді. Бұл фактілерді чекистердің өздері мойындаған. Мәселен, 27 қараша 1941 жылы КСРО-ның ГУЛАГ-тың бастығы Наседкин, Халкомның орынбасары Чернышевқа жіберген мәлімдемесінде «1941 жылы Балтық жағалаулары Республикалары, Молдавия ССР және Украина КСР мен Беларусия КСР-ің батыс аудандарынан 20 жылға деп Алтай өлкесіне, Киров облысына, Коми АКСР-не, Краснояр өлкесіне және Қазақ КСР-не, қуғын — сүргінге ұшыраған отбасылары бар. Жалпы қуғын-сүргінге жіберілгендердің саны 88 047 адам. Олардың жағдайлары өте нашар. Аштықтан ісіп, кедейшілік пен жұмыссыздық күйін кешіп отырғандығы туралы фактілер молшылық. НКВД-да мұндай категориямен жұмыс істейтін қызметкерлердің жоқтығын Сіз жақсы білесіз. Біз жауапкершілікті мойнымызға алмаймыз» деп жазылған [7]. Осылайша депортация террорлық саясат ұғымымен теңесе бастады.

            Көптеген тарихшылар зорлықпен жүргізілген қуғын-сүргін тарихын жазу барысында, ол қылмысты істі соғыспен байланыстырады. Бірақ мұндай ұстаным жасалған қылмысты ақтамайды. Тарихқа үңілсек патшалық заманда да, Кеңестік жылдарында да этникалық топтарға қарсы жасалған зұлымдық әрекетері әр түрлілігімен ерекшеленеді. Осы тұста КСРО-ның 1934 жылы Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) қызметін атаған абзал. Себебі Сталиннің қолымен қуғынға ұшыраған халықты тек құрсауда ұстамай, оларды пайдалы еңбекке жұмсау мақсаты қойылған-ды. Бұл әрине жаңа формадағы құлдық жүйенің пайда болуының дәлелі. КСРО-ның әр бесжылдығында лагерлердің санын арттыру мәселесі қаралатын. 1932 жылы 11 еңбек лагерлері жұмыс істесе, 1940 жылы олардың саны 53 дейін өскен[8]. Бұл лагерлер қуғынға ұшыраған халықты арнайы ірі құрылыс объектілерінің құрылыс жұмыстарына жұмсау мақсатында бой көтерді. Қамауға алынғандардың санын анықтайтын болсақ, егер 1930 олардың саны 179 мың болса, 1940 жылы олардың контингенті 1 668 200 дейін өскен. Олардың 30 пайызы саяси қуғындалғандар. Ендігі жерде осы қуғынға ұшырағандардың ел экономикасына қосқан үлесі туралы атаған жөн. 1941-1944 жылдар аралығында қамауға алынғандардың арқасында 3 домендік пеш, сода мен бром өнімін шығаратын 2 химиялық зауыт, 6 гидролизді және сульфатты — спирт шығаратын зауыт, 3573 километрлік темір жол, 4700 км. авто жолдар төселді, 612 оперативті аэродромдар бой көтерді т.б. [10]. Саяси қуғынға ұшырағандардың лагерлердегі саны күн өткен сайын азайып отырды. 1941 жылы ГУЛАГ-та 100 997 адам қырылса, 1942 жылы – 248 877, 1943 жылы – 166 967, 1944 жылы – 60948, 1945 жылы 43 848 адам қырылған [10, 142 б.].

Соғыстан кейінгі жылдары лагерлік жүйенің құрылысы өсе бастады. 1953 жылдың басында ГУЛАГ-тың құрамында 146 еңбек лагері, 687 еңбек колониясы, 52 арнайы қоныстанушылар үшін түрмелер қызмет жүргізген. Бұл лагердегі арнайы қоныстанушылардың саны 2 млн. 753 дейін өсті [11]. Арнайы қоныстанушылардың арасында 1949 жылы Қара теңіз жағалауы халықтарын қылмысты деп танып, Грузия, Одесса және Қырымнан түркі халықтар қуғынға ұшырап, қамауға алынған. Олардың арасында 80 444 ингуш халқы бар еді. Осылайша түркі халықтары өзге халықтармен бірге кеңестік азапты басынан өткізген.

Күштеп қоныстанушы халықтарға тағылған айып-кінәні жоққа шығару Сталин өлгеннен кейін жүзеге асырылды. Алайда депортацияға ұшыраған халықтардың тарихи әділеттілік және моралдық-психологиялық жағдайының орнын толтыру қасіреті алыста қалды [12].

          Осынау қуғын-сүргін науқанының жалпы көлемі туралы алғашқы пікірлерді  шетелдік әріптестеріміз айтты. Қолдарында нақты архив деректері болмаса да олардың негізінен бұл мәселеге әділ тарихи баға бергенін айта кеткен жөн. Мысалы, Италияның марксист тарихшысы Джузеппе Бофора өзінің 1979 жылы Милан қаласында жарық көрген «Кеңестер Одағының тарихы» деген еңбегінде /орыс тіліндегі аудармасы 1994 жылы Мәскеуде жарық көрген/ аталған науқанды төмендегідей сипаттап жазды: «Алғаш ескертпе шара ретінде соғыстың басында Еділ бойы немістерінің автономиялық республикасы жойылды. Олар тарпынан басқыншылардан  көмек және қолдау алулары мүмкін деген күдікпен республиканың барлық халқы/ Екатерина ІІ кезіндегі ескі колониядан шыққан 300 мыңнан астам адам/ өз жерлерінен қуылып, Сібір мен Қазақстанның әртүрлі облыстарына жер аударылды. Осындай шаралар, бұл жолы жазалау ретінде Еділдің төменгі жағындағы оңтүстік далаларды және Каспий теңізі жағалауларын мекендеген қалмақтарға 1943 жылдың желтоқсанында, біраз кейінірек, 1943 жылдың соңы мен келесі жылдың көктемі аралығында кейбір Солтүстік Кавказ халықтары — қарашайларға, шешендерге, ингуштарға және басқаларға ақыры, 1944 жылғы маусымда Қырым татарларына әзірлеген еді. Бұл халықтардың бәрі өздерінің автономиялық мемлекеттік құрылымдарынан айырылды. Жазалау талдаусыз, тіптен жекелеген жауапкершілікті анықтауға әрекет ретінде жазалаусыз, бәрін қамтыды. Олардың бәрі жастарына немесе мінез-құлқына қарамастан, сондай-ақ коммунистер немесе жергілікті кеңестердің жоғарғы басшылары да күшпенен Сібірдің және Орта Азияның аз мекендейтін аудандарына айдалды. Онда олар бөлшектенген топтар түрінде орналасты. Бұл Сталин басқарған жылдардағы қатал жазалау операцияларының бірі, болашақтың барып тұрған қатерлі нышандарының өзі еді.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ