ҰЛТТЫҚ СӘНДІК-ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР АРҚЫЛЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ ШЕБЕРЛІГІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ

0

«Сәндік-қолданбалы өнер» ұғымы ХХ ғасырдың екінші жартысындағы алпысыншы жылдардың ортасында пайда болды. Бұған дейін ол халықтың қарапайым түсінігінде, «қолөнер» ұғымының аясында қабылданып, пайдаланылып келді. «Сәндік-қолданбалы өнер», «қолөнерінің» өңделіп жетілген формасы іспеттес болғандықтан, екеуін бір-бірінен бөлектеп қарауға болмайды, керісінше, олар бірін-бірі мазмұндық тұрғыда толықтыра түседі. Оны «қол өнер», «сәндік-қолданбалы өнер» ұғымдарына берілген анықтама-түсініктер дәлелдейді. Біз ғылыми еңбектерде осы ұғымдарға берілген анықтамаларды жүйеге келтіреміз және сәндік қолданбалы өнер, өзінің бастауын қолөнерден алады, қолөнер туындыларының ою-өрнекпен әшекейленуі сәндік-қолданбалы өнердің пайда болуына себеп болады, деп ой түйіндейміз. Ғалымдардың (К.Әмірғазин, Е.Асылханов, Қ.Болатбаев, М.Мырзақанов, Ж.Балкенов, С.Жолдасбекова, Ұ.Әбдіғапбарова және т.б.) «сәндік-қолданбалы» өнер түрлері бойынша ұсынған жіктемелеріне де жан-жақты сипаттама беріп топтастырамыз[1].

Жіктемелердің ішінде біз Ұ.Әбдіғапбарованың жіктемесін толығымен қолдаймыз, өйткені бұл қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің атқаратын міндеттерін толығымен ашып көрсетуге, әшекейлік (ою-өрнектік) мазмұнын бір-бірінен ажыратып көрсетуге, өнер түрлеріне қарай сұрыптап пайдалануға, сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің кейбіріне толықтырулар ендіруге мүмкіндік береді. Мысалы, зерттеу мақсатына қарай біз Тоқыма өнері, Киіз өнері Кесте және тігін өнері, Ши өнері топтамалары аясын былайша толықтырамыз: кілем (түкті кілем, тақыр кілем, басқұр, желбау, бау; қоржын, аяқ қап); алаша (қақпа, бұхар, кежім, терме); бізбен тоқу (киім, тұтыну бұйымдары); ілмекпен тоқу. Киіз өнері: киіз (ақ киіз, от киіз; текемет (ақ текемет); сырмақ; аяқ қап, қоржын, жайнамаз. Кесте және тігін өнері: киім тігу, тұрмыстық бұйымдар тігу мен кестелеу түрлері. Ұлттық киімдердің түрлері: ұлттық сырт киімдер: (жадағай, шапан, жарғақ шалбар, күпі, сырмалы шапан, тайжағы, тон, ішік, шапан, шидем); сұлықтар: «аба, кебенек, кенеп, сырттық, шекпен);  іш киімдер (бешпент, дамбал, жейде, көйлек, камзол, шалбар, жеңсіз); ерлердің бас киімдері (бөрік, далбағай (жалбағай), жекейтымақ, күлапара, қалпақ, құлақшын, малақай, мурақ, тақия, тымақ, шалма); әйелдердің бас киімдері (тақия, бөрік, сәукеле, жаулық, желек, қасаба, кимешек, қарқара). Төсек жабдықтары: көрпе; шымылдық; төсеніш көрпеше; құрақ көрпе; жапқыш; ақ жайма. Ши өнері: орама ши (алаша ши, есік ши, жолым ши және т.б.); ақ ши (өре ши, мал соятын ши, ас шиі, қазақ ши, киіз басатын ши, қабырға ши және т.б.; шым ши (кілем ши, тұс ши және т.б.); шиден жасалатын тұрмыстық заттар (масахана, шыпта, қабырғалық, терезе жапқыш, шәйнек түп, кесе түп, қазан түп және т.б.).

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің бұл түрлерінің өзіне тән мазмұны, ерекшеліктері, әшекейлік ою-өрнектері бар. Ою-өрнек латынның ornament — әсемдеу, сәндеу деген сөзінен шыққан. Оған көптеген ғалымдар (А.В.Филипов, С.В.Иванов, И.Г.Ковалев, К.Е.Ибраева, К.К.Ералин, Ж.Балкенов және т.б.) өздерінің анықтамаларын берген. Олардың бірі «Ою-өрнекті үйлесімділік өнер десе, екінші – символдар байланысы, үшіншісі бейнелеу өнерінің өте ертеден келе жатқан түрі, төртіншісі – адамға қажетті тұрмыстық идеяларды шартты символикалық пішінде суреттейтін бейнелеу өнерінің айрықша түрі, бесіншісі қазақ ою-өрнегі көркем бұйымдарды әшекейлеудің ең басты көркемдік элементі, тағы бірі  қазақтың өрнегі – қазақ халқының мәдени жетістіктерінің негізгі бөлігі және заңды жалғасы деп түсіндіреді.

Солардың ішінде «ою-өрнек» ұғымдық мәнін С.Қасиманов, Ұ.Әбдіғапбарова толық ашып көрсетті десе болады. Егер С.Қасиманов: «ою» деген сөз бен «өрнек» деген сөздің мағынасы бір. Бұл сөздің ұғымында бір нәрсені ойып, кесіп алып жасау, немесе екі затты оя кесіп қиюластырып жасау, бір нәрсенің бетіне ойып бедер түсіру деген мағына жатады. Қазақ көбінесе бір өрнекке салып қиып алған үлгіні, үлгіге салып кескен сырмақтың қиығын, сондай-ақ барлық қошқар мүйіз өрнектерін де «ою» дейді. Ал «өрнек» дегеніміз әр түрлі ою, бедер, бейненің, күйдіріп, жалатып, бояп, батырып, қалыптап істеген көркемдік түрлердің, әшекейлердің ортақ атауы іспеттес. Сондықтан, көбінесе «ою-өрнек» қосарланып айтыла береді» — десе, Ұ.Әбдіғапбарова: «қазақ ұлттық ою-өрнегі дегеніміз, адам өміріне қажетті заттарды, бұйымдарды, архитектуралық құрылыстарды сәндеуде, халықтың тыныс-тіршілігін, қоршаған ортаға көзқарасын, одан алған эмоционалдық-эстетикалық әсерін және ой-арманын, тілек-мүддесін әсем талғаммен өзара үйлесімділікте бейнелі жеткізуге ықпал ететін нақыштар» — деп ой тұжырымдайды. Екі түсінік те бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін-бірі толықтыра түседі, ою-өрнек ұғымынан толық мағлұмат алуға көмектеседі[2].

Сонымен, сәндік-қолданбалы өнер түрлеріне жасаған талдау оларды технологиялық мүмкіндіктеріне қарай жіктемелеуге (бұйымды жасау үшін қолданылатын материалына қарай,  бұйымдарды қолдануына қарай; дайындау әдісіне қарай; көркемдік әшекейленуіне қарай; мағынасына қарай) септігін тигізді.

Әрине, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының әрбір тобын өз кезегінде көркем кәсібіне қарай бөлуге де болады, өйткені әрбір кәсіптің өзінің өрнегі, түр-түс  үйлесімі, жасау әдісі және бұйымды әрлеу мен басқа да ерекше белгілері болады. Мысалы, қазақ халқы киіз, текемет, сырмақ, түс киіз және т.б. бұйымдарға ою, өрнек түстерін орналастырғанда өзіндік ережеге сүйенген, олардың бояуын белгілеуде үлкен жауапкершілікпен, талғаммен қараған. Қыздардан бояулар үйлесімділігін нәзік сезінуді, кескіндеменің заңдарын түсінуді, геометриялық сызықтар  мен  фигураларды  білуді,  табиғаттың  табиғи  формаларын  түсінуді талап еткен. Түс киіздің бірнеше түрлерін меңгерткен (алуан түрлі ою-өрнек түсірілгені, жібек жіппен кестеленгені, зер жіппен гүл, өрнек түсірілгені, оқаланғаны, төңірегіне құндыз ұсталғанды, кей жеріне алтын, күміс теңгелер мен  меруерт  маржан  қадалған  аса қымбат түскиіздердің ортасына жолбарыс, ілбіс, қабылан, сілеусін және т.б. аң терілерін жапсырған түрлері). Ал бұл болса, біріншіден, қыздардың көркемдік-эстетикалық талғамын дамытқан, екіншіден, конструкторлық білімнің элементтерін меңгерткен, үшіншіден, экономикадан түсінігін жетілдірген, төртіншіден, шығармашылық қабілеттерін шыңдаған, бесіншіден, рухани-адамгершілік қасиеттерін қалыптастырған. Бұның бәрі нәтижесінде технологиялық мәдениеттің негізін құрған[3].

Сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің технологиясын меңгертуде қазақ халқы нақты қағидаларды (еңбек түрлеріне баланы жастан баулу, оларға сыйластық көзқарасты қалыптастыру, еңбек түрлерін біріндеп күрделендіріп отыру ұжыммен бірлесе отырып еңбек етуге баулу және т.б.), педагогикалық принциптерді (халықтық, табиғилық, көрнекілік, түсініктілік, жүйелілік, бірізділік, жас және дара ерекшеліктерін ескеру, өмірмен байланыстылық және т.б.) тірек еткен. Әртүрлі әдіс-тәсілдерді (көрсету, түсіндіру, әңгімелеу, тапсырма беру, жаттықтыру, сендіру, сенім арту, мақтау, мадақтау, марапаттау, түзеу, бағалау, қолдау, ынталандыру және т.б.) пайдаланған. Тәрбие құралдарының міндетін халықтың ауызекі шығармашылығы, салт-дәстүрлер, мерекелер, ұлттық ойындар және т.б. атқарған. Олар балалар мен жеткіншектердің логикалық ой-өрісінің, дүниетанымының, эстетикалық талғамының, адами асыл қасиеттерінің дамуына, рухани-мәдениетінің, технологиялық мәдениетінің қалыптасуына үлкен септігін тигізді, еңбек технологиясының ереже-талаптарын меңгеруге көмектесті.

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері өзінің тәрбиелік мүмкіндіктерін бүгін де жоғалтқан жоқ, керісінше, заман талабына қарай, оның көкейкестілігі бұрынғысынан да артып отыр. Оны өнертану, педагогика ғылымдары саласында жарық көрген еңбектер дәлелдеуде. Ол туралы біз жоғарыда айтып өттік. Ал жалпы орта білім беретін мектептің 5-9 сыныптарына арналған «Технология» пәні бағдарламаларына (2004, 2006 жж.) жасаған талдау болса, қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің оларға оқушылардың жалпы танымдық көзқарасын дамыту, түсінік беру, таныстыру мақсатында ендіріліп отырғанын, технологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында қарастырылмағанын көрсетеді.

Біздің пайымдауымызша, бағдарлама бөлімдеріне қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерін көбірек ендіріп, оның өзіндік ерекшеліктерімен, мазмұнымен, балалар мен жеткіншектердің технологиялық мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктерімен, оларды жасау технологиясымен оқушыларды таныстыру орынды болады. Еңбекке оқыту мен тәрбиелеудің мазмұны   қазақ   халық   педагогикасы   материалдарына,  соның  ішінде  қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнеріне негізделуі қажет. Бұл біріншіден, халықтың сәндік-қолданбалы өнер түрлерінің қағидаларын зерделеудегі сабақтастықты қамтамасыздандырады, екіншіден, әрбір сынып оқушылары үшін меңгерілетін сәндік-қолданбалы өнер түрлерін олардың күрделілігіне, жасалу технологиясына қарай, айқындауға, іс-әрекеттерде кездесетін жалпыламалық әдіс-тәсілдерді, білім, іскерліктерді саралап көрсетуге, оларды еңбектің жаңа бағытында, бүгінгі күннің талабын ескере отырып жаңа технологияда пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, оқу әрекеті теориясының мақсатты бағыттылығына сәйкес (П.Я.Гальперин, Д.Б.Эльконин және т.б.) оқыту басынан бастап, негізгі мазмұны ғылыми біліммен байланысты болуы үшін ғылыми-теориялық әрекеттің сипатын ұстануы керек. Оқушылардың технологиялық тапсырмаларды саналы түрде орындау барысында қолданған тапсырмаларына жасаған талдауды негізге ала отырып, технологияны меңгерту бағыты мен политехникалық сипаттағы мәліметтерді сұрыптаудағы, жүйелеудегі әртүрлі ұстанымды ескере отырып және іс-әрекет теориясына негізделген осы мазмұнды оқушылардың технологиялық даярлығы тұрғысында қарастыра отырып, оқу мазмұнының құрылымында мыналарды қарастыру қажет:

— сәндік-қолданбалы өнер түрлеріндегі еңбек нәтижесінің өзіндік ерекшелігі туралы функционалды білім;

— жұмыс барысында қолданылатын сәндік-қолданбалы өнер түрлері. Олардың қасиеттері, шығу тарихы, көркем қолөнерде немесе үй шаруашылығы мен халық шарушылығында пайдалану;

— сәндік-қолданбалы өнер түрлерін даярлайтын құрал-жабдықтар. Олардың міндеті, мақсаты, пайдалану бағыттары, жұмыс тәсілдері. Еңбектегі қауіпсіздік. Тарихи мағлұматтар;

— өнімдерді өндіру процесінде жүзеге асырылатын сәндік-қолданбалы өнерге қажетті шикізаттардың, материалдардың жағдайы немесе өзгеріске түсетін формалары мен қасиеттерінің тәсілдері мен амал-жолдары;

— сәндік-қолданбалы өнер түрлерін даярлау барысында жұмыс процесін ұйымдастыру. Адамдардың еңбек әрекеті, олардың қазіргі өндірісте пайдаланылатын сәндік-қолданбалы өнер түрлеріне деген көзқарасы;

— технологиялық құжаттар. Оларды өңдеу және жұмыс процесінде пайдалану;

— сәндік-қолданбалы өнер түрлеріне байланысты еңбек әрекетіне оңтайлы амал-жолдарды таңдауға ықпал ететін ғылымға негізделген (экономика, экология, эргономика, дизайн, графика және т.б.) білім элементтері.

Бұл технология сабағында қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнер түрлерін, оның технологиясын оқушыларға бірізділікте меңгертуде көмектеседі. Еңбекке баулудағы оқу мазмұнының сабақтастығы технологиялық процестердің типтеріне, пайдаланылатын сәндік-қолданбалы өнер материалдарының өзіндік сипаты мен жасалу тәсілдеріне қарай негізделуі керек. Оқушылардың технологиялық мәдениетін қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері арқылы қалыптастыру процесі оның мазмұнын нақтылауды талап етеді. Біз теориялық бөлімде берілген қағидаларды негізге ала отырып технологиялық мәдениеттің мазмұндық компоненттерін саралап аламыз: эмоционалдық-мотивациялық, мазмұндық, іс-әрекеттік. 5-9 сынып оқушыларының жас және психологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әрбір компоненттің мазмұнына тоқталамыз.

Сәндік-қолданбалы өнер түрлері мазмұнын сұрыптауда біз дидактикада қалыптасқан принциптермен бірге (жүйелілік, түсініктілік, көрнекілік, ғылымилық, саналылық, бірізділік, белсенділік)  қазіргі теория мен практикада сирек пайдаланылатын, сәндік-қолданбалы өнер түрлері арқылы оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыруда тиімді нәтиже беретін жаңа принциптерге де (дамыту принципі, әлемдік бейненің тұтастық принципі, мәдениетке сәйкестілік принципі, технологиялық білім беру мазмұнының вариативті принципі, проблемалық принципі) аса мән береміз.

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнері түрлерін меңгерту процесінде оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында әртүрлі әдіс-тәсілдерді (сөздік, көрнекілік, аудиокөрнекілік, практикалық, салыстыру, теңестіру, ақпараттық, эвристикалық, қорытындылау, іздестіру және т.б.) пайдаланамыз.

Соңғы жылдары «Технология қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерін меңгерту мәселесіне аса мән беріп отыр. Бұл орынды да, өйткені қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің оқушылардың технологиялық мәдениетін қалыптастырудағы мүмкіндіктері өте жоғары[4].

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ