Балалар әдебиетіндегі мазақтама жанры

0

Халық арасы, ел iшi әрқашанда күлкiге бай. Адам бойындағы кемшiлiктi келемеждеу, орынсыз қылықтарды мысқыл нысанасына алып, сықақтау халық тiршiлiгiнде ертеден бар жасампаз дәстүр. Мұндай iске, әдетте, балалар да ерекше құмар болады. Табиғаттарының өзi тез тұтануға, көңiлдiлiкке, жеңiл әзiл-оспаққа, ойын-күлкiге бейiм балалар әрнәрсенi мазақ етiп, әжуаға айналдыруға дайын тұрады. Сондықтан да болар, жеткiншектер арасында бұл тектес өлеңдер өте мол тараған. Мазақтамаларға 6-12 жас аралығындағы балалардың өте әуес болатындығы байқалады. Бұл кезеңдегi балалар бiр-бiрiне ат қойып, айдар тағуға кез-келген жағдайда бiр-бiрiн келемеждеуге ыңғайланып тұрады. Және ол келемеждерiн көбiнесе өлең жолдары арқылы бiлдiредi. Мұндай өлеңдердiң кейбiрi үлкендер репертуарынан келсе, көпшiлiгi балалар арасында ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан тұрақты тiркестер болып келедi.

Балалар мазақтамаларының мазмұны, тақырып объектiсi жағынан: 1. Балалар атына ұйқастырылған (рифмованные прозвища) мазақтамалар. 2. Бала бойындағы, мiнезi мен әрекетiндегi түрлi кемшiлiктердi күлкi етуге арналған сайқымазақ мазақтамалар, – деп екi жiкке бөлiп қарастыруға болады. Бiрiншi топтағы мазақтамаларда, әдетте, кез-келген баланың аты алынады да соған ұйқастырылып мазақтау өлеңi шығарылады. Олардың iшiнде: Менiң атым – Сүйiмжан, Тентекпiн-ау құйыннан! Жаман тоным жалп етiп, Құлап қалдым сиырдан, – деген белгiлi-бiр атқа ғана тиiстi, оның орнын басқа бала атымен ауыстыруға көне бермейтiн тұрақты мазақтамалар да, Пәленше, жақсы баласың, Айтқан тiлдi аласың, Айтқан тiлдi алмасаң, Арам қатып қаласың. Немесе: Пәлен – батыр, Жолда жатыр, Түйе теуiп, Iшi кеуiп, Өлгелi жатыр, – деген сияқты қалаған атты қосып айта беруге болатын жалпы мазақтамалар да болады. Бұл топтағы мазақтамаларда сыналатын кемшiлiктер өлең арнаған баланың бойында болмауы да мүмкiн, бiрақ аты өлеңге ұйқас келсе болды балалар бiрiн-бiрi ызаландыру, күлкi тудыру мақсатында айта бередi. Екiншi топтағы мазақтамалар кiсi атына байланысты емес, ол бала бойындағы, мiнез-құлқындағы түрлi кемiстiктердi күлкiге айналдырады. Мысалы, тiлi мүкiс, тiсi кетiк, басы таз балалар, өз құрбыларына қарағанда әлсiз, жасық, әдепсiз, iске орашолақ балалар осы топтағы мазақтамалардың негiзгi нысанасы. Мысалы: «Р»-ды айта алмайтын баланы: Сақау, сақау, сақылдақ, Сен сақауға не қылдық? Қарағайдың бұтағы, Қай тiсiңдi бұтады? «Бар» дегендi «бай» дейсiң, «Нар» дегендi «най» дейсiң, «Р»-ды кiмдер жұтады, – деп мазақтаса, әдепсiз баланы: Ерiнiңдi шығарсаң, елiк бол, Ендiгi айда желiк бол. Ерiнiңдi кесiп ал, Бармағыңды отқа сал, Басыңды да қалай ғой, Майы шықса жалай ғой, – деп келеке етедi.

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ