Ақтоғай кен орнында алғашқы катодты мысты өндірілді

0
Ақтоғай кен орны

KAZ Minerals Тобы Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданында орналасқан Ақтоғай кен орнында тотыққан кеннен алғашқы катодты мыстың өндірілгені жайлы хабарлайды. Бұл пайдалану мерзімі 50 жылды құрайтын, әлемнің игерілмеген ең ірі кен орындарының бірі. Алғашқы ақтоғайлық мыс барынша қысқа мерзімде өндірілді: Ақтоғай жобасын 2012 жылғы желтоқсан айының басында Топтың директорлар кеңесі мақұлдады, ал құрылыс жұмыстары 2013 жылдың алғашқы айларында басталып кетті. Алғашқы тотыққан кен сілтісіздендіру алаңына 2015 жылдың маусым айында келіп түскен, содан кейін төгінділерді суландыру, сұйықтықпен экстракциялау және электролиз сатыларынан өтті. Тотыққан кенді қайта өңдеу кешені жарты жыл ішінде өзінің өндірістік қуаты, яғни жылына 15 мың тонна катодты мыс көрсеткішіне жетеді деп күтіліп отыр. Ақтоғай КБК тотыққан кенді өндіру мен қайта өңдеу 11 жыл бойы жүргізілетін болады.

Сульфидті кенді қайта өңдеу кен байыту фабрикасының құрылыс жұмыстары кесте сәйкес жүріп жатыр, фабриканы іске қосу және сульфидті кеннен мыс концентратын өндірудің басталуы 2017 жылға жоспарланған. Алғашқы 10 жылда орташа жылдық өндіріс көлемі – сульфидті кен учаскесінен өндірілетін 90 мың тонна катодты эквивалентегі мысты және тотыққан кен учаскесінен өндірілетін 15 мың тонна катодты мысты құрайды.

KAZ Minerals Тобының Бозшакөл мен Ақтоғай ашық типті кеніштері халықаралық мыс өндіруші жобалардың арасындағы операциялық шығындардың көлемі бойынша бірінші және екінші квартильде кіретін болады. Бұл компанияны өзіндік құны төмен өндірушіге трансформациялайды.

KAZ Minerals Тобының басқарма төрағасы Олег Новачук былай мәлімдеді: «Біз өз жобаларымыздан алғашқы мыстың алынғаны туралы және Ақтоғай кен орнында тотыққан кеннен катодты мыс өндірісінің басталғаны жайлы хабарлауға қуаныштымыз. Біздің тағы бір жобамыз, Бозшакөл, 2016 жылдың бірінші тоқсанында мыс концентратын өндіруге дайын болады. Ақтоғайда сульфидті кенді қайта өңдеу кен байыту фабрикасы 2017 жылы іске қосылады. Ақтоғайдың алғашқы мысы – өз әлеуетін одан әрі іске асыра беруге бет алған компаниямыз үшін маңызды қадам».

Қосымша:

КAZ Minerals – Қазақстанда заманауи, азшығынды тау-кен өндірісін дамытуға бағытталған өсу әлеуеті зор мыс өндіруші компания. Компания – Қазақстандағы жетекші мыс өндірушілердің бірі. Компанияның иелігінде Шығыс Қазақстанда орналасқан қолданыстағы төрт кеніші, үш кен байыту фабрикаcы және Қырғызстандағы Бозымшақ мыс-алтын кеніші бар. 2014 жылы 84 мың тонна катодты мыс өндірілді.

Сондай-ақ, KAZ Minerals ілеспе өнім ретінде мырыш, күміс пен алтынның ауқымды көлемін өндіреді. 2014 жылы 121 мың тонна концентраттағы мырыш, 3,4 млн. унция күміс пен 35 мың унция алтын өндірілді.

Топ екі негізгі өркендеу жобасын – Бозшакөл мен Ақтоғай жобаларын жүзеге асыруда. Үшінші жоба – Көксай жобасының тұжырымдамасы дайындалуда. Аталмыш өркендеу жобалары осы саладағы ең қарқынды даму көрсеткіштерін қамтамасыз етіп, KAZ Minerals-ты қорының басым бөлігі әлемдік деңгейдегі ашық түрдегі кеніштерден тұратын компанияға айналдырмақ.

Павлодар облысында орналасқан Бозшакөл КБК өндіріс 2016 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарланған. Бозшакөл кен байыту фабрикаларының жылдық жобалық қуаты 30 млн тонна кенді құрайды. Кен орнынның пайдалану мерзімі – 40 жылдан астам. Кендегі мыс құрамы 0,36%. Операциялық шығындар бойынша Бозшакөл халықаралық мыс өндіруші жобалар арасында бірінші квартильге кіреді. Кен байыту фабрикаларын іске қосқаннан кейінгі алғашқы 10 жылдағы жобаланған таза ақшалай өзіндік құн орта есеппен 80-100 АҚШ центін/фунт (2015 жылдың бағаларына сәйкес). Орташа жылдық өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда катодты эквивалентегі 100 мың тонна мысты және 120 мың унция концентраттағы алтынды құрайды.

Шығыс Қазақстанда орналасқан Ақтогай кен орны – KAZ Minerals Тобының Бозшакөлден кейінгі құрылысы жүріп жатқан екінші өркендеу жобасы. Тотыққан кеннен катодты мыс өндіру 2015 жылдың төртінші тоқсанында басталды, ал сульфидті кеннен мыс концентратын өндіру 2017 жылы басталады. Сульфидті кенді қайта өңдеу жөніндегі жылдық қуаты – 25 млн тонна. Мыс мөлшері 0,33% (сульфидті кен) және 0,37% (тотыққан кен). Кен орынды пайдалану мерзімі – 50 жылдан астам. Ақтоғай кен орнының операциялық шығындары халықаралық мыс өндіруші жобаларының арасында бәсеке қабілетті болып табылады. Кен байыту фабрикасын іске қосқаннан кейінгі алғашқы 10 жылдағы жобаланған таза ақшалай өзіндік құн орта есеппен 110-130 АҚШ центін/фунт (2015 жылдың бағаларына сәйкес). Орташа жылдық өндіріс көлемі – алғашқы 10 жылда сульфидті кен учаскесінен өндірілетін 90 мың тонна катодты эквивалентегі мысты және тотыққан кен учаскесінен өндірілетін 15 мың тонна катодты эквивалентегі мысты құрайды.

KAZ Minerals PLC компаниясының құнды қағаздары Лондон, Гонконг пен Қазақстан қор биржаларында айналымда. Топта шамамен 10 000 адам жұмыс істейді, басым бөлігі Қазақстан азаматтары.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу