Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Каримов жерленген орынға гүл шоғын қойды

Мемлекет басшысы жиналғандарға арнаған сөзінде Ислам Каримовпен екеуін ұзақ жылдар бойы берік достық, шынайы түсіністік, өзара тілеулестік байланыстырып келгенін  айтты.

0
Нұрсұлтан Назарбаев

– Өзбекстандықтардың келер ұрпағы, келесі буыны Ислам Каримовты әрдайым есте сақтайды деп сенемін.  Оның артта қалған мол мұрасын, мемлекеттік қызметінің нәтижелерін ұрпақ зерттеп-зерделеп, атқарған істерін өзбек халқының тарихына алтын әріптермен жазады. Ол бүкіл әлемге танымал көшбасшы болды, ел экономикасының қалыптасуы мен дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы оның есімімен байланысты. Біз ұлы адамнан айырылдық, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев бауырлас елдеріміз арасындағы тарихи және стратегиялық байланысты нығайту жолында Өзбекстанның тұңғыш Президенті баға жетпес рөл атқарғанына тоқталды.

– Қазақ пен өзбек халқы әрдайым бір-бірімен етене жақын болды. Ислам Абдуганиевич екеуміз 1998 жылы Қожа Ахмет Иасауи кесенесі басында мәңгілік достық туралы келісімге қол қойдық, біздің қарым-қатынасымыз үнемі сол келісімге негізделді. Қазақстан әрқашан өзбек халқымен қанаттасып, қатар келеді және солай бола береді. Біз сіздермен барлық қуанышты бірге бөлісіп, қиын кездерде бірге қайғырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев И.Каримовтің отбасымен кездесіп, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан шын ниетімен көңіл айтты.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу