АУДАРМА САЛАСЫ – ТІЛ МАМАНДЫҒЫНДАҒЫ СТУДЕНТТЕР ҮШІН

0

«Бұл дәуірде өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адам толық мәнді интеллигент емес деуге де болады. Себебі, ол қандайлық мамандық білімі болса да, рухани ой тәрбиесінде сыңар жақ азамат болады.»
(Мұхтар Әуезов )

Халықтың мәдениеті көтеріліп, санасы өскен сайын тіл қадірі де арта бермек. Ана тілін ардақтайтын дәрежеге қазір бізде жеттік. Ана тілінің әрбір сөзінде, әрбір жұрнағында халықтың аяулы асылына балап, сол бір қазынаны қамқорлықпен мәпелеп сақтауға, әр өздің ішкі сырын ашып, мағынасын жетілдіре беруге атсалысу ана тілінде сөйлейтін әрбір кісінің азаматтық борышы.Еліміздің тіл қазынасын қорытып, барлық сөзін орын-орнына қойып сөздік жасау – мәңгілік мәдени монумент орнтау деген сөз.Бұл дегеніміз, ұлт мәдениетінің өскендігін, оның қазіргі қоғам арасындағы ролін сыйпаттайтын белгілі бір көрсеткіш. Яғни, әр бір елдің өз тілі мен оның өзіне жарасар қадір қасиеті болары сөзсіз. Әр бір ұлт өз тілінің дәрежесін қанша жоғарлатқысы келсе де, соншалықты өзге тілде қабаттаса, аяқ шалынысына айналады. Демек, әр халықтың өз тілі, діні, тіні, мәдениеті өзінше қалыптасып, дамуға бет алады. Сол беталыста сіз де өз еліңіздің бар мұрасын алға тартатыныңызға дау жоқ. Олай болса, ол үшін өзге ұлт арасында қарым-қатынас орнайды. Сіз олардың тілін, мәдениетін тани отырып, өзіңіздің мәдени мұраларыңызды, тіліңізді таныстыра аласыз. Міне осылай, бір тілдің екінші тілге қатысы арта түспек. Осы орайда аудармашылық өнеріне сүйенбеске шара жоқ.  Олай дейтінім, тілді жақсы меңгерген адам ғана, екі елдің ара қатынасын, мәдениетін, саяси байланысын артыра алады. Солай  ғана екі жақты халықтың тілдік қатынасы қолданыс аясына еніп, бірін-бірі жетелеп дамыйды. Егерде қазақ тіліндегі аударма тарихына аздап үңілер болсақ, аударма үлгісі XVII-XVIII ғасырларда келген тәрізді. Араб-фарсы, шағатай тілдерінен ауысқан, ауызша айтылатын ертегілер, неше алуан ұсақ мысал-нақыл сөздер осы пікірдің  тиянақты тірегіндей. Алайда бұлар аударма емес, мазмұндау еді – өзіне қайталап айту секілді. Таза аударма, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алған. 1879 жылы Ы. Алтынсариннің «Киргизская хрестоматиясында» көрінді. Содан бертін келе жатқан аударма нақ түзу жолға бет алды. Халық арасында аударма еңбектері кеңінен өріс жайды.Қазіргі қоғамда аудармашылық қызметтің қолданылу шеңбері күн сайын кеңейіп, үлкен әлеуметтік сұранысқа ие болып келеді. Көптеген мемлекеттерде  арнайы оқу орындары ашылып, кәсіби аудармашы мамандарды даярлай бастады. Бұған дейін аударма жұмысымен басқа да мамандық иелері айналыса бастаған. Аудармашылық жұмыс қоғамдық ортаның көпшілігін қызықтырды. Осының нәтижесінде көптеген зерттеулер жүргізіліп, жаңа ғылыми пән пайда болды.Ол қазіргі заман талабына сай-аудармашылық мамандық. Аударма –бұл өте күрделі және көп салалы адами іс -әрекеттің бір түрі. Күнделікті ауызекі тілде  аударма ісі туралы “бір тілден екінші тілге аудару делінеді”, бірақ шындығында аударма ісімен айналысқанда тек бір тілді екінші тілге аудару ғана көзделмейді. Аударма ісінде әр түрлі деңгейдегі мәдени ағымдармен, әртүрлі дәрежедегі  ой толғау, әртүрлі әдебиеттер, әртүрлі дәуір тынысы, әртүрлі салт-дәстүр, ұстанымдармен танысып жұмыс істеуге мәжбүр боласың. Аудармашылықпен мәдениеттанушылар, этнографтар, психологтар, тарихшылар, әдебиеттанушылар айналысады. Аудармашылық қызметтің әр жақтылығы басқа да ғылыми жұмыстырдың қайнар көзі болып табылуы мүмкін. Сондықтан да, аударма ісі туралы ғылымда- аудармашылықта әртүрлі мәдени когнитифті, психологиялық, әдеби және де басқа аспектілер бөлініп шығып жатыр…

Бірақ қалыптасқан дәстүрлі таным бойынша  аударма ісінде ең маңызды рольді тілдер атқарады деп есептеліп келді, бұл тұжырым ғылыми негізінде дәлелденді, әйтсе де, осы уақыттағы аударма ісінде тілдік теорияға басты назар аударылады. Аударма ісін тіл біліміне қызығушылық мақсатына жатқызғандықтан, бірталай қиындықтар туындағанын және сол қиындықтарды жеңу мақсатында біршама істер атқарылғанын ескере кеткен жөн.Әлі күнге дейін көптеген лингвистикалық зерттеулердегі фундаментальды  жұмыстарда аударма ісінің лингвистикалық зерттеудің маңызды бір бөлігі болып табылады деген тұжырым айтылмайды, алайда Р. Якобсон өз жұмыстарында бұрынырақта бұл туралы былай деген: “Іс жүзінде кеңінен тараған тіларалық коммуникация тәжірибесі, оның ішінде айрықша көрінетін аудармашылық қызмет үнемі  лингвистикалық ғылымның бақылауында болуға тиісті.” ХХ ғасырдың І жартысында көптеген тілшілер аударма ісінің мәселесіне (проблемасына) қызығушылық танытпады, сондықтан лингвистикалық ғылымда структурализм (құрылымдылық) идеясы пайда болды. Олар лингвистиканы “нақты” ғылымдар санатына жатқызу үшін Соссюрдің “Өзімде және өзім үшін ” қағидасын қолдады да, “ішкі лингвистика” немесе “ микролингвистика” тұжырымдарымен шектелді. Тіл ғылымындағы нақтылық пен обьективтілікке көз жеткізуді көздеген тілшілер тілдік құрылымның мынадай жақтарына басты назар аударды: тілді міндетті түрде бақылауға алу, пайымдау, өлшеу, сынау, дәлелдей отырып суреттеу және жүйелеуді: дыбыстық, морфемалық және тілдің лексикалық құрамын, оның синтаксистік құрылымы, синтагматикалық және парадигматикалық байланыстық бірліктерін, сол бірліктердің сәйкес келу, тілдің мәтінге таралуын (дистрибуция), оның қолданудағы жиілігін т.б. қарастырды. Нәтижесінде тіл білімі көптеген тілдердің құрылымдық ұйымдастырылуының ғылыми анализінде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Алайда тілді үйренудегі структуралистік (құрылымдық тіл білімі) ағым тілді мазмұн жағынан зерттеу туралы логикадан бас тартуға мәжбүр етті. Сондықтан тіл туралы барлық тұжырымдардың ғылыми негізі жоқ, “менталистік ”делінді де, семантикада тіл  туралы ғылымға орын болмады. Сол себепті  талдауға ұшыраған максимальді тілдік бірлік сөйлемге айналды, өйткені одан ірірек тілдік бірліктер, яғни мәтіндерді, олардың семантикалық құрамына назар аудармай обьективті түрде талдау мүмкін емес еді.  Сондықтан мұндай лингвистиканың аударма ісінің көкейкесті мәселелерін (проблемаларын) шеше алмайтыны түсінікті. Өз тарапынан аудармашылар аударма ісі қызметін зерттеуде тілдік ғылымдағы роліне немқұрайлы салғырт қарады, мұның себебі, аударма мазмұнын бөтен тілден  аударып беру үшін аударып жатқан тілдің барлық құралдарын пайдалану керек болды. Көпшілікке тараған пікір бойынша, аударма ісі кезінде тілдік факторлар қосалқы  мағынаға ие болады, музыкалық шығармалардағы дүниеге әкелу барысындағы нота жазу білімі  білімі сияқты. Аударма ісі, негізінен –бұл тіпті де лингвистикалық операция емес және тіл білімі аударма ісі  теориясына көп ештеңе бере қоймайды.

Бірақ лингвистер аударма мәселесін (проблемасын) тілге тиек етіп қоймай, аударылмайтын теорияның пайда болуы туралы қосалқы түсінікке негіз берді, бұдан аударма ісі жұмысы мүлдем болмайды деген ұғым туды. Ақындар, сыншылар  және әдебиетшілер көркем шығарма аударылған кезде түпнұсқадағы  көркемдік ерекшелік сақталынбайды деп  күдіктенді, көркем шығарманың ұлттық ерекшелігі, көркемдігі, мәдени-тұрмыстық ассоциациясы  тағы да басқа ерекшеліктері, тілшілерге белгілі сөздік құрамның дәйектілігі, маңыздылығы, әрбір тілдің грамматикалық құрылымы ескерілмейді де, барша түпнұсқалық мәтіндер өз мәнінде  аударылмайды, аударылуы  да мүмкін емес деген қорытындыға келді. Әйтсе де тіл білімінің аудармамен кездесуі ХХ ғасырдың ІІ жартысының басында жүзеге асты. Бұған бірнеше обьективті және субьективті факторлар әсер етті, бұл факторлар аударма ісіне де , лингвистикаға да өзінің түбегейлі өзгетістерін енгізді.

Егер аударма ісі қызметіндегі өзгерістер лингвистердің назарын өзіне аудара қоймаса, тіл білімінің дамуы аударма ісін өз шеңберіндегі іске қосты. ХХ ғасырдың ІІ жартысында  лингвистика өзінің ғылыми бағытын түп тамырымен өзгертті. Формальды тіл құрылымын (структурасын) оқып үйренуде үлкен жетістікке жеткен лингвистер өздерінің зерттеу обьектілерінің аясын едәуір кеңітті, бұған макролингвистиканың біраз мәселелерін (проблемаларын) қосты, бұл ретте бірсыпыра фундаментальды сұрақтар қаралды, тілдің қоғаммен  байланысы, ойлау мен әрекет, лингвистикалық және экстралингвистикалық аспектілер ұйымдастыру тәсілдері мен адамзаттың қоғамға  ақпаратты беру т.б. Тіл туралы ғылымда маңызды орын алған мәтін мен ауызекі сөйлесу құрылымының мазмұнын зерттеу жұмысы болды. Бірсыпыра жаңа лингвистикалық пәндер тізбегі бой көтерді. Атап айтқанда, психолингвистика, социолингвистика, рагмалингвистика, мәтін лингвистикасы, сөйлеу әрекетінің (актісінің) теориясы, когнитифті лингвистика т.б. Тілшілердің қарастыратын зерттеу әдістерінде тілдік бірліктің көмегімен ақпарат алмасудың қалай іске асатындығы, сөйлеу әрекетінің (актісінің) дәлдігі, түрлі жағдайдағы қарым-қатынас дәлдігі қарастырылған. Мұндай лингвистикалық жолмен аударма ісін оқып үйрену мүмкіндіктерінің едәуір өзгергенін көрсетті. Аударма ісін оқып үйренуде тілшілер тек лингвистика теориясының қомақты үлес қосатынын біліп қана қоймады, керісінше аударманың да лингвистикаға соншалықты үлес қосатынын анықтады. Аудармалар тіл туралы өте құнды ақпарат көзі болды, тіл аударма ісінде маңызды роль атқарды. Қазіргі таңда аудармашылық іс-әрекет өте көп мөлшерде жүзеге асып жатыр, сондықтан екі тілдегі мәтіндер мен сөйлеуде ауызекі немесе коммуникативті теңестірулер өзіндік лингвистикалық тәжірибе жүзінде жүзеге асады. Бұл жерде тілдік бірлікті қолдануда екі  тілдің ұқсастығы мен өзгешеліктері ескеріледі, осыған байланысты тілдің өзіне тән құрылымы  мен сол тілдің ауыз екі сөйлесуде іске асуындағы ерекшеліктер байқалады, бұрынырақ бұл өзгерістер тілді зерттеу әдісінде назардан тыс қалып қоятын. Аударманың лингвистикалық теориясының дамуына қосалқы күш болған нәрсе машиналар арқылы аударма жасау жүйесін құру болды. Тез арада басып шығаратын электронды–есептегіш машиналардың пайда болуы үлкен сенім ұялатты. Барлық аударманы тез және арзан бағаға аударып беретін компьютерлер аудармашының орнын басты. Компьютерлер шифрленіп қойған яғни жасырылған хабарламаларды аударуда нәтижелі қолданылды, тілдің көмегімен шифрленген түпнұсқа да аударылды. Машинамен аударылған алғашқы аудармалар айтарлықтай нәтиже бермеді, бірақ жаңа дәуір компьютерлері үлкен көлемде еске сақтау қабілетімен бұл жұмысты еш қиындықсыз атқарады деген сенім болды. Алайда уақыт өте келе машинамен аударылған аудармалардың негізгі мәселелері (проблемалары) оның есте сақтау  қабілетімен байланысты емес екендігі анықталды. Бұл қиындық машиналарға аударма кезінде кездесетін қиындықтарды адам сияқты жеңіп шығатын программаның енгізілмегенінен болды. Осы жерде адам аударманы қалай сәтті жасайды деген сұрақ туды, бұған ешкім жауап бере алмады, өйткені аударма кезіндегі адам қабілетінің ерекшелігі  түпкілікті  зерттелмеген еді. Сондықтан машинаның көмегімен пайдаланатын көптеген лингвистер енді өздерінің назарын аударманы аударатын адамдардың қабілетін зерттеуге аударды, осы жерден машина мен аударуда кездесетін қиындықтарды жеңетін амалдар іздеді. Бүгінгі таңдағы жаңа бағдарламалы машиналар кез келген мәтінде адам сияқты өте сапалы және мазмұнды аудара алмайды. Оның үстіне машинамен аудара тек үш жағдайда ғана жүзеге асады. Біріншіден, бағдарлама тек өте қысқа мәтінді аударуға жасалады, стандартты формада, оның өзі лексикалық және грамматикалық құрамы шектелген мәтіндер. Екіншіден, машина үлкен көлемді мәтіндерді сапасыз аударып береді, содан кейін бұл мәтіндердің көркемдік ерекшеліктерін сақтап қалу үшін және сапалы да нақты аударма беру үшін аудармашыға қайтадан жұмыс істеуге тура келеді. Үшіншіден, бұл жұмысқа редактор қосылады, ол мәтінді аудармаға дайындайды, машинаға қиындық келтіретін жерлерін өңдейді, немесе машина аударған аударманың қатесін жөндейді, нақты емес жерлерін түзетеді. Сөйтіп редактор-аудармашы аудару үшін уайымдайды, ойланады, толғанады. Субьективті фактор да маңызды рөль атқарды. Аудармамен айналысатын факультеттер университет пен институттарда ашылды, болашақ аудармашыларды дайындаумен шет тілдері факультетінің оқытушылары ат салысты, филологтар мен лингвистер де қалыс қалған жоқ. Өйткені олар ең алдымен аудармашылық қызметтің теориялық басымдылығын ойлау керек екенін түсінді және осы жағдайды өздерінің ғылыми әдіс-тәсілдерімен шешуге тырысты.

 Аударма теориясының обьектісі – аударма, ал міндеті – аударма практикасында өмір сүріп отырған әртүрлі құбылыстарды реттеп, сұрыптап жинақтай отырып, оларды практикаға жетекшілік ете алатын теория деңгейіне көтеру.[3] Ал,аудармашылар болса, осы теория негізінде,практика барысында кездесетін әр түрлі нақтылы мәселелерді жан-жақты дұрыс шешуі қажет.Аударма теориясы үздіксіз кемелденіп отырады.Түп-төркіні аударма практикасынан келіп шыққан аударма теориясы процесіне жетекшілік ету барысында тағы да үздіксіз жетіліп,толықтанып,дамып отырады.Бүгінге дейінгі аударма теориясының жетіп отырған деңгейінің дәуірлік шектемелігі бар деуіміз де сондықтан, Аударма дегеніміз екі тілге қатысты әрекет болғандықтан аударма теориясын зерттеу жұмысы да сол тілдердің тұлғасына тығыз байланысты болады. Екі тілдің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерекшеліктерін қатар қарастырады. Сол себепті де, аударма теориясының міндеттерін мынадай түіндерге жинақтап көрсетуге болады:      1) Тіл ғылымын негізге ала отырып, түпнұсқаны лексика, грамматика, стилистика, логика жақтарынан салыстыра зерттеп, екі тілдегі ұқсастықтары мен ерекшеліктерін тауып шығып, оларды терең зерттеп, аудару тәсілін жан-жақты қарастыру; 2) Осындай салыстыру принципі негізінде аударма практикасында кезіккен алуан түрлі мәселелерге жан-жақтылы талдау жүргіщзіп, дұрыс қорытынды шығарып, оларды бейнелеу тәсілін қарастыруды негіз езу; 3) теорияның практикаға жетекшілік ету рөлін нұрландырып, аударма нұсқасында әділ баға беріп, аударма сапасын үздіксіз жоғарылату; аударма – тіл қызметінің бір түрі ретінде бір тілде айтылған ойларды басқа тілдің құралдарымен соған сәйкестікте немесе толық құндылықта беру процесі. «Аударма» сөзінің астарында белгілі бір тілдегі сөйлеу тілін – ауызша немесе жазбаша мәтінді, сөзді басқа тілде қайталап жеткізу жатқаны белгілі. Сонымен бірге, аударма – сөйлеу қызметінің бір түрі болғандықтан, оның мақсаты сөз сөйлеу құрылымын қайта құру болып табылады, нәтижесінде мазмұнның өзгеріссіз жоспары сақталумен бірге, ойды жеткізу жоспары да өзгереді, бір тіл екіншісімен ауыстырылады. Аудару принципі мен аударманың дәлме-дәлдігі туралы ұғым заманалар озған сайын өзгеріп отырады. Мысалы, орта ғасырларда әріпшілдік, сіреспе аударма басым болса, бертін келе, жаңғыру дәуірінде, XVII-XVIII ғасырларда «еркін» аударма етек алды. Одан соң әдебиет әлемінде балама аударма пайда болды.

Алдымен, шетелдік аудармашы, ғалымдардың аударманы қандай түрлерге бөліп, жіктегеніне аз-кем тоқталып өтейік;

ХХ ғасырдың екінші жартысында ағылшын  аударматануының теориялық жағын дамытуға өз үлесін қосқан Т.Сэвори   «Аударма өнері» кітабында (Лондон, 1952) аударманың мынадай 4 түрін көрсетеді:

—  Кемел құнды аударма – таза ақпаратты фраза хабарландырулардың аудармасы.
— Барабар аударма – мазмұны ғана маңызды, баяндалуы аса маңызды емес сюжетті шығармалардың аудармасы. Аударманың бұл түрінде аудармашы мағынасы түсініксіз сөзді немесе тұтас сөйлемдерді түсіріп тастайды да, түпнұсқаны басқаша баяндайды.

— Аударманың үшінші түрінің аты жоқ. Бұл классикалық шығармалардың аудармасы. Онда форманың да, мазмұнның да сақталуы маңызды.

— Аударманың  төртінші типі «барабарға» (2-ші типке) жақын. Бұл ғылыми-техникалық  материалдардың аудармасы.  Олардың пайда болуы тәжірибелік қажеттіліктерден туады. Тәржіменің бұл түрі аудармашыдан түпнұсқада сөз болып отырған жайт туралы көп білуді қажет етеді [1,Б.103-104].

   Ағылшын аударматануындағы «Аударманың лингвистикалық теориясы» еңбегінің (1965) авторы Дж. Кэтфорд аударманы мынадай түрге ажыратады:
— толық және ішінара аударма: Толық аудармада түпнұсқадағы бүкіл мәтін  аударылады, ал ішінара аудармада түпнұсқа мәтінінің бір бөлігі беріледі.
—  жаппай және шектеулі аударма: Жаппай  аудармада түпнұсқа барлық  тіл деңгейлерінде аударылған кезде, қарапайым аудармаға ат беру ұсынылса, ал шектеулі аударма дегеніміз қандай да бір деңгейдегі фонологиялық, графологиялық, грамматикалық және лексикалық деңгейдегі аударма дегенді білдіреді.
Американдық лингвист Дж.Касагранде өзінің «Аударманың мақсаттары» (1954) атты мақаласында аударманы 4 түрге бөледі:

— Прагматикалық аударма. Мұнда хабарламаны барынша дәл жеткізу көзделеді.
— Эстетикалық-поэтикалық аударма. Әдеби немесе эстетикалық тұрпатты жеткізеді.
— Этнографиялық аударма – түпнұсқаның мәдени контексін түсіндіреді.
— Лингвистикалық аударма. Бұл жерде түпнұсқа морфемаларының мағыналары көрсетіледі. [1, 113б.]

Израильдік ғалым Гидеон Тури «Аударма теориясын іздеу» (1980) кітабында аудармашылық қатынастардың  негізгі 4 түрі барын айтады: формалды қатынастың 2 түрі (этикалық): 1) бастапқы тіл мен аударма тілінің арасындағы (тілдік түр),             2) бастапқы мәтін мен аударма мәтінінің мәтіндік құралдары (мәтіндік түр); сондай-ақ, функционалды қатынастың 2 түрі (эмикалық):  1) бастапқы тіл мен аударма тілінің тілдік құралдарының функциялары арасындағы (тілдік түр), 2)  бастапқы мәтін мен аударма мәтін функциялары арасындағы (мәтіндік түр) [1, 133б.].

Аударма теориясының көрнекті маманы Л.С. Бархударов  мәтінде аударма тілдің қай деңгейінде жүзеге асады деген сұраққа төмендегі пікірімен жауап берген:

1) фонема (графема) деңгейіндегі аударма;
2) морфема деңгейіндегі аударма;
3) сөз деңгейіндегі аударма;
4) сөз тіркесі деңгейіндегі аударма;
5) сөйлем деңгейіндегі аударма;
6) мәтін деңгейіндегі аударма [2, 176-184-бб.].

         М.О. Әуезов 1955 жылы жазылған «Көркем аударманың кейбір теориялық мәселелері» атты мақаласында аударманың үш түрін атап өтеді. Бірінші – сөзбе-сөздік – әріпқойлыққа негізделген аударма.  Екінші – еркін аударма, аудармашының өзіншелеп әңгімелеп отырғанына өте ұқсас келеді. Соңғысы аударманың өте-мөте қонымды ғылыми дәлелденген түрі – шығарманың мазмұнын да, формасын да толығырақ беретін ғылыми дәл, балама аударма [5].

          Аударманы негізінен төмендегідей екі үлкен түрге бөлуге болады:
1) Ауызша аударма — бұл тәржіманың жазбаша түріне қарағанда күрделірек құбылыс; ақпараттың мазмұн межесін (план содержания) және құрылым межесін (план выражения) жазбай, ауызша жеткізу түрі. Сөйлеген сөздер, баяндамалар ілеспе түрде ауызша аударылады, шетелдерден келген  ресми өкілдер мен қонақтардың пікір алысуына аудармашылар көмектеседі.

  Ауызша аударманың екі түрі бар:
— ілеспе (синхронды) аударма;
— ізбе-із аударма.

       Ілеспе аудармабастапқы мәтінді тыңдап қабылдай отырып, ілесе, қосарласа,  бір мезгілде  аудару. Аударудың бұл түрі түпнұсқа мәтіннің айтылуымен қатар жүріп отырады. Арнаулы кабинеттерде ілеспе аударма  түпнұсқаның мәтінін  сөйлеушіге (мәтіннің авторына) ілесе отырып оқу арқылы, кей жағдайда сөйлеушінің ауызша баяндалған сөзін  алдын ала дайындықсыз тікелей аудару арқылы жүзеге  асырылады.
Ғалым Ә.Тарақов ілеспе аударманың күрделілігін танытатын төмендегідей

белгілерді атап өтеді:

а) бір мезгілде тыңдап әрі сөйлеу қажеттілігіне байланысты туындаған психофизиологиялық дискомфорт;

ә) баяндамашы не жарыссөзге шығушының микрофондағы сөзінің қайталанбауына қатысты психикалық кедергі. Өйткені баяндамашыны тоқтатуға, болмаса түсінбеген, не қалып қалған сөзін қайталап сұрауға болмайтындығы;
б) аударманың қайталанбауына және үлкен аудитория тыңдаушыларына байланысты психикалық кедергі. Аудармада қателескенді қайта түзеуге болмайтындығы әрі кешірім сұрауға келмейтіндігі;

в) сөз сөйлеудің жылдамдығына байланысты психофизиологиялық        кедергі [6,36,б.]
Ізбе-із аударма ─ мәтін тыңдалып болғаннан кейін жасалатын ауызша аударманың түрі. Ізбе-із аударманы шартты түрде екіге бөлуге болады. Олар: парақтан аудару және абзацты-фразалы аударма. Ауызша аударманың бұл түрі жауапты келіссөздер, саяси, экономикалық-қаржылық, құқықтық және басқа да мәселелер төңірегіндегі ресми кездесулер кезінде, пресс-конференцияларда, семинарлар мен дөңгелек үстелдер кезінде жүзеге асады.

2) Жазбаша аударма – жазбаша түрде жасалатын тәржіме түрі; қағазға түсірілген жазбаша мәтінді екінші тілге жазбаша түрде  аудару және бұдан алынған нәтиже. Барлық хат-хабар, ресми құжаттар, ғылыми және көркем шығармалар жазбаша аударылады. Түпнұсқа мәтін алдын ала танысу, көру, ойлау, пайымдау, талдау, зерттеу, сөздіктерді, басқа да лингвистикалық және лингвоелтанымдық, когнитивтік мағлұматтарды беретін анықтамалықтарға иек арту арқылы екінші тілге жазбаша түрде түсіріледі [7, 23б.]. Түпнұсқаның түрі мен мәніне қарай аударманың да қолданылатын әр алуан амал-тәсілдері бар. Мысалы, ресми құжаттарды аударғанда, түпнұсқаны қаз-қалпында бұлжытпай толық жеткізу көзделсе, ғылыми және техникалық шығармаларды аударғанда, белгілі салалардың терминологиялық ұғымдарын дұрыс беру көзделеді.

         Жазбаша аударма өз ішінде екі түрге бөлінеді:

1)   Көркем аударма — көркем әдебиет шығармаларын, яғни негізгі қызметі оқырманға көркемдік-эстетикалық әсер ету болып табылатын мәтіндерді аудару. Бұл процестің өтуі барысында аудармашының мүмкіндігі шексіз; ол екінші тілде жасалған мәтінді өңдеп, реттей алады. Әдеби немесе көркем аударма дегеніміз – бір тілде жазылған әдеби туындыны екінші тілдің құралдары көмегімен оқырмандарға жеткізу және түпнұсқасының стильдік, көркемдік ерекшеліктерін мейлінше нақты сақтап көрсету. Бұл жерде аудармадағы ең қиын нәрсе – лингвистикалық ерекшелігі емес, ол түпнұсқасының көркемдік жағын дұрыс жеткізу, яғни аудармашы туындының образдық әлемін, автордың идеясын, позициясын және стилін нақты, дәл көрсете білуі. Көркем аударманың бүгінгі әдеби процестегі алатын орны үлкен [8,150,б.].
Жақсы аударылған көркем аударма – сол тілдегі төл шығармалармен бірге өсіп, жымы білінбей біте қайнап сабақтасып кетеді. Ел мен елді таныстырады, жақындастырады, ұлттық мәдениетті байытады. Мұнда автор мен аудармашы өнер жарысына түседі, тіл мен тіл жарысқа түседі. Бұл ел мен елдің өнер жарысы. Демек, аударма шығармалар ұлттың ұлылығын, елінің елдігін дәлелдеудің бір жолы [9,40б.].

     Ақпараттың барлық дереккөздерін екіге бөлуге болады:
1) Жалпы дереккөздерге жалпы қолданысқа арналған сөздіктер мен энциклопедиялар жатады.

2) Арнайы дереккөздергеарнайы сөздіктер, арнайы энциклопедиялар, анықтамалықтар және ғылым мен техниканың әртүрлі салаларына арналған арнайы әдебиеттер жатады [12,38б.].

      Зерттеуші-ғалым А.Қ. Жұмабекова «Аударматанудың негіздері» атты кітабында аудармашылық қызмет субъектісінің  сипаты мен оның аударылып отырған мәтін авторына қарым-қатынасы бойынша ажыратылатын аудармалардың мынадай түрлерін келтіреді:

  1. Дәстүрлі (қолжазбалы) аударма – адам жасайтын аударма. Дәстүрлі аударманың келесі түрлері ажыратылады:

а) Авторлық емес аударма (немесе жай аударма) – түпнұсқа мәтінінің авторы болып табылмайтын аудармашының тәржімесі.

ә) Авторлық аударма (немесе авто аударма) – түпнұсқа мәтіні авторының өзі жасаған аудармасы.

б) Автор мақұлдаған аударма– автор талқылауынан өткен түпнұсқа мәтінінің аудармасы. [1,34б.]

  1. Машиналық (автоматты) аударма – арнайы бағдарлама бойынша компьютер жасаған аударма. Машиналық аударма негізгі үш жағдаяттарда сәтті қолданылуда [13]: Біріншіден, бағдарлама лексикалық және грамматикалық құрылымы шектеулі, стандартты, тар шеңберде мамандандырылған мәтіндерді аудару үшін құрастырылады. Екіншіден, машина арқылы түпнұсқаның жалпы мазмұны жайлы түсінік беретін көп көлемді аударманы алуға болады. Үшіншіден, жұмысқа редактор кіріседі. Ол мәтінді аударуға дайындайды, яғни машина үшін қиын сөздерін алып тастап немесе басқаша жазып қайта редакциялайды немесе аударылған мәтіндегі қателер мен дәлсіздіктерді түзетеді. [14,338б.].
  2. Аралас аударма – мәтіннің дәстүрлі (немесе машиналық) өңдеуінің едәуір үлесін пайдалану арқылы жасалған аударма.

       Аудармаға қойылатын басты талап – автордың стилистикалық өзіндігін сақтау, яғни адамдардың келбет-бітімі, жүріс-тұрысы бір-біріне қандай ұқсамаса, олардың сөз саптау машығы да бір-біріне сондай ұқсамайды, ендеше сол ерекшелікті айыра білу керек.

Мақаламның мазмұнын мынадай сөзбен қорытындылайын: «Егер белгілі бір ойды өз ана тілімізде дәл бере алмасақ, мұны тіліміздің оралымсыздығынан көрмей, өзіміздің дәрменсіздігімізден көруіміз қажет» (М.В. Ломоносов)

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ