Ең тиімді депозитті қалай таңдау керек?

Депозит дегеніміз не? Оны қалай таңдау керек? Қай банкке ақша салған тиімді? SZH.kz тілшісі осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

1
Депозит
Көрнекі сурет

Депозит дегеніміз – пайыздық мөлшерде табыс табу үшін банкке берілетін қаражат. Сіз өзіңіздің артық ақшаңызды банкке қолдануға бересіз. Әрине, уақытша түрде. Есесіне, банк бұл «қайырымдылығыңыз» үшін сізге салған ақшаңыздың үстінен белгілі пайыздық мөлшерде «сыйақы» береді.

Депозитті не үшін ашады?

Депозит – ақшаны сақтаудың ең тиімді тәсілі. Егер үй, көлік сатып алсаңыз немесе шетелге саяхат жасағыңыз келсе, ақшаны үйде немесе банк картасында сақтағанға қарағанда, депозитке сақтаған сенімдірек.

Қаржыгерлердің айтуынша, сіздің қаржылық болашағыңыз қанша ақша табатыныңызға емес, табыстан қанша ақша қалатынына байланысты. Сондықтан, ай сайын таюысыңыздың 10 пайызын болса да, депозитке салып отыруға кеңес береді.

Мысалы, жапондар балалары туа салысымен, банкке барып, оның атына депозит ашып қояды. Ай сайын ақша салып отырады. Баласы өскенде, есебінде қомақты қаражат болады. Оған үй алып беруге немесе шетелде оқытуға болады.

Қай валютада салу керек?

Доллар, еуро сияқты шетелдік валюталарда салатын болсаңыз, ай сайынғы пайыздық өсімі аз болады. Егер ұлттық валютаның девальвацияға ұшырауынан қорықсаңыз, шетелдік валюта сіз үшін тиімді болмақ.

Ал, ондай қорқынышыңыз болмаса, теңгемен депозит ашу арқылы жап-жақсы табыс табуға болады. Себебі, теңгемен салатындар үшін банктер жоғары пайыз ұсынады. Мысалы, биылғы девальвациядан кейін қазақстандық банктер теңге депозиті үшін 15%, шетелдік валюта үшін 2% өсім жасады.

Теңгенің девальвациясы
Теңгенің долларға шаққандағы бағамы. Мәлімет kurstenge.kz сайтынан алынды.

Қайсын таңдарыңызды білмесеңіз, қолыңызда бар қаражатты екіге бөліп, бірін теңгемен, екіншісін шетелдік валютамен салыңыз.

Депозитті қалай таңдаймыз?

Қазіргі таңда депозиттің танымал екі түрі бар:

  1. Ұзақ мерзімді – депозиттік салым мерзімі аяқталғанша, ақшаны шешіп алуға болмайды.
  2. Қысқа мерзімді – қалаған уақытта ақшаңызды шешіп аласыз. Бірақ есебіңізде белгілі бір сомада ақша қалуы керек. Ол туралы кейінірек айтамыз.

Егер жақын уақытта қаражат керек болмайды деп ойласаңыз, бірінші нұсқа сіз үшін тиімді болмақ.

Қай депозит тиімдірек?

Салған ақшаңыз аз уақытта табыс түсірсін десеңіз, пайыздың өсімі жоғары депозит таңдау керек. Қазіргі таңда теңге үшін ең жоғары өсім жылына 15,2%-ды құрайды. Ол «Халық банк» («Халықтық-стантар» депозиті) пен «Банк Хоум кредитте» («Қарапайым депозиті») бар.

15%-дық өсімді: Сбербанк («Көбейт», «Басқар» депозиттері) пен «Еуразия» банкі (TURBO депозиті) ұсынады.

14,9%-дық өсім: AsiaCreditBank («Мультивалюталы үздік таңдау»), Qazaq bank («Нағыз»), Altyn Bank («Алтын қор»), Delta bank («Дельта»), Bank RBK («Depositum»), Forte Bank («Депозит»), KazKom («Үздік»), т.б. банктерде бар.

Қазақстандық банктердің депозиттері мен олардың жылдық өсімі туралы қазақстандық қаржы порталынан білуге болады. Бұл жерде қазақстандық банктердің депозиттері мен әр валютаның жылдық өсімі туралы барлық мәлімет көрсетілген.

Банктердің депозиттегі жылдық өсімі бірдей болғанымен, ақша сақтау шарттары әр бөлек. Мысалы, депозиттен алынбайтын сомасы әртүрлі. Ол 1000 теңгеден бастап, 150 мың теңгеге (Altyn банк) дейінгі аралықта болады. Сондай-ақ, ақшаны сақтау мен алу мерзімі де өзгеше. Ол туралы жоғарыда айттық.

Ақша қалай өседі?

Мысалы,  сіз 10%-дық өсімі бар депозитке 500 мың теңге салатын болдыңыз. Демек, 500 мың теңгені 10%-ға көбейтіп, 12 айға бөлеміз. Шыққан сома сіздің ақшаңызға ай сайын қосылатын «сыйақы».

Есептейік:
500 000 х 10% = 50 000 теңге. Бұл 1 жылда қосылатын сома. Демек, 50 000 / 12 ай = 4 167 теңге ай сайын қосылып отырады деген сөз.

Көріп отырғаныңыздай, депозитке қаншалықты көп ақша салсаңыз, ай сайын соншалықты өсім болады.

Банкті қалай таңдаймыз?

  1. Жылдық өсімі өзіңізге ұнаған депозит түрін таңдайсыз да, банктің сайтына кіріп, депозит шартымен толық танысып шығасыз.
  2. Таңдаған банктың «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорына» кіретінін анықтап алу маңызды. Оны мына жерден білуге болады.

Сіз ақша салған банк банкрот болатын болса, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сізге депозитке салған ақшаңызды өсімінсіз қайтарып береді. Алайда, ол 10 млн теңгеден асып кетпеуі керек. Егер депозитке бірден 10 млн теңге салғыңыз келсе, оны бірнешеге бөліп, әр түрлі банкке салып қойған жөн.

Депозитті ашу үшін жеке куәлігіңізді алып, банкке барасыз. Бұл жерде банкпен жасалатын келісім-шартты мұқият оқыңыз. Келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзған жағдайда қанша айыппұл төлейсіз, ақшаны шешіп алғанда комиссиясы қанша болады – бәрін анықтап алу керек. 

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

1 пікір

  1. 4160 тенгемен кімді ақымақ қылғың келеді .Оданда неге өндіріс ашпаймын егер ондай ақшам болса кіші өндіріс болса да халқыма пайдам тиер еді

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!