МЕКТЕПТЕГІ МУЗЫКА ПӘНІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

0

Өнер-халық тарихының шежіресі. Өнерде өмір, тіршілік құбылыстары, адамның күйініш-сүйініші, қуанышы мен қайғысы бейнеленеді. Сөз, музыка, қолөнер де адам өмірінің сан ғасырлық тарихынан алуан түрлі сыр шертеді. Қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы ұлттық өнер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасты. Соның ішінде музыканың алатын орны ерекше.

Бабаларымыз көшпелі өмір салты кезінің өзінде-ақ балалардың музыкалық және эстетикалық тәрбиесіне зор көңіл бөлген. Кешқұрын киіз үйге жиналып, қосылып ән айтып, күй тарту үрдісін өнер мектебі деуге болады. Музыкалық тәрбиені ақын-жыршы, сал-сері, күйшілер жүргізген. Өнерпаз тұлғалардың ел алдында өнер көрсетуі балалардың музыкаға деген қызығушылығын оятып отырған.

Басты міндет-оқыту мен тәрбиелеу. Өз пікірінде көрнекті педагог В. Сухомлинский «Өнер — өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» -деп тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін қысқа да түсінікті түрде атап көрсетті. Сырлы да сазды әуендерді бүгінгі күн әуендерімен, классикалық музыкамен ұштастыра, шығармашылықпен тақырыпты аша түсіп, оқушыларды музыка әлеміне қызықтыра білу музыка мұғалімінің өз ісінде шеберлігін талап етеді  Оқуға ынтасы барды да, ынтасыздарды да, тәртіптілер мен тәртіпсіздерді де музыка әлеміне қызықтырып, оқушылардың рухани бейнесі, танымын қалыптастыра отырып, қоғамның саналы азаматы етіп шығаруда музыка пәнінің маңызы зор. Өйткені Музыка ырғағы кез келген оқушының сана түйсігі арқылы ойлау, қиялдау, елестету сынды психологиялық үдерістерді дамытуына өз септігін тигізері хақ.

Бастауыш сынып оқушыларына эстетикалық тәрбие беріп, олардың бойына туған өлкесіне, халқына деген адамгершілік пен сүйіспеншілік сезімдерін сіңіруде ұлттық музыка мәдениетінің алатын орны ерекше екендігі белгілі. Осы мәселелерді қайта жандандыру мақсатында оқушыларды қабілетіне қарай – жыраулық өнерге, терме айтуға, шешендікке тапқырлыққа, айтыс өнеріне үйретуде – ән-саз пәнінің алатын орны орасан зор. Олай болса, оқытумен тәрбиелеудің ой елігінен өтетін әдіс-тәсілдерін жаңашыл педагогтардың тапқан әдістемелерін біліп қана қою жеткіліксіз, оны әркім өз мүмкіндігінше күнделікті сабақта пайдалану қажет. Сонда ғана сабақ нәтижелі болып білім сапасы арттады.

Бастауыш мектеп оқушыларының білім алуында ерекше орын алатын пән музыка өнері болып табылады. Өйткені, әдемілік пен көркемділік адамның күнделікті өмірінде зор роль атқарады. Адамның қоршаған ортасы неғұрлым көркем болса, соның өзі адамды көңілдендіріп, еңбек пен өмір шабытын тудырады. Осы аталған әдемілік пен әсемдік әлемінен сыр шертетін әуезді ән өнері, кез-келген оқушының пәнге, сабаққа, өнерге деген қызығушылығын арттырып, көркемдік ой-өрісін дамытып, сұлулық әлемінен тәлім-тәрбие алуына септігін тигізетін ғылым саласының бірі. Сонымен қатар, ән-саз өнері оқушылардың рухани дүниетанымын молайтып, өнер құндылықтарын бағалай білуге де септігін тигізері хақ. Ән-саз өнеріне ден қойған оқушының бойында қатыгездік, тәртіпсіздік, бұзақылық сияқты келеңсіз қасиеттер кездесе бермейді. Өйткені оқушыны сезімталдыққа баулиды. Осы негізде ән-саз өнерінің салаларын жеке-жеке зерттеп, оқыту мәселелерін қарастыруымыз қажет. Зерттеу жұмысымыз өнердің соның ішінде ән-саз өнерінің жекелеген түрлерін зерттеп, олардың бір-бірімен байланысын, ерекшеліктерін, заңдылықтарын егжей тегжейлі даралап, салаларға бөліп ажыратып оны оқушылардың бойына сіңіру қажет деп тұжырымдауға негіз болды.

     Музыка пәні сабақтарының негізгі мақсаттары мынадай:

  1. Оқушыларға әндер үйретіп, оларды дұрыс айта білуге үйрету;
  2. Музыка әуенін өзінше талдап, тыңдай білуге үйрету;
  3. Ноталық жазудың бастапқы қағидаларын үйретіп, нотамен ән айтуға баулу;
  4. Белгілі бір музыкалық аспапты меңгеру, жаттықтыру.

     Балаларға музыканы оқытудың тағы да атап өтерлік тиімді жақтары баланың көркемдік әлемге деген ынтасын ояту, қызықтыру, оқушыда әуен-сазынан көркем бейне таба білу сияқты мақсаттардан көрінеді.

Ұстаздың белгілі бір ән-күй, шығармаға деген өзіндік көзқарасының болуы және оны бейнелі сөзбен, іс-әрекет, көркем қимылмен көрсете білуі сезімге әсер ету әдістемесі деп аталып, ол оқушы қабілетінің артуына игі әсерін тигізеді. Үлгі көрсету, жаттығулар көрсету ән-күй сабағына деген қызығушылықты оятады.

     Мектепте үйренетін ән-күйлерге қойылатын талаптар:

  1. Әндердің жоғары көркемдігі, еркін орындалу мүмкіндігі қаралады;
  2. Әндердің орындалу мүмкіндігін алдын ала тексеріп алу, қиындық туғызатын тұстарын меңгеру әдісін анықтап алу;
  3. Үйренетін әнге қызығушылық тудыратын әңгіме айту, оқушы қиялын ұштау;
  4. Ән-күйді тыңдау және айтып беру немесе ойнап көрсету;
  5. Ән-күймен танысқаннан кейін өткізілетін әңгіме-кеңес. Онда шығарманың мінезін анықтау:
  6. Көркемдік және техникалық қағидаларды сақтай отырып, әнді үйрену кезеңі.

     Әнді жаңадан үйрену жұмысын мынадай тәртіппен жүргізуге болады:

  1. Ұстаздың өзі орындап көрсетуі;
  2. Ноталық жазбаны қолдану;
  3. Ән әуенін жай екпінде, жеке фраза, шумақтармен үйрену;
  4. Ән иннотациясы мен ырғағының өте дәл орындалуын қадағалау;
  5. Әннің жеке кейбір қиындай жерлерін бөліп қарау;
  6. Ән мәтінінің логикалық шыңын анықтау, дикциямен жұмыс істеу;
  7. Ұстаз бен оқушының әнді орындау жоспарын ойластыруы;
  8. Екі, үш дауысты әндерді үйренуді әр дауысты жеке көрсетуден бастау керек. Дауыстарды қосуды біртіндеп сатылар жүргізу;
  9. Ән үйренуде дирижерлық әдістерді қолдану.

       6-сыныпта сазгер М.Сағатовтың «Туған ел» әнін дирижерлық әдіспен үйрету барысында әннің шумағы 2/4 өлшемімен айтылып,ал қайырмасы 3/4 өлшеміне өзгереді. Міне,осы тұста екпін де өзгереді. Осы әннің қиын жерін жеке бөліп қарап, оқушылардың нотадан ауытқуын қадағалау керек.

      Музыка әуенін тыңдап түсіну мәдениеті бала кездегі тәрбиенің негізінде қалыптасқаны жөн. Ол үшін оқушыны, ең алдымен, сезім байлығын дамытуға, есту, есте сақтау, қиялды ұштау және шығармашылық еңбекке үйреткен тиімді. Оқушыларды музыканы қабылдауға қызықтырып отыру — ұстаздың басты борышы. Мысалы, 5-сыныпта « Дәстүрлі күйшілік өнер» тақырыбын меңгерту барысында күй және күй түрлері туралы мәлімет беріліп және күйші композитордың өмірі, шығармаларымен таныстырып, тыңдатып, оқушыларды сезім әлеміне жетелеу керек.

      Музыканың түсінікті, әсерлі болып қабылдануы үшін мұғалімнің алдын ала жоспарлаған дайындық жұмыстары, көркемдік, педагогикалық, музыкалық талдаулары, әсерлі әңгіме суреттемелері оқушының музыка қабылдау сезімін дамытып, оның дұрыс қалыптасуына көмектеседі.

Мұғалім оқушыларға музыкалық есту қабілетінің, жалпы даму негіздерін нақтылы түсіндіріп бергені жөн.

Музыкалық есту өнерінің негізгі екі түрі болады:

1.Мелодиялық есту;

2.Гармониялық есту.

      Мелодиялық есту қабілеті естілген, әуен-сазды дәл қайталау арқылы көрінеді. 3-сыныпта музыка пәнін оқыту барысында Ы.Алтынсариннің «Кел,балалар,оқылық!» атты өлеңіне жазылған әнді үйретуде мұғалімге онша қиыншылық тумайды, себебі әннің сөзі оқушыларға таныс. Гармониялық есту түрі бірнеше дыбыстар (аккордтар) үндестігін ажырата білумен байқалады. Мысалы, 6-сыныпта сазгер А.Жұбановтың «Ақ көгершін» атты әнінің дыбыстарын ажыратуды, әнді тыңдауды және дұрыс орындауды үйрету. Себебі, ән екі дауысқа жазылған.

     Музыкалық есту қабілеті ән-күйдің мазмұнын, көркем ойын түсінуге, оны сезіммен қабылдауға, шығармалардың дыбыстық құрамын, ырғақтық, тембрлік ерекшелігін және дыбыстық ауқымын, формалық стилін анықтауға негіз болады.

    Сабақ барысында түрлі әуен-сазды тыңдап, олардың аттарын, формасын, дыбыстық ауқымын әңгімелеп отыру өте тиімді. Әуенді мәнерлі, таза айтып, оның ладтық ерекшелігін айыра білу оқушылардың музыкалық қабілетінің даму дәрежесін көрсетеді.

Оқушылар әуеннің (әннің) ырғағын дәл сезіне білу үшін олармен музыкалық –ырғақтық ойындар, түрлі жауап-сұрақтар, ырғақтық диктанттар және т.б. өткізіп отырамын. Сонымен қатар, оқушылардың музыкалық есту, ырғақ сезіну, қабілеттерін дамыту үшін халықтық әуендерді, классик композиторлардың, қазіргі заманғы авторлардың шығармаларын сабақ үрдісінде қолданып, оқушы белсенділігін арттыруға тырысу.

Оқушылардың музыкалық-шығармашылық қабілеттерін дамыту үшін халықтық қарапайым әуен-саздарын, мақал-мәтелдерін, балалар өлеңдерін және т.б. қолданып, сөзжұмбақтар құрастыруға, сөзтізбелер жасауға және т.б. баулимын, әуен жарысын ұйымдастыру.

      Музыка сабағы негізгі үш бөлімнен тұрады: ән үйрену, музыка тыңдау, музыкалық сауатты ашу. Ал сабақ арқауы: оқушы-ұстаз-музыка. Ал ұстаздың басты міндеті- оқушыларға музыканың мағынасына, көркем ойына терең үңіліп, өмірдің музыка өнерімен байланысын сезінуге, музыкалық білімнің негізін қабылдауға, шығармашылық үрдіске баулуға үйрету екенін айтып өтуге болады.

      Көрнекті музыка қайраткері Б.Ф.Асафьев «… Әрбір музыкалық элемент, термин түсіндірілуі үшін оған оқушының алдын ала алған өзіндік хабары болуы тиіс»,-деген екен. Мысалы, 5-сыныпта «қозғау белгілері,», «Минорлық дыбыс қатарының құрылысы» тақырыптарын меңгерту үшін мажор мен минорды көп тыңдаттырып, дыбыс бояуын ажырата білуге жаттықтырамын.

Ән салу адам жанының сұлулығына, ой мен ақыл қабілетінің арта түсуіне, көркемдік, сезімталдық, интеллектуалдық қасиеттерінің дамуына септігін тигізері сөзсіз екендігін айта кетуге болады. Өз іс-тәжірибемде жасөспірімдерді ән айту, ән өнеріне тәрбиелеуде қол жеткен жетістіктері осыны дәлелдейді.

Қорыта айтқанда бастауыш мектептегі музыка сабағы оқушыларды әсемдік әлемінің таңғажайып сырын терең түсініп, көркемдік атаулыны шынайы сезінуге, одан рухани ләззат, әсер алуға, өмір жайлы ой толғауға, ізгілікті мұрат мақсаттарға жетелеп, өнегелі істерге баулыйды. Музыка – құдіретті күш, жан дүниені ерекше әсерге бөлеп, адамды сәулелі өмірге жетелейтін сиқырлы өнер. Осы тұжырымдар  бастауыш мектепте музыка сабағын оқытудың маңызын айқындай түседі.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ