ЖОҒАРЫ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ЭТНОТОЕРАНТТЫ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУДЫҢ МОДЕЛЬДІК ҮРДІСІ

0

 

         Ұлттық және ұлтаралық қатынастардың теориялық-ақпараттық негіздерін зерттеу модельдеу мен қайта құрастыру әдістерінің көмегімен жүзеге асырылуы мүмкін. Мәселен, сабақ жағдайында әртүрлі халықтарда әртүрлі кезеңдерде қабылданған тұрмыстың, әдет-ғұрыптардың әртүрлі жақтарын қайта жаңғырту, өмірдің жекелеген тұстарын, этносаралық өзара әрекеттесудің барысында пайда болатын кәдуілгі жағдайларды (жоғары сынып оқушыларына осы жағдайлардан өз беттерінше шығып кетудің жолын табу ұсынылады) модельдеу, немесе қандай да бір тарихи оқиғаларды ауызша әңгімелер немесе көріністер түрінде көрсетіп беру.

Оқушылардың арнайы дайындалған, педагогталған ортада жат мәдениетпен кездесуі арнайы ойын жағдайларында құрастырылуы мүмкін. Мұнда оқушылар өздеріне әртүрлі мәдениет өкілдерінің рөлін алады және өздерінің жаңа мәдени позициясын ұстап тұруға тырыса отырып (бұл әрине олардан түпкілікті дайындықты талап етеді), қандай да проблемалар бойынша ойын сценарийінде қарастырылған «мәдениетаралық» сұхбатқа кіріседі. Жағдайларды осылай модельдеуді мектептегі кәдімгі сабақтардың шеңберінде ұйымдастыруға болады. Бұл жерде үлкен әлеуетке тарих, адам және қоғам, әдебиет, шет тілі, география сабақтары, сондай-ақ факультативтер немесе гуманитарлық бағыттағы үйірмелер мен сынып сағаттары ие болады.

Этнотолерантты мәдениетті дамытуға бағытталған педагогикалық жүйені құрудың технологиялық шарттары осы қасиетті тәрбиелеуге септігін тигізетін қазіргі заманғы білім беру технологияларын пайдалануды талап етеді. Мұндай технологияларға біз, ынтымақтастыққа, талаптар педагогикасынан қатынастар педагогикасына өтуге бейімделген модульдік технологияны, ойын, проблемалық технологияны, ИКТ технологиясын және т.б. жатқызамыз.

Мәселен,модульдік технологияны пайдалану кезінде сабақтарда мөлшерленген материал беріледі. Оқушы ұсынылып отырған алгоритмдік тапсырма бойынша қандай ақпаратты және не үшін игеріп жатқандығын өз бетінше түсінеді. Сабақтарды «Қазақстан – өзінің барлық азаматтарының Отаны» курсы бойынша құрудың модульдік сипаты, құрамдас ішкі модульдері (циклдері, торлары) «мұғалім — оқушы», «сабақ беру — оқу» жүйесіндегі субъект-объект қатынастары, дидактикалық шарттар, курс бойынша ішкі, сыртқы қатынастар мен оқушылардың этнотолерантты мәдениетінің даму стратегиясын белгілеп беретін дидактикалық принциптер болып табылатын бүкіл оқыту үдерісін жүйелі түрде елестетуге мүмкіндік береді. Жалпылама алғанда модульдің құрылымы бірнеше блоктан тұрады – олар теоретикалық блок (тақырыпты, проблеманы негіздеу, оқушылардың іс-әрекетін мотивациялау, мақсаттарды, мәселенің теориясын ашу алгоритмін белгілеу); практикалық блок (мәселені, проблеманы технологиялық қатарлар – дебаттар, дискуссия, семинар, коллоквиум, проблемалық баяндау, лекция арқылы); бақылау-түзету блогы (жобаны құру, жобаны талқылау және қорғау, оқушылардың ғылыми конференциясында сөз сөйлеу). Модульдік технология проблемалық-ізденіс қызметінің мәселелерін шешуге, мәселені немесе проблеманы өз бетінше зерттеуге мүмкіндік беретіндігін, мұның өзі дүниетанымдық мақсаттардың белсенділендірілуінде, этнотолерантты мінез-құлықта және әртүрлі мәдени қауымдастықта өзара әрекеттесу ептілігінде көрінетіндігін атап көрсетуге болады.

Ойын технологиясын пайдалану этнопедагогика тәсілдерімен оңтайлы ілесіп жүруі мүмкін, себебі ойындар халықтық педагогикада әрқашан да кеңінен қолданылып отырған. Ойындарға қарағанда педагогикалық ойынның елеулі белгісі бар – ол оқыту мен тәрбиелеудің анық қойылған мақсаты және соған сәйкес педагогикалық нәтиже.

Ойын технологиясы сабақтарда талаптандыру, оқушыларды оқу іс-әрекетіне ынталандыру амалы ретінде көрінетін ойын тәсілдері мен жағдайларының көмегімен жүзеге асырылады. Педагогикалық мақсат оқушылардың алдында ойын тапсырмасы формасында қойылады; оқу іс-әрекеті ойын ережелеріне бағындырылады; оқу материалы оның құралы ретінде пайдаланылады, оқу іс-әрекетіне педагогикалық міндетті ойын міндетіне айналдыратын сайыс элементі енгізіледі; тапсырманың сәтті орындалуы ойын нәтижесімен байланыстырылады[1].

Жоғары сынып оқушыларының этнотолерантты мәдениетін дамыту барысында ерекше рөлді іскерлік ойындар, олардың әртүрлі модификациялары – имитациялық, операциялық, рөлдік, іскерлік театр, психологиялық және әлеуметтік драма атқарады.

Жоғары сынып оқушысының этнотолерантты мәдениетін дамыту барысында ерекше маңыздылыққа ақпараттық технологиялар ие болады, оларды оқу үдерісінде қолдануға Г.К. Нұрғалиеваның, Р.Ч. Бектұрғанованың, Е.В. Артықбаеваның, Е.С. Полаттың, И.В. Роберттің, А.И. Тәжіғулованың және т.б. еңбектері арналған.

Ақпараттық технологиялар бүкіл әлемдік қауымдастық шеңберінде біртұтас білім кеңістігін қалыптастыруға септігін тигізеді. Олар этнопедагогикамен ілесе жүрудің ең үлкен мүмкіндігін береді. Барлық елдердің этнотолерантты мәдениетті дамытудағы тәжірибесі қазіргі заманғы ақпараттық суперарналарға, білім саласындағы халықаралық мәліметтер банкіне, жергілікті және жаһандық торап ресурстары болып табылатын кітапханаларға, мерзімдік басылымдарға, электронды оқулықтарға қол жеткізудің арқасында пайдаланылуы мүмкін. Оқушылар WEB-серверлермен жұмыс істейді, өздерінің WEB-парақтарын жасайды және оларға өздерінің мектептері мен өздерінің қызығушылықтары жайлы ақпаратты орналастырады. Мектептерде телекоммуникациялық желілерді пайдалану әртүрлі масштабтағы телеконференцияларға қатысуға мүмкіндік береді. Әртүрлі қалалар мен әлемнің әртүрлі елдеріндегі құрбы-құрдастарымен виртуалды сыныптарда жұмыс істеудің, қашықтан өткізілетін олимпиадалар мен байқауларға қатысудың мүмкіндігі бар, бұл оқуға деген мотивацияны және жоғары сынып оқушыларының этнотолерантты мәдениетінің даму тиімділігін едәуір арттырады [2].

Ақпараттық технологияларды пайдаланатын әдістер – бұл ізденіс-зерттеу бағытындағы тапсырмаларды қолдану, олардың аса маңызды сипаттамалары мыналар болып табылады:

1) тапсырмалардың мазмұны ізденіс-зерттеу, білім беру-тәрбие бағытына ие; осыған орай оқушылардың мәселелерді шешуге тартылуы болашақта оларда әлеуметтік-азаматтық проблемаларды шешу тәсілдерінің пайда болуына алып келеді;

2) тапсырмалар қандай да бір оқу пәніне қатаң қарамайды, бұл оқу үдерісінде пәнаралық байланыстарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді;

3) мұндай тапсырмаларды орындауды ұйымдастыру оқушылардың жұмысының жеке-дара формасының да, сондай-ақ топтық формасының да болуын қарастырады; тапсырмалар «Қазақстан – барлық өз азаматтарының Отаны» курсы бойынша оқытудың барлық кезеңдерінде қолданыла береді. (білімдерді қабылдау, оларды ойша талдау мен ұғынуды бекіту мен жүйелеу, қорыту, қолдану арқылы);

Ізденіс-зерттеу бағытындағы тапсырмаларды орындаудың нәтижесінде оқушыларда теориялық, шығармашылық ойлаудың тәсілдері дамиды, олардың белгісі мақсат қою, жобалау мен құрастыру, мәселелелерді шешудің әдістерін ауыстыру немесе модельдеу (үлгілеу) қабілеті болып табылады; олар жүйелі талдау дағдыларына, іс-әрекеттің жақын арада және сондай-ақ ұзақ уақыттардан кейін болатын салдарын болжау, оларды қойылған мақсатпен салыстыру ептіліктеріде болады. Аталмыш ептіліктер мен дағдылар түрлі мәдениетті білім кеңістігінде өзара тиімді әрекеттесуге септігін тигізетін этнотолеранттты мәдениеттің негізін құрайды.

Әдістердің үшінші тобына біз жоғары сынып оқушыларының тіршілік әрекеті мен мінез-құлқын қалыптастырудың әдістерін жатқызамыз, олар балалардың тәжірибесінде мінез-құлықтың оң әдістері мен формаларының және өнегелілілік мотивациясының бекітілуі мен қалыптасуына септігін тигізеді. Оларға қандай да бір маңызды іс-әрекетте (білім) табысты қалыптастыру әдістерін, тәрбиелеуші жағдай әдісін, жарыс әдістерін, марапаттау әдістерін және т.б. жатқызуға болады. Бұл әдістер педагогикалық жүйенің әрекет етуінің барысында келесі міндеттерді шешеді:

  • жоғары сынып оқушыларының мінез-құлқы мен іс-әрекетінде этнотолерантты тәжірибенің жинақталуы;
  • мәдениетаралық қатынастар мен мәдениетаралық байланыстардың қалыптасуы.

Осынау әдістерді педагогикалық ғылымда тиімді қолданудың шарттары – қалыптастырылатын ептіліктердің, этнотолерантты қасиеттер мен толерантты мінез-құлық әдеттерінің мақсатын белгілеу; ұсынылып отырған іс-әрекеттің мақсаты мен іс-әрекеттің өзіне дұрыс көзқарасты қалыптастыру; әрекеттерді үлгінің негізінде орындау; белсенді дербес ұстанымды қалыптастыру; табысқа сүйену.

Егер де мектептің этнотолерантты кеңістігі мектеп тұрған социумның этнотолерантты ортасына өздігінен кіріккен болса, этнотолерантты мәдениетті дамытуға бағытталған педагогикалық жүйені құру табысқа ие болуы мүмкін. Мұндай кірігу білім беру субъектілерінің танымдық, мәдени-білім қажеттіліктерінің қанағаттандырылуы мен дамуына, олардың этномәдени мүдделер саласындағы шығармашыл әлеуетінің дамуына септігін тигізеді; жағымды әлеуметтік-психологиялық ахуалдың, ізгі ниет пен өзара жауапкершілік сезімінің қалыптасуын қарастырады; тұлғаның өзін-өзі дамытуына және этносаралық өзара әрекеттесуде тәжірибенің өрісінің кеңеюіне септігін тигізеді.

Кірігудің мазмұны мынаны қарастырады:

  • мектептер мен жоғарғы сынып оқушыларының іс-әрекеттерімен байланысты өзге де әлеуметтік-мәдени нысандарда білім беру үдерісін оқушылардың этнотолерантты мәдениетін дамытуға бағытталуын үйлестіруші ғылыми оқу-әдістемелік орталықтарды құру ;
  • оқушыларға арналып этнотолерантты тәрбие мәселелерін шешуге шоғырланған арнайы курсты жасап шығару және пайдалану;
  • этнотолерантты біліктілікті тасымалдаушы педагогтарды дайындау (арнайы курстар, біліктілікті көтеру курстары);
  • оқушыларды этносаралық қарым-қатынасқа тарту, қоғамдық, ұлттық-мәдени ұйымдармен әріптестік[3].

Жалпы білім мектептерінде ғылыми оқу-әдістемелік орталықтарды құру ерекше назарға лайық, олар педагогикалық жүйеде мынадай қызметтерді атқара алады:

  • оқушылардың этнотолерантты мәдениетін дамытуға қарай бағытталған ғылыми-әдістемелік, үйлестірушілік бағыттағы қызмет;
  • мемлекеттің этносаясатын, «толеранттылық», «этнотолеранттылық» ұғымдарын зерттеуге бағытталған оқыту қызметі;
  • оқушылардың этнотолерантты мәдениетінің құрамдас бөлігі ретіндегі мінез-құлық біліктілігіне ие болуға қарай бағытталған әлеуметтік-педагогикалық қызмет;
  • оқушылардың этнотолерантты мәдениетінің қалыптасып болғандығын диагностикалауға бағытталған диагностикалық қызмет;
  • түрлі мәдени орта субъектілерінің арасындағы коммуникативтік байланыстарды орнатуға бағытталған келістірушілік қызмет;
  • оқушылар ортасында өзара қарым-қатынас проблемаларын шешуге қарай бағытталған кеңес беруші қызмет;
  • оқушылардың этнотолерантты мәдениетін дамытуға қарай бағытталған дамытушы қызмет;
  • қарым-қатынастағы олқылықтарды жоюға бағытталған түзетуші қызмет;
  • әрбір балаға қызығушылық танытуға, оның өзіндік құндылығын құрметтеуге, жеке адамның өзін іс жүзінде көрсетуге бағытталған субъективтік қызмет;

Жоғары сынып оқушылары үшін арнайы курсты жасап шығу, жоғары сынып оқушыларына арналған «Қазақстан – барлық өз азаматтарының Отаны» атты электронды оқу-әдістемелік кешенін білдіреді[4].

Курстың проблемалық-мазмұнды өрісі оның жеке тақырыптарымен де, сондай-ақ толассыз проблематикамен де қалыптасады, мұның құрамына мыналар кіреді:

  • әртүрлі халықтардың, діндердің, мәдениеттердің бірлесе тіршілік ету проблемасы, этнотолеранттылық феноменологиясы;
  • адамдар қауымдастығы мен жекелеген адамдардың қиын-қыстау сәттерде аман қалу проблемасы;
  • Қазақстандағы толеранттылық моделінің ғажайыптығы мен әмбебаптылығының проблемасы.

Педагогтарды жоғары сынып оқушыларының этнотолерантты мәдениетін дамытумен байланысты мәселелерді шешуге дайындау мұғалімдерге арналған «Этнотлеранттылық педагогикасы»деп аталатын арнайы курсты жасап шығумен, оны жүзеге асырумен және оны тұрақты жүргізіліп тұратын семинар сабақтарында оқып-зерттеумен байланысты. Курстың мазмұны педагогтың этносаясат, этнология, этнопсихология, педагогикалық этика, моральдық-психологиялық мәдениет бойынша және оның оқушылармен қарым-қатынасында болатын «кедергілерді» жою бойынша, сондай-ақ педагогтың жоғары сынып оқушыларының этнотолерантты мәдениетін дамытуға бағытталған іс-әрекетінде адамгершілік негіз бен аса маңызды идеологиялық компонент ретіндегі азаматтық этика мен саяси мәдениет бойынша білімін кеңейте түседі.

Оқушыларды этносаралық қарым-қатынасқа тарту, қоғамдық ұлттық-мәдени ұйымдармен әріптестік жоғары сынып оқушыларының этнотолерантты мәдениетін дамытудағы маңызды элемент бола алады[5].

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ