Қазақстан футбол федерациясының «Оңтүстік» академиясы ашылды

1 желтоқсан күні Шымкент қаласында Қазақстан футбол федерациясының «Оңтүстік» академиясы салтанатты түрде ашылды.

0

Академияның ашылу рәсіміне Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды, Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов, ҚФФ вице-президенттері Сейілда Байшақов пен Бағлан Ергешев, ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚФФ Атқарушы комитетінің мүшесі Бауыржан Әбдубайытов, қазақ футболының ардагерлері Бақтияр Байсейітов, Вахид Масудов, Дмитрий Огай, Асқар Қожабергенов, Нүркен Мазбаев, Олег Воскобойников, Руслан Балтиев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, ОҚО құрметті азаматы Махамбет Сапарбаев, Испания Елшілігінің Қазақстандағы консулы Адриан Ромеро, сонымен қатар, қазақ футболының жұлдыздары Самат Смақов, Фархадбек Ырысметов, Давид Лория, Али Алиев, Азат Нұрғалиев, Ғафуржан Сүйімбаев қатысты.

Оңтүстік футбол академиясы

– Барлықтарыңызды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен және «Оңтүстік» академиясының ресми ашылуымен құттықтаймын, – деді ашылу рәсімінде ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов. – Академия жұмысын маусым айында жас футболшыларды іріктеуден бастады. 10-14 жас аралығындағы 600-ден астам баланың ішінен 65 үздігі іріктелініп алынды. Испаниялық мамандар қаңтар айында еліміздің оңтүстік өңіріндегі дарынды балаларды тағы да қарап шығады. 2004 жылғы балалардың тобы ашылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні академияның ашылуы – Елбасының жас футболшыларға, қазақ футболының болашақ жұлдыздарына жасаған тартуы. Академия мен футбол орталықтарын ашу арқылы еліміздің жасөспірімдер, жастар және ұлттық құраманың ойыншыларын дайындаймыз. Біздің міндет – Қазақстанды футбол алпауытына айналдыру.

Ашылу рәсімі аяқталғаннан кейін «Оңтүстік» академиясының жоғары тобы қазақ футболының жұлдыздарымен жолдастық матч өткізді. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды.

Анықтама: «Оңтүстік» футбол академиясы мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әріптестігі аясында Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен ашылды.

Академияның үш құрылтайшысы бар: «БИІК» футбол базасы футбол инфрақұрылымы мен қонақүйді ұсынады, ОҚО әкімдігі академияны жартылай қаржыландырады, Қазақстан футбол федерациясы жаттықтырушылар, спорттық жабдықтар және киімдермен қамтамасыз етеді.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!