Карина Горичева Қыздар университетінде тегін білім алады

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Карина Горичеваға тегін білім алуға арналған сертификат берді. Дереккөз: ҚазАқпарат

0
Карина Горичева

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде оқу орнының түлегі,  Рио олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичеваға құрмет көрсетілді.

«Оқу жылын Риода өткен Олимпиада ойындарында біздің спортшымыздың жарқын жеңіске жетуімен бастауымыз тамаша оқиға. Осы жолғы Олимпиадаға біздің екі спортшымыз, Карина Горичева мен Маргарита Елисеева қатысты.  Каринаның жеңісі  бұл біздің университетіміз үшін, барша Қазақстан үшін жеңіс. Елбасы спортшыларымыздың еңбегін бағалап, марапаттады. Оның ішінде Карина да «Құрмет» орденін алды», – деп атап өтті университет ректоры Динар Нөкетаева.

Сонымен қатар ол бүкіл ұжым атынан Каринаны 2016 жылғы жазғы Олимпиада ойындарындағы тамаша жеңісімен де құттықтады.

«Біздің университетімізден алған біліміңді, табандылығың мен зор еңбекқорлығыңды ұштастыра отырып, сен осындай биікті бағындырдың. Сенің әрбір жеңісің  бұл біздің университеттің, ұжымның, ұстаздардың, бапкерлер мен жаттықтырушылардың табысы. Енді «алтын» медальға қол жеткізуіңе тілектеспіз», – деді Д.Нөкетаева.

Ректор университет Майя Манеза, Карина Горичева және Маргарита Елисеева сынды ауыр атлеттерді дайындап, қыздар спортын дамытуда көшбасшыға айналғанын баса айтты. Сондай-ақ салтанатты жағдайда Каринаға университетте тегін білім алуға мүмкіндік беретін сертификат табыстады.

Айта кетерлігі, Карина Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде екінші жоғары білім алу үшін құжат тапсырған.

Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!