“Астана” ФК Еуропа лигасындағы алғашқы ойынында жеңіліп қалды

«Астана» футбол клубы Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі алғашқы ойынында жеңіліс тапты. Команда сырт алаңда Кипрдің «АПОЭЛ» клубына 2:1 есебімен есе жіберді. Дереккөз: Массагет

0
Астана футбол клубы

Станимир Стойлов жаттықтыратын қазақстандық клуб бірінші таймды басымдықпен аяқтады. Доп ұстау мен шабуылда алаң иелері ширақ қимылдағанмен, «Астананың» қорғанысы сыр берген жоқ. Бірінші тайм аяқталар тұста Неманья Максимович айып алаңының сыртынан допты шірене теуіп, кездесудегі есепті ашты.

Айта кетейік, «Астана» клубының ойыншысы «АПОЭЛ» стадионында алғаш рет гол соғып отырған жоқ. Өткен маусымда Неманьяның осы стадионда соққан голы елордалық ұжымды Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан болатын.

Екінші тайм басында Джуниор Кабананга өзінің мүмкіндігін пайдалана алмады. Нәтижесінде «Астана» қорғанысқа баса назар аудара бастады. Дегенмен қазақстандық клубтың қорғанысы ойын соңына қарай сыр бере бастады. 75 минутта Абзал Бейсебековтің қателігінен кейін, «АПОЭЛ» ойыншылары таразы басын теңестіріп кетті. Голды Винисиус Франко еншісіне жазды. Ал 87 минутта Игор де Камарго алаң иелеріне жеңіс сыйлаған голды соқты.

Қазақстандық клуб бақ сынайтын топтағы екінші ойында Швейцарияның «Янг Бойз» клубы өз алаңында Грекияның «Олимпиакосына» 0:1 есебімен ұтылды.

«Астана» топтағы екінші ойынын 29 қыркүйек күні «Янг Бойз» клубына қарсы өткізеді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу