50 жас кәсіпкер жобасының демеушісі — еліміздегі сайт, мобильді қосымша, IT платформалар мен бағдарламалар жасайтын IT холдинг — Bugin Group компаниясы.

Тілектес Адамбеков
©szh.kz

8 жыл  ғұмырымды Қытайда өткіздім. Осы уақыт аралығында білім алдым, әр түрлі сала бойынша тәжірибе жинақтадым. Алдымен Қытай компаниясында аудармашы болдым. Кейін шетелдермен жұмыс істеу бойынша менеджерлік қызмет атқардым. Клиенттеріміз Батыс, Араб елдерінен және бұрынғы Кеңес одағына мүше мемлекеттерден болатын. Бұл қызметтен соң, Қытайда жүріп халықаралық қатынастар департаментін басқардым. Кейін бес жігітпен бірігіп Shanghai Partners атты консалтингтік компания құрдық. Консалтингтік қызмет бойынша төрт жылдық тәжірибем бар. Бастапқыда жұмыс істейтін бағыттарымыздың аясы тар болды. Олар: аудармашылық, компанияларға регистрация бойынша көмек көрсету, зауыт-фабрикалармен қарым-қатынас орнату, тауарлар тауып беру, олардың сапасын текеру ісімен айналыстық.

«Айына 1 млн теңге жалақы алатынмын»

Нәтижелі жұмыс істеген қызмет орным Тайвань компаниясы болды. Қытайдағы оқу мерзімім аяқталған соң, компания басшысы өзімен бірге жұмыс істеуге кеңес берді. Қытайда оқуда жүріп, «Болашақ» бағдарламасының 150 мың доллар ақшасын жұмсаппын. Осы шығынымды жауып,  компанияның 10% акциясына иелік етуді ұсынды. Есесіне маған «Қытайда қалып, 5-6 жыл серіктес болуың керек» деген талап қойды. Компаниядағы жұмысым өте қызық болатын. Әр жылы дүниенің жеті жерінде көрме өткізіледі. Сол жеті мемлекетке барып компанияны таныстырамын,  тауарларды ұсынып, шетелдік клиенттермен жұмыс істеймін. Өзімнің жұмыс көлігім, пәтерім болды. Айына 1 млн теңге жалақы алатынмын. Ай сайын үш мыңнан 10 мың долларға дейін табыс табатынмын. Бірақ менің таңдауым  елге оралу болды. Біріншіден, Болашақ бағдарламасымен оқығандықтан, Қазақстанға қайтуым керек болды. Екіншіден, 8 жыл Қытай тұрғыны болғанда бір ақиқатқа көзім жетті – Қытай маған Отан болмайды. Үшіншіден, бұл елде еркіндікті сезіне алмайтынмын. Мұнда жүріп отбасылы болдым. Келешек ұрпағымың Қытайда дүниеге келгенін қаламадым. Қазақстанға келіп бір жарым ай «Байтерек» Ұлттық басқарушы холдингінде жұмыс істедім. Одан кейін Алматы қаласының әкімшілігінде бір айдай қызмет атқардым. Сөйтіп жүріп өз кәсібімді қолға алдым.

Тілектес Адамбеков
©szh.kz

Қытайға деген қызығушылығым ерте жасымнан басталды. Қай тауарды алсаң да «Made in China» деп жазылып тұрады. «Неге тауарлардың барлығы Қытайдан шығады?» деген сауал жастайымнан ойландыратын. Інім Олжас Сүлейменов те Қытайды жақсы көретін. Екеуміз Брюс Ли, Джет Ли, Джеки Чанның фильмдерін көріп өстік. Кунг Фу бізді ерекше қызықтыратын. Киноларын қарап отырып, осы елдің тарихын зерттеуге құлшынысым артатын.

«Қазақстан ішкі Қытайға енуі қажет»

Қытайда жүргенде кішкентай инеден бастап, үлкен технологияларды жасап шығаратын бас-аяғы 5 мыңнан астам зауыт-фабрикаларды көзбен көрдім. Неге Қазақстанда сондай зауыттарды ашпасқа?

Қазақстанда не Қытайдан қорқады, не Қытайды менсінбейді. Бірақ біз қаласақ та, қаламасақ Қытаймен жұмыс істеуіміз қажет. Өйткені көршіден бас тартып кету мүмкін емес. Біз Ресей тарихын, тілін, мәдениетін, руханиятын жақсы білеміз. Ал Қытайды  тіпті танымаймыз. Шындығында, Қытаймен байланыс жасайтын қазақстандық компаниялардың мақсаты бөлек. Олар  тауарды сатып алумен ғана айналысады. Ал біз клиенттерге жоғары деңгейде қызмет көрсету, серіктерстер табу, зауыт-фабрикалар табу, технологияларды тарту, Қытаймен байланыстыру бағытында жұмыс істейміз. Ішкі Қытайға Қазақстан азаматтарын кіргізу керек. Қытай – үлкен нарықтың ордасы. Ресейліктер Қытаймен қарым-қатынас жасауда бізден 3-4 қадам алға шығып кеткен. Ресей ламинатты Қытайда жасатады да, «Ресейде жасалған» деген  сауда белгісімен нарыққа кіргізеді.

АҚШ қаншалықты ұнатпағанымен, iPhone смартфондары Қытайда да шығып жатыр.  Егер Қазақстаннан шығып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің қаракөз бауырларымыз, қарындастарымыз сол зауыттарды көріп, үйренсе, Қазақстанға осы толқынды алып келуге мүмкіншілік көп болар еді.

Тілектес Адамбеков
©szh.kz

«Әкім бол» ұғымы бұзылуы қажет

Елімізде орта және шағын бизнесті дамытса, әлеуметтік жағдай да көтеріледі. Біздің елде өте жоғары деңгейдегі бизнестер болғанымен, орта деңгейдегі бизнестер аз. Қазақ менталитетінде баланы «бай бол» деп өсірмейді. Санасына жастайынан «әкім, бастық, генерал бол» деп құяды. Сондықтан да қазақтар қызметке таласқыш болып келеді. Бұл бізде Кеңес одағы заманынан қалған. Осы ұғымды бұзу керекпіз. Мысалы, АҚШ-та мемлекеттік қызметке көбі барғысы келмейді. Ол жақта табыс көзі аз деп есептейді. Шындығында, мол табыс орта және шағын бизнесте. Қытайда кәсіпкерлер орта және шағын бизнес арқылы миллиондап табыс табады. Ол доллардан еш кем емес. Ал қазақстанда бұл бизнесте ай сайынғы орташа табыс 1-3 млн теңгені құрайды. Бірақ бұл – салыстырмалы түрде өте төмен көрсеткіш. Қытайдан оралғанда алматылықтарға қарасам, жұмыс істемейтін сияқты көрінетін. Қашан көрсең шай, кофе ішіп әңгімелесіп отырады. Астаналықтар министрлікке таңертең кіріп, кешке шығады. Табыс жағынан салыстырсаң, 13-14 сағат жұмыс істеген қызметкерден, 3-4 сағат жұмыс істеген кәсіпкер екі есе көп табады. Еркіндіктің де қай жақта екені анық. Қазақстандықтар мемлекеттік қызметтен бизнеске кетсе, қара тұманға жолығатындай шошына қарайды.

Қытайдан нені үйрену керек?

  • Қытай алдымен технологияларды меңгереді. Мысалы, iPhone, Samsung смартфондары шықты. Қытай оны зерттеді, үйренді, ақыр соңында қытайлық смартфондар Lenovo, Huawei, Xiaomi пайда болды. Не істеді? Керегін алып, өңдеп, жаңа өнім шығарды.
  • BMW, Mercedes-Benz Қытайға келді, ашылды. Енді Қытай өз өнімдерін шығарып жатыр. Лондондағы бүкіл электроавтобустар қазір қытайлық BYD компаниясына тиесілі. Дүниежүзіндегі телефон батарейкаларының 85%-ын BҮD  шығарады. Қазір олар Mercedes-Benz сауда маркасымен келісімшартқа отырды. Енді Mercedes-Benz бен BҮD бірігіп, машинаны шығарып жатыр. Олар келешекте Tesla Motors компаниясын нарықтан шеттетеді. Генри Форд қалай табысқа қол жеткізді? Көлікті қарапайым халыққа қолжетімді бағамен сатты. Қытайлардың да мақсаты — осы.

BҮD компаниясының зауытына бардым. Компанияның 180 мың қызметкері бар. Мен көрген зауытта 40 мың адам жұмыс істейді. Зауыт бір ықшам ауданды алып жатыр. Өзінің қонақ үйі, жатақханасы, барлық қажеттіліктері бар. Мұны қазақ кәсіпкерлері көзбен көрулері керек. Осы күнге дейін олар Үрімшіден ары аса алмай тұр.

Қытай-Қазақстан
©szh.kz
  • Гуанжоудағы технопаркте әлем брендтерінің 80%-ның өкілдігі орналасқан. Технопарк ауданы Алматыдағы Алмалы ауданының үлкендігіндей, жол қатынасына автобустар пайдаланылады. Бұдан бөлек технопарк ішінде арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары бар.
  • Құрылыс компанияларының табыстары 11-100 млрд долларға дейін барады. Шанхайдың 80%-ын салған ең үлкен компанияның бірі — Shanghai Construction. Осы тәрізді Қытайдың ең мықты деген компанияларына қазақстандық кәсіпкерлерді апарғанымда, олар ерекше таңданыспен қайтады. Біздегі мықты компаниялардың басшылары барар жолда Қытайды менсінбесе, қайтарда өздерінің кіп-кішкентай екендігін түсініп қайтады. Мысалы, Beijing Construction Group-тың көлемі бүкіл Қазақстандық құрылыс компаниялардың көлемінен он есеге үлкен.

Қазір Қазақстанда оңтайлы заңдар енгізілген. Мысалы, Қытайлық зауыт Қазақстанда салынса, компания қызметкерлерінің тек 10% ғана қытайлық, 90% қазақстандық азамат болу керек. Шетелдік өнім тек 40%-ды құрап, қалған өнім қазақстандық болу тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының басым көпшілігі шетелдік тәжірибені бізге алып келу бағытында жүріп жатыр. Мысалы, кішкентай мемлекет Сингапур үлкен қаржы орталығына айналып отыр. Мәдениет, финанс жағынан көп мемлекеттерге үлгі. Біздің елде де мүмкіншіліктер өте көп. Қазақстандықтардың көпшілігі бірнеше тіл біледі. Шетелден оқып келген жастар көп. Біз дүниежүзіндегі ең мықты деген мемлекеттермен көршіміз. Осыны пайдалануымыз керек.

Тілектес Адамбеков
©szh.kz

Қытайда қазақстандық зауыт-фабрикалар ашу тиімді

Қазақстанда 16 млн халық болса, Қытайдың бір ғана қаласына 16 млн адам шоғырланған. Мысалы, сіз кәсібіңізді ашар болсаңыз бір қаланы емес, бір көшені алыңызшы. Бір көшеде 100 мың адам болса, сол көшеге 5 нүктеңізді ашып қойыңыз. Шығын аз, табысыңыз мол болады. Алдымен бір көшеден бастаңыз. Кейін сол қалада кәсібіңізді кеңейтесіз. Бүкіл Қытайға емес, бір қалада юаньнан миллионер боласыз. Ал бір юань — 50 теңге. Біздің компанияның осы ақыл-кеңесіне жүгініп отырған кәсіпкерледің бірі – Шанхайда балмұздақ компаниясын ашуды қолға алып жатқан Scoopers компаниясының директоры Аслан Назаралиев. Ол қазір Шанхайда балмұздақ компаниясын ашуды қолға алып жатыр.

Бұрын Қазақстанға Қытайдан зат сатып алу тиімді болса, қазір Қытайға Қазақстаннан тауар алу тиімді болып отыр. Девальвациядан кейін Қазақстанда жұмыс күші арзандады, салық төмен бағада – Қытай үшін мүмкіншіліктер үлкен. Есесіне біздің тауарлар экспортталады. Алайда қазақстандық кәсіпкерлердің көзқарасы, ой-өрісі бұған қарама-қайшы. Кемшілік осында.

Silk Road
Silk Road компаниясының ұжымы. «Ғазиз қытайша еркін сөйлейді. 200 мың теңге шамасында табыс тауып жүріп, тәжірибе үшін екі есе төмен айлық болса да қасыма келді. Унзиля практикант ретінде келіп, тек жұмыс емес, өз бақытын да тапты. Ғазизбен шаңырақ көтеріп жатыр. Қайнар –Қытайдан келген қандас бауырымыз. Қытай тілінің маманы. Нұрмұхаммед –менің көмекшім. Жүзуден, каратэдан спорт шебері. Алматыдан тапқан үлкен олжам -әріптестерім» дейді Тілектес Адамбеков. ©szh.kz

Менің алғашқы табыс көзімнің бірі студенттерді Қытайға апару болды. Қазір Nur Education Group компаниясын басқарып отырмын. Менен бөлек екі серіктесім бар. Ол жақтан көп табыс таппаймын десе де болады. Бірақ Қытайдағы білім саласы бізге өте қажет. Компаниямыз алғаш рет 50 студентті Қытай университеттеріне апарып орналастырды. Бір студентке көрсетілетін қызмет — 200 мың теңге. Компанияның басшысы ретінде бәрін толық орналастырып болғанша қастарында жүрдім. Себебі олардың жағдайы маған жақсы таныс. 50 студентті толығымен орналастырып, үш күн қасында болып, төсек-орнына дейін жайғастырып кеттік (күледі). 200 мың теңгенің ішіне Қытайдағы біл жылдық оқу гранты, жатақханада тұру құны кіреді. Қытайда мыңнан артық ЖОО болса, соның ТОП-35 қатарына кіретін университеттермен байланыс жасаймыз. Негізінде Қытайда жарты жылдық оқу құны 1100 долларды құрайды. Менің басты мақсатым – қазақ студенттерін жақсы оқу орындарына түсіру.

Төрт жыл бұрын Қытайда 12-15 мың шамасында қазақстандық студент оқитын. Бұл көрсеткіш әлі де тұрақтылығын сақтап тұр. Өз басым үш жарым жыл қытай тілін оқып, 4 жыл мамандық бойынша оқығанда қатты қиналған едім. Қазіргі таңда қытай тілін бір жыл ғана оқиды, бірден оқуға түседі. Қалай оқып жатқандарын білмеймін.

Қытайға кеткен студенттердің 60%-ы төмен деңгейдегі мамандықтарды оқып жатыр. Таңдаған оқу орындары да – беделі жоқ университеттер. Ең қиыны – олар тілді де, мамандықты да нашар меңгеріп шығады. Қытайдағы қазақ студенттерінің 20%-ы тілді жақсы біледі. Соның 15 %-ы мамандығын жақсы меңгергендер.

Жастардың көзін ашқым келеді. Біз байланыс орнатқан ең жақсы университеттің бірі — Шанхайдан 40 минуттық ұзақтықта орналасқан Jiangnan университеті. Студенттер Шанхайда жүрмесе де, Шанхадың «иісін» сезінсе екен деген ниетпен олардың қалаға жақын болғанын қаладым. Сенбі, жексенбі күндері барып қыдырса да, көзқарастары өзгереді деп сенемін.

Тілектес Адамбеков
©szh.kz

«Біз көрген қиындықты бүгінгі студенттер көрмесе екен»

Гуанжоу, Уси, Цзыбо қаласының әкімшілігімен жақсы байланыс орнатқанбыз. Компания әкімшілік арқылы немесе университеттің басшылығы арқылы гранттарға қол жеткізеді. Қытайдағы әкімшілік Қазақстандағыдай емес. Әкімшіліктен университетке қоңырау соғылса, бұйрық 100% орындалады.

Студенттердің 70%-ын тіл, 30%-ын нақты мамандықтарға бағыттаймыз. Назарбаев интеллектуалдық мектебінің түлегі Назарбаев Университетіне түсіп тұрып, ядролық физика мамандығын Қытай Университетінде оқу үшін біздің компанияға келді. Мұндай жауапкершілікті көргенде, түні бойы ұйықтай алмайды екенсің. Себебі ол Қытайға барғанда, өкінбеуі керек. Кейде білімге шынымен талпынып тұрса, барынша көмектесіп, оқуға түсіріп жіберуге тырысамын.

Алғаш Қытайға келгенде, бізден ертеректе келген қазақстандықтар 50 юаньдық телефон SIM картасын, 300-500 юаньға сататын. Ол кезде юаньды санай алмайтын едік. Нәтижесінде бірінші айда 3,5 мың доллар жұмсаппын. 8 жыл ішінде талай қателік жасадым. Уақыт өткізіп алдым. Бірге келген достарымның түрмеге түскендігін, ата-аналардың көз жасын көрдік. Мұндайға жол бергім келмейді. Осы мақсатпен қазақстандық студенттер қауымдастығын құрдым.

Қауымдастықты басқарған жылдары біз ұйымдастырған кештерде ішімдік болған жоқ. Мерекелік іс-шаралар кезінде ет сатып алу үшін мешіттегі имамдармен сөйлесіп жүріп, қытайларға басы шабылған халал емес тауық етінің халал еттен айрмашылығын түсіндіріп жүріп ет табатынбыз (күледі). Қытайдың әр түрлі қалаларында халықаралық деңгейде қазақша күрес, футбол өткізетіндік. Қазақша күрес Шанхайда танымал болып, оны 3 жыл қатарынан ұйымдастырдық. Есен Елеукенді шақырып Қытайда алғаш қазақша КВН өткіздік. Жоғары деңгейде өтетін іс-шаралардың бірі Наурыз мерекесі болатын. Наурызға қазақстандық 300-500 адам жиналатын. Қауымдастық Қазақстан студенттерінің І, ІІ, ІІІ құрылтайын өткізді. Әр өткізген сайын жоқ дегенде 1,5 мыңнан 15 мың долларға дейін қаражат жұмсалатын. Бұның барлығын жеке кәсіпкерлерді іздеп, танысып, қаржылай көмектеріне жүгіну арқылы жүзеге асыратынбыз.

Қай елде оқыған тиімді?

Батыс елдері шетелдіктерге демократияны сіңіруге тырысады. Ал Қытайда насихат аз жүргізіледі. Қытайға барсаң, тіл меңгеруге, мәдениетті үйренуге болады. Ал нақты мамандық бойынша дамығың келсе, Батысқа барып білім іздегенің жөн.

«Қытайда бізді Қазақстаннан қарағанда көбірек таниды»

Қытайлық бір мекемемен жақсы жұмыс істесеңіз, ол өзге мекемеге міндетті түрде сіздер туралы айтады. Құрылғанымызға бір жыл болса да, Қытайдың бес-алты облысында болдық. Әкімшілік деңгейде құрылыс, жасыл энергетика, электрокар, паркингтер, жолдар, мұнай саласында өзімізді танытып келеміз.

Silk Road
©szh.kz

Біздің көмегімізге жоғары деңгейдегі компаниялар ғана жүгінеді десек болады. Қызмет сапалы болғандықтан, арзан да емес, қымбат та емес баға  тағайындаймыз. Бірақ жоғарғы деңгейден төмен компаниялар ондай сомада ақша төлегісі келмейді. Канадалық CONDOR компаниясының қазақстандағы өкілдігі BMS мұнай компаниясымен, Ordabasy Group-қа тиесілі «Тарлан» құрылыс компаниясымен жұмыс жасаймыз. Air Plaza компаниясы — ең басты клиентіміз.

Бір дипломат: «Қазақстанды қазір Мәскеуде оқыған түлектер басқарып отыр. Келешекте Қытайда оқыған студенттер басқаратын болады», деген екен. Бұл пікірмен мен де келісемін.

Тілектес Адамбековтің бір күні

Жұмыс уақыты сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін болса, соның 3-4 сағатында ғана кеңседе боламын. Қалған уақыттардың барлығы кездесулермен өтеді. Аптасына 10-нан 50-ге дейін кездесу өткіземін. Соның ішінде біреуі ғана нәтижелі болы мүмкін. Айына бір рет Қытайға барып келіп, кем дегенде бір-екі Қытай делегациясын күтіп аламын.

Алла болмысыма ерекшелік берген. Мен ортаны ұстанбаймын. Менде не ақша бар, не ақша жоқ. Не ұйқы бар, не ұйқы жоқ. 3 күн ұйықтамай жүріп, кейін 2 күн бойы ұйықтауым мүмкін. Тайм-менеджментті сақтамаймын. Ұйқым қанбаса, жұмысқа кіріспеймін. Неге десеңіз, 2 сағат ішінде басқалар 5 сағатта істей алмайтын жұмыстарды істеймін. Сол себепті күн тәртібім әр түрлі.

Тілектес Адамбековтен 7 кеңес

  1. Бірінші кеңесім – ақшаңызды алдымен білімге салыңыз. Ақша табу басты мақсат емес. Білімге салсаңыз, ешқашан жоғалмайтын байлық жыясыз. Анам кішкентай кезімнен айтатын: кедей мен байды теңестіретін – білім. Американдар «ең жақсы инвестиция — білімге құйылған инвестиция» деп бағалайды.
  2. Қазақта «Білім мен иман – қос қанатым, бірісіз бірі бос қалатын» дейді. Тәкаппарлыққа ең бірінші апаратын жол – білім. Ең қараңғы тәкаппарлық – білім. Қазіргі таңда дипломмен, тіл білумен ешкімді таң қалдыра алмайсыз. Бір ғана дүниемен таң қалдыруға болады. Ол – адамгершілік , шынайы рухани қасиеттер. Мен үлкен кісілермен көп жұмыс істеймін. Олар маған дүкеннен 2000 теңгеге зат әкеп беруге жұмсайды. Мен 20 тг болса да қайтарымын, чегін әкеп беремін. Олар керек емес дейді. Мен де керек емес деп айтамын. Себебі кейін 20 тг үшін Құдай алдында жауап беремін. Осындай кішкентай майда дүниелерден үлкен қадамдар басталады. Осындай әрекетің үшін жаңағы адам саған он есе артық ақша беруі де ғажап емес.
  3. Адам артынан лағынет сөйлемеу керек. Жұмыс істеген адамдарым туралы ешкімге жаман пікір айтпаймын. Бұл — өте қажет қасиет.
  4. Үйімнің табалдырығын аттаған кезде, жұмыстағы қиыншылықтарды сыртқа қалдырып кетемін. Әйелім не істеп, қалай табыс тауып жатқанымнан мүлде хабарсыз. 100% жақсы адам болу мүмкін емес, бірақ балаң қателіктеріңді көрмеуі тиіс. Балаға дұрыс үлгі көрсету керек.
  5. Адалдық. Оның жолы қиын, бірақ баратын жолы өте алыс. Адамдар тез табыс тапқысы келеді. Әкімшілікте жүргенде көп кісілер тендрмен айналысуды ұсынды. Бірақ мен алған білімді тендрге жұмсау – обал. Одан гөрі жаңа трендті іспен айналысу әлдеқайда пайдалы.
  6. Әр қызметкермен сыйлы қарым-қатынаста болу керек. Мен 100% идеал адам емеспін. Бірақ қызметкерлерімнің басына бір қиындық туса, түнгі сағат 3-те болсын көмекке баруға дайынмын. Оны қызметкерлерім жақсы біледі. Қатты қиналып тұрса, соңғы 100 мың теңгем қалса да, оған беруге тырысамын. Өйткені біз бір жолда келе жатырмыз. Ертең сенің басыңа іс түссе, ол да көмекке келеді. Келмесе де, Құдайдан қайтады.
  7. Қызғаншақтық пен жағымпаздық — ең жаман қасиеттер. Үлкен кісілермен жұмыс істеген кезде, дұрыс емес болса, қателігін өзіне тура айтамын. Ренжісе, кете барамын. Әділетсіздікті ұнатпаймын. Сыйлауға лайық болса, алдында құлдай иілемін.

Сұхбаттасқан Ақжарқын Қыдырханова, суреттер Дарын Шөкенов.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Өз пікіріңізді қосыңыз

avatar
Аноним

өкінішті-ақ, елімізде Тілектес сияқты алғыр азаматтар аз болғанына. Ұстанымы жоғары, білімді де, білікті, адамгершілігі мол, адал қазақ жастарына ризамын.

Аноним

әр салада жоқ дегенде Тідектес сияқты 2-3 азамат болса керемет ел болар едік шіркін

Аноним

Бір күнде бір зауыт көрсең 5000 зауытты 13 жыл көреді екенсің. Сөзіңде қисын жоқ. Өтірікшілердің біреуі болмашы әйтеуір(((((

Хаха

Ішің күйсе тұз жала

Аноним

Nur education group деген орталыққа телефон шалдым и сол жерде бір қызық болды.Тлектес біздің бастық емес неге олай сұхбат бергенін білмейміз деді.Тек жубайы гана серіктес екенін және орталықтың негізін қалаушылар мен басшылық басқа адам деді.

Аноним

Масқара!Шетелде болсақ мұндай сұхбат үшін проблемала болатын еді.Өз компаниясы емес мен басқарам деуге қалай болады.Мақаласын қайта оқысам,басынан мақтаншақтық сезіліп ақ тұр.Жане 5000 заут кордим дегени де шындыққа келмейди рас.

Аноним

Биздин универге келип Кытай туралы айткан,сонында бари ози туралы болып кетти.Жане мына жерде почти 4 жыл тил окыдым дейди,ар жагында 4 жыл мамандык окыган.Сонда кай уакытта жумыс жасаган екен?Немесе кай уакытта окыган деген сурак туындайды.Екеуинин биреуин ондырмады ау ширкин.

Аноним

Өзіңдей білімді парасатты адамдар көп болғай. өте мазмұнды өнегелі мақала қазақ жастары үлгі аларлық бәрекелді Тілектес!!!!

Раушан

Ассалаумағалайкум балам. Машаллаһ. Аллаһ Тағала қадамыңды құтты ісіңді сауапты етсін. Иншаллаһ әрекеттерің еліміздің абыройын арттырып, халқымыздың адал да бейбіт түрде бай ел болуына септігін тигізсін. Қатарың көбейіп ел басқарар ержүрек иманды мейірімді Аллаһтың құлдары көбейсін.

Өте керемет.

Сəлеметсіз бе менің сұрағым бар еді. Қытайға оқуға бару үшін қандай талаптар қойылады? Сіздердің мекен-жайларыңыз қандай? Менің оқығым келеді сіз сияқты білімімді дамытқым келеді.

Аленов Жылкаман

Бауырым аман болшы. Сендей қазақ азаматтары көп болсын. Асқақ армандарың орындала берсін. Негізі қытай тілін үйренгім ақ келеді бірақ қолдан келмейді. Əрдəйім биіктерден көріне бер тек қана алға
….

Аноним

Nur education group деген оқу орталығына телефон шалдым.Оқу жайлы мәлімет үшін.Негізі естуім бар мықты мамандар жасайды деп.Тілектес деген басшыларын екен деп бастаған едім.Жауап беріп отырған қыз қателесетінімді айтты маған.Ол кісі біздің басшы емес деді.

Аноним

kyzyk eken))))kozdi jumyp bireudin firmasyn meniki degen ba))))))))))

wpDiscuz