Қыз ұзату тойға құттықтау — тілек

0

Құрметті тойға жиналған ағайын-жұрт, достарымыз бен жолдастарымыз!

Шынымды айтсам, сіздердің алдарыңызда шаңырағымыздан ұшырғалы отырған ақ көгершіндей аяулы қызыма қандай ақ жол, сәт сапарлық тілек тілерімді білмей толқып тұрмын. Ең дұрысы, негізгі сөзімді қызыма арнағаным жөн сияқты….

Үйіміздің сәні, әкең екеуіміздің аялап өсірген қызғалдағымыз, сүйікті де сүйкімді қызым менің!

Кеше ғана «іңгәлап» өмірге келгенің де,тұлымшағың желбіреп жүгіріп жүргенің де, шашыңа ақ бантик тағып алғаш мектеп табалдырығын аттағаның да, жоғарғы оқу орнына түскенде «Мама, Папа! Мен студент атандым!» деп қуаныштан жүрегің жарыла сүйінші сұрағаның да… – бәрі-бәрі де кеше ғана сияқты еді. Уақыт неткен жүйрік десеңші! Енді міне бүгін өмірлік серік-сыңарыңды тауып, ұядан ұшқалы тұрсын.

Сені жат босағаға қанша қимасақ та табиғаттың талабы, өмірдің заңы осылай екен — қыз бала жат жұрттыққа жаралған.

Айналайын қызым……..!

Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда-құдағи болып жатырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің. Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін. Өйткені осы күнге дейін папаң екеуіміздің берген тәрбиемізді зая кетірмей, жаман сөз келтірмей, сенімімізді ақтап, айналаңа, қоршаған ортаңа әрқашан сүйікті, сүйкімді болып жүрдің емес пе?!

Менің тілегім. Осы қалпыңнан айнымағайсың, күнім! Құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын!

Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін!

Әкең мен шешеңді қалай құрметтеген болсаң, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өніңдер. Бақытты болыңдар!

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ